Жұбайымызды қалай атағанымыз жөн?..
Бұны біздің халықтың көп еліктейтін, іргеміздегі көрші елдің «товарищ» сөзінің тікелей аудармасы десек те болады. Ол кезде бүкіл 15 республиканың халқы түгелімен бірін-бірі жолдас деп атады, бізде де солай қалыптасты. Алайда, оны орыстардың өзі де қабылдамады. Сол кезден «саған Тамбов «қасқыры» жолдас» деген кекесін сөз тіркесі қалды. Ал, қазақта «жолдас» сөзі уақытша серік деген мағына береді. Мысалы, жолға бірге шықтың, барар жеріңе жеткесін жөніңе кетесің. Жұмыстас әріптестер мен бірге оқитындар да бір-біріне жолдас. Олар бүгін бар, ертең жоқ. Себебі, жұмыс орынды жиі ауыстыру түк емес, оқу да сағыздай созылмайды. Бітірген соң әркім өз жөнімен кетеді. Ал, жұбайың (Құдай қосқан қосағың, жан-жарың, балаларыңның анасы, отбасыңның қамқоршысы) - өзіңмен бірге өмір жолына жұптаса аттанып, өле-өлгенше жаныңда болуға серттескен адам. Сонда ол саған қалайша «жолдас» болады.
Бұл Кеңес заманынан бері келе жатқан санадағы сарқыншақ. Ол кезде, «Жаңа қоғам орнатамыз» деп тектілікті білдіретін «мырза», «ханым» деген сөздерді жойып, бәрін бірыңғай сұп-сұр тобырға «жолдасқа» айналдырған.
Қазақстан ажырасудан алғашқы ондыққа кірдік деп БАҚ жарыса жазып жатыр. Тағы бір газет «Мұсылман елдері арасында көш бастап тұрмыз» деп жазыпты.
Атам Қазақтың «Жақсы сөз, жарым ырыс» дегені осы болса керек. Алланың қалауы: не ойлап, не айтсаң сол болады. Алла жақсылықты да, жамандықты да адамдардың пиғылына қарай беремін деген. Өздеріңіз көріп отырғандай, «Құдай қосқан қосағым» кезінде ешкім ажырасқан жоқ, «жолдас» болдық ажырадық.
Баға беріңіз