"Қазақ тілінде сөйлемесе, ол менің балам емес"

ілің, дінің, дәстүр-салтың болмаса,Тәуелсіздік дегенің құр далбаса.М.Шаханов

03 наурыз, 2022

...2017 жылдың тамыз айы болатын. Алматының «Қалқаман» шағын ауданындағы №1 ауруханада жатқаныма үшінші күн өткен. Жылда суық тигенде келетін пульмонология бөлімшесі өзіме таныс орын. Биыл да төсекке таңылып, біраз жақсарған соң, жан-жағыма қарап дәлізге шықтым. Әдеттегідей онда ­ауруларды тасып, кереуеттерді арлы-берлі итеріп жүрген медбикелер. ­Шудан қашып, шеткерірек терезе жаққа жақындадым. Бұл жерде теріс қарап әңгімелесіп тұрған екі кісінің беті бері бұрылды. Көгілдір халат киген кісіні тани кеттім, ақын Мұхтар Шаханов. Қол беріп амандасқаннан соң таныстық басталды. Ақ халат киген сұңғақ бойлы қараторы кісі осы аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов екен. Ол бірінші болып өзін таныстырған соң:

– Мына кісіні танитын шығарсыз? – деді.

– Иә, иә, Мұхаңды танымағанда ше, бүкіл қазақ біледі емес пе?! – деп қайтадан қол алыстық. Терезе жанында болған біраз әңгімеден соң, өз жайымызға тарастық.

Ертеңіне бас дәрігер өз бөлмесіне шақырды. Жылы шырайлы басқосуда осы жылы Мұхаңның 75 жасқа толуы әңгіме арқауы болды. Мұнан соң 2-3 рет ол кісінің төртінші қабаттағы оңашалау палатасында болдым.

...Бүгін де Мұхаңның басынан өткен жайларын тыңдауға тура келді. Жаймашуақ басталған әңгіме орта тұсында қыза түсіп, ақын біраз көтеріліп-басылып отырды. Осыдан біраз бұрын Мұхаң жүрек талмасына ұшырап, ауыр жағдайда ауруханада жатқанынан хабардар болғанбыз. Тіпті сол кездегі еліміздің Денсаулық сақтау министрі (аты-жөнін ұмыттым, орыс азаматы): «Егер Шаханов қарсы болмаса, өзімізде ота жасауға болады» деп мәлімдеген-ді. Алайда емдеу уақыты белгісіз себеппен созылып кеткендіктен, Мұхаң өзінің досы Шыңғыс Айтматовтың көмегімен Түркияға алдырылып, сол жақта жүрегіне жасатқан ­отасы сәтті шыққаны белгілі болған-ды.Ақын әңгіме барысында өзінің жазушы досына деген ризашылық сезімін әлсін-әлсін бет жүзінен анық аңғартып отырды. Сәлден соң үстел үстіндегі самсап тұрған жемістің бірін алып, креслоға жайғасты.

– Диетаға отырдық, дәрігерлердің айтуынша, тек жеміс-жидек жеу керек. Ал нанды ұмытқалы қашан, – деп жымиып алды да, – екінші тамағымыз мынау, – деп дастарқан үстіндегі бірнеше дәрінің бір түрін алып аузына салды. Мұнан соң біраз үнсіздік орнады да, мен өзім куә болған бір көрініс көз алдымнан тізбектеліп өте берді...

...Мезгіл жаз айы еді. Абылай хан көшесіндегі Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында ақын Мұхтар Шахановпен өткен кездесуге қатысқанбыз. Сыныптас досым Мағауия Ілиясовпен залдың алдыңғы жағына барып, бос орынға жайғастық. Бұл ақынның Түркияда емделіп, ұшақпен елге оралып келе жатқан беті болатын. Әбден сағынып қалған жазушы әріптестері залды толтырыпты. ­Жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Нұрлан Оразалин және Смағұл Елубаевтар төрге жайғасқан.

– Құрметті әріптестер, Мұхаң шаршап келе жатқанға ұқсайды. Көлік те баяу келе жатса керек. Сәл сабыр етіңіздер, – деп Смағұл Елубаев әлсін-әлсін кешірім сұрағандай сыңай танытуда. Біраздан соң залдың есігінен Мұхаң көрініп, көпшілікпен басын изеп амандасты да, жайлап басып төрге беттеді. Залдағылар орнынан тұрған бойда қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Ақын ортадағы орынға жайғасқан соң, орамалмен тершіген маңдайын сүртіп, күлімсіреген қалпы жиналғандарға қарады. Жазушы Смағұл Елубаев жиынды ашып, ақынның біраз уақыт шетелде қызмет атқарғанын, Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы аса күрделі екендігіне бірнеше мысал келтіру арқылы тоқталып өтті.

Сөзінің соңында:

– Біздің қаракөздеріміз қой сияқты, тамағына пышақ тақағанға дейін қозғалмай, ешбір әрекетсіз жата береді. Ендігі жерде соңғы рет тұяқ серпетін жағдайға келдік. Онсыз да үнемі асықпай жүретін халқымыз бәрінен кеш қалды. Мұны уақыт енді көтермейді, – деді. Мұнан соң кезек Мұхаңа келді. Ол Түркияда қалай емделгенін біраз баяндап, ана тіліміздің қазіргі жай-күйіне кеңінен тоқталды.

– Жер бетіндегі жан-жануардың барлығы да ең әуелі жанына батқан жерін сезінеді. Ал адамдар ауырған жерін айтады. Менің қандастарымның да дәл қазіргі асқынған ауруы – ол өз ана тілін білмеуі. Қазақ халқының шамамен 60 пайыздан астамы өз ана тілінде оқып, жаза алмайтын халге жетті. Астанадағы 10 қазақтың 9-ы, ал Алматыдағы 8-і ана тілінде сөйлемейді, – деді ақын. –Қазақстанда тіркелген 800 жазушының ең болмағанда 80-і, яғни 10 пайызы ел алдына шығып, ұлттық, рухани мәселелерді көтеріп жүргендердің жанынан табылса, сөз жоқ, билік те олармен санасар еді. Ал біздің, яғни ақын-жазушылардың ойдан құрастырып жазған өлең, әңгімелерін тіл білмесе, кім оқиды? Сонда кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз? – деді. Ақын мұнан соң да тілге қатысты әртүрлі түйткілдерді ортаға салды.

Біз өзіміз қатысып, куә болған жиынның аяғына қарамай шығып кеттік...

...Ауруханада тағы да бірнеше рет ақынмен бірге болдық. Таңертең ерте тұрып, аурухананы екі-үш рет айналып жүреміз. Кешке қарай осындағы басқа да науқас жиналып, есік алдындағы көлеңкеде Мұхаңның әңгімесін тыңдаймыз. Бірде ақын шетелдерде болған қызықты оқиғалардың бірін ­баяндады.

– Жапонияға барғанда білгенім, – деп сөзін жалғастырды, – ол елде мектептегі балаларға 12 жасқа дейін тек жапон тіліндегі төрт пәнді оқытады екен. Олар: елдің тарихы, мәдениеті, тілі және халқының салт-дәстүрі. Содан кейін барып жоғары класта басқа пәндерді бастайды. Ал біздің елде 2 жастағыларға балабақшада ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде әріп танытып, үш тілде оқуға мәжбүрлеп жатыр. Мұнан асқан қиянат бола ма? Әлі әріп танымайтын балаға үш тіл білу қаншалықты қажет? Елінде ешқандай пайдалы қазбасы жоқ, тек судың бетінде қалқып өмір сүріп дамыған Жапонияға автомобиль, электроника өндірісінде тең келер ел жоқ! Неге сондай елдің тәжірибесін бізде қолданбасқа!?

– Сонымен, руыңыз кім болды, Мұха? – деп осы сәтте шеткерірек үнсіз отырған қария кісі өз сұрағын аяқ астынан қойып қалды.

– Руым жоқ, ақсақал, мен қазақпын, – деп Мұхаң қатқыл дауыспен ­жауап берді. – Өзі азғантай қазақты ру-руға, жүзге бөлу халқымыздың нағыз қасіреті. Бұл Ресейдің II Екатерина деген патшайымының ойлап тапқан әдісі, халқымызды үш жүзге бөліп, өзара қырқыстырып, ел басқаруды өзінше жеңілдеткен түрі десе болады. Кезіндегі алауыздық бүгінге дейін жалғасып, қала мен даланың жастары бірін-бірі түсінбейтін халге жетті. Үлкендеріміз жүз-жүзге бөлініп жатса, тіпті өркениеті дамып жатқан Елордамыздың өзі қазақша сөйлемейтін қалаға айналып барады.

– Мұха, балаларыңыз ана тілінде сөйлейтін шығар? – деген ендігі сұраққа ол, – әрине, сөйлейді, егер қазақ тілінде сөйлемесе, ол менің балам емес! – деп жауап берді.

Мұнан кейін де Мұхаң талай қызғы­лықты әңгіменің тиегін ағытты. Ауруханадан емделіп шыққан ақынмен бірге болған он күнде көптеген ғибратты әңгімелерін тыңдап, ақынға шексіз алғысымызды айтып, қимай шығарып салдық.

Ал, енді халықтың осыншама құр­метіне лайық Мұхтар Шаханов кім еді? – деген сұраққа – Ол, ең әуелі, үлкен жүректі талантты ақын, түркі тілдес халықтар арасындағы «Ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері демекпіз. Оның есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған. Нобель сыйлығының 100 жылдығына орай тағайындалған Нобельдің алтын медалінің иегері. Екіншіден, ол елін ерекше сүйген үлкен қоғам қайраткері. Осы жерде қазақтың ұлттық мүддесін қорғау жолындағы жасаған төрт ерлігін атап айтуымыз керек!

Біз, қазақ халқы, үш ғасыр бойы әуелі патшалық Ресейдің боданында тұншығып, соңғы жетпіс жылда Кеңес Одағының солақай саясатының құрбаны болдық. 1986 жылы Желтоқсан айында жастардың Алматы қаласындағы орталық алаңдағы бас көтеруін билік «қазақ ұлтшылдығы» деп аяусыз қантөгіспен ­басты. Араға екі жыл салып, 1988 жылы маусым айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сол кездегі депутат Мұхтар Шаханов «Аралдың тағдыры туралы айтамын» деп, Бас хатшы Горбачевті көндіріп, Мәскеудің биік трибунасынан осы Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру туралы мәселе көтерді. Сөйтіп, «Қазақ ұлтшылдығы» деген биліктің жалған айыптауларын алып тастатуға бар күш-жігерін салды.

Екінші ерлігі – 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында екі тілге, яғни орыс пен қазақ тіліне бірдей мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсыныс қабылданып бара жатқан сәтте мінбеге атып шығып, мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы үшін қайта дауысқа салдырады да, көп дауыс­пен жеңіске жетеді.

Үшінші ерлігі – 1988 жылы Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін қазаққа қайтару үшін соған Горбачевтен рұқсат алып беруді сұраған. Ақыры сол кезде 62 жыл бойы тоқтап қалған Наурыз мерекесі Қазақстанда алғаш рет тойланды.

Төртінші ерлігі – «қазақстандық ұлт» туралы. Шаханов қазақ патриоттарын ертіп, бір ай бойы аштық жарияламақшы болған соң, бұл мәселенің де беті қайтты. Міне, бір кездері Мұхаңның жоғарыда аталған 4 ерлігін көре алмай, әртүрлі әңгіме айтушыларға айтылар жауап осы! Оның ұлттық мәселеге келгенде ештеңеден аянары жоқ! Енді басын бәйгеге тігіп, шындық үшін шырылдап жүрген ақынның қажыр-қайратын «пыш-пыш» әңгіме таратып жүрген дұшпандарының өзі мойындамасқа амалы жоқ.

Мұндай үлкен қадамға баруы оның азаматтығы, Отан алдындағы борышы, ұлты мен халқының алдындағы парызы десек, ал ақындығы оны әлемнің шырқау биігіне көтерді. Тамаша жазушы, қоғам қайраткері Шыңғыс ­Айтматов: «Нақ осындай заңды деңгейдегі ақын (Шаханов) XX ғасыр мен XXI ғасыр аралығында бой көрсетті» деп жазды. Ал КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Евгений Евтушенко: «Мұхтар Шаханов осы өмірінде үш адамның ғұмырына жетерлік атақ пен даңққа бөленді және ол оған лайық та!» деп жоғары бағалады. Ал Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» атты әні осы дәуірдегі қазақ әндерінің бір классикасы» деп, оның сазгерлігін де жоғары бағалаған болатын.

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Шахановтың тағы бір қыры: «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек» деген ұстанымына берік жан.

Алайда ақын шетел сыйлықтарын қабылдайды. Шаханов 22 мемлекеттің ғылым докторы, профессоры, ака­демигі, 40-тан аса Қазақстан қалалары мен аудандарының, 20-дан аса Жапония, Америка, Англия, Түркия, Ресей т.б. мемлекеттердегі қалалардың «Құрметті азаматы» атанған. Оған қоса 10-нан аса елдің бас­шылары, жазушылары, қоғам қайрат­керлері оның шығармашылық, ақындық қуатын аса жоғары бағалаған. Олардың ішінде Горбачев, Ельцин, ­Назарбаев, Айтматов, Ғамзатовтар бар.

Мен бұрын да Мұхтар Шахановпен әр жерде әңгімелесіп, тіпті өзара кітаптар да алмасқан болатынмын. Бірде Алматының «Сарыарқа» кинотеатры маңындағы алаңқайда тіл туралы өткен митингіде трибунада ақынмен бірге түскен суретім сол кездегі «Дат» газетінің бірінші бетіне шыққаны да жасырын емес.

...Осы әңгіменің бәрі қашанда қазақ ұлтының қамы үшін қабырғасы қайысатын, үнемі елінің бары мен жоғын түгендеп, ашық айтатын ардақ­ты ақынымызбен ауруханада жолы­ғысып қалғаннан кейін ойға келген еді.

Сөз соңында айтарым:

Осы уақытқа дейін Мұхтар Ша­ханов­тың ақындығын былай қой­ғанда тек қазақтың ұлт болып қалып­тасуы үшін оның ана тілін сақтап қалуы жолындағы жанкешті қыруар еңбегі батырлыққа тән емес пе?

Ендеше, үстіміздегі жылы 80 жасқа толатын халқымыздың аяулы ұлына қажырлы қайрат, шалқар шабыт тілейміз

«Қалдырмай майдасын да, ірісін де, адамды қадірлеңдер тірісінде» деп Қадыр ақын айтқандай, адамдарды тірісінде бағалайық, ағайын!


Сәбит ИМАНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері,

Жалағаш ауданының

Құрметті азаматы


Баға беріңіз