​Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқытудың кейбір мәселелері

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты фак...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 қыркүйек, 2017

Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз.

Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру керек», – деп атап көрсеткеніндей, ұрпақ болашағы, ұлттық мүдде үшін қазақ тілін жаңғыртуға жан-жақты жағдай жасалатындығына тоқталған болатын [1].

Ендеше, тіл саясаты – мемлекеттік саясат, ол егеменді еліміздің берік арқауы, демографиялық, әрі саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ықпалды күш болып табылады.

Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тұғырын биіктету жолында әрбір қоғам мүшесі, осы елдің азаматы үлес қосуы тиіс. Мемлекеттік тілдің негізгі әрі басты мәселелері Конституция жүзінде, «Тіл туралы» Заң жүзінде шешімін тапқанымен, күнделікті өмірдің өзі талап етіп отырғандай, тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру үшін оны әлі де жетілдіріп, толықтыра түсу қажеттілігі туындап отыр. Солардың бірі – мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу жөнінде міндеттің қойылуы.

Тіл мамандары Франция, Польша, Литва сынды мемлекеттердегідей тілдік біліктілікті, яғни тыңдау, сөйлеу, жазу дағдыларын қалыптастыру үшін мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін талаптар керектігін айтады. Сондықтан мем­лекеттік тілді білу Қазақстан Рес­публикасы азаматының, соның ішінде мемлекеттік қыз­метшілер үшін басты міндет болуы тиіс. Жа­зушы Смағұл Елубаев «Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді өз деңгейінде білмеуі саяси сауатсыздық ретінде бағалануы керек», – деп, мемлекеттік тілдің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын[2].

Мемлекеттік тілді міндетті түрде білу талабы көптеген елдерде бар. Өйткені мемлекеттік тілдің үстем болуы сол мемлекеттің қадірінің артуы, оның аржағында Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, ұлтжандылық т.б. мәселелер бар. Тілдің үстемдігі заң арқылы ғана қалыптасады. Заң жазылмаса, арнайы баптар қабылданбаса, мемлекеттік тілдің үстемдігін қалыптастыру мүмкін емес. Заңның салмақты болатын тұсы оның міндеттеуінде жатыр. Міндет бар жерде талап та болады. Егер сондай заң қабылданып, талап енгізілсе, қазақ тілінде сөйлейтін мемлекеттік қызметшілердің қатары көбейер еді.

Елімізде мемлекеттік тілді оқытатын орталықтардың саны бүгінде артқан. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін жүргізетін орталықтар тілдік білім деңгейлерін анықтайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша оқыту бағдарламасын жүзеге асырады.

ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын Қазақстанның әр аймағында мемлекеттік қызметшілердің тілдік білім деңгейлерін анықтау мақсатында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілінен тестілеу сынақтары жүргізіліп отырады.

Атап айтсақ, Атырау өңірінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 2013 жылы – 1008 мемлекеттік қызметші сынақтан өткен болса, 2014 жылы - 1092 мемлекеттік қызметші, 2015 жылы – 2419 мемлекеттік қызметші, 2016 жылы – 3181 мемлекеттік қызметшітестілеуден өткен.

2014 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысымен салыстырғанда ересек халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі – 96,8% көрсетсе, 2015 жылы ересек халықтың 96,9%-ы қазақ тілін түрлі (еркін, жақсы, орташа) деңгейде меңгерген деген мәлімет алынып отыр.

Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар мемлекеттік тілді оқытуға ерекше назар аударып, тілдік білім-білік дағдысын, құзіреттілігін дамытуда жұмыс жүргізеді.

«Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту» курстары бойынша тыңдаушыларға тілді дамыту мен қатысымды (коммуникативті) біліктілікті қалыптастыруға бағыттай отырып, тіл білімінің салалары бойынша теориялық - практикалық білім мазмұнын игертуді басты назарда ұстайды.

Оқытудың негізгі мақсаты – қазақ тілінің құрылымы мен жүйесін, қарым-қатынас, танымдық құрал ретіндегі ерекшелігін фонетика, лексика, сөзжасам, синтаксис, стилистика салалары арқылы тереңдетіп, тілдік және сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, қоғамда қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі мен одан әрі дамытуы үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған, оларға «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу және оның стандарттары» тақырыбында арнайы көшпелі семинарлар, «Іскерлік қарым-қатынас», «Сөйлеу мәдениеті», «Шешендік өнер» т.б. тақырыбында курстар, курс барысында өтетін ашық сабақтар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесу кештер, түрлі бағыттағы іс-шаралар тілге деген қызығушылықты арттырып, ерекше ден қоюына ықпал жасайды.

Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқытудағы өзекті мәселелердің бірі – кәсіби тілдік құзыреттілікті қалыптастыру. Құзыреттілік мемлекеттік қызметшінің ақпаратты мол игергендігін ғана емес, нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіру, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеру, атқарып жатқан салалары бойынша өзінің кәсіби білім алуға дайындығын бағалау, өмір салтын таңдау тәрізді өмірлік мәні бар мәселелерді шешудегі біліктілігін алғы орынға қояды.

Тілдік құзыреттілік – қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Сондықтан курс барысында мемлекеттік қызметшілердің эссе жазу, сонымен қатар қызмет бабында кездесетін іс қағаздарымен жұмыс жасау құзыреттіліктерін игеру үшін ауызша, жазбаша түрде өзіндік пайымдауларын жеткізе білу қабілеттерін арттыру жолдары қарастырылады. Осыған байланысты тілдік құзыреттілігін дамыту мақсатында дәстүрлі және инновациялық технологияларды қолдану, соның ішінде сыни ойлау, кейс технологиялары бүгінгі күнде тыңдаушылардың қабілетін дамытуда және оқытушыларға көмек ретінде ең танымал технологиялардың бірі болғандықтан, орталықтың оқытушылары оқытудың озық технологияларын өз дәрістерінде үнемі пайдаланып отырады. Жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады. Тілді компьютер арқылы оқыту, аудио-бейне материалдар, рөлдік ойындар мен іскерлік ойындар, топтық, жұптық жұмыстар арқылы оқыту әдіс-тәсілдері – бүгінгі күннің талабы. Жаңа әдістерді мемлекеттік тілді меңгеруде тиімді қолдану оқытушының жұмысын нәтижелі, ересек адамның тілді үйрену әрекетін мәнді, қызықты, пайдалы етері сөзсіз және бұл әдістер жаңашылдыққа, шығармашылыққа оң көзқараспен қарайтын инновациялық үлгідегі тұлғаның қалыптасуына айрықша ықпал етеді.

Мемлекеттік тілге ден қойған Қазақстан азаматтары үшін де, шетел азаматтары үшін де қазақ тілін тереңінен меңгеруде ҚАЗТЕСТ жүйесінің маңыздылығы зор. Ол «Қазақстан Республикасында қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесінің тұжырымдамасына» сәйкес Қазақстандағы азаматтардың ұлтына, қызметіне қарамай, қазақ тілін білуін халықаралық стандартты тестілер негізінде бағалауға арналып құрылған.

Орталық өңірдегі құзырлы мекемелер, атап айтсақ, Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Қорғаныс департаменті, Әділет департаменті және т.б. республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің қызметкерлеріне, студенттер мен жеке тұлғалар үшін де ҚАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша толық ақпарат көзін таратып, электронды түрде байқау сынақ тестілерін жүргізіп, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етеді.

БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып отырған орталық «Изучай казахский с «Прикаспийкой» акциясының аясында «Прикаспийская коммуна» газетінің тұрақты оқырмандарына, яғни өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі курстарын ұйымдастырып отырады.

Қазақтың біртуар азаматы М. Жұмабаев : «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс - тіршілігі мен мінезі айқын көрініп тұрады», – деп айтқанындай,Қазақстан халқы Ассамблеясы көп ұлтты Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сол күйінде сақтап, әрі қарай дамытып, жетілдіруіне өзіндік үлес қосып келеді. Демек, тәуелсіздігімізді айғақтайтын мемлекеттік тіліміз бір халықтың, қазақтың ғана емес, Қазақстанда тұратын ұлттардың ортақ мемлекеттік тілі болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңының 4-шi бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сонымен бiрге, Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» деп көрсетiлген[3].

Қазіргі таңда тәуелсіз елімізде 130 - дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Еліміздегі татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту жолында «Көпұлттылық пен көптілділік еліміздің басты артықшылығы болып табылады» деп, ана тілімізге жанашырлықпен ой тастаған Елбасының осынау зерделі сөздерін оқығанда, әрине, тіл туралы толғанасың.

Егемендік алғаннан бері елімізде тіл тазалығына ерекше көңіл бөлініп, ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында жасалған ауқымды іс - шаралар да аз емес. Қазіргі таңда Атырау өңірінің өзінде өзге ұлт өкілдерінің арасында да ана тілімізге деген құрмет артып, мемлекеттік тілді дамыту кеңінен жолға қойылған.

Осындай ұлттың жанын ұғынып, жүрегіне терең бойлаған қасиетті тіліміз туралы қазақтың сайын даласында жырламаған, толғамаған асылдарымыз бен зиялыларымыз жоқтың қасы десек те болады.

Апайтөс батырларымыз бен от ауызды, орақ тілді шешендеріміз жүріп өткен ұлы қазақ даласында азаттықтың туы желбіреп, тәуелсіздіктің таңы атқанына 25 жыл толды. Осынау сындарлы жылдар ішінде қазақ елі алып белестерге қол жеткізді. Ғасырлар қойнауынан тағылым алып, ұлылықты ұлағат тұтқан ата-бабаларымыз тамыры тереңде жатқан дәстүрлеріміз бен дінімізді, тілімізді жаңғыртты. «Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі» деген Елбасы қандастарымызды ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, жүрегінде патриоттық сезім ұялатып, болашаққа нық сеніммен қадам басуға шақырды.

Орыс халқының тектi тұқымының бiрi - режиссер Андрей Кончаловский «Гомердiң «Одиссеясын» толық түсiну үшiн, арнайы грек тiлiн үйрендiм» дегенде, 20-шi ғасырдың Гомерi атанған Жамбылдың жырын, Абайдың өлеңiн, Әуезовтың прозасын түсiну үшiн, мен арнайы қазақ тiлiн үйрендiм деп айтатын азаматтар саны көбейсе, еліміздің мерейі өспей ме!?

Кезінде Гегель өзiнiң «Эстетикасын» француздардың аударып жатқанын естiгенде, менiң ойларымды жеткiзуге олардың тiл байлығы жетер ме екен деп күмәнданған екен.

Сондықтан әр халықтың ана тiлi - оның жаны, , ұлттық болмыс-бiтiмiнiң бейнесi, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзi, iшкi жан дүниесiнiң өзiне ғана тән құпиясы.

Бүгінде қазақ даласында ана тіліміздің еркін қолданылып келе жатқанына
27 жыл толып отыр. Осы ауқымды жылдар ішінде мемлекеттік тілге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау, оның өміршеңдік қасиетке ие болуына билік тарапынан қамқорлық жасау мәселесі тұрақты арнаға бағытталды. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері,” – деп, ана тілінің құдіретін тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.

Қоғамдық-әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, қоғамның түрлі салаларында мемлекеттік тілдің өркен жайып дамуына ықпал ететін басты қадамдар мен тың шешімдер жасалуда.

Атырау өңірінде тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген маңызды жұмыстар оң шешімін тауып келеді. Барлық мемлекеттік органдарда ресми құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге үлкен мән берілуде. Сонымен қатар ірі компанияларда, жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындарында мемлекеттік тіл сабақтары кеңінен қолданысқа еніп, тіліміздің дамуына зор ықпалын тигізіп отыр. Өз тілімізді өгейсітпей, өзге тілді дәреже көрмей, ең бірінші ана тіліміздің абыройын ойлауымыз қажет.

Елбасының бекіткен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «Үштұғырлы тіл» саясатын іске асыру мақсатында орталық өңірімізде орналасқан құзырлы мекемелермен тығыз байланыстар орнатып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде жоспарлы түрде қызмет атқарып келеді.

Келешекте мемлекеттік тіліміздің көркейіп, кең етек жаюы үшін және мәртебесі мен мерейін арттыру барысында жүргізілген іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметтен басқа да салада қызмет атқарып жүрген қызметкерлер үшін де өз септігін тигізіп, жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Міне, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде тыңғылықты түрде жұмыс атқару басты назарда болмақ.


Баға беріңіз