Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Кез келген адам шешен бола ала ма?

3.5.2017 10586
Шешен дегеніміз кім?

«Шешен» сөзі қазак тілінің этимологиялық сөздігінде былайша түсіндірілген: «Шечан/сәсен сөзі қырғыз, қарақалпақ, өзбек, башқұрт тілдерінде қазак тіліндегідей мағынада қолданылады. Түркі тілдерінің бұл тобында шешен сөзінен туған шешенсу, шешенсіну сөздері кездеседі. Өзбек тілінде чечан сөзінің «неге болса да ұста, шебер», тува тілінде (Чечен) «әдемі, көркем» деген қосымша мағыналары бар. Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде кәкең, сэсэ(н), цэцэ сөзінің «данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр» деген мағыналармен қатар «мерген», дәл тигізетін, дәл басатын деген де мағынада қолданылады. Чечен/сасан сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі. Б.О.Оразбаева қырғыз тіліндергі чечерке сөзін талдай келіп, бұл форма моңғол тілдерінен ауысқан болу керек дейді. Шешен сөзі – шеш (чеч, сэс, цэс, цэц) түбіріменен қосымшасынан тұратын түрік, моңғол тілдеріне ортақ сөз болуы мүмкін» (б.С). («Қазак тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» А.1966, 222б).

Шешен сөзі қазак тілінде өте ертеден қолданылып келеді. Бұл сөздің мағынасы алдында шешіліп сөйлейтін түйінді мәселелерді шешіп сөйлейтін данышпан, ақылгөй, дана деген ұғымдармен өзектес. Шешен сөзі қазақ тілінде сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік дейтін сөздермен қатар қолданылады. Шешен сөзін халықаралық терминмен атасақ , «оратор» деген сөз. «Оратор» латынның «очаче» - «айту» , «сөйлеу» деген сөзінен шыққан. Дальдің түсіндірмелі сөздігінде «оратор» вития (ділмар), краснослов (қызыл сөз), речистый человек (сөзшең адам), мастер говорить (сөйлеудің шебері). Осының бәрінде де шешен (оратор) әсерлі, әдемі, бейнелі, көркем, ойлы сөйлей алатын адам деген мағынаны білдіреді.

Кез келген адам шешен бола ма? Осы сұрақтың төңірегінде таласты пікірлер бар. Біреулер ол Алланың берген сыйы, таланты жаратылысынан болады десе, екіншілері шешенге қажетті қасиеттерді дамытумен, тәрбиемен, көп оқумен жетуге болады дейді. Бұл бүгінгі күннің таласы емес, шешендік өнер тарыхында үнемі туып отырған сұрақ. Көне Римнің мыңдаған жылдар бұрынғы әйгілі шешені және теоритігі Марк Туллий Цицерон айтқан: «Ақын болып туады, шешен болып шығады». Ұлы шешен ақындыққа талантты болып туу керек екенін, ал шешендікке көп оқып, көп ізденіп, көп сөйлеп жаттығып, күш-қуат жұмсаудың қажеттігін пайымдайды (216).

А.Ф.Конидің пікірінше, шешендік пен көпшілік алдында сөйлей алушылық – екі түрлі нәрсе. Шешендік, қызыл тілге жүйріктік адамның табиғатынан бар талант болса, ал көпшілікке сөйлей алушылық күнделікті сөйлеу тәжірибесінен, үздіксіз сөйлеп жаттығудан пайда болады. Шешендік өнердің тарихына үңілсек, көне грек шешені Демосфеннің өмірі кімге де болса үлгі. Оның алғашқы сөйлеуі сәтсіз болып жүрді. Демофен сөйлей бастағанда алғашқыда жұрттың бәрі күлді, айқайлап, наразылық білдірді, шешенді аяғына дейін сөйлеуге жеткізбейді. Кейін ол зор күш-қайрат жұмсаудың арқасында замандастырының арасында табысқа жетеді. Ертедегі грек тарыхшысы Плутарх «Избранные жизнеописания» деген еңбегінде Демосфеннің өз әлсіздігімен қалай күрескендігі жайында әңгімелейді: Демосфен міңгірлеп, тілін шайнап сөйлейтін кемшілігін жою үшін, аузына қиыршық тастарды толтырып салып алып, ақындардан үзінділер оқып, айқын, түсінікті етіп айтуға тырысқан. Жүгіріп бара жатып немесе тауға өрмелеп өлеңдерді немесе ұзақ фразаларды демалмастан айтуға үйренген. Өзіне кедергі жасайтын табиғи кемшіліктерін жою үшін, Демосфен жер астындағы бөлмеге қамалып, даусын жетілдіру үшін күндіз-түні жұмыс істейді. 2-3 ай сыртқа шықпас үшін басындағы шаштың жартысын қырқып тастауға дейін барған. Жұрт алдына шыққысы келсе де, ұсқынсыз келбетімен шығуға ұялған. Мұнымен қоса кез-келген кездесуді, іскерлік әңгімені Демосфен қызыл сөзге жеткізетін жаттығу ретінде санаған. Жалғыз қалып, болған әңгімені, естіген әңгімені қайталап айтып шығатын болған. Ол өзге әйгілі шешендерден үйренген: оларды ынтамен тыңдап, солардың сөзіндегі логикаға мән берген, сөйлеуіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді түртіп жазып отырған. Өзгелер не өзі сәтті қолданған сөздер мен сөйлемдерді есінде сақтап, кейін өз сөзіне қолданып отырған. Бір ойды бірнеше вариантпен айтып жаттығу жасаған. Жетілдірген, артығын алып тастаған, сөйтіп ең артық вариантын тыңдаған («Избранные жизнеописания» М.1987, 500-503 бет). Осы деректерге қарап, Демосфеннің тумысынан шешен болмағанын, шешендікке еңбекқорлығының, табандылығының, қажырлылығының арқасында жеткенін білуге болады.


Көпшілік алдында сөйлеуге дайындық

Сөйлеуге дайындықтаға басты талаптардың бірі – өз-өзіне сенімділікті қалыптастыру.

Сөйлер алдында шешен көп жағдайда қатты толқиды, тіпті тыңдаушылармен кездесуден қорқады, өзіне-өзі сенімсіздік білдіреді. Л.А.Введенская мен Л.Г.Павлованың «Культура и искусство речи» деген еңбегінде атақты орыс баспагері И.Д.Сытиннің ең кішкентай аудиторияның алдында да қысылғанын мысалға келтіреді. Замандастарының айтуынша, ол өзінің мерей тойында қорытынды сөзді қысылғаннан, ішкі толғаныспен үзіп-жұлып, жүйесіз сөйлеген екен. Ал ол өте білімдар, орыс мәдениетінің мақтанышы, орыс тілінің тамаша білгірі болған адам («Культура и искусство речи» Ростов-на-Дону, 1996, 241).

Неміс зерттеушісі Отто Эрнстің «Сізге сөз берілді» деген еңбегінде көпшілік алдындағы қорқыныштың себептерін көрсетіп, одан құтылудың жолдарын ұсынады.

Оның пікірінше, қорқыныштың себебі – шектен тыс ойлап қайғыру. Мұндай жағдайда сөздің мазмұнына көңіл аударып, іс жайында ғана ойлауды ұсынады. Көпшілік жағдайда шешен өзінің мүмкіндіктеріне сенбейді, сондықтан шешен сөйлеуге жақсы дайындалғанын, тыңдаушыларға маңызды және пайдалы нәрселер айтатынына өзін-өзі сендіруі керек дейді (Л.А.Введенская, Л.Г.Павлова. Культура и искусство речи. 242).

Бір сөзбен айтқанда, шешенге психологиялық дайындық керек. Сөйлеуші өзінің көңіл-күйі мен сезімін билей алуы қажет. Шешеннің қорқынышы сөйлеуге жеткілікті дайындалмағанынан да болуы мүмкін. А.Ф.Конидің сөзімен айтсақ, лекцияға жақсы дайындық болған кезде ғана шешен өзіне-өзі сенімді бола алады. Материалды қаншалықты жақсы білсе, соншалықты аз толқиды.

Сөйлеуге дайындық шешеннің өз қызметіндегі өте маңызды және жауапты іс десек, шешеннің өз білімін көтеруі, дайындығы маңызды рөл атқарады. Өзінің білімін көтеру дегеніміз: жаңа біліммен толықтыру, ғылым мен техника жайында толымды мәліметтер жинау, газет-журнал, радио-телеарналардан хабарламалар алып отыру, көркем әдебеитті және ғылыми кітаптарды көп оқу (220).

Көпшілік алдында сөйлеу әдістемесін меңгеру – күнделікті дайындықтың бір бөлігі. Дайындық кезеңінде шешендердің қызметі қандай сатылардан тұрады, сөйлейтін сөзді қалай орналастыру керек, тыңдаушылармен кездесуге қалай дайындалу керек, аудиторияны меңгерудің қандай амалдары бар екенін жақсы білу қажет.

Дайындық сөйлейтін тақырыпқа, сөйлеудің мақсаты мен міндеттеріне, аудиторияның құрамына, сол тақырыптың өзіндік ерекшеліктеріне т.б. тікелей байланысты (223).

Тақырып анықтау – тақырып таңдауда ең қажеттісі – өзіңе де, тыңдармандарға да қызықты әрі өзекті болуы. Тақырып қысқа, нақты, айқын болуы қажет. Ол тыңдаушылардың көңілін аударатындай болуы тиіс. Тақырып жалпылама әрі түсініксіз болса, тыңдаушыларды қызықтырмайды, кері әсерін туғызады. «Тақырып – өнер туындысының ірге тасы», - деп (Сөз өнері А. 1982, 159-б) З.Қабдолов айтқандай, көркем туындының туу үрдісі тақырыптан басталады. Тақырып шешеннін бүкіл сөйлеуге дайындық кезеңінің өн бойында есінен шықпай толғандырып отырады. Шығармашылық әрекет үш түрлі – материал жинау, жиналған материалдарды қорыту, қорытылған материалдарды жазу кезеңдерінің тұтас желісі боп тартылып жатады. Олай болса, кез-келген сөйлеуге дайындық сөйлеудің тақырыбын анықтаудын басталады (224).

Мақсатын тұжырымдау. Сөйлеуге дайындық үстінде сөйлеудің мақсатын айқындау қажет. Сөйлеуші қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын анық көрсетуі керек. Егер сөйлеуші сөзінде «не үшін істеу керек» дегенді ойламаса, онда ол сөйлегенде табысқа жетпейді.

Кіріспе. Шешен сөзінің басында тыңдармандарын қаншалықты қызықтыра алса, соншалықты табысқа жетеді. Кіріспе сөз сәтсіз болса, тақырыпқа тыңдармандардың қызығушылыған, көңілін аудара алмайды. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, тыңдаушылар үшін маңыздылығы, айтылу мақсаты атап өтіледі және сөйлейтін тақырыптың тарихы қысқаша баяндалады.

Негізгі бөлім. Сөйлеушінің міндеті тек тыңдаушылардың назарын аударып қана қою емес, сол қызығушылықты сөздің аяғына дейін сақтау. Сондықтан сөйленетін сөздің негізгі бөлімі де маңызды. Негізгі бөлімде материалдардың негізі беріледі: мазмұны түсіндіріледі, дұрыстығы дәлелденеді, ұсынылған идеяға көз жеткізіледі, басты-басты сауалдарға жауап беріледі. Негізгі бөлімге енген материалдар жүйелі орналасқанда, бір ой екінші ойды жетектеп отырады. Сол тірек сөздер арқылы мәтіндегі ойлар бір-бірімен параллельді не тізбекті байланысқа түседі.

Қорытынды сөз. Кез келген сөйлеудің маңызды бөліктерінің бірі - қорытындысы. Қорытынды істің біткенін көрсетеді. Сенімді әрі сәтті жасалған қорытынды сөз тыңдаушылардың есінде ұзақ қалады, жақсы әсер тудырады. Сәтсіз қорытынды жап-жақсы сөйленген сөздің шырқын бұзады.

Көпшілік алдында сөйлеуге дайындықта ескеретін тағы бір нәрсе – сөйлеу мәтінін жазу, жазбау мәселесі. Сөйлеу мәтінін алдын ала жазу немесе жазбау керек пе деген сұрақ ертеден-ақ шешендер арасында дау туғызған. Ежелгі грек, рим шешендері жазып дайындалуды дұрыс деп тапқан. Цицерон да, Демосфен де жазып дайындалған сөздің әбден ойланып-толғанудан туындайтынын, жүз рет пішіп, бір рет кескен тұжырымға сүйенетіндіктен шешеннің қателікке жол бермейтінін алға тартады. Тіпті Демосфен дайындықсыз жұрттың алдына шықпаған, жиналыста отырған халық Демосфеннен шығып сөйлеуді жалынып өтінсе де, алдын-ала ойланып жазып дайындалмағандықтан, орнынан да тұрмаған. Себебін ол халыққа былай түсіндіреді: «Кімде-кім сөзін алдын-ала дайындаса, сол халыққа нағыз берілген, шын мәнінде халық үшін қызмет ететін жан, ал көпшілік сөзімді қалай қабылдайды дегенге немқұрайлы қараушылық – сендіруді емес, күшпен көндіруді мақсат еткендік» (Полутрах. Избранные жизнеописания. ІІт, 501).

Римдік шешен Квинтилиан: «Жазудың көмегімен ғана шешен сөйлеудің тиімділігіне қол жеткізуге болады» - деп сендіреді. Оның айтуынша, импровизаторлық ақылды адамдардың алдынды ақымақ болып қалу. Шебер шешен П.С.Пороховщиков та импровизациядан сақтандырған. Шабытқа берілген адамның ең маңызды мәселеден айрылып қалатынын сенімсіз нәрселерді айтқандықтан, сот ісінде қарсыласына мүмкіншілік тудырып қоятынын ескерткен. Әсіресе күрделі істі қуатты сөз айту мол жазудың арқасында ғана жүзеге асатынын айтады (Сергеич П. Основы исскуства речи. М.1992).

Әрине қазақ халқы үшін импровизаторлық өнер жат емес, қайта біздің халыққа тән құбылыс болып саналады. Қазақ қоғамының тарихында болған әйгілі билер, философ жыраулар, айтыс ақындары – бәрі суырыпсалма шешендер болған. Суырыпсалмалық – өзіне дейінгі шешендердің тәжірибесін меңгерген, өмірді жан-жақты зерделеп, сол білім жинаған және шебер сөйлеудің әдіс-тәсілдерін жетік-білетін адамда болатын қасиет.

Шешендік өнер ауызша дамыған халықта алдын-ала жазып дайындалу болмағаны рас. Дайындықсыз-ақ табан астында төгілтіп сөйлеген шешендердің басқа елдердің тарихында да болғандығын білеміз. Мысалы, сөйлеу өнері туралы еңбек жазғандар соттан сөйлеудің шебері атанған А.Ф.Конидың ешуақытта өзінің сөйлейтін сөзін алдын-ала жазбағандығын, басқа да төселген шешендерге жазуға уақыт кетірмеу керектігін кеңес беретіндігін, бірақ жаңадан сөйлей бастағандарға жазылған мәтіннің пайдасы зор болатындығын ескерткен пікірлерін келтірген еді (215-230).

Шешеннің сыртқы түр келбеті. Қанатты шешеннің сұңғыла ойына, терең ақылына, телегей біліміне, көрегендік-білгірлігіне, судан тұнық сөзіне, сыбызғының даусындай сазды немесе сұңқардың даусындай үніне қоса, келісті келбеті, сымға тарқандай тіп-тік сұлу тұлғасы, сыртқы сымбаты келісті болса, нұр үстіне нұр.

Қалып күйі (жестикуляция). Қолбасшыдай қасқиған қайратты ма? Еңсесін ширақ ұстай ма? Тырысқандық сезіле ме? Ыңғайсыздана ма? Аяғы дұрыс тұр ма? Бүкірейе ме? Қолдарын сәнді ұстай ала ма? Басты түзу ұстай ма? Мойны дұрыс бұрыла ма? Өлімсіреп сүміреймей ме? Өзіндік қасиеттері, ерекшеліктері айқын көрініс бере ме? Басқа бір шешеннің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?

Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Психология» дейтін бірегей төлтума оқулығында: «Беттен басқа денені алса, өзгенің ішінде қолдың қозғалысынан артық көңіл сезімін көрсететін мүше кемде-кем» - деп жазады. Автор әрі қарай сегіз түрлі қол сермесінің алуан-аулуан мағына мәндерін атап-атап көрсетеді. Зейін қойып, зер салайық.

«Алғашқы тексеру үшін соңғы сегіз түлі қол сермесі ұсынылады. 1) салбыраған қолдар «мойындағанның» сермесі: төмен салбыратса, азырақ артқа созылған болса – бірдемеге ұмтылудың, көңілдің сермесі, кеудеден қашығырақ көтеріліп, алға созылса – махаббаттың сермесі, тез төмен түсіру – таңданудың сермесі. 2) салға созылған (саусақтары созулы) қолдар – өтініш, жәрдем тілеу; жұдырығы түйілген қол – кіжіну, тіленші мен бата беруші молданың, күдер үзушінің қол сермесін салыстырыңдар. Бұлардың ту баста неден шыққанын түсіндіре алмайсыздар ма? 3) жоғары көтерілген қол – атой беру, шақыру. 4) артқа ұстаған қол – тыныстау, терең ой. 5) кеудесіне айқастырылған қол – момындықтың, діншілдіктің сермесі, я алақан айқасқан қол (неліктен) өтініштің сермесі. 6) бүгіліп, кеудесіне қысып, айқастырылған қол – сұраукестердің, сөйтіп алған бір сермесі, мұның өзі әр түрлі болады... 7) қарнына қойып, айқастырылған қол – көңілденгеннің (кеудесі шалқыса), тынышталғанның (кеудесі еңкейсе), бір жері ауырғанның отырысы. 8) екі жағына салынған қол – орнықты дамылдау, көтеріңкі көңіл (128).


Қазіргі заманғы шешендік өнер немесе пікірталас

Пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру, салғастыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірлерін дәлелдеу.

Пікірталасты мынадай түрлерге бөлуге болады:

1) Пікіралмасу

2) Ойталқа

3) Пікірсайыс

4) Ойбөліс

5) Айтыс

Пікірталастың нәтиже беруі сөз айтысының логикалық құрылымына, тойтарыс беру тәсілдеріне, репликаны қабылдай білуге, осал тұсты таба алуға байланысты болады (196-197).

Пікірталас мәдениетіндегі ең басты аудиторияға ой тастау, ал көпшілік ойы әрқашан бір арнаға құя бермейді. «Ойды ой қорғай», жаңа пікір тудырады немесе жаңа пікірдің ашылуына жағдай жасайды, не қарсы көзқарас пайда болады. Бұның өзі – шешеннің аудиториямен дұрыс жұмыс істей алуының жемісі.

Егер шешен пікіріне орай сұрақ болмаса, онда әңгіменің мақсатына жетпеуі деп те бағалау керек.

Сұрақтың мазмұнына қарай оны екіге бөлуге болады:

1) түсіндірме сұрақтар;

2) қосымша сұрақтар.

Сұраққа берілген жауапқа әрқашан да барлығы бірден келісіп, немесе шешен сөзіне мойынсұну бола бермеуі де мүмкін. Бірақ бұл тұста пікірталас пайда болады. Жалпы пікірталасты сөз айтысының бір түрі десек, шешендік сөз жарысы ретінде ерте дүниеден бастап белгілі. Сөз айтысының теориясын жазушы Аристотель оны үшке бөледі.

- диалектика – ақиқатты анықтау мақсатындағы айтыс;

- эристика – қалайда өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу;

- софистика – жалған пайымдармен жеңіске жету.

Көне Грецияда Сократ пен Платонның софистер мен эристер арасындағы қызу сөз айтысы – тарыхтағы сөз айтысының үлгілері.

М.В.Ломоносовтың түсіндіруінше, риторика – төрт бөлімнен құралады. Олар:

1. ойлап табу, ойдан шығару яғни шығарымпаздық;

2. әшекейлеу;

3. орналастыру;

4. айта білу, орындай білу.

Мазмұндық желісін, мағыналық мәнерлілігін, көркемдік қуатын тыңдаушыларға үлбіретіп, сұлу жеткізу үшін ауызша айту оңтайлы ма, әлде оқып берген қолайлы ма? Мұның бәрі шешеннің өнерпаздық табиғатына байланысты. Еске сақтау қабілеті күшті болса, ойша сөйлегеннің табиғи әсері қуатты болады.

Мәнерлеп оқу барысында өзіңді-өзің тыңдай білу де әрі ести білу де өнер. Әдебеит тілін өзіне тән сипаттарымен дауыстап айқын жеткізуге дайындалған жөн. Ой мен сезім толқандарының нәзік реңктерін назардан тыс қалдырмаған дұрыс.

Мәтіннің иін қандырып, кемеліне келтіріп, егжей-тегжейлі дайындап алған соң, тыңдаушылардың алдына шығуға болады. Ондайда қандай тәсілге сүйеніп сөйлеу керек. Асылы, мұның үш түрлі тәсілі бар. Біріншісі, мәтінді оқу. Екіншісі, еске сақтау қабілеті бойынша ойша айтып шығу, ара-гідік кейбір үзінділерді оқу. Үшіншісі, еркін импровизациямен есілтіп-төгілтіп айту.

Атап өтерлік жайт, саясат пен ғылым ауытқымауды талап етеді. Бірақ оқылған мәтіннен қарағанда ауызша айтылған сөз жылы қабылданады. Замандастарының айтуы бойынша, Владимир Ивонович Вернадский кейде лекциясын оқудан бастаған. Содан соң мәтін оқуды үзіп, ой-пікірлерін ауызша баяндауға көшеді екен.

Жадыра Эливбаева, Қосатанй қаласы, "Тілдарын" тілдерді оқытудың облыстық орталығының оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қапасова Б.Қ. Тіл мәдениеті. Шешендік өнер. Алматы, 2014, 224-бет.

2. Гүлбану Қосымова «Қазак шешендік өнерінің негіздері» . Алматы «Білім», 2003-260б

3. Ораторское исскуство. М.1972. С62-63

4. А.Байтұрсынов «Әдебеит танытқыш», А.223-бет

5. Қапасова Б.Қ. Тіл мәдениеті. Шешендік өнер. Алматы, 2014, 224-бет.

6. Қазак тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» А.1966, 222б

7. Плутарх. «Избранные жизнеописания» М.1987, 500-503 бет

8. Л.А.Введенская. Л.Г.Павлова. «Культура и сскусство речи» Ростов-на-Дону, 1996, 241

9. Орынтай Ошанова. 2-басылым, Алматы, Қазак университеті, 2012 186-бет.

10. Серік Негимов «Шешендік өнер». Алматы «Ана тілі» 1997, 208-бет.

11. Оразбек Мақатұлы Социалқызы. «Көркем прозадағы шығармашылық тұлға мен авторлық позицияның арақатынасы» (1980-2000 жылдар әдебеиті бойынша).

Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған дессертациясының авторефераты. Алматы, 2007.

12. Кенжегераев Ноябрь Джантович «Қазак әдебеитіндегі автор мен тыңдаушы (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.)»

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған дессертациясының авторефераты.



Тегтер: шешендік өнер, ораторғ, сөз шебері, мәдениет

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

1002

ақпарат

​Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ өлеңінің құрылымы

752

ақпарат

​А.Байтұрсынұлы қазақ емлесінің басты ұстанымын қалай анықтады?

787

ақпарат

Ахмет Байтұрсынұлының тіл мұрасы