Қазақ тілінің маңына топтасатын кез жетті

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 мамыр, 2017

Тек сыйлап қана қоймай үйренуге талпынады. Өйткені өмір сүрген ортада қай тілге сұраныс басым, сол тілді кімде болса игеруге тырысары белгілі. Шындығы осы.

Тіл мәселесі туралы белгілі қоғам қайтаркері Дос Көшім былай дейді: Президент айтқандай, ең бастысы – қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Егер де қоғамда осындай жағдай қалыптасса, өзге ұлт өкілдері де амалсыз қазақ тілін мой­ындап, тілді білуге икемделе түспек. Бұл бір.

Екінші бір мәселе – тілге деген сұранысты арттыру, қажеттілік жасау. Ол мемлекет тарапынан жүргізілуі керек. Мәдениетті түрде, бар­лық құқықтарды сақтай отырып, өзге ұлт өкілдерін тілді үйренуге, құрметтеуге тар­ту.

Үшінші мәселе, ол – мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау. Қазіргі қолда­ныстағы Тіл туралы заң, бүгінгі күннің талаптарын орындауға қауқары кем.

Әрине, Президенттің Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде деуі өте қисынды. Бірақ, ондай аңсаған күнге жету үшін көптеген іс-шаралар жасауға тура келеді. Ең бастысы, мемлекеттік Тіл туралы жаңа заң қабыл­данғаны дұрыс. Онда да оның мәртебесін нақтылау керек. Екінші мәселе – тілді үйретуге мәжбүрлеу. Дұры­сы – мемлекеттік қызметке тұратындарға мемлекеттік тілді білуді міндеттеу. Осы мәселе реттелетін болса, қалғаны өздігінен біртіндеп қалыпқа келе бастайды.

Тіл тағдыры тасада қалып қоймауы, шынтуайтына келгенде қазақтарға яғни өзімізге тіреліп тұр. Көп мәселенің ұшығы осында жатыр. Жасыратыны жоқ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, бай тілімізді тұғырына қондырып, өркендете алмай отырған өзіміз екені талай мәрте айтылып та жатыр. Бірақ, соған қоғамның селт етуі, асқан жауапкершілікпен қарауы жетпей тұр.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, егерде жергілікті халық қазақтар өзінің туған тілі қазақ тіліне дұрыс назар аудармайтын болса, онда этникалық қарым-қатынастағы татулық, ұлттарды топтастыру, қоғамдағы саяси тұрақты­лық, т.б. нәрселерге зиян келуі әбден мүмкін. Себебі, өзге елдің (мейлі орыс, ағылшын болсын) тілімен біз қазақстандық ұлттарды топтастырып, біртұ­тас Қазақстан халқы ете алмайтынымыз әлімсақтан белгілі. Сондықтан қазақ тілін толыққанды мемлекет тіліне айналдыру мә­се­лесі ешқашанда күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Қазақ тілінің беде­лін кө­тер­мей, болашақта Қазақ­стан­ның еге­мен­дігін нығайту да әсте мүмкін емес. Оны кейінгі кездері би­лік те түсіне бастаған сыңайлы. Тіл мен егемендік – егіз. Әрине, экономика, саясат өзге де фак­торлар тәуелсіздіктің бір қыры болса, со­лардың ішінде тіл ең басты рөл атқарады.

Ол үшін не істеу керек деген сұрақ туары хақ. Ең бірінші кеңсе қазақ тілінде сөйлеуі шарт. Былайша айтқанда, Президент әкімшілігінен бастап, ауыл әкімшілігіне дейін қазақ тілінде сөй­леуі, сосын мемлекеттік қызмет­керлерге қазақ тілін білуді міндеттеуді айта-айта жауыр болсақ та сөз жүзінде қалдырмай тезірек іске көшіп қимылдайтын кез келді. Енді қол қусырып қарап отырудың еш реті жоқ, әсте болмайды да.

Бәлкім, кейбіреулер «демократия, адам құқығын шектеу» дегенді алға тартуы мүмкін. Бұл – қате пікір, әрі қыңыр кісінің тірлігі деп есептеймін. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең, мемлекеттік қызметтің маңынан жүре алмайсың. АҚШ-та ағылшын тілін білмесең жұмысқа тұру түсіңе де кірмесін. Одан қалды Франция, Жапония, өзге де алпауыт елдердің бәрінде осындай үрдіс бар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Тіпті АҚШ-ты «әр жақтан құралған ұлтсыз мемлекет» деп атаймыз. Бірақ, ойдан-қырдан жиналған түрлі халық тұрса да олардың ортақ тілі бар. Ол - ағылшын тілі. Ортақ мәдениет – американ мәдениеті болып отыр. Сондықтан әлгі демокартия, адам құқын шектеу деген жай бос сөз, құр әңгіме. Жалтақтық.

Әйтпесе, мемлекеттік тілді оқып үйренуге қаншама қаржы бөлініп жатса да, қазақ тілін меңгеруге құлық танытып жатқандардың қатары мүлде көрінбейді десе де болады. Мемлекет ұсынып отырған тегін оқуды місе тұтпайды.

Ал керісінше басқа тілді қалталарынан қыруар ақша шығарып, екі-ақ айдың ішінде үйреніп ағылшын, қытай, француз, неміс т.б. тілдерде сайрап шыға келеді. Міне, мәселе қайда жатыр?

Шын мәні­сінде, қай мемлекет болсын бір тілдің айнала­сына топтасады. Қоғамда тек қана бір тілдің қажеттілігін тудырады. Сол тіл ұлтаралық қарым-қатынас тілінің рөлін атқарады. Сондықтан біз де қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет. Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді. Соны естен шығармайық. Ұлт боламын десең, әр қазақ өзінің ана тілін дәріптеуі керек. Өзгелерді қазақ тілін үйренуге мәжбүрлеп, міндеттеу қажет. «Ұлттың рухтың негізі - ұлттық тіл» деп алаш арысы Мұстафа Шоқай айтқандай, тіліңнің тұғырын көтермей, ұлттық рухта болмайтынын әр қазақ есінен шығармауы тиіс.


Баға беріңіз