Қазақша сөйлей алатын, қазақша түс көретін мемлекетшіл-ұлтшыл кадрлар керек! ​

Ел басына түскен бұл ауыр сынақ кімнің кім екенін көрсетті?

12 қаңтар, 2022

Пандемия кезінде де ел қынадай қырылғанда Президент Тоқаевтың сөзі бар еді, біздің мемлекеттік басқару жүйесі күйреген деген. Соған тағы да көзіміз жетті.

Бізде елдің алдына шығып сөйлейтін бір де бір әкім, бір де бір министр жоқ екен?!. Елдің алдына шығып сөйлеген бір әкіміміздің өзі қазақшаға тілі жетпей қалып, орысша боқтап жіберіп, елдің ашуын тудырған видео тарап кетті… Бір облыстың әкімі елге мен сендерді қорғай алмаймын дегенін, бір облыстың ішкі істер басқармасы басшысы мен халықты емес… әкімді ғана қорғай аламын дегенін де есіттік.

Бізге ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙ АЛАТЫН ХАЛЫҚТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!

Қайта Маңғыстаудың әкімі Нұрлан Ноғаевқа елден сөз естісе де халықтың ортасында болды, айтар сөзін айта білді.

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара ханым да, әйел де болса ел алдына шықты.

Басқалар ше? Қайда болды облысына, қаласына, яғни еліне ауыр күн туғанда? Әкімдер сол облыстың, қаланың қолбасшылары болып саналмай ма?

Яғни, мемлекеттің басқару органдары басшыларын тазарту керек!

Басқару орындарында әкім, министр болсын, қазақша сөйлей алатын, қазақша түс көретін мемлекетшіл-ұлтшыл кадрлар керек!



Баға беріңіз