Рухани сілкініс немесе қазақ жазуының күні туды

Елбасы айтқандай еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ бас­қаны рас. Жыл басы халыққа жол­данған Жолдау арқылы Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы бастал­ғанымен әйгілі болды. Содан екі түлеуді бастан кешір­дік...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

14 сәуір, 2017

Бұл оңай іске асыра салатын міндет емес. Ол үшін сана сіл­кінісі, яғни істен сананың озып отыруы керек. Аталған әлгі екі реформаның өзегі осы сана сілкінісіне байланысты қалып­тасады. Рухани жаңғыруға әкеле­тін жұмыстардың біразы Тәуел­сіздік жылдарында іске асырылды. 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы мен 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы осыған айғақ. Бі­рінші бойынша Қазақстан ау­ма­ғындағы тарихи-мәдени ес­­керт­кіштер мен нысандар жаң­ғыр­тылды. Екіншісінде әлем ар­хив­­теріндегі төл тарихымызға қа­тыс­ты құжаттар жүйелі жинақ­талды, зерттелді.

Енді Елбасы бұдан ауқымды да іргелі жұмыстар көзін ашып отыр. Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басып, оған сәйкес бұқаралық сананы қа­лай өзгертудің қажеттігі турасында Өз көзқарасын ашық та нақ­ты баяндады. «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» мақаласы­ның әуелгі мағынасы міне осындай.

Мақала кіріспе және екі үлкен тақырып ауқымында жүйе-жүйеге бөлініп, нақты тақы­рыптар аясында нақты әңгіме­ленеді. Бірінші үлкен тақырыптың аты – «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталады. Енді осы тақырып аясында сөз болатын тақырыпшалардың өзі-ақ сіздің мағлұматыңызды кеңейтіп, рухани жан дүниеңізді байыта түседі. Қараңыз: 1. «Бәсекелік қабілетте» қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даяр­лауға ұмтылдырған «Цифр­лы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфес­сиялық келісім» сияқты бағдар­ла­ма­лар аталады.

2. «Праг­матизм» тақырыпшасында «қа­ны­­­мызға сіңген көптеген дағды­­­лар мен таптаурын болған қасаң қа­ғи­даларды өзгерт­­пейінше толық­қанды жаңғыруы­мыз мүмкін емес» дей отырып, төл тарихы­мызға үңіле келе, праг­матизмнің шынайы жар­қын үл­гілерін табуға болаты­нын меңзейді. Қанымызға сің­ген, баба­лардан мирас болып қалған ізгі қасиеттерді қай­та түле­туіміз қажеттігіне мән береді. Осыларды санамалап келіп, Елбасы реализм мен праг­матизм таяу онжылдық ұраны болуға тиіс екенін атап көрсетеді.

Ал «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты 3-ші тақырыпшада ұлттық сананың кемелденуіне мән беріледі. Оның екі қырын көр­сетеді. Оның біріншісі – «ұлт­тық сана-сезімнің көкжиегін ке­ңей­­ту, екіншісі – ұлттық бол­­мыс­тың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Бұл тұста кезігер қатерлі тұстарды да ескерте келіп: «Іс жүзінде, әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруы», керек дейді. Осындай ұғымдарды ег­жей-тег­жейі­мен сөз ете отырып, қазақ­стан­дық­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына бар­ғанын ескертеді. Оның бі­ріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақтал­маса, ешқандай жаңғы­рудың болмайтыны. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту.

Төртінші тақырыпша «Білімнің салтанат құруы» деп аталады. Шынында, білімді болу қанда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында бұл салада талай іс-әрекеттің нәтижесін көрдік. Тоқсаныншы жылдарғы «Бола­шақ» бағдарламасының нәти­жесін көріп отырмыз. Шынында білім салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Технологиялық револю­ция­ның беталысына қарай отырып, Елбасы қазіргі кәсіптердің жарты­сы таяу онжылдықта жойылып ке­тетінін ескертеді. Мұндай кезеңде аса білімді адамдар ғана табысқа жетеді. Табысты болудың басты фак­­торы – білім екенін әркім терең тү­сі­нуі тиіс. Сондықтан да бұл бө­лік­­те Елбасы білімді бәрінен биік қоя­­тын ұлт ғана табысқа жететінін ес­кертеді.

Бесінші тақырыпшаның атауы – «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы». Елбасы бұл тұста Еуропа құрлығының астаң-кестеңін шығарған 1917 жылғы қазандағы оқиғаға биыл 100 жыл толатынын еске алады. Иә, өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зұлмат ғасыр болды. Өзімізге тән жол біржола күйретілді. Жат үлгі таңылды. Екіншіден, ұлтымыз адам айтқысыз демографиялық соққыны көрді. Бұдан әлі де айыға алмай келеміз. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймағына айналды. Өткен тарих бірнәрсеге көзді жеткізгендей, ол ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретін эволюциялық даму жолы.

Алтыншы тақырыпша «Сананың ашықтығы» деп аталады. Мұнда әлемнің даму қарқынына ілесу жолдары сөз болады. Миллиондаған адамдар өз ана тілін дамытумен бірге жаппай ағылшын тілін оқып үйренуде. Алға жылжимыз десек біздің де бұл игі үрдістен қалыс қалмауымыз керек. Бұл еріккеннің ермегі емес. Жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шаруасы. Бұл ғана емес сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіретіні атап көрсетіледі. Біріншіден, еліміздің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңа технологиялық өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда болатын өзгерістердің бәріне дайын болу міндет. Үшіншіден, осы өзгерістердің ең озық жетістіктерін бойға сіңіру. Бұл жөнінде Жапония мен Қытай үлгі бола алады.

Бізді, әсіресе тіл маманы ретінде, менің өз басымды риза еткен мақаланың екінші бөлігі. Ол – «ІІ.Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталады. Мұнда қазақ жұртшылығы көптеген аса маңызды мәселеге жазу мәселесіне түбегейлі назар аударылып, өз көзқарасы мен шешімі нақты баяндалады. Заман сынағына лайықты төтеп берудің жолдары қарастырылады. Нақты жобалар ұсынылады. Оның біріншісі, әрі негізгісі деп айтар едім, – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмысын бастау қажеттігі. Расын айту керек, бұл іске Елбасы асыққан жоқ, елдің даму қарқынын байыппен бағдарлап, әлем кеңістігінде бо­лып жатқан рухани өзгерістердің бәрін санадан өткізіп барып, сара­ман­дықпен жасаған шешімі деп біле­мін. Тәуелсіздік барысында бұл іске мұқият дайындалу керек болды. Солай болды да. Ол қазақ тілінің әліп­биі сан түрлі жолдан өткенін зер­деледі. Түркілердің VI-VII ғасырлардың өзінде-ақ өз жазуы бол­ғанын зердесінен өткізіп, Х-ХХ ғасырлар аралығында Қазақстан аума­ғында араб жазуы 900 жылдай қолданылып келгенін саралай отырып, қазақ халқының 15 жылда үш бірдей жазуды алмастырғанын да еске алғандай. Мұның бәрі қазақ жазуының жүріп өткен қилы-қилы жолдары. Осылардың бәрін ой елегінен өткізіп барып Елбасы енді қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстырудың кезеңі келгенін ашық айтып отыр.

Бұл тұста осы мәселеге қозғау сал­ған Тәуелсіздіктің сонау елең-алаңын­да, яғни 1993 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі президенті академик Әбдуәлі Қай­дар­дың латын әліпбиі туралы Прези­дентке жазған хаты еске түсіп отыр. Оны біз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқасында талқылап, содан соң Әбекең хатты Елбасына жі­берген болатын. Елбасы бұл хатқа мән беріп, «бұл ойлануға татитын мәселе, мамандар шұғылданып, маған нақты ұсыныспен шықсын» деген сыңайда жауап келген еді. Міне, содан бері әліпби мәселесі баспасөзде, радио-телеарналарда оқтын-оқтын сөз болып келді. Елдің қызыққаны соншама, әліпби жасаушылар қатары көбейді.

Бұл мәселеге Елбасы 2012 жылы қайта оралды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісеміз» деп мәлімдеген болатын. Енді міне 2017 жылғы 12 сәуір күні Елбасы «Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек» деп нақты тапсырма берді. Мектеп жасындағы балалар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан бұл мәселеде енді кедергі бола қоймас деген ойдамыз.

2017 жылдың аяғына дейін тілші мамандар көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігі тапсырылды. 2018 жылдан жаңа әліпби үйрететін мамандар мен орта мектептерге арналған оқулықтар даярлануы керек.

Екіншіден, осыған орай қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынбақ. Осыған сәйкес қыруар жұмыс басталғалы тұр. Ең алдымен әлемдегі ең жаңа 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, 2018-2019 жылдардың өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыту мәресіне жеткізу керек. Ол үшін ұлттық аударма бюросы құрылмақ. Бұл бізді сапалық деңгейге жеткізеді деп білеміз. Жаһандық бәсекеге төтеп беретін мамандар осылайша өсіп жетілмек. Мұның бәрі мемлекеттің міндеті болып саналады деді Елбасы.

Сонымен бірге патриотизм «Туған жерге туыңды тік» деген сөзден басталса керек. Өлкетану, елді мекендерді абаттандыру, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру т.т. Туған жердің қайталанбас арналары бұлар. Әрбір жер атауларына байланысты ел жадында сақталған ғажайып аңыз әңгімелерге дейін мән беру бүгінгі ұрпақтың міндеті «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмның өзегі. Сондықтан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Бұл шын мәнінде рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Мыңжылдық тарихымызды айқындайтын ауқымды жоба осыған лайықталып жасалмақ. Мұны яғни жобаны Үкіметтің әзірлеуі керек екенін Елбасы тәптіштеп айтты. Бұл жерде үш мәселе қамтылуы керектігі көрсетілген. 1. «Мәдени географиялық белдеудің» рөлін әрбір қазақстандық білу үшін оқу-ағарту дайындығы жүргізіледі. 2. БАҚ мұнымен жүйелі түрде мықтап айналысу керек. 3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуі керек. Мәселен, Түркістан мен Алтай ұлттық ғана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтарымыз ғой.

Бесіншіден – заманауи әлемдегі бәсекелестік қабілет мәдениеттің де бәсекелік қабылеті екені даусыз. Мәселен АҚШ табысының қомақты бөлігі Голливуд еншісінде екен. Осы ыңғайда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын да іске асыруды ұсынды. Осыған орай Елбасы шығармашылық зиялы қауымға оның ішінде Жазушылар Одағы мен Ғылым академиясы, университеттер және қоғамдық ұйымдарға үлкен үміт артып отыр.

2017 жыл мәдениет саласындағы же­тіс­тіктерімізді көрсете алатын ше­ш­у­ші кезең болмақ. Осылайша мың­жыл­дық тарихымызда төл мәде­ниетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін де болады дейді Елбасы.

Алтыншыдан – Елбасы бүгінгі за­ман­дастарымыздың да жетістік­терінің тарихына назар аударуды ұсынады. Бұл «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырылғанын қалайды. Шынында Тәуелсіздігіміздің 25 жылы қас-қағым сәт болғанмен тарих өлшеуімен қарағанда тындырылған істер ғасырға татиды. Сол ғасырлық ауқымда еңбектің ғажайып үлгісін көрсеткен қаншама жандар бар. Бұлар барлық салада да жетерлік «Жаныңда жүр жақсы адам» деген ұғымға көңіл бөлейік дейді. Бұл үлкен парасаттылықтың белгісі. Осынау жобаның негізгі мәні – «ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» дегенді білдіреді. Бұл ұсыныстардың бәрін, әсіресе жас ұрпақ барынша игеруге ұмтылуы тиіс. Өйткені өмір сүру үшін шынында да өзгере білу керек. Әңгіменің түйіні осы!


Баға беріңіз