2 қазан, 2017 жыл Мерекеде мемлекеттік тілдің мәртебесін тағы бір асқақтады

22-қыркүйек Қазақстан Халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай бірқатар игі шаралар
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 мамыр, 2018

«Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын,жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл».

Бауыржан Момышұлы

Иә, ел болып егемендік алып, еңсемізді тіктеп, Ұлы Тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң елдік, мемлекеттік нышандарымызды, таңбаларымызды қайта түлетіп, жаңғыртумен келеміз. Сондай елдігіміздің айғағы, ертеңіміздің айнасы болып саналатын тағы бір байлығымыз – ол тіліміз, яғни қазақ тілі. Тыңдай білгеннің «құлақ құрышын қандырып, тұла бойыңды балқытатын кемел тілдің» болашағы үшін, мәртебесін арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатын көздеген және 22-қыркүйек Қазақстан Халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай бірқатар игі шаралар легін қалалық тілдерді дамыту орталығы да ерекше ұйымдастыра білді. «Тіл – татулық тірегі» атты тақырыптың аясында қала бойынша өткізілген байқаудың қорытындысы Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрдағы салтанатты жиында жария болды. Игі шараның шымылдығы күмбір күймен ашылып, жиналған қауымға қаймағы бұзылмаған қазақылықтың нағыз өнері паш етілді.

Мерекелік кеш «Үш тұғырлы тіл» саясаты шеңберінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді. Тілі басқа, - жүрегі бір, Түрі басқа, - тілегі бір өзге ұлт өкілдері де барлық іс-шараларға белсене қатысқанын атап өткен жөн. Шара барысында түрлі байқауларға қатысып, қаламыздың мерейін үстем етіп жүрген, облыстық «Тіл-парасат» байқауының 1 орын иегері С.Ручкина «Туған жер» әнін әуелете шырқаса, тек өз ұлтының ғана емес, өзге де ұлттың өнеріне деген шексіз құрметті көрсететін қала абыройын халықаралық байқауларда асқақтатып жүрген «Натараджа» үнді би ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, бірнеше шараларға ат салысып, батылдықтарымен қоса өнерге деген бейімділіктерін байқатқан құқыққорғау органдарының өнерпаздары да кештің көркін қыздыра білді.

Айтулы күні қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР-ның білім беру ісінің үздігі, ұстаздардың ұстазы Жәнібек Ғапбасұлы тілдің өміршеңдігі мен қажеттілігі жөнінде айта келіп, баршаны мерекемен құттықтады. Сонан соң өңірімізде қазақ тілінің өркендеуі үшін қалалық тілдерді оқыту орталығымен бірлесе жұмыс жасап, ел ертеңі жайында маңызды тақырыптарда қалам тартып, халықтың көкейтесті мәселелерін жырына арқау етіп жүрген тіл майталмандары, мекеме қызметкерлері зор алғысқа ие болып, ерен еңбектері ескерілді. Сондай-ақ «тіл үйрену үшін қажеттілік не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылық болуы маңызды» деп білетін қалалық тілдерді оқыту орталығының ұжымы ұйымдастырған шараларда белсенділік танытып, үнемі тілге жанашырлық танытып жүрген мекемелер де марапатталып, ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мерейлі мереке қарсаңында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге еңбек етіп, «тілім» деп үлесін қосқан әрбір жан елеусіз, ескерусіз қалмады. «Көз – жанның айнасы, тіл – қоғамның айнасы» екенін ескерсек, ана тіліміздің қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыруда әлі де талай жұмыстар атқарылары сөзсіз!

Жазира Мизамханқызы, Тілдерді оқыту орталығының әдіскері, 2 қазан, 2017 жыл


Баға беріңіз