Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тіл философиясының ғылыми түсінігі

09.08.2016 4243
Тілдің алғашқы негіздерін адамның пайда болуы процесімен байланыстыра қараған дұрыс екеніне көз жеткізуге болады. Ендеше тілдің қалыптасуы да адамның қалыптасуы тәрізді миллиондаған жылдарға созылған процесс. Және оның қалыптасуы адамның түр ретінде қалыптасуымен бірге жүріп, бұл жолда жетекшілік қызмет атқарғаны да рас. Тілдің пайда болып қалыптасу процесі глоттогенез деп аталады.

Тілдің пайда болуы туралы әртүрлі теориялар бар, олар тілдің қалай шыққанын, қалай пайда болғанын өзінше дәлелдейді. Тіл білімінде оларды екіге бөліп қарайды.

1. Биологиялық теориялар тілдің пайда болу себебін адам организмі мен психикасының ерекшеліктерінен іздейді.

а) Еліктеу теориялары, оның ішінде кең таралған «дыбысқа еліктеу қағидасы» бойынша алғашқы адамдар қоршаған ортадағы дыбыстарға, көрініс, бейнелерге еліктеп, оларды белгілеу үшін әртүрлі дыбыстар шығарудан бастайды (Х. Штейнталь).

б) «Одағай теориясы» бойынша адамдардың өздеріндегі көңіл-күй әсері бойынша еріксіз, оқыс дауыстар шығаруы қазіргі тілге негіз болады.

в) Ымдау теориясы бойынша алғашқы кезде тілде «сөздермен» бірге мимикалар мен жестілер көп болған. Жалпы тілдің қажеттігі адамдардың рухани әрекетімен, әрекет құралы болуымен байланыстырылады. Бұл көзқарастардың қалыптасуына Г. В. Ф. Гегель мен В. Фон Гумбольдттің пікірлерінің ықпалы зор болды.

1. Қоғамдық теориялар бойынша тілдің пайда болуы әлеуметтік себептерден ізделеді.

а) «Қоғамдық келісім теориясы» бойынша адамдар белгілі бір заттарды белгілеу үшін оларды бірдей атауға келіседі.

б) Еңбек теориясы бойынша тіл адамдардың бірлесіп еңбек етуі кезіндегі байланыс жасау қажеттігінен пайда болған. Оның ішінде «еңбек айқайы теориясы» (Л. Нуаре, К. Бюхер) мен Ф. Энгельстің еңбек теориясы таралаған. Соңғы теория бойынша тіл, еңбек пен бірге «адамды адам еткен» факторларға енеді.

Қоғамдық теориялардың дұрыстығы – тілдің қоғамдық қажеттіліктен пайда болғаны шындық және ол қоғамдық құбылыс ретінде қоғамда пайда болып, онымен бірге дамиды.

Адам эволюциясының қазіргі деректері бойынша даму жолы төмендегідей. Қазіргі адамдар (гомо сапиенс сапиенс) бұдан 150-200 жыл бұрын қазіргі Шығыс Африка территориясында (Кения, Танзания) пайда болған. Олар Еуразия құрылығына алғаш рет бұдан 70-80 мың жыл бұрын аяқ басқан, бұл аймақта кең таралған адам тәріздес «ағайындары» (негізінен неандертальдықтар) олармен бәсекеге төтеп бере алмай жойыла бастайды. Ал 40-60 мың жыл бұрын олар Оңтүстік Азия мен Еуропаға кеңінен таралып орналасқан. Одан кейін, бұдан 20-30 мың жыл бұрын адамдардың оңтүстікте Австралия мен аралдарға, солтүстікте Сібір мен Америкаға қарай таралуы жалғасады. Яғни тілдің қазіргі түрдегідей қалыптасқан кезін бұдан 200 мың жыл бұрынғы кезден әрі деп, ал қазіргі тілдердің бәріне негіз болған ең көне тілді бұдан 50 мың жыл бұрын өмір сүрген деп жорамалдауға болады.

Бұл болжамда көне тілдің қазіргі тілден елеулі айырмасы болмаған: яғни дыбыстардан сөздер құрастырып, оларды байланыстырып сөйлемдер құрап сөйлеген. Алғашқы кезде адамдардың саны әлемде аз болғанымен тілдердің саны өте көп болған деп есептеледі. Кейін тілдердің азаюы тайпалық дәуірдің басталуына байланысты. Тайпа мемлекеттіліктің бастауы, ондағы адамдар негізінен бір тілде сөйлесуге бағытталады. Бұл тілдердің бір бірін ығыстырып шығаруы және тоғысуы түрінде жүрген. Ал қазіргі салыстырмалы-тарихи зерттеулер бойынша барлық тілдер бұдан 15 мың жыл бұрын өмір сүрген 5-6 ата тілден таратады. Олардың ішіндегі ең ірісі нострат тілдері. Оның ұрпақтары кейін Еуропаға түгелдей, Солтүстік Африкаға және Азияның көп бөлігіне (Оңтүстік Шығысынан басқа) таралады.

Адамзат тілінің қазіргі күйінен алдындағы тілдің түрін «диффузды тіл» деп атайды. Бұл тілдің дыбыстық ажыратылмайтын кезеңін білдіреді. Бұл тілде сөздер мен дыбыстардан гөрі мағына білдіруде интонациялар және ымдаулар маңызды орын алған. Біздің қазір үй жануарлары немесе кішкене сәбилер (екі-үш айға дейінгі) қандай да бір жолмен (сол диффузды түрде, яғни дауыс әуеніне, көзге, қимылдарға қарайды) «түсінеді». Жалпы тілдің ең бастау көздерін жануарлар әлемі мен инстинктілерден іздеу үрдісі қазір басты қағидаларға өзек болуда.

Дүниені танып білуге қойылатын басты бір методологиялық талап-шындықтың кез келген құбылысын объективтік тұрғыдан түсіндіру, яғни оның шын мәнін, табиғатын шындыққа дәл сәйкестік тұрғысынан бейнелендіру. Мұнсыз адамның білімі ақиқат болмас еді. Бұл барлық ғылым атаулыға, жаратылыстану ғылымдарына да, қоғамдық-әлеуметтік ғылымдарға да, қойылатын бірінші талапты тілтану ғылымына қолдансақ, тілдің табиғаты, мәні, оның шығу себептері мен қоғамдық сипаты, атқаратын қызметі қандай деген сұрақтарды объективтік ақиқат тұрғысынан зерттеу қажеттігі келіп шығады.

Бірақ бұл мәселе жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, мынадай екі проблеманы бір-бірінен ажыратып алу қажет: оның бірі — бүкіл адамзат баласына тән жалпы сөйлеу құралы болып табылатын тілді білдіретін жалпы ұғым, ал екіншісі — жеке халықтардың сөйлеу кұралы болатын жеке (нақты) тілді білдіретін жекеше үғымдар.

Бұл екі түрлі ұғымды бір-бірімен шатастырмау керек. Өйткені бұлардың арасындағы логикалық қатынас жалпы мен жекеше категорияларының арасындағы қатынас тәрізді.

Адамның сөйлеу қабілетін білдіретін жалпы шығу тарихы өте көне заманға - адамдардың жануарлар дүниесінен бөлініп шығу заманына барып тірелсе, жеке-дара нақты тілдердің шығуы мен дамуы жалпы адамзат тілінің шығу, қалыптасу заманынан әлдеқайда бертінгі дәуірлерде болған. Сондықтан нақты жеке тілдердің, мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қалыптасу, даму кезеңдерін тарих, лингвистика ғылымдары тікелей зерттеп, айқындай алатын болса, ал жалпы адамзат тілінің шығуын, адамдар о баста қалай сөйлеп үйренгенін айқындау үшін тек тарихи, лингвистикалық зерттеулердің бір өзі тіптен жеткіліксіз, өйткені тілдің шығу проблемасы жалпы адамның пайда болуы (антропогенез) және адамзат коғамының пайда болуы (сопогелез) сияқты күрделі проблемалармен іштей тығыз байланысты. Сол себепті тілдің о баста шығу проблемасы тарих пен лингвистика ғана емес, сондай-ақ философия мен психология, археология мен этнография, физиология мен антропология және басқа ғылымдар бірлесе зерттейтін, аса күрделі проблема болып табылады.

Жер шарында мыңдаған жеке тілдер бар. Олардың бәрінің бір-бірінен толып жатқан айырмашылықтарымен қатар өзара ұқсас, бәріне ортақ жалпы қасиет белгілері де бар. Әрбір тіл белгілі бір жеке халықтың, қауымдастықтың игілігіне қызмет етеді және сонымен бірге ол – қоғамдық-тарихи құбылыс. Ол – адамзаттың мәдени дамуының қажетті шарты, өзара қарым-қатынас орнатудың, ой-сананың қалыптасуы мен дамуының кұралы. Бұлар және бұлар сияқты басқа да мәселелер жалпы тілтанудың зерттеу объектісі болумен қатар философиялық проблемалар болып табылады.

Философия тілді ең алдымен қоғамдық-тарихи прогрестің нәтижесінде пайда болған табиғи-әлеуметтік құбылыс деп қарастырады, өйткені қоғамнан тыс сөйлеу тілі жоқ, болған емес және болмайды да. Екінші жағынан алғанда, тіл жоқ жерде қоғамдасу да прогреске жету де жоқ. Тіл мен қоғам айырғысыз бірлікте. Тіл - адамдардың бірлесе қимылдан, материалдық игіліктер өндірісінде белгілі бір табысқа жетуді, көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін өзара пікір алысып, түсінісіп әрекет етуінің құралы. Демек, тіл мен өндірістің айырғысыз бірлігінде, диалектикалық қарым-қатынасында, әрине, өндіріс алғашқылық, айқындаушы, шешуші фактор болып табылады. Дәлін айтқанда, адам өзінің тіршілік жағдайларын жақсарту үшін, табиғат жағдайларына және қоғамдық қатынастарға саналы түрде әсер ету үшін қарым-қатынас жасау және ой-пікір алмасу құралын, яғни сөйлеу тілін қажет етеді, ал бұл қажеттілік тілді тудырды.

Тілдің шығуы туралы Маркстік көзқарасқа дейін де бірқатар ой-пікірлер мен жорамал теориялар болды және олар қазірде де бар. Енді солардың кейбіреулерін қарастырып көрейік.

Ежелгі грек философиясынан бастау алатын “дыбысқа еліктеу”(немесе аноматопоэтикалық) деп аталатын теория тілдің шығуын табиғатта болатын түрліше дыбыстарға еліктеудің нәтижесі деп түсіндіреді.

Әсіресе 18-19 ғасырларда кеңінен өріс алған бұл теорияны жақтаушылардың бірі неміс философы Г.Лейбниц (1646-1716) алғашқы адамдар жануарлар мен табиғат құбылыстарының дыбыстарын, мысалы, құстардың сайрауын, қасқырдың ұлуын, өзен суының сылдырын т.б. есітіп, соларға еліктеуден әртүрлі дыбыстар шығарды дейді.

Бірақ табиғатта дыбыс шығармайтын да заттар мен құбылыстар көп екені, олардың атау сөздері де мол екені белгілі. Бұл теория тілдің шығуының себептерін дыбысқа еліктеуден іздеп, тілдің әлеуметтік себептерін ескерусіз қалдырады, өйткені бұл теория тілді қоғамдық кұбылыс емес, табиғат құбылысы, "табиғаттың адамға тартқан сыйы" деген логикалық қорытынды шығаруға жетелейді.

Тілдің шығуы жайлы тағы бір ғылыми емес теория — "қоғамдық шарт" теориясы. Бұл теория бойынша, алғашқы адамдар тілдегі сөздерді өзара келісу арқылы таңдап алған. Тілді келісім арқылы жасау үшін келісімнен бұрын бір тіл болуы керек қой, өйткені ондай тілсіз тіл туралы қалай келісім жүргізуге болады?! Бұл логикалық қисынсыздық "қоғамдық шарт" теориясының шындыққа жанаспайтындығын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ екендігін өзінен-өзі көрсетіп тұр.

XIX ғасырда еңбек айқайы ("Трудовые выкрики") деп аталатын тұрпайы материалистік теория пайда болды. Оның өкілдері Людвиг Нуаре, Карл Бюхнер, т.б. алғашқы адамдардың еңбек ету кезінде шығарған рефлексті айқайларының негізінде пайда болды, бұл айқайлар ең алдымен етістік сөздердің шығуына негіз болды деп пайымдады. Бұл теорияны жақтаушылардың қателігі сол, олар тілді адамдардың қарым-қатынас кұралы ретінде түсінбей, тек еңбек процесін қостаушы көмекші кұрал деп түсінді.

Олардың тілдің шығуының себепшісі болған алғашқы сөздер етістіктер еді деген пікірінің ешқандай ғылыми негізі жоқ. Тілді табиғи организм деп түсіндіретін натуралистік теория және басқа таза биологиялық ағым немесе тілдің шығуы мен дамуын Құдайдың құдіретті күшінің нәтижесі деп түсіндіретін діни-идеалистік теориялар т.б. бұрында да бар еді, қазірде де жоқ емес. Бірақ олардың бәрі, сыйып келгенше, ғылыми емес теориялар екендігін атап айтпасқа болмайды.

Тіл философиясының ғылыми түсінігін кезіндегі археология мен этнографияның, антропология мен социологияның т.б. зерттеулеріне сүйене отырып жасап берген К.Маркс пен Ф.Энгельс болды. Олардың ілімінше, адам тілінің табиғи қалыптасуына бірден-бір себеп болған адам тектес маймылдардың адамға айналу процесінің барысында туған қоғамдық қажеттілік - алғашқы адамдардың бірлескен тіршілік іс-әрекеттерін үйлестіру қажетті еді. Демек, адам тілінің шығуы адам коғамының шығу, қалыптасу проблемасына барып тіреледі екен, өйткені біріншісі екіншісінің, яғни антропогенез бен социогенез проблемасының, құрамдас бөлігі болып табылады.

Сонымен, адамның санасы мен сөйлеу тілінің шығуы қоғамдық өндірістің және онымен бірге алғашқы қоғамдық қатынастар мен қажеттіліктердің ұзақ уақыт бойы қалыптасып, адам тектес маймылдардың үйірлерінің алғашқы әлеуметтік адам бірлестіктеріне айналуының және сондай-ақ соған сәйкес дене құрылысының өзгеруінің нәтижесі болып табылды.

Сонымен қатар, ру-тайпалар арасында кұралдар және басқа бұйымдар алмасу іске аса бастады, ал бұл білімдер мен еңбек ету әдіс-тәсілдері, дәстүрлері тілдік қатынас құралы арқылы басқа тайпалар мен халықтардың мүшелерінің арасына тарап отырды.

"Алғашқы тілдің табиғи материясы" да қазіргі заманғы тілдердің "материясынан" көп өзгеше болған - оларда дыбыстық сөздермен бірге "ымдау тілі" де кеңінен пайдаланылған дейді зерттеулердің нәтижелері. Жоғарғы тас дәуірінде (бұдан шамамен 40 мың жылдай бұрын) неандертальдықтардың орнына жаңа адам (неоантроп немесе "Ното зарегіш") келеді. Ол енді жеке құрал емес, құрамдас еңбек құрал (мысалы, сабы бар балта) жасай алатын болды, жартастарға көп түсті сурет салуды білді. Оның бас сүйегінің көлемі мен құрылысы қазіргі адамдікінен айнымайды деуге болады. Бұл дәуірде енді нағыз қатынас құралы, қалыптасып келе жатқан ой ұғымдарын қоғамдық жағынан тұжырымдау құралы бола алатын дыбысты тілдің қалыптасуы аяқталды:"Адамдардың қажеттері және оларды қанағаттандыруға көмектесетін енбектің түрлері көбейіп, әрі қарай дамыған сайын адамдар нәрселердің тұтас топтарына жеке атаулар бере бастады". Тілдік белгілер бір-бірінен біртіндеп ажырап, жеке мазмұнға ие бола бастады: тұтаскан аралас сөз-сөйлемдерден аз-аздап жеке сөздер - болашақ есімдер мен етістіктердің түп тұлғалары бөлініп шыға бастады, ал тіл тұтас алғанда өзінің қатынас құралы және айналадағы дүниені танып білу құралы ретіндегі функцияларын (кызметтерін) шын мәнінде атқара бастады.

Тілдің пайда болуы, дамуы, әдеби тілдің қалыптасуы, стильдік тармақталуы туралы мәселелер де тіл және қоғам түсінігіне орайласады. Бұл бағыттағы барлық мәселелермен тіл білімінің қомақты саласы болып табылатын социолингвистика ғылымы айналысады.

ӘДЕБИЕТТЕР:

  • Степин В.С. Теоретическое знание. – М; 2000
  • Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. Алматы. 2002 ж.
  • Әлікенова К.Н. Ғылым тарихы мен философиясы. Талдықорған. 2012 ж.
Тегтер: тіл,міндет,ұлт

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

347

ақпарат

Аударма Орталығының статусын ұлттық институт деңгейіне көтеру керек

689

ақпарат

Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге "міндетті" болуы тиіс!

713

ақпарат

Тілден алыстау – ұлттан алыстау…