Түп тілімізді білсек, төл тілімізді танимыз

Қазақ тілін, қазақ тілінің тарихын оқытуда түріктерден үлгі алуға болатыны сөз етіліп, қазақ тілінің даму тарихындағы дәуірлік жазбалар тіліне шолу жасалады. Шетелдік тәжірибеден түйген ой ұсынылад...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 сәуір, 2017

Түп тілімізді білсек, төл тілімізді танимыз

Кипрдегі (Түркия) Шығыс Жерорта теңізі университетінде 1 семестр оқып, көне түркі тілі, ескі Анадолы түрікшесінен дәрістер алдым. Ол дәрістердің мен үшін маңызы да, мазмұны да бөлек болды. Оның себебі көне тіл мен жазбалардағы мәтіндерді құрылымдық тұрғыдан, әр құрамдас бөлікті жан-жақты салыстыра зерттеуге баулуында деп ойлаймын. Біздің елімізде тіл мамандарын дайындау бағдарламасында қазақ тілінің тарихы, тарихи грамматика, түркі тілдері теориялық жағынан сипаттамалы түрде меңгертіліп жатқанымен, практикаға келгенде салыстырып, салғастыра талдау жағы бір қадам артта қалып отырғандығы байқалады.

«Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ»,–дейді Мағжан Жұмабаев. Рас, тіліміздің тамыры тереңде, байлығы көлемді екені даусыз. Бүгінде сол тілді үйреніп, сол тілде сайрау – бір іс те, сол арқылы сары далада сіңген ұлттық рух, салт-дәстүр, тарих пен мәдениетті бірге сіңіру ұлы іс боп тұр.

Ұлы істің нәтижелілігі үшін біздің елімізде қилы әдістер сыналып, жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Ал ол мәселе басқа ұлттарда қалай? Мәселен, бүгінде қолданушысы шамамен 220 миллионға жететін түрік тілі Алтай тіл семьясының ішінде ең көп өкілге ие болып отыр. Түріктерде барлық елдегідей ана тілге ден қойып, төл тілді білуге баса мән береді. Бұл елдің тіл үйретудегі, әсіресе, тіл үйретуші маман дайындаудағы үлгі аларлық тұстарын да айтуға болады. Әуелі, түбі бір түркі тілдерінің қысқаша тарихына көз салайық.

Біз жалпы түркі жазба тілінің тарихын VII-VIII ғасырларға тән Орхон жазба ескерткіштерінен бастаймыз. Әдеби тілге негізделген ірі әдебиет көздері Тоныкөк (725), Білге қаған (731), Күлтегін (732), Көктүрік жазба ескерткіштері болса, түркі дүниесінің алғашқы сөздігі және тіл білімі еңбегі – Қашқарлы Махмұдтың «Диуани Лұғат'ит-Түркі». Түркі тілдерінің қалыптасу тарихына үңілсек, Алтай тіл бірлігі кезеңі → Түрк-Чуваш-Моғол-Тұңғыс тіл бірлігі → Түрк-Чуваш тіл бірлігі → Ата тіл (VI ғ.д.) болып тарап, одан кейін Көне түркі тілі басталады, Көктүрк дәуірі (VI-VIII ғғ.) → Ұйғыр дәуірі (VIII-XIII ғғ.) → Қарахан дәуірі (XI-XIII ғғ.). Хорезм тілі деп аталып жүрген Орта ғасырдағы түркі тілі – XIII және XIV ғасырларда Хазар (Каспий) теңізі мен Арал арасында және Аралдың оңтүстігіндегі Әмудария аумағын орталық еткен Батыс Түркістанда құрылып дамыған жазба тілі. Одан кейінгі үлкен өзгеріс дәуірі – Жаңа түркі тілі (XVғ.б.). Бұл дәуір географиялық, саяси, әлеуметтік және мәдени алмасулардың нәтижесі ретінде түркі тілдерінің бір-бірінен ажырау үдерісі басталған, жаңа жазба тілдері пайда болған және жалпы түркі тілінің екі үлкен топқа бөлініп, даму үдерісін (эволюциясын) жалғастырған кезең болды. Ол екі үлкен топтың алғашқысы XIII ғасырдың басынан бүгінгі күнімізге дейін Анадолы, Солтүстік Әзірбайжан, Оңтүстік Әзірбайжан, Ирак, Сирия, Грекия мен Солтүстік Африкада қолданылып жатқан жалпы Батыс Түркі тілдері. Ал қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр және татар түркі тілдерін қамтыған топ Солтүстік-Шығыста қалған түркілер болатын (Ercilasun A.В. Başlangıçtan Yirminci Yüzyıla Türk Dili Tarihi, Akçağ Yayınları, Ankara 2004). Осындай тарихи даму барысында Батыс Түркі тілі Ескі Анадолы түрікшесі, осман түрікшесін, бүгінгі Түркия түрікшесін құрайтын кезеңдермен дамыды. Ал біздің ана тіліміздің тамыры тараған Шығыс түркі тілі (Шағатай тілі) мен Солтүстік (Қыпшақ) түркі тілі ХV ғасырдан XX ғасырға дейін Түркістан мен Алтын Ордада қолданылған әдеби тіл. Осы дәуірдің басты еңбектеріне жататын Әлішер Науаидың «Мұхаметү'л –Луғатеині» мен Бабыр Шахтың «Бабырнамасы» шағатай тілінің үлгісін көрсетеді. Шағатай тілі ХХ ғасырда өзбек тілінің жазбасына айналды. Ал солтүстік түркі тіліне жататын қыпшақ тілді еңбектер арасында бәрімізге мәлім «Кодекс куманикус», «Хұсрау мен Шырын» және «Гүлстан» дастандары бар.

Осы дәуірлердің қай-қайсысында да жалпы түркіге ортақ, түркілік лексикалық қабат бар екені анық. Түркі тілдері заман ағымында бірнеше топқа ажырап, жеке тілдік ерекшеліктерге ие болса да, ортақтық «жібі» үзіле қойған жоқ. Түркі тілді көне ескерткіштер мен жазбалар тіліне назар аударсақ, қазірдің өзінде тілімізде кең қолданылып отыратын сөздер көптеп кездесетінін байқаймыз. Сөздердің дыбыстық өзгеріске ұшырағанымен, өз мағынасын сақтап қалғандығын төменде келтірілген мысалдардан аңғаруға болады:

«Öze Kök : Teŋіri : asïra : yaγïz : Jer : qïlïntaquda : ekin ara : kisi : oγulï : qïlïnmïs : kisi : oγulïnta : öze : ečüm apam : Bumïn qaγan : Estemi qaγan: olurmïš : olurupan : Türük : budunïγ : Elin : törüsün : tuta : bermis : iti : bermis». Мысалды сөзбе-сөз қазақшалағанда: «Үсті Көк: Тәңірі: асты: нығыз (қоңыр): Жер: қылынғанында (жаратылғанында): екі ара: кісі: ұлы: қылынды (жаратылды): кісі: ұлында: үсті: атам үлкенім: Бұмын қаған: Естемі қаған: отырды: отырып-ақ: Түрік: бүтін (халық)ын: Елін: төресін: тұта берді: жет(кіз)е: берді»(http://bitig.org).

Әлішер Науаи өзінің бәйіттерінде бүкіл түркі жұртының бас біріктірерін қосып, түркі тілінің ерекшелігін сөз етеді. «Lisânü’t-Tayr» еңбегінде: Türk nazmıda çü min tartıp alem еyledim ol memleketni yek-kalemМен қай уақытта түрік өлеңінде ту көтерсем, сол мезетте бүкіл елді қозғап, біріктірдім (Eckmann, Janos,Harezm, Kıpçak ve Çağatay Türkçesi Üzerine Araştırmalar, TDK, Ankara 1996.: 139-144).

Ал енді шағатай тілінде жазылған Әбілғазы Баһадүрдің «Шежіре» тіліне мән беріп көрейік: “Barça bilir, kim bizdin burun türkî târîh aytkanlar, Arabî lugatlarını koşup tururlar ve Fârisîni hem koşup tururlar ve Türkîni hem sec’ kılıp tururlar; özlerimi, hünerlerin ve üstâdlıklarını halkka ma‘lûm kılmak üçün. Biz munlarnıŋ hiç kaysısını kılmaduk. Anıŋ üçün kim bu kitâbnı okuguçı ve tıŋlaguçı elbette Türk bolgusı turur; bes Türklerge Türkâne aytmak kerek; tâ olarnıŋ barçasıfehm kılgaylar(Родословная туркмен”, Кононов А.Н., Ташкент, 1958, 6). Мұны қазақ тілінде сөйлетсек: «Барша жұрт біліңдер, бұрын біздің түркі тарихымызды айтқандар араб лұғаттарын қосып айтады және Парсышаны да қосады және Түркіні таңдап тұрады. Өздерінің қабілеттерін, шеберліктерін (ұсталық) халыққа мәлім етпек үшін. Біз бұлардың ешқайсысын қылмадық. Ол үшін: бұл кітаптың оқушысы және тыңдаушысы, әлбетте, Түрік болуы керек. Әрине түріктерге түркі тілінде айту керек; олардың баршасы түсінсін». Үзінділердегі барча, айт, кім, тұр, өзлері, мұнлар, айтмак керек, қылгай, сонымен қоса, араб-парсы текті мемлекет, әлем, халық, лұғат, тарих, кітап сөздерінде дыбыстық айырмашылық болғанмен, мағынаны түсіну қиындық тудырмайды. Осы берілген мысалдармен-ақ қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің қазірге дейін көне түркі тілінде де, қарахан дәуірі, орта ғасыр тілінде де ғасырлар бойы қолданыста келе жатқанын, қаз-қалпында сақталғанын дәлелдей аламыз. Талдаумен түсіндіру ол сөздердің қолданыс аясын, қызметін, құрылым ортақтығын аңғартады. Көне ескерткіштер мен дәуірлік жазбалар тілін талдау, салыстыру арқылы үйрету түріктердің тіл оқыту әдістемесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан. Ол әдістеме бойынша қай дәуір жазбасы болсын, түпнұсқамен жұмыс жасалып, мәтіндердегі сөздер түбір, қосымшасына дейін талданып, басқа жазбалар тілімен салыстырылады. Нәтижесінде ортақтықтар мен айырмашылықтар, мағыналық, дыбыстық өзгерістер ортаға шығады.

Түркиядағы түрік тілі оқытушыларын дайындаудағы ерекшелік – болашақ тіл білімі мамандарының түркі тілінің басынан өткерген «барлық тілін» білуді басты талап етіп қылуы. Біздің елімізде түркі тілінің даму кезеңдеріндегі көне түркі, шағатай, Анадолы түрікшесі, османша, т.б. білетін де, сол бағытта зерттеп жүргендер де жоқ емес. Алайда, мектепте, ЖОО-да және жалпы ана тілді үйренуде ол дәуірлердің сыртынан сипап қоймай, тереңдетіп оқылып, талданса, қазақ тілінде сөз ұғу деңгейіміз арта түсер еді. Сөз төркінін түсінгеніміз тарихты, мәдениетті қоса меңгергеніміз болар еді.

Дана Жаңабекқызы,

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының әдіскері


Баға беріңіз