Мемлекеттік тілді жобалау технологиясы арқылы сапалы оқыту мәселелері

Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қыркүйек, 2017

Мемлекеттік тілді мәртебесіне сай қолданудың басты шарттарының бірі – білім беру саласында мемлекеттік тілдің сапалы оқытылуын қамтамасыз ету. Ол үшін оны зерттеудің логикалық жүйесі де жаңа парадигмаларға сай жетілдіріліп отыру заңды. Әйтсе де, қазақ тілін сапалы оқытудың қажеттілігі айқын болғанымен, көп жағдайда, оқыту әдістемесінің ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеуде дәстүрлі жүйеден аса алмаушылық байқалады.

Мемлекеттік тілді сапалы оқыту үшін тіл үйренушілердің тіл білу деңгейлерін анықтау және соған лайық әдістер қолданудың маңыздылығы шет тілдерін, орыс тілін оқыту әдістемелерінде дәлелденген. Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесінде әлі де болса теориялық ізденістер аясы шектеулі болып отыр. Ондай шектеуліктің бір себебін жаңа оқыту жүйелерінің практикалық түрде қолданысқа ене алмай отырғандығынан да іздеуіміз керек.

Қазақ тілін оқытудың сапасы туралы айту үшін оны айқындайтын параметрлері танылуы керектігі белгілі. Білім беру жүйесі сапасының параметрлері – сапаны қалыптастыратын факторлардың, сол факторлардың қызметіндегі өлшемдер мен ерекшеліктердің жиынтығы және олардың өзара тығыз байланыста қызмет ету барысы.

Білім беру сапасын қалыптастыратын факторлардың ішіндегі бастылары:

  • білім беру мақсаты;
  • білім берудің әлеуеті болып саналады.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде өзгетілді дәрісханада оқытудың мақсаты қазақ тілін меңгертуде бүгінгі күні қандай қажеттіліктер өтеледі және ертеңгі күні болашақ маманға қазақ тілі қандай дәрежеде керек болатындығы туралы қоғамдық пікірмен тығыз байланыста танылады. Егер бүгінгі күннің шындығына келсек, қазақ тілі әлеуметтік ортада, қоғамда кең сұранысқа ие бола алмай отырғаны белгілі. Бірақ бүгінгі студент ертеңгі үлкен оқу орындарда дәріс беретін, болашақ ұрпаққа білім беретін мұғалім болғандықтан, қазақ тілінің қажеттілігін бүгінгі күнмен емес, ертеңгі күннің сұранысымен тығыз байланыстыра тану көзделеді. Оған қазақ тілінен білім берудің Мемлекеттік стандартын құрастырушыдан бастап, әрбір қатардағы оқытушыларға дейін түгел бет бұруы керек. Сондықтан болашақтағы қазақ тілінің даму стратегиясын айқын қойып отырған ҚР «Тіл туралы» Заңын қазақ тілін оқытуда толық басшылыққа алу мәселесі кең түрде қарастырылу керек деп ойлаймыз.

Білім беру мақсаты білім қажеттілігінің даму үрдісін толық көрсете алатындай айқын болып келеді. Бұл тұста мемлекеттік тілдің дамуы туралы үкіметтің нормативтік-құқықтық заңдарынан бастап, оқытушының «Қазақ тілі» пәні бойынша сабақ жоспарына дейінгі иерархия түгел біртұтастықтағы бір бағдарды негіз етіп ұстанады.

Төмендегі суреттен осы екі фактордың ішкі құраушыларын анықтауға болады (1-сурет). Мақсаттық тұрғыда оқытуды мемлекеттік басқару, оның құқықтық қамтамасыз етілуі, пәннің оқытылуының әдістемелік жүйесі алынса, білім берудің әлеуетін пәнге деген қажеттілік, оның қаржыландырылуы және нормативтік-базалық құжаттары құрай отырып, олардың өзара бірлігі арқылы білім берудің сапасы артатын болады.

1-сурет – Қазақ тілінен білім берудің сапалылығын қалыптастырушы негізгі факторлар

Өзгетілді дәрісханада қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде оқытудың әлеуетіосы қойылған мақсатқа жетудің мүмкіншіліктерін, ресурстары мен обьективті шарттарын танытады.Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада жобалай оқыту технологиясы арқылы меңгертуді ұйымдастыруда студенттердің қазақ тілінен өз бетімен білім іздеу, білім мазмұнын өз бетімен жобалар орындау барысында меңгеру, қазақша ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын білім жобаларын орындау барысында игеруін мүмкін етудің арналары мол екендігі танылады.

Студенттер түрлі жобалар орындау барысында қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде саналықпен игере алады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін дамытуға тілдік тұлғаның өз мамандығы бойынша ғана қатысымға түсуі арқылы емес, күнделікті қарым-қатынаста, тұрмыста да қолдануы арқылы үлес қоса алатынын жобалар орындау барысында айқын түйсінеді.

Бұл көрсетілген екі фактор бұл жерде нақты «Қазақ тілі» пәнін оқытуға байланысты сөз етіліп отырғанымен, нақтырақ айтсақ, тек қазақ тілін оқытуда ғана емес, жалпы білім беру жүйесіндегі барлық пәндерді меңгертуге тән болып келеді. Сондықтан оларды ары қарай таратып, ашып берудің маңызы үлкен.

Қазақ тілінен жобалай оқыту технологиясын қолдану барысында сапалы білім беру мақсатының жүйелілікке, белгілі бір қағидаларға бағынуының маңызы өте үлкен. Бұл мақсаттың анық қойылуы да қазақ тілін оқыту жүйесін ұйымдастыруда шешуші қызмет атқарады. Ал ондай қуатқа ие мақсат өзіне әдістемелік жүйесіне енетін барлық компоненттерді үйіріп, түпкі нәтижеге қызмет етуге бағындырады. Қазақ тілінен жобалай оқыту технологиясын қолдану барысында сапалы білім беру мақсатының анықтамасы неғұрлым нақты, дәл белгіленсе, онда оның қазақ тілінен жобалай оқыту технологиясын қолдану барысында сапалы білім беру бағытындағы қоғамдық-әлеуметтік маңызы арта түсер еді. Бүгінгі таңда оқытудың түпкі нәтижелері құзыреттіліктер түрінде анықталып отырғаны аян. Олай болса, осы мақсатта көрсетілген әрбір бағыт түпкі нәтижеде құзыреттіліктерді де белгілеуге жол ашады. Сондықтан қазақ тілінен сапалы білім беру мақсатының нақты нәтижелерге қол жеткізе алатындай жүйеде құрылуы осы білім сапасы туралы қоғамның, студенттің, оқытушылардың көзқарастарының бір арнаға тоғысатындай анық болуын қамтамасыз етеді.

Қазақ тілінен жобалай оқыту технологиясын қолдану барысында сапалы білім беру мақсатының моделін ұсынып отырмыз (2-сурет). Бұл модельде қазақ тілін жобалай оқыту технологиясын қолдану арқылы меңгертудің сапалылығы туралы мәселелері қамтылады.

2-сурет – Қазақ тілінен жобалай оқыту технологиясын қолдану барысында сапалы білім беру мақсатының моделі

Қазақ тілін жобалай оқыту технологиясын қолдану арқылы студенттер білімінің сапасын көтеру үдерісі – осы ұсынылып отырған жобалай оқыту технологиясының сапасын, студенттердің осы технология бойынша қазақ тілінен алған білімінің сапасын, қазақ тілін үйретуші оқытушылардың шығармашылық жұмысының сапасын, қазақ тілін үйрету әдістерінің сапасын танытатын, анықтайтын ерекше дидактикалық үдеріс.

Қазақ тілін жобалай оқыту технологиясының сапасы оның қол жеткізілетін түпкі нәтижесі арқылы өлшенеді. Студенттер жобалау жұмыстарын орындау барысында кәсіби санасы жетіліп, елжандылық рухы, сана-сезімі жетіліп, даралық қабілеттері де даму үстінде болады. Оқуды бітірген соң қаншалықты өз саласында қажетті маман бола алатынын студент өз ой өлшемімен объективті бағалай алуы – берілген білім сапасының да көрсеткіші.

Қазақ тілін жобалай оқыту технологиясында студенттердің педагогтік кәсіби білік-дағдыларын, шеберліктерін дамытуға баса көңіл бөлінгендіктен, қазақ тілін оқытудың сипаты, деңгейлері, сабақтарды ұйымдастыру мәдениеті, проблемаларды тану мен түсіну сол қабілеттерін арнайы жаттығулар арқылы қалыптастыруды, дамытуды көздейді. Солардың барлығы біртұтастықта ұғынылып, осы бағытта ұйымдастырылғанда ғана қазақ тілін жобалай оқытудың түпкілікті нәтижесі айқындалады.

Қазақ тілін оқытудың сапасы тек көзделетін нәтижені танудан ғана тұрмайды. Сол нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ерекше факторлардың сипатын анықтау, оны тану арқылы да білім беру сапасын арттыруға болады. Білім беру парадигмасының басты бағыты болып отырған сапалы білім берудің тиімді жолы –оқытудың жаңа технологиялары екенін білім беру тәжірибесі дәлелдеп отыр. Сондықтан оларды саналы түрде қабылдап, сипатын анықтап, олардың жоғары кәсіби білім беру үрдісіндегі тиімділігін айқындау аса маңызды болып отыр. Өйткені жоғары кәсіби білім берудің қоғам өмірінде маңызы өте зор. Себебі кәсіби білімді ғалымдар «адамның жеке басының қалыптасу және даму үрдісі» деп сипаттайды [1].

Қазақ тілін сапалы оқытудың маңызды ғылыми-әдіснамалық негізінің бірі – білім беру психологиясы, педагогикалық психология. Педагогикалық психологияның міндеттері оқу қызметінің барлық физиологиялық және әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін ашумен, оқу материалын репродукциялаудың ерекшеліктерін анықтаумен байланысты танылады. Сондықтан тілді оқытудың антропологиялық сипатын анықтау үшін бұл екеуі өзара байланыста қатар қамтылуы қажет. Білім берудің әлеуметтік негізі мен психологияның табиғи байланысы тереңде жатыр. Білім берудің әлеуметтік негізі мен психологияның ғылыми қағидалары қазақ тілін сапалы оқытуда да ерекше тірек бола алады.

Білім берудің әлеуметтік негізі туралы ресейлік ғалымдар В.Ф.Черноволенко [2], Н.Н.Захаров [3], С.Н.Чистякова [4], т.б. еңбектерінен мол мәлімет алуға болады. Жастардың кәсіп алу, өмірлік жолдарын таңдау мәселелері туралы қарастырған бұл еңбектерге сүйене отырып, мұғалім мамандығын таңдап отырған студенттерге қазақ тілін сапалы оқытуға байланысты негіздеме жасауға болады. Қазақ тілін сапалы оқыту деген ұғым – жалпылама қолданылатын ұғым емес. Қазақ тілін оқыту мен «сапалы оқыту» ұғымдарының арасындағы үлкен айырмашылықты тану үшін білім берудің әлеуметтік негіздемесіне жүгіну абзал.

Әлеуметтік теория тұрғысынан қарастырғанда білім, білім беру –мәдени-тарихи даму жолы болып табылады. Егер білім беру әлеуметтік-мәдениет тұрғысынан талданатын болса, онда білім беруді, білімнің өзі «құндылық» («ценность») категориясы тұрғысынан қарастырылады. Яғни «құндылық» категориясы мәдениеттің әлеуметтік қыры және білім берудің әлеуметтік негізі ретінде анықталады.

Философиялық аксиология тұрғысынан терең талданып, қарастырылып келе жатқан «құндылық» категориясының білім беру үдерісінде де алатын орны ерекше. Құндылықтар субъектінің өмірлік қызметінің түрлі қырын танытады. Сонымен байланысты құндылықтарды экономикалық, саяси, моралдық, эстетикалық т.т. құндылықтар деп бөлу қалыптасқан. Осы құндылықтарды жасауда, қалыптастыруда, сақтауда, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыруда өзінің аса маңызды қасиетімен танылған тәсілді де адам баласы анықтаған. Ғалымдар ол тәсілді — МӘДЕНИЕТ деп атайды.

Қазақ тілін үйрететін оқытушы қазақ тілінің лексика-грамматикалық қорында жинақталған кумулятивтік мұраны қолдана отырып, студентке бейімдеу арқылы оның құндылықтарды қабылдау әрекетін жүзеге асырады. Студент сол құндылықтар жүйесімен қарым-қатынас жасай отырып, алдымен түрлі репродуктивтік әрекеттерді орындайды.

Жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы деп осы негізде айтуға болады.

Негізінде, қазақ тілін өзгетілді дәрісханада білім алып жатқан студенттерге оқыту үдерісінің құрылымында үлкен орын алатын мәселе қазақ тілін оқытудың танымдық қыры екені белгілі. Ал адамның танымдық әрекетінің түпнегізінде адамдық тәжірибенің рефлексиясы тұратынын ғалымдар атап көрсетеді. Сонда танымдық әрекеттің нәтижесі танымдық тәжірибенің қорытындысы дегенге келіп саяды.

Ал студенттер жобалау әдісі арқылы қазақ тілін меңгеруі барысында тілдің құрылымдық-жүйелік заңдылықтарын ғана емес, тілдің өн бойында маржандай тұнып тұрған қазақтың ұлттық мәдениетін де сіңіре алатын үдерістен «өтеді». Соның нәтижесінде қазақ тілі – студенттің құндылықтар жүйесінен орын ала алады.

Қазақ тілін оқыту, оқу үдерісіндегі оқытушы мен студенттің өзара орындалатын қарым-қатынасын әлеуметтік-институционалдық тұлға ретінде қарастыру арқылы оқытушының жеке тұлғасы мен студенттің жеке тұлғасы, олардың әлеуметтік орындары мен «рөлдерін» кең арнада тану мүмкін болады.

Білім беру жүйесінің әлеуметтік құрылымын тануда ғалымдар екі тұрғыдан келуді ұсынады. Олардың біріншісі – білім беру саласындағы әлеуметтік топтардың сипатын анықтау, яғни қоғамның макроқұрылымдық жүйесін зерттеу тұрғысынан келу.

Бұған қоса, үшінші мынадай көзқарас та бар. Оның мәні білім алушы әлеуметтік топ қандай басқа әлеуметтік топтармен байланыс жасауға ұмтылыс жасап отырады? деген сұрақтарға байланысты анықталады.

Әрине, әлеуметтанушы ғалымдар білім алушы әлеуметтік топ генетикалық жағынан зиялылар қауымына (интеллигенция) жақын келетінін атап көрсетеді. Зиялы қауым (интеллигенция) әлеуметтік топ ретінде, қоғамның интеллектісінің, ақылының, білімінің, мәдени тәжірибесінің тасушысы ретінде танылатыны белгілі.

Студенттер – болашақ зиялы қауым өкілі ретінде мәдениетті терең тануға ұмтылуы керек. Соның негізінде студенттер мәдениеттің, білімнің құндылық қасиетін түсінуге, оны дамытуға, сақтауға қажетті қабілеттер мен әдістерді меңгере бастайды. Осы бағытты ұстана отырып, студенттерге өзіндік ғылыми ізденім әдістерін меңгеруге үлкен басшылық ете алатын жобалау әдісінің тиімділігі айқындалады.

Студенттің жеке тұлға ретінде қалыптасуы өзіндік табиғи мүмкіншіліктерге және оны қоршаған ортаның тигізетін ықпалына көптен-көп байланысты болғандықтан, оны қалыптастыруға және дамытуға түрлі қырынан келу керек. Бұл да – педагогикалық антропологияның маңызды бір саласы.

Осы ретте жобалай оқыту технологиясы арқылы мемлекеттік тілді меңгерту үдерісінде студенттің Қазақстан Республикасының азаматы ретінде және құндылық болып табылатын жеке тұлға ретінде қалыптасуын жоспарлауға және басқаруға болатын жолдар айқындалады.

Гуманитарлық бөлім студенттеріне қазақ тілін жобалай оқыту технологиясы негізінде меңгерту барысында қолданылатын әрбір педагогикалық әдіс пен амал, тәсіл мен жол – студенттің адамдық болмысын қалауға жұмсалып жатқан кірпіш. Бұл жерде білімнің адамгершілік қасиеттерді дамыту күші, оның дидактикалық қыры мен психологиялық талаптары бір арнаға тоғысып келіп, қазақ тілінің сапалы оқытылуына бағытталады.

Қазақ тілін меңгеруші студенттердің 17-20 жас арасындағы жастар екендігін ескерсек, олардың жобалау әдісін қызығушылықпен үйреніп, сол негізде қазақ тілін өз бетімен терең іздене меңгеруге қажетті қабілетін дамыта алатынына сенуге болады. Өйткені қазіргі кезеңдегі қазақстандық жастар нарықтық экономика билеген елде өмір сүріп жатыр, олар өз бетімен ізденген білімнің ғана тереңнен тамыр алатынын түсінеді, сондықтан өзінің ізденім қабілетінің дамуына ықпал ететін оқу әдісін де қызығушылықпен үйренуге ұмтылады.

Қазақ тілінен сапалы білім беру – болашақ мамандардың тілдік тұлға ретінде қалыптасуына негіз қалау. Осымен байланысты қазақ тілін оқыту барысында студент болашақ маман ретінде өзінің тұлғалық болмысын жан-жақты дамытудың, қалыптасудың сапалы әдіс-тәсілдерін үйреніп, бойына сіңіреді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  • Новиков А.М. Профессиональное образование в России. – М.: ИЦПНПО, 1997. – 253 с.
  • Черноволенко В.Ф. Престиж профессии и проблемы социально-профессиональной ориентации молодежи. – Киев: Наукова дума, 1979. – 214 с.
  • Захаров Н.Н. Профессиональная ориентация школьников. – М.: Просвещение, 1988. – 269 с.
  • Чистякова С.Н. Основы профессиональной ориентации школьников / Учеб. пособие. – М.: Просвещение, 1983. – 112 с.

Сатбекова АйгүлАмантайқызы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

«ЖОО үздік оқытушысы»

мемлекеттік грантының иегері


Баға беріңіз