Жобалап оқыту технологиясы

Жобалап оқыту технологиясы педагогикалық технология оқыту проблемаларын, тәрбиелеу мәселелерін шешуді технологияландыру мәселесінің туындауына байланысты соңғы кезде өмірге келді. Қазіргі кезде оқы...

19 сәуір, 2017

Педагогикалық технология – дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процестер [1, 9]. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Бүгінде елімізде білім беру ошақтарында 50-ден астам педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан жазылған зерттеулерді арқауы етіп, оларды оқыту үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен отандық ғалымдар: Д.М.Жүсіпбалиева, Б.Ә.Әбдікәрімұлы, М.С.Мәлібекова, Г.Қ.Нұрғалиева, Қ.Қабдықайырұлы, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева т.б. өз зерттеулерінде қарастырған, педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттілігін айқындай түсуде.

Осындай жаңа технологиялардың бірі – жобалап оқыту технологиясы. Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді. Жобалау технологиясы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында АҚШ ауылшаруашылығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған психолог, педагог, философ Джон Дьюи. Дьюидің ілімін жалғастырушы профессор Уильям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау – бұл технологияның негізі. "Өзіне көйлек тігіп киген бойжеткенді мысалға алайық. Егер ол кейін өзі киетін көйлегі үшін жанын аямай, ерінбей, аса қызығушылықпен көйлек үлгісін өзі ойлап тауып, өз бетімен өлшеп, пішіп, тігіп кисе – бұл мысал жобалау технологиясының нағыз типтік үлгісі" – деп тұжырымдайды Хилпатрик [2, 50].

Сонымен қатар танымдық прагматизм философиясының өкілі Девей жобалық жұмыстың ғылыми және саяси концепциясының іргетасын қаласа, оның әріптесі Килпатрак жобалау әдісін ауқымды мағынасына қарай тәрбиеге қатысты философия ретінде бағалады. Осыған байланысты Килпатрак жобаны «әлеуметтік ортада өткізілетін жүректен шыққан мақсатты әрекет» ретінде қарастырады [1, 11].

Рейхвейн (1951) теория мен тәжірибенің байланысын жоба десе, Б.Отто жалпы сабақтардың концепциясында басты рөлді сұхбат алады дегенді айтады. Кершенштайнер (1968) еңбек мектебінен жобалау идеяларын немесе осы бағытта дамуды байқауға болатынын тұжырымдады [2, 52].

1965 жылдан бері қарай жобалау әдісі халықаралық деңгейде қолданыла бастады. Бұл әдіске қайта оралудың басты себебін ғалымдар «мәселені оның дамуында қарастыруға мүмкіндік беретіндігімен» байланыстырады, яғни білім алушылар нақты мәселені шешу үшін әрекет үстінде бірнеше рет теорияға үңіледі, соның нәтижесінде өз ісінің қалай орындалғанын бағалай алады, өз қолдарымен жасалған іс оларға қанағаттанарлық, өзіне сенімділік әкеледі. Ғалымдар бұл технологияның осы артықшылықтарына үлкен мән берген. В.Килпатриктің ойынша, оқу әрекеттері оқытушының қатысуынсыз орындалуы тиіс. Сонда оқушы өз әрекетінің нәтижесін көріп, өзінің қабілетін бағалай алады десе, ал Д.Дьюи оқушының әрекеті мұғаліммен бірлескен әрекет болуын талап етті. Өйткені оқушының әрекетті аяғына дейін орындауына толық білімі жетпеуі мүмкін, ол үшін мұғалім әрекетті орындаудың алдында оқушының барлық ойлау әрекеті сатысынан өтуін қамтамасыз етуі тиіс деген пікір айтады [1, 13-15].

Демек, жобалау идеясы, жобалау әдісі ең алдымен жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі оқытуға қарсы бағытталған бағдарлама ретінде қарастырылды.

Жоғарыда айтылғандай, жобалау әдісі Еуропада ХХ ғасырдың басында басталғанымен, Қазақстанда білім беру салалары кредиттік жүйеге енгелі қазақ тілі әдістемесінде соңғы жылдары ғана қолданыла бастады.

Жобалап оқыту технологиясы ТМД елдерінің оқыту жүйесінде де кең өріс алып жатқаны белгілі. Жобалап оқыту технологиясының теориялық алғаш негіздеген Ресей ғалымдарынан В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин,
Н.В. Кузьмина т.б. ғалымдардың теориялық зерттеулерінің нәтижесінде, сонымен қоса Е.Н.Ильина, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов т.с.с. әдіскерлердің практикалық тәжірибелерінің негізінде қарастырылған.

Қазақ тілін оқыту үдерісінде оқыту технологияларын жаңа қырынан қарастырған, оларды таңдап, талғап қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін арнайы зерттеген жұмыстар қатарында Ф.Оразбаеваның коммуникативтік технологиясын, М.Жанпейісованың модульдік технологиясын, Қ.Қадашеваның жаңғырта оқыту технологиясын, Р.Шаханованың мамандыққа бейімдеп оқыту технологиясын, З.Бейсембаева мен К.Жақсылықованың модульдік технологияларын, Н.Құрманованың дамыта оқыту технологиясын, Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясын, белсенді оқыту әдістерін зерттеген Ж.Сүлейменова мен Ә.Әлметованың сұхбаттық оқыту технологиясын, А.Жапбаровтың, А.Қыдыршаевтың, Ж.Дәулетбекованың сөз мәдениетін меңгертумен, шешендікті қалыптастырумен байланысты жаңа технологияларға қатысты қағидалары көрсетілген еңбектерін атауға болады [3, 36-37]. Әйтсе де, бұл зерттеулерде жобалау технологиясы туралы пікірлердің тым аз қамтылғаны, кейде үстірт қана аталып кеткені байқалады.

Жобалап оқыту технологиясы – кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазақ тілін үйренуге қазіргі заман тұрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық ақтай алатын оқыту жүйесі [4, 39]. Яғни, жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын студенттің өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер.

Ш.Д.Абдиева: "жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады" – десе [4, 43], ғалым А.А.Сатбекова: "жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы"– деп тұжырымдаған [5, 49].

Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру жəне сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта əр түрлі жағдаяттарда, əр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу.

Демек, жобалап оқыту технологиясын қолданып, проблемалық тақырыптың мазмұнын ашу, пікірталасқа түсу, өзіндік ойларын ғылыми дәлелдеудегі мұндай оқу ынтымақтастығын тудыратын топтық жұмыстардың мүмкіндіктері мен тиімділігі мол. Ә.Қисымова, Т.Увалиева ғалымдардың зерттеп, зерделеулерінің нәтижесінже жаңа кезеңде жобалай оқыту технологиясын қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқыту жүйесі ретінде таңдап алудың бірнеше себептері жүйеленді.

Біріншіден, бұл технология – кредиттік оқу жүйесін жүзеге асыруға мүмкіндігі мол технология. Кредиттік оқу жүйесінде студенттің өз бетімен орындайтын жұмысына басымдылық беріледі. Ол оқытушының басшылығымен және өз бетімен орындайтын жұмыс деп бөлінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, жобалай оқыту технологиясы мен кредиттік оқу жүйесінің өзара бірлігі айқын байқалады.

Екіншіден, жобалай оқыту технологиясының философиялық, гуманистік, психологиялық мүмкіндіктері студенттің жеке тұлғасын дамытуға бағытталады. Өз бетімен қазақ тілі бойынша берілетін түрлі жобаларды қазақ тілінде орындау барысында студент «білім іздеудің өзіндік сүрлеуін» қалыптастырады және ол сүрлеу студенттің өмір бойғы білім алуы дағдыларын дамытады.

Үшіншіден, бұл технологияның артықшылығы–жоба жұмысын орындау арқылы студент өздігінен шешім жасауға үйренеді, жобаның орындау логикасын анықтайды. Cтудент тілді меңгеру үдерісінде қазақ тілін оқып-білудің негізгі әрі белсенді субъектісіне айналады.

Төртіншіден, бұл технология студенттің білім деңгейін дамытуға көмектеседі, себебі ол өз бетінше әрекетке түсіп, ізденеді.

Бесіншіден, бұл технология бойынша студент тақырыпты өзі таңдауына мүмкіндік алады.

Алтыншыдан,жобалау технологиясы оқытушыға да, студентке де жұмысына, ғылыми дәлелдемелеріне қанағаттану сезімін, яғни «эгофакторлық» сенім ұялатады [6, 63-65].

Сонымен қатар, жобалай оқыту технологиясы аясында оқушылардың сөйлесім әрекеттерін жетілдіруде профессор Ф.Оразбаеваның «тілдік қатынастың бір бүтін тұлғасы болып табылатын мәтін адамдардың қарым-қатынасын іс жүзіне асыратын материал ретінде және өзара түсінісу, пікірлесу, ойды жеткізу тұлғалары түрінде зерттеледі» деген пікірі басшылыққа алынды [3, 90]. Өйткені мәтін сөйлесім әрекетімен, қатысым әдісімен, олардың қолданылу қағидаларымен тығыз байланыста болады. Мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау құбылыстарымен байланысты, адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға. Мәтінмен жұмыс жоғарыда айтылған қатысымдық бірліктерді өзара тығыз байланыста қолдануға мүмкіндік береді.

Жобалап оқыту технологиясы арқылы қазақ тілін меңгертудің ережесі мынадай: тақырып (жобалық) оқу бағдарламасына сәйкес болуы керек және ол оқушының қызығушылығын тудыруы қажет; оқытушының рөлі өзгереді, ол тек қана ұйымдастырушы әрі кеңесші болуы тиіс; жобалап оқытудың өн бойында іздену әрекеті, зерттеу әрекеті, талдау және жинақтау әрекеті ұйымдастырылады. Сонымен бірге, ізденуші жеке жұмысының жобасын ұсынып, оны нәтижесінде дәлелдеу үшін жоспар жасайды, сызба, кескіндеме, диаграммалар пайдаланылады; талқыға ұсынылатын тақырып кең және ашық болуы қажет; жобаны қорғау жұптық (диада), үштік (триада) және топтық шеңберде орындалуы қажет [1, 22].

Осындай жұмыс тобын құру тілдік тұлғаның қазақ тілін жетік меңгеруге және шығармашылық белсенділігін тудыруға, топ мүшелерінің өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Т.Әбдікәрім сөзімен айтқанда "жобалар әдісінің негізіне «жоба» ұғымының мәні, оның қандай да бір тәжірибелік немесе теориялық мәнді мәселені шешу арқылы алуға болатын нәтижеге деген прагматикалық бағыты салынған. Бұл нәтижені нақты тәжірибелік іс-әрекетте көруге, түсінуге, қолдануға болады" [6, 65].

Сондай-ақ, қазақ тілін оқыту технологияларын қолдану арқылы студенттер білімінің сапасын көтеру үдерісі – оқыту технологияларының сапасын, студенттердің сол технология бойынша қазақ тілінен алған білімінің сапасын, қазақ тілін үйретуші оқытушылардың шығармашылық жұмысының сапасын, қазақ тілін үйрету әдістерінің сапасын танытатын, анықтайтын ерекше дидактикалық үдеріс. Қазақ тілін жобалай оқыту технологиясының сапасы оның қол жеткізілетін түпкі нәтижесі арқылы өлшенеді [5, 50].

Қорыта айтқанда, жобалау әдісі – қандай да бір түрде безендірілген, нақты, айтарлықтай тәжірибелік нәтижемен аяқталуы тиіс мәселені толық өңдеу арқылы дидактикалық мақсаттарға жетудің тәсілі болып табылады. Жобалап оқыту технологиясын қолданатын педагогикалық үдерістегі – оқу қызметтері, оқыту әдістері мен тәсілдері, оқытудың формасы мен техникалық құралдары тілдің лингвистикалық негіздерімен байланыста қаралады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Қисымова Ә.Қ., Увалиева Т.Ж. Оқыту технологиялары. – Алматы. 2007, 204 б.
  • Пахомава Н.Ю. Проектное обучение – что это?// Методист. №1, 2004, 50-54сс.
  • Э.Тұрдалиева, Ақынова Ж.Жобалау технологиясын қолдану әдістері //Қазақ тілі мен әдебиеті. №5, 2006, 36-40бб.
  • Абдиева Ш.Д. Жобалау әдісін қолдану арқылы студенттердің тіл үйренуге деген белсенділігі мен қызығушылығын арттыру // Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, 2010, 39-43бб.
  • Сатбекова А.А. Қазақ тілін жобалау әдісі арқылы оқыту жүйесінің дидактикалық ұстанымдары // Білім – Образование. №3 (27), 2006, 48-52бб.
  • Әбдікәрім Т.М.Магистранттарға қазақ тілін жобалай оқыту технологиясының әдістемелік негізі // ЕҰУ Хабаршысы. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. №3 (88), 2012, 63-66бб.

Баға беріңіз