Тәуелсіздік және қазіргі қазақ тілі
Әлеуметтік әділеттілікті ұрандатқанымен оны іспен дәлелдей алмаған кешегі кеңес заманында қабылдаған Қазақстанның екі Конституциясында да елдің, жердің иесі қазақтың тілі жөнінде бір ауыз сөз болған жоқ. Дегенмен, Республикамызда Кеңес өкіметінің алғашқы 20-30-жылдарында қазақ тілін мемлекеттік деңгейде жүргізу үшін біраз әрекет жасалынды. 1920-1925 жылдары Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (бүгінгі Премьер-министр) Сәкен Сейфуллин қазақ тілінің тағдыры туралы тоғыз мақала жазды. Бірақ көп ұзамай халықтың мүддесі үшін күрескен ұлт зиялыларын түгел дерлік қуғындап, көбісін түрмеге тығып, алдын атып жойғаннан кейін кеңестік билік орыс тілін мемлекеттік мәртебеге көтеруге тікелей кірісті. 1938 жылғы 13 наурызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық комиссариаты «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылдады. Осы жылғы 5 сәуір күні Қазақ ССР ОАК мен ХК кеңесі «Қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қабылдаған қаулыда республикадағы қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқытуды қанағаттанғысыз дәрежеде деп санады, әрі бұл жағдайға жұрттың үрейін ұшыратын саяси баға берілді. Солақай саясатшылдар халыққа білім беру органдары мен жекелеген кеңес аппаратының кейбір буындарына контрреволюцияшыл буржуазиялық-ұлтшылдық пен троцкистік-бухариндік элементтердің кіріп кеткендердің мақсаты – лениндік-cталиндік ұлттық саясатты жүзеге асырмау, сөйтіп, қазақ халқының орыс халқымен туысқандық бірлігін бұзу деп түсіндірді. Мұндай түсінік саяси қуғын-сүргінді басынан кешіріп отырған зиялы қауымның аузын аштырмады, қолын іске барғызбады. Ал бұқара халық үн қатпады.
Шынына келгенде, ол кезде еліміздегі қазақ мектептерінің жағдайының өзі тіпті мәз емес еді. 1937/1938 оқу жылында республикадағы барлық 292 мектептің 157-і орыс мектептері, 10-ы аралас, 89-ы ғана таза қазақ және т.б. мектептер болатын. Бірақ бұл біздің басшыларды да, кейбір «белсенді» қосшыларды да ойландырмады, қайта олар өзімізді орға жығып, орыс мектебін көбейтуге, орыс тілінің үстемдігін орнатуға жеңдерін түре, маңдай терлерін сүрте кіріскен болатын. Бұл кеңестік биліктің жаңа тіл саясаты саяси мәдениеті төмен, кеше отарлық езгіде болған, әрі өз елінде азшылыққа айналған қазақ халқын зор қиыншылықтарға жетеледі. Соның зардабын жетпіс жылдай көрдік, көп нәрсеге көндік, әлі жалғасып келеді.
Сондықтан да егемендіктің елең-алаңында еліміздің шынайы ұлтшыл азаматтары ең бірінші тіліміз үшін күресіп, 1989 жылғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінде оның мемлекеттік мәртебесіне қол жеткізілді. Бұл 1995 жылғы Ата Заңда конституциялық шешімін тапты. 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда қазақ және орыс тілдерінің негізгі құқықтық мәртебелері мен қағидалары одан әрі дамытылды. Осы маңызды құжатты жүзеге асыру мақсатында алдағы басым бағыттар мен міндеттер де айқындалды. Аз уақытта көп нәрсе жүзеге асты. Мұның барлығы өз Отанында кеше ғана екінші қатарға ығыстырылған қазақ тілінің дамуына игі ықпал жасады. Мұны халқымыз көріп, біліп отыр.
Алайда қайта құрудан басталған тіл үшін күрес, ұлттық рух егемендікке жету мен тәуелсіздік алудан әрі аса алмады. Ең өкініштісі – патшалық Ресейдің отарлық саясаты, соның саяси жалғасындай болған кеңес өкіметі кезінде мемлекетіміздің де, ұлтымыздың да толыққанды қалыптаса алмағандығынан сан жылдар тілдік кеңістікте қордаланған қиыншылықтар мен қайшылықтарды жоюда батыл саяси және құқықтық әрекеттер жасалынбады. Асқақ идея жаңа жағдайда ұлттық мұраттарымызды шешумен жалғастырылып, дәстүрлі рухани бұлақтан суғарылып, санамыз тәуелсіздік талаптарына сәйкес тиісті жаңармады. Бірнеше ғасыр отаршылдықтан пайда болған жалтақтық, кеше ғана үстемдік жасаған, бүгін де жалғаса түскен құлдық психология үлкен кедергі болып жігерлі іске жібермей келеді.
Осындай жағдайдан бүгінгі ана тілдік кеңістікте әлі шешуін табатын мәселелер жеткілікті, тіпті ол кейде көбейе түспесе, әсте азаятын емес. Мұның қандай себептері бар? Қашан Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі – басты құндылығымыз», т.б. қастерлі сөз тіркестері қанаттанып, ұлтымыздың азаматтарының түгел көкейіне тұрақты қонатын болады? Туған тіліміз Тәуелсіздіктің табанды тұғыры қашан бола алады?
Мұның, біздіңше, толып жатқан себептері бар. Ең бастысы халқымызда ұлттық намыс, ұлттық рух бәсең. Бұл әзір көтерілетін емес. Ал орысша оқып, еуропаша тәрбиеленген қаракөздеріміздің көбінде мәдени құндылығымызға деген ықылас жоқ. Осының барлығы қоғамымызда ұлттық тілді қалыптастыратын әлеуметтік ортаны жетімсіз етіп отыр. Газеттерде жарияланған зерттеулер бойынша қазір қазақтың 60 пайызы тек орыс тілінде сөйлейді екен. Ал солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары.
Білім жүйесі – ана тілін жетілдіру ұясы
Ана тілін толықтыра, жетілдіре түсудің бірден-бір әлеуметтік ұясы – білім беру жүйесі. Бірақ бұл салада әзір қазақ тілінің мәселелері күрделене түспесе, жеңілдей қоятын емес. Бізде әлі мәселенің тегіне, жай-күйіне, болашағына терең бара бермеу, ғылыми-тәжірибелік негізі жоқ дүниелер басым. Әйтпесе ана тілінің базалық құндылықтары түгіл, жас ұрпағымыз өз ана тілінде дұрыс сөйлей алмай отырғанда, олардың ұлттық ойлау жүйесі әлі дұрыс қалыптаса қоймаған жағдайда қазақтілді балабақшаларда арнайы мұғалім бөліп, ағылшын тілін оқытар ма едік? Бұл аздай, ағылшын тілін өткен оқу жылынан бірінші сыныптан бастап оқыттық.
Білім және ғылым министрлігіндегілер республикада қазақ мектептерінің жеткіліксіздігі де үлкен мәселе болып отырғанымен санасқылары келмейді. Әлі үшінші ауысым жойылған жоқ. Тіпті Астанада қазақ мектептері жетімсіз, ал орыс мектептерінде жыл сайын оншақты бірінші қазақ сыныптар ашылуда. Осындай аралас мектептердің негізі орыс сыныптары да, ал азшылығы қазақ сыныптары болып отыр. Бұл қазақтың ұл-қыздарының өз ана тілін жүйелі меңгеруінде көптеген кедергілер келтіруде.
Рас, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі 2768-ден 3777-ге жетті. Бұл еліміздегі барлық мектептердің жартысына жетіп қалады. Ал өз жерінде бүкіл халықтың 65% болып отырған қазақтың басқа ұл-қыздары қайда оқиды? Кейбір аймақтарда аралас мектептер саны азаятын түрі жоқ. Олар орта білім ошақтарының 20 пайыздайын құрайды.
Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тілінің жағдайы мемлекеттік талаптарға сай емес. Жоғары білім беру саласында жұмыс істеп жүріп аңғарғаным студенттер, әсіресе қыз балалардың дені қазақ тілінде сөйлей бермейді. Орыс топтарындағы ұлты қазақ студенттердің 80-90 пайызы өз тілдерінде сөйлемейді. Орыстілді қазақ оқытушылар өзара да, студенттермен де тек орыс тілінде сөйлеседі.
Биыл Қазақ гуманитарлық заң университетінің қазақ және орыс тілдері кафедрасы «қазақ тілін» оқытуға байланысты сауалнама жүргізген болатын. Содан мысалдар келтіре кетейік. «Сіздің қазақ тілін меңгеру деңгейіңіз қандай?» деген сұраққа 149 студенттің 11%-ы өте жақсы және жақсы деп, 75%-ы орта деңгейде, 14%-ы ортадан төмен деңгейде деп жауап берген. «Қазақ тілін білу деңгейің төмен болса, оған не себеп болды?» дегенге 11%-ы «орыстілді қоғамда өмір сүргендіктен» десе, 56%-ы: «Отбасында, достармен қазақ тілінде сөйлемеуден не аз сөйлеуден» депті.
Осындай жайларды ойлап жоғары билік органдарына мынандай нақты ұсыныс та жасаған едік. Кез келген балабақшада ағылшын тілін оқытуды доғарып, қазақ тілін жүйелі түрде үйрету қажет. Бұл үшін балабақша тәрбиешілерінің мамандығын қосымша қазақ тілі пәнімен толықтыру қажет. Сонан соң бастауыш мектептің алғашқы сыныптарында бүлдіршіндердің қазақша жаза, оқи және сөйлей алуына, олардың ұлттық ойлау жүйесінің қалыптасуына ерекше мән берген жөн. Бар мүмкіндік, күш-жігер балабақша мен бастауыш мектептерде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталғаны дұрыс болар еді. Бұғанасы әлі бекімеген, ұлттық тәрбие мен ана тілін бойына толық сіңіре алмаған, ұлттық ойлау жүйесі әлі қалыптаса қоймаған ұрпаққа өзге тілді үйретуге күш салу ақылға сыймайды. Ал ағылшын және орыс тілін кейінгі сыныптардан бастап, бірақ оларды әлемдік білім-ғылымның негіздерін игеру құралы ретінде оқытқан дұрыс. Осы жерде Мұхтар Әуезовтың «оқыған қазақтардың көсемі» атаған Ахмет Байтұрсынұлының сонау елімізде қазақ тілдік орта күшті кезде бастауыш мектептің бес жылдық болуы, оның үш жылында қазақ баласы қазақша оқи, жаза және сөйлей алуы керек, төртінші жылдан бастап орыс тілін оқытқан жөн дегенін еске сала кетсек артық болмас. Бәлкім, он екі жылдық оқу жүйесін ойластырғанда осы жағдайды ескергеніміз жөн шығар. Ал білім мен тәрбиені қазақтың тілінде және ежелден келе жатқан еш халықтан кем емес ұлттық құндылықтарымызға негіздеп, бүгінгі замана талаптарына сәйкес жетілдіре, толықтыра ескере отырып жүргізген дұрыс болар еді.
Құқықтық кеңістіктегі қазақ тілі
Бүгінгі қоғамымызда ана тілдік ортаның дұрыс қалыптасуына кері ықпал етіп келе жатқан факторлар аз емес. Елбасының 2008 жылдан бастап Жолдауында орысша айтылған «триединство языков» сөз тіркесін кейбір шала сауатты саясатшылдардың қазақшаға «үш тұғырлы тіл» деп аударуы халықты да, тіл мамандарын да шатастырып, олар тілдің жалғыз ғана тұғыры болатынын, оның ұлттық тіл екенін біле тұра бұрмалап, орыс және ағылшын тілдерін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілімен бір деңгейге қоюда. Сөйтіп, құқықтық жағынан да, саяси жағынан да қателіктер жасалуда.
Мұндай жағдайды байқаған Елбасы 2008 жылғы 29 мамырда қазақтілді ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуінде осы «үш тілдің бірлігін», әсте «үш тұғырлы тіл» емес, дұрыс түсінбегендерге: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқан болатын.
Қазіргі ана тілдік кеңістік құқықтық жағынан да жетілмей отыр. Республиканың мемлекеттік ұйымдары мен мекемелерінде мемлекеттік тілге қатысты Конституциялық, заңдық нормалар тиісті орындалмай келеді. Мысалы, Конституцияның 7-ші бабының 1-інші тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жаздық та, 2-інші тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген құқықтық норма қабылдадық. Алайда осы екі қағидатты мәселенің екеуінің де толыққанды орындалып отыруын тиісті қадағалаудың жоқтығынан екінші тармақтағы құқықтық норма біріншінің рөлін атқаруда. Ал «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабының екінші бөлігінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген маңызды қағиданың да жүзеге асуы өз деңгейінде болмай, көбінде қағаз жүзінде қалып келеді. Сонымен қатар «Тіл туралы» Заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген 6-бабында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды» деген сөздерден басқа, мемлекеттік тілге қатысты ешбір қағидатты мәселелер қарастырылмады. «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-бапта «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды» деп мемлекеттік тілді басқа тілдермен қатар қойған жалпылама сөздер жазыла салды. Сөйтіп, онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тілі алға шығып, қауқарсыз қазақ тілі кешегі кеңестік кезеңдегідей екінші қатарға қайтадан ығысып отыр. Сондай-ақ Конституцияда мемлекеттік органдар мен мекемелерде орыс тілін мемлекеттік дәрежеге көтеру аз болғандай, «Тіл туралы» Заңның 21-бабына байланысты бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, мекеме мен ұйым атаулары, басқа да көрнекі ақпараттардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілінде жазылуы үш тілдің арасына теңдік белгісін қойды. Сөйтіп, заң арқылы халықты екі тілде жазуға, екі тілде сөйлеуге мәжбүр етіп отырмыз.
1998 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметі «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулы қабылдады. Соның «1. Орталық атқару органдары, барлық деңгейдегі әкімдер: 1) «Қазақстан Республикасында тіл туралы» Заңның 23-бабына сәйкес, мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, мемлекеттік органдарда іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшуге байланысты іс шаралар жоспарын жасап, жүзеге асырсын» деген бөліміндегі тапсырма (көбіне орыс тілінен қазақ тіліне аударылған құжаттар есебінен – Ә.Б.) 2006-2009 жылдар аралығында мемлекеттік тілге көшірілді деп жергілікті билік органдарына жоғарыға рапорт берілгеніне 6-7 жыл болды. Күнделікті өмірді мемлекеттік қызметкерлер бізден әлдеқайда жақсы біледі.Сондай-ақ «2. Іс қағаздарын жүргізу және ресми құжаттар әзірлеуге қатысты құрылымдар мамандарының мемлекеттік тілді білуі мен оны мемлекет қаржысының есебінен оқып-үйренуі кәсіби біліктілік талаптары қатарына жатқызылсын» деген қағиданың қандай деңгейде орындалып келе жатқаны белгісіз. Осы қаулыдағы «8. «Орталық атқару органдары 1999 жылдың 1-қаңтарына дейін өздерінің ресми шараларын, алқа мәжілістері мен түрлі жиындарын өткізетін залдарын ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етсін» деген тапсырма көбіне ілеспе аудармашы мамандардың жоқтығынан шала-жансар орындалып келеді. Содан республиканың мемлекеттік мекемелерінде өткен жиындарда сөйленген сөздер көбіне екінші тілге аударылмай, қазақ азаматы өз тілінде ақпарат алу және өз тілінде сөйлеу құқығынан айырылып, Конституциялық норма тікелей бұзылып, кейбіреулердің айтатынындай, түсінікті тілде – орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып жүрміз. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңнан кейінгі тікелей мемлекеттік тілге қатысты маңызды қаулы негізінен орындалмай, қазақ тілі мемлекеттік органдарда аударма тілге айналды.
Бірде Елбасымыз «Тіл туралы» Заңға заман талабынан туындаған өзгерістер енгізу керек болса, ондай қадамға барған дұрыс деген еді. Бірақ Үкімет те, Парламент те мұндай қадамға бара алмай отыр. Сондықтан ең болмаса Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес «Тіл туралы» Заңға мемлекеттік тілді қорғау және оған қамқорлық жасау бағытында қатаң талап қоятын құқықтық нормалар енгізу керек. Сондай-ақ Заңның «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» деп аталатын 21-бабын мемлекеттік тілдің талабына сай қайта жазып, күнделікті өмірде екі тілдің қосарлануын жойып, қазақ тіліне жол ашу аса қажет.
Президент «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп нақты айтқанымен, мемлекеттік тілге шынайы мемлекеттік көзқарастың қалыптаспауынан қабылданған заң, шешімдердің орындалуын қадағалауға жауапты органдар тарапынан жігерлілік, жүйелілік, ұстанымдылық жетіспей отыр. Сол себептен қазіргі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесімен санаспайтындар қатары күннен-күнге ерекше қарқынмен өсуде. Әйтпесе химия, физика, биология, информатика сияқты пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз дейміз бе? Сонда қазақ баласы жаратылыстану ғылымдарын қазақша білмеуі керек пе? Оларға әдебиет, мәдениет және тарихқа қатысты пәндермен шектелу жетеді ме? Қазіргі күні ешбір жерде, өзін қадірлеген, өз тілін құрметтеген елдің бірде-біреуінде өз пәндерін басқа тілде оқу жоқ болар.
Бүгінгі ағылшын тілін күндіз-түні насихаттаушылардың ойынша, ағылшын тілін еркін меңгерген халықтың табысы да мол, жастары арасында жұмыссыздық аз, бизнес-климат жоғары деңгейде көрінеді. Олай болса, кезінде ағылшындардың отары болған Африка құрлығының оннан астам елдері, Азиядағы Филиппин, Камбоджа, Индонезия сияқты елдер, ағылшын тілі екінші мемлекеттік тіл саналатын Үндістан неге осы күнге дейін кедейшіліктің құрсауынан шыға алмай жүр? Әсілі, байлық елдің табиғи артықшылығынан және меншіктеудің әділетті нысанынан құралып, басқарудың заңды әдіс-тәсілдері мен халықтың еңбекке деген ынта-ықылысымен жасалатын шығар.
Соңғы кезде тілдік кеңістіктегі жағдайлар туралы билік органдарына хаттар аз жазылып жатқан жоқ. Былтыр балабақшадағы ағылшын тілін оқытуға байланысты Үкіметке хат жазған болатынмын. Сөйтсем, ол хатты ешкім оқымай, әйтеуір тіл жөнінде шығар деп Мәдениет және спорт министрлігіне жібере салыпты. Олар, әрине, балабақша туралы бірауыз сөз жазған жоқ. Сонан соң жаңа Білім және ғылым министрінің қазіргі білім жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайын білмей, орта мектептердің материалдық-техникалық базасын көрмей, ұл-қыздарымыздың қабілет, мүмкіндігін танымай, бар мәселені жан-жақты ақылдасып, ойласпастан асығыс, ғылыми және тәжірибелік негізсіз үш тілдік білім беруді мәлімдегеннен кейін және Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған соң Президент әкімшілігіне арнайы хат жазсам, менің хатым Мәдениет және спорт министрлігіне жолданған екен. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Парламентіне, бір топ Сенат және Мәжіліс депутаттарына да хат жаздым. Аталған хатқа байланысты Сенаттың он бес депутаты сол кездегі Үкімет басшысы, еліміздің сол кездегі Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдады.
Содан не керек Білім және ғылым министрлігінен хаттарыма жауап алдым. Онда мемлекеттік тіл туралы министрлік жасап жатқан іс-шараларының мақсаты – 2020 жылға қарай барлық мектеп бітірушілерге қазақ тілін еркін меңгертеміз, сол үшін қазақ тілін жаңа оқыту әдістерімен жетілдіреміз дегеннен басқа қағидатты мәселені таба алмадым. Бір жарым беттік жауаптарында «үш тілді білім беру» мен «үш тұғырлы тіл» деген сөз тіркестерін 8 рет қайталапты. Бар ақпарат осы мәселелердің маңына топтастырылыпты. Сонан соң ағылшын тілінде білім берудің маңыздылығын өздерінше түсіндіргілері келіп, 2008 жылдан бері мектептерде ағылшын тілін оқыту үдерісінің жағдайын, оқыту үдерістерін зерделегендерін айтыпты. Сауалнамаға 300 мыңдай адам қатысыпты. Жауап берген ата-аналардың 81%-ы балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды екен. Шынына келгенде, қазіргі күндері баласының ағылшын тілін білгеніне қарсы ата-ананы қолға шырақ алып жүріп табу қиын шығар. Ал әлі тілі еркін шықпаған, ата-аналары да өз тілдерін білмейтін, тіпті қазақ тілінде сөйлегісі келмейтін ұл-қыздарымызға балабақшадан бастап, бастауыш мектептің бірінші сыныбынан ағылшын тілін оқытудың жай-жапсары жөнінде бірауыз сөз жоқ. Себебі мәселелердің жағдайын зерделеу министрлік үшін тиімсіз. Өйткені оның нәтижелері өздерінің мақсаттарына қайшы келуі мүмкін.
Сөз соңы немесе өз тілімізге өзіміз ие болуымыз қажет
Сөз соңында мемлекеттік мәртебеге ие болған туған тіліміздің тұғырлы болуы үшін отбасы да, білім жүйесі де, билік органдары да, бүкіл қоғам болып ана тілімізге қамқорлық жасауы қажет дегіміз келеді. Бұл үшін ең бірінші ұлттық рухымыз бен намысымызды көтерудің жолдарын ойластыру керек. Бұл бүгінгі күні отбасында тәрбие жұмысының, білім жүйесінің мазмұнын өз ұлтымыздың ежелгі құндылықтарымен байыта түсіп, қазіргі замана ұсынған жаңа идеяларды өз тарихи және ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдау қажет етеді. Білімнің функционалдық қызметін арттыруда оның жалпы көлемін ұлғайтудың есебінен емес, балаларымыздың ойлана білу қабілетіне, логикалық жүйесінің дамуына ерекше көңіл бөлген жөн. Ұлылық жүйелі ойлана білуден бастау алатынын ескерген абзал. Өзімнің жоғары оқу орнындағы көп жыл байқағаным – ұл-қыздарымыздың ойлана білу өнерінің тым төмендігі. Бұл – олардың толымды азамат болып қалыптасуындағы басты кедергі.
Қазақстаннан өзге кез келген өркениетті елдің азаматтары өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Ал біз осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын Тәуелсіздікке қол жеткізсек те, тіл саясатында көңіл көншітерліктей нәтиже жоқтың қасы. Алаш арысы Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген екен. Шынында да, ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары сезіне түсуге көмектеседі. Ал мемлекеттік тіл – ұлттың өзіндік санасын қалыптастыратын бірден-бір құдіретті күші екенін ескергеніміз жөн.
Тілімізге мән бермеу – еліміздің тағдырына мән бермеу. Тілінен айрылған елдің өзі де бірте-бірте жойылатынын әрбір қазақ түсінгені дұрыс болар еді. Кезінде екі тілде білім беруді дұрыс ұйымдастыра алмай, ана тіліміздің үстемдігін қамтамасыз етпей, оны екінші қатарға шығарған болатынбыз. Енді балабақшадан үйретіліп жатқан қос тілдің үстемдігін ана тіліміз көтере алар ма екен. Көпшілікті ойлантып жатқан осы мәселе. Өйткені қай уақытта да үстем тіл жергілікті тілді жұтып отырады. Мұны Ресей аймағындағы, Америка жеріндегі байырғы халықтардың тағдыры талай дәлелдеді.
Сондықтан сөз соңында айтарым, жақсылықты көктен де, жерден де іздемейік. Ұлттық рухымызды қамшылай, ұлттық намысымызды оята отырып, өз тілімізге өзіміз ие болайық. Тіл – біздің жанымыз, бүгініміз де ертеңіміз. Осыны жете ойлансақ жақсы болар еді, ағайын!
Баға беріңіз