Көрнекі ақпараттағы қазақ тілі: он мыңнан астам шағым түскен
Мәжілістегі «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын дайындау барысында жұмыс тобының бірнеше отырысы өтті. Онда қазақ тілінде сауатты жазуды талап етіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтетін 40-тан аса түзету ұсындық. Заң сол түзетулерімен қабылданды. Заң жобасында қоғамда көтеріліп жүрген сыртқы жарнамалар мен маңдайшалардағы, басқа да көрнекі ақпараттардағы қазақ тілінің сауатты жазылуы және мәтіндердің түпнұсқа аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу көзделген. Соңғы уақытта көшелерде, әртүрлі тауарларда, жарнамалар жазылған көрнекі ақпараттың дұрыс ресімделмеуіне қатысты азаматтардың шағымы көбейді. Шағымдардың дені мәтін аудармасының мағынасы, мазмұны сәйкес келмеуіне және тек бір тілде, әдетте, орыс тілінде берілуіне байланысты болып келеді. Мұны бақылау ісі кезінде ҚР «Тіл туралы» Заңы аясында жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелген болатын. Бірақ 2018 жылы кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары аясында ол құзіреттi алып тастаған. Сол уақыттан бері, Тіл комитетінің дерегі бойынша көрнекі ақпаратта мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылмауына байланысты 2018 жылы – 12 886, 2019 жылы – 12 900 шағым түскен.
«Қазақстанда көрнекі ақпарат туралы заңда қандай өзгерістер бар?» деген сауалға жауап берер болсақ, Заңға енгізілген түзетулер көрсеткіштер мен жарнамалық маңдайшаларда негізінен қазақ тілін пайдалану қажеттігін ұсынады. Бұл талап әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің мемлекеттік тілдегі дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларына қолданылатын болады. Осы талап мемлекеттік емес ұйымдардың мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және/немесе басқа тілдерде ұсынылуға тиіс бланкілері мен маңдайшаларына да қолданылады.
Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы, мәтіндердің түпнұсқалы аударылуы бойынша қосымша талаптарды белгілеу, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес, тең түпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу, «мәтіннің тең түпнұсқалы аудармасы» ұғымын енгізу. Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің мәселесі бәрімізді алаңдатады. Соның ішінде сайлаушыларымыз жиі көтеретіні – көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі мәтіндердің сауатсыздығы, ал кейбіреулерде тіпті қазақ тіліндегі мәтіннің болмауы.
Аталған Заң жобасы елді мекендердің, сондай-ақ басқа да географиялық нысандардың дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын тек мемлекеттік тілде жазуды, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларында сөзді мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана орыс тілінде жазуды, жол белгілеріндегі жазуларды мемлекеттік тілде жазуды, хабарландыруды, жарнаманы, прес-куранттарды, ас мәзірін, нұсқағыштары мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа тілде жазуды көздейді.
Халық денсаулығы кодексіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбалаудың, стикерлердің барлық мәтіні Тілдер туралы заң талаптарына сәйкес, түпнұсқалық мағынасы мен орфографияны сақтай отырып, жазу жөнінде толықтырулар енгізілді. Дегенмен бірқатар ұсыныстар әлі пысықталып жатыр. Оларды мемлекеттік тілге байланысты бөлек заң жобасын дайындап, сол жерде кең көлемде көздеуді ұйғардық.
Осы Заң аясында Қазақстан Республикасының 16 заңнамалық актісіне түзетулер енгізілді. Өзгерістердің кейбірінен мысал келтірейін:
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 19-бабына: 2) Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы өзгеріс енгізілді.
Аталған Заңның 19-бабына осы норма енгізілгенге дейін еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің атаулары мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлетін. Қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына: 4) Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады. 5) Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде орналастырылады. 6) Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазылады. 7) Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгеріссіз жазылады... 8) Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады... 9) Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттарды, баға көрсеткішері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде жазылатындығы туралы. Бұл нормада көрнекі ақпарат түрлерінің қатары көпшілік орындарында жиі кездесетін ас мәзірі және нұсқағыш түрімен толықтырылып, көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайдаорыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқы беріледі.
«Жарнама туралы» ҚР Заңының 6,8,11-баптарына: 14) «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады» деген норма жарнаманы тарату қазақ тілінде міндетті түрде, ал басқа тілдерде қалауы бойынша екенін анықтайды. Осымен қатар жарнаманы мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жазу туралы толықтыру енгізілген.
«Кинематография туралы» ҚР Заңының 9-бабына: 25) Қазақ тілінде фильмдерге дубляж жасау, оларды субтитрлеу, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз ету кезінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, олардың дұрыс құрастырылуы және дыбысталуы сақталуға тиіс. Субтитрлеу орфография нормаларына сәйкес жазылады.
Ендігі мәселе – көрнекі ақпарат саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу. Ол үшін бірқатар істер атқарылуы керек. Яғни құзыретіне тілдерді дамыту саласындағы мәселелер кіретін құрылымдық бөлімше жанынан сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің орфографиялық нормаға сәйкес жазылуын үйлестіру мақсатында тегін кеңес беретін «Жедел желі» (Call-center) қызметін таныстыру керек болады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өңірлердегі сыртқы (көрнекі) жарнаманың заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын қамтамасыз ету үшін мәслихат депутаттарының, «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың, тіл жанашырларының әлеуетін пайдалану қажет. Заңнама талаптарын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында түсіндірме жұмыстарын, іс-шаралар өткізген жөн. Деректемелер мен көрнекі ақпаратта тіл нормаларының Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес дұрыс қолданылуын қамтамасыз еткен дұрыс.
Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу бойыншаhttps: https://emle.kz/, https://sozdikqor.kz/, https://www.atau.kz/, https://www.qujat.kz/, және т.б. сайттар көмегін ұсынуға болады.
Баға беріңіз