Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Жазылымға емес, сөйлесімге мән беру керек

17.7.2017 1193
Гүлшат Қайролдақызы – «Ана тілін тек өгей ұлдар ғана менсінбейді, өгей ұлдар ғана аяққа басады» деген Ғабит Мүсіреповтың түйінді сөзін «тұмар» еткен қарагөз. Ағылшын, корей тілдерін жетік меңгерсе де, мемлекеттік тілдің қолданылым аясын кеңейтуге, әдістемесін жетілдіруге атсалысып жүрген жас маман. Чехияда тәжірибе алмасып, тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін таразылаған ол бүгінде мемлекеттік тілді оқытудың онлайн оқулықтарын да шығарып үлгерді. Сондықтан нарық заманында нан табудың соңына емес, ұлттық кодты сақтаудың ізіне түскен маманмен сұхбаттасуды жөн санадық.

- Гүлшат, сіз ағылшын, корей тілдерінің маманы екендігіңізден хабардармыз. Ал қазіргі таңда қазақ тілінде оқулықтар шығарып, қазақ тілін оқытып жүрсіз. Расында, бізде аудармашылар мен шет тілдерін оқытатын мамандар жетіспейді емес пе? Нарықтық қоғамда олардың табысы да қомақты. Неліктен қазақ тілін оқытып жүрсіз?

- Осыдан 10 жыл бұрын Мирас Халықаралық мектебінде сабақ беріп жүргенімде, шетелдік әріптестерім қазақ тіліне деген қызығушылық танытып, мұғалім іздеді. Олар барған тіл курстарында өкінішке қарай ағылшын-қазақ тілі маманы болмады. Содан кейін олар маған ұсыныс жасады. Бастапқыда қазақ тілінің кәсіби маманы болмағандықтан, келісе алмадым. Алайда әріптестерімнің қазақ тілін оқуға, білуге деген құштарлықтары менің қорқынышымды жеңді. Мамандығым – ағылшын тілі, ана тілім – қазақ тілі болғандықтан, сабақ өтуге келістім. Мендегі мақсат – екі тілді оқыту барысындағы айырмашылықтар мен ерекшелікті тәжірибе жүзінде зерделеу болды. Менің қазақ тілі маманы ретіндегі алғашқы жұмысым осылай басталды.

- Жалпы қоғамда, қазақтілділердің де, орыстілділердің де ойынша «қазақ тілін оқытудың методикасы дамымаған». Сіз қалай ойлайсыз, ағылшын, кәріс, орыс тілдерін үйрету мен қазақ тілін оқытудың аспан мен жердей айырмасы бар ма? Қоғамдақ пікірді қалай жоққа шығаруға болады?

- Тілді оқытудың айырмашылығы жоқ, тілді үйретудің әдіс-тәсілі, жолы бар. Сонымен қатар тілдің табиғатын негізге алу керек. Қазақ тілі – табиғаты бойынша күрделі тіл, негізі грамматикалық құрылымы жағынан корей тілімен ұқсас. Ал ағылшын тілінің табиғаты жеңіл, әріп саны да аз.

3 грамматикалық шақты білсеңіз, сөздік қорыңыз болса, қарым-қатынас жасай аласыз. Ал қазақ тілін оқытуда әлі де грамматикаға баса мән беріледі. Тіл үйрету курстарында сөйлесімге емес, жазылымға машықтандырады. Кейбір тапсырмалар деңгейге бөлінбеген. Мәтіндерөңделмеген. Жаттығулардың жеңілден күрделіге бағытталуы жүйелі жолға қойылмаған. Ал ағылшын тілінде баланың жас ерекшелігіне қарай барлық жағдай жасалған, нәтижелі әдістер таңдалып алынған. Сондықтан да көпшілік «қазақ тілін оқытудың методикасы дамымаған» деп пайымдайды. Осы мәселе байланысты басқа да қазақ тілі мамандарымен бірігіп болашақта балаларға, ересектерге арналған оқулықтар, кітаптар, әңгімелер мен мұғалімге арналған әдістемелер жиынтығын шығаруды жоспарлап отырмыз. Жүргізілген тәжірибе жұмыстары жаңартылған тәсілдірдің тиімділігін де көрсетті. Кітаптар басылған кезде міндетті түрде жаңалығымды сіздермен бөлісетін боламын. Сонымен қатар біздің мұғалімдер ескере бермейтін жайт, тілді үйренудегі психологиялық аспект. Яғни тіл үйренушінің тілді психологиялық тұрғыда қабылдауы. Ол визуал ма, аудиал ма немесе кинестетик пе соны да ескеру қажет. Қазақ тілінің оқытушылары нағыз педагог-психолог болса, жұмысымыз біршама нәтижелі болар еді.

- Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытумен қатар қазақ тілі оқулықтарының авторысыз. Бірнеше тілді меңгерген кәсіби маман ретінде қазақ тілін оқытудың әдіс-тәсілдеріне қандай да бір өзіндік тәжірибеңізден түйген жаңа методикаңызды қоса алдыңыз ба?

- Қазіргі таңда қазақ тілін оқыту белгілі бір жүйеге түсіп, қалыптасып, әдістемелермен толығып келеді. Тілді үйрету барысында барлық тілге ортақ әдістер мен тәсілдер бар, алайда олар үйретілетін тілдің лексикалық және грамматикалық құрылымына сай ерекшеленеді. Әдістің тиімділігі – тілдің табиғи құбылысы мен қызметтік ерекшелігін тіл үйренушіге жеткізе алумен бағаланады. Тілді оқытуда ең бастысы тіл үйренушінің қызығушылығын ояту, тілдік кедергіні жою. Ол үшін қызық материал, тапсырмалар керек. Сабақ барысында дәстүрлі емес, оқыту әдісін кеңінен қолданған жөн. Тілді тез меңгертуде ойындар – тамаша тәсіл. Ойын барысында жалпы бала болсын, ересек болсын өзін еркін ұстайды, ал еркіндік «мен қате айтып отырмын» деген ойды туғызбайды. Ойын әдісі тіл үйренушіге мынадай мүмкіндіктерді береді: сенімділік, қызығушылық, тәуелсіздік, белсенділік, білімділік. Бір ойынды бірнеше мақсатта қолдануға болады.

 жаңа сөзді меңгерту;

 сөзді сөйлеу тілінде қолдану;

 жаңа сөздерден сөйлем құрастыра алу;

 жаңа тақырыпты меңгерту;

 эссе, хат жазу;

 көпшілік алдында сөйлеу;

 күнделікті тұрмыстағы жағдаяттарда қолдану;

 мәтінменжұмыстүрлерінде.

Менің әдістемем негізгі екінші тіл методикасына негізделген. Яғни бірінші сөйлесім, содан кейін соңғы дағды – жазылым. Коммуникациялық әдіс, сөйлесім, тыңдалым тәсілі бірінші жүзеге асырылуы тиіс. Тіл үйренуші бірінші тыңдайды, кейін сөйлейді. Сұрақты түсініп, оған жауап береді. Тіл – байланыс, қарым-қатынас құралы. Міне, тілді оқыту коммуникациялық әдістемеге негізделу керек. Менің негізгі әдістемем осы.

- Қазақ тілін жалпыхалықтық тіл ету үшін, тіл білімінің қай саласына баса мән берген абзал (методология, терминология, ономастика, жарнама, т.б.)?

-Қазақ тілін жалпыхалықтық тіл ету үшін жарнамаға баса мән берген абзал. Өйткені жарнама - бұқараның бет бейнесі. Телеарна, радио, басылымдардағы жарнама мен көрнекі құралдардыхалық көп қолданады. Адамның көру, есту арқылы жадта сақтау қабілеті жақсы дамығандықтан, осы бағытта жұмыс жасау керек.

- Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі жан-жақты қаузалып, бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Сіздіңше, бұл құбылыс қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне өзіндік септігін тигізе ала ма? Не күтуге болады?

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауында: «Алты жобаныңбіріншісі – қазақтілінлатынәліпбиінекөшіру. Бұланатіліміздіңжаһандықғылымменбілімгекірігуін, әлемқазақтарыныңруханитұтастығынқамтамасызететінбірегейқадам», - деген еді. Латын әліпбиіне көшу туралы көп пікірлер айтылды, түрлі ойлар тасталды. Меніңше, бұл құбылыс әлемнің түкпір-түкпіріндегі күллі қазақтың бірігуіне, олардың өз тіліндегі кез келген дүниені емін-еркін оқи алуына мүмкіндік береді. Шетелде оқып жүрген жастарымыз үшін де оңтайлы. Техника тілі де латын әрпіне бейім. Мұның бәрін ескерсек, латын алфавитіне көшу біздер үшін тек тиімді болмақ. Иә, маман ретінде ә дегеннен бәрі оңай болмасын білемін. Десе де, жас буын латын қарпін тез игереді. Сондықтан болашақ үшін қамдану керек деген ойдамын.

- Тілді оқытуда, үйретуде таңбаның әсері қаншалық? Сіз өзге тілдерді үйренгенде, мәселен, алфавиті кириллицадан тіпті бөлік ағылшын қарпі мен корей таңбасын үйрену барысында әріптің көптігі не аздығы оң не теріс әсірін тигізді ме?

-Әрине, тілді үйренуде, оқуда тілдің табиғаты мен таңбаның әсері үлкен рөл атқарады. Әлемдік ғылым мен техниканың таңбалық тіліне айналған латын тіліне көшу шетелдік, өзге ұлттардың қазақ тілін еркін оқып, жаза алуына үлкен мүмкіншілік туғызады. Олардың тілді меңгерудегі жұмыстарын жеңілдетеді. Тіл неғұрлым жеңіл болса, оны үйрену де соғұрлым оңай болады.

- Мемлекеттік тілді оқытуда нені жаңартып, нені өзгертуіміз керек. Тәуелсіздік алғалы бергі қазақ тілін оқытуда кемшін тұсымыз бен тапқан табысымызды таразыласаңыз.

- Жалпы, тілді оқыту – үнемі дамып отыратын құбылыс, сондықтан тілді оқытуда үнемі жаңашылдық енгізіп отыру керек. Ол дегеніміз комплексті оқулықтар жүйесін шығару керек. Тілдік курстардың бағытын өзгертіп, лексикалық-грамматикалық оқулықтар, кітаптар, қызықты курстар ұйымдастырып, жаңа әдістемелерді қолдану керек.

-Рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз.

Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз