​Сөйлесім дағдысын ойын арқылы қалыптастыру әдістері

Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 тамыз, 2017

Қазіргі таңда қазақ тілін оқыту белгілі бір жүйеге түсіп, қалыптасып, жан-жақты дамып келе жатқан әдістемелерге толығып келеді. Тілді үйрету барысында барлық тілге ортақ әдістер мен тәсілдер бар, алайда олар үйретілетін тілдің лексикалық және грамматикалық құрылымына сай ерекшеленеді. Ондай әдістердің ең басты мақсаты – тілдің табиғи құбылысы мен қызметтік ерекшелігін тіл үйренушіге жеткізу. Тіл үйренуші тілді толыққанды түсіну, сол тілде еркін сөйлеу үшін тілдік бірліктер мен грамматикалық бірліктердің қызметін жақсы меңгеруі тиіс. Тіл үйренушінің тілді толық түсінгенін тыңдалым әрекеті арқылы білуге болады, алайда тілді түсініп қана қоймай, сонымен қатар сол тілде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Қарым-қатынас жасауда тіл үйренуші түрлі тақырыптық аяда сөйлейді, яғни сөйлесімге шығады. Сөйлесімде тіл үйренуші өз-өзіне сенімді болу керек. Ол үшін тіл үйрету барысында түрлі жаттығулар, тапсырмалар және жұмыс түрлері жүргізіледі. Мұндай жұмыс түрлерінің негізгі алға қойған мақсаты – тіл үйренушінің сенімділігін арттыру немесе «тілдік кедергісін» жою. Зерттеулер бойынша «тілдік кедергіні жеңген адам ғана, өзі үйренген тілінде еркін қарым-қатынасқа түсе алады» деген тұжырым бар. Бұл тұжырым бойынша адам сөйлеп отырған тіліндегі грамматикалық және лексикалық қателіктерге қарамастан қарым-қатынасқа еркін түседі, яғни, сөйлеп отырғанда «мен қате айтып отырмын» деген түсінік болмайды. Осылай сөйлеу барысында тіл үйренуші бара-бара сол тілде қатесіз сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Мысал ретінде жас сәби мен тіл үйренушіні салыстыруға болады. Ал тіл үйренушіні осындай психологиялық жағдайға дайындау сабақ үстіндегі жұмыс түрлері арқылы жүзеге асады. Сондай жұмыстардың ең тиімдісі – ойын әдісі арқылы өту. Ойын – тіл үйренушілермен дидактикалық қарым-қатынас жасаудың әмбебап нысаны. Ол білім берудің ең көне нысаны болып табылады, өйткені қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды, ойыншыларға өздерін оқу үрдісінің субьектілері ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

Ойын әдісі тіл үйренушіге мынандай мүмкіндіктер береді:

сенімділік

қызығушылық

тәуелсіздік

белсенділік

білімділік

Ойындар өз кезегінде:

лексикалық (сөз, сөздік қор, қарым-қатынас т.б.);

грамматикалық (қарым-қатынас, сұхбат, фраза т.б.);

фонетикалық (дыбыстарды дұрыс дыбыстауға үйретеді);

орфографиялық (сауатты жазу, дыбыстарды дұрыс дыбысталуы, тыңдалым т.б.);

жағдаяттық (қарым-қатынас, монолог т.б.);

рөлдік ойындар болып бөлінеді.

Лексикалық ойындар сөздік қорын дамытады, сөздерді дұрыс, мағынасымен қолдануға және қарым-қатынасқа итермелейді. Лексикалық ойындар арқылы тіл үйренушілер өзара сұхбаттасады, ақпарат бөліседі, қарым-қатынасқа түседі. Тіл үйретуде ойын түрлері көп, алайда соларды белгілі бір бағытта ғана қолдануға болмайды. Яғни бір ойын түрлі мақсатта қолдануы керек. Мысалы:

жаңа сөзді меңгерту;

сөзді сөйлеу тілінде қолдану;

сөйлем құрамын меңгерту;

жаңа тақырыпты меңгерту;

эссе, хат жазу;

жұрт алдында сөйлеу;

күнделікті тұрмыстағы жағдаяаттарда қолдану;

мәтінмен жұмыс түрлерінде.

Өз тәжірибемде жоғарыда аталған мақсаттар мен мүмкіндіктерді іске асыру барысында төмендегідей ойындарды жиі қолданамын. Солардың біразына тоқталып кеткенді жөн көремін.

«Сөздер тізімі» ойыны

Сыныпты екі топқа бөлу. Белгілі уақыт ішінде топтарды өтілген немесе жаңа тақырып төңірегінде сөздерді жаздырту. Қай топ белгілі уақытта көп сөз жазады, сол топ жеңіске жетеді.

«Шөлді мекен» топтық лексикалық ойыны

Тіл үйренушілерге 2 минут ішінде кез-келген суретті салдыру. Суретті салып болған соң, тапсырманы түсіндіру. Тапсырма бойынша өздері салған затты , шөлді мекенде маңызды , қажетті құрал екенін дәлелдету.

«Мен кіммін?»

Екеуара немесе топпен ойналатын лексикалық ойын. Жасырушы өзі туралы қысқаша ақпарат береді. Сұрақ қою арқылы жасырушының кім екенін табу.

«Дұрыс суретті табу»

Тіл үйренушілерді екі топқа «А» және «В» тобына. «А» тобы тақтада көрсетілген суретке мұқият назар аударып қарайды. Ал «В» тобы көздерін жұмады. 1 минуттан соң «А» тобы «В» тобына көрген суретін сипаттайды. «В» тобы тақтада берілген төрт суреттің ішінен «А» тобынының сипаттаған суретін табу керек.

Ойын және дәстүрден тыс әдістер тіл үйренушінің тілге деген қызығушылығын, ынтасын, сөйлеу дағдысын арттырады. Тіл үйренуші ойын барысында тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз – барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы.

Тіл үйренушінің білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Ойын арқылы сөйлесімді дамыту үшін ойын мақсаты анық, жоспарланған, деңгейге негізделген, сөздердің мағынасы түсінікті болу керек. Сонымен қатар ойынға барлық тіл үйренуші қатысуы керек. Мұғалім емес, тіл үйренуші көп сөйлеуі керек. Сөйлесім барысында жіберілген қателерді бірден түземеу керек.


Баға беріңіз