Шенеуніктердің қазақша сөйлемеуі депутаттың шамына тиді

​Шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеуі мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді, -деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қыркүйек, 2017

Мәжілісте өткен үкімет сағатында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру мәселесі талқыланды. Отырыста бас баяндамашы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов орыс тілінде сөйледі. Депутаттардың қазақша сұрағына министр өзі де, басқа да шенеуніктер орыс тілінде жауап берді.

«Бүгінгі біздің талқылап жатқан сұрақ өте маңызды және өзекті. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер. Және ол менің көңіліме, намысыма қатты тиді. 12 қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде берілген сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берді. Кім жауап берді? Әкімнің орынбасары, әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Халықпен жұмыс істейді. Олар қазақ тілінде жауап бере алмаса, қалай жұмыс істейді?», - деп кейіді депутат.

Халық қалаулысы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында «мемлекеттік тілді құрметтеу — тәуелсіздікті құрметтеу» деп айтқанын еске салды.

«Міне, бүгін жиынның басынан соңына дейін төрағамыз Владимир Карпович (Владимир Божко – мәжіліс төрағасының орынбасары) қазақ тілінде жүргізіп жатыр. Магеррамов мырза баяндамасын таза қазақ тілінде оқыды, Снежанна Имашева деген біздің қарындасымыз қазақ тілінде сөйлейді. Шиповских болса бізден жақсы қазақша сөйлейді», - деді Әбдірайым.

«Біздің регламентте қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап берілуі керек деп тікелей көрсетілген. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен, төраға мырза, менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын», - деген өтінішін білдірді депутат.

Отырыстан кейін министр Қалмұханбет Қасымов өз тарапынан бұл олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.

«Бұл мәселені орнына келтіреміз. Ендігі үкімет сағатына келген кезде, бұл ескертулер орындалады», - деді Қасымов БАҚ өкілдеріне.


Баға беріңіз