Мардук құдайы мен Мәртөк ауданының қандай байланысы бар?

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін ересектерге, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге оқытудың қазіргі теориясы мен тәжірибесінде қоғамымыздың үдемелі даму болмысы мен сол даму қарқынынан ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қараша, 2016

Сонымен бірге осындай өзгерістердің болуының өзі – Қазақстанның көпұлтты сипатына, көпмәдениеттілікті дамытуға арналған бағытына, өркениеттің жоғары деңгейлеріне ұмтылған бағдарлы жоспарларына тікелей байланысты екенін ұмытпау керек.

«Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың
2011 - 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты – «Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын» жүргізу деп белгіленген. Осы маңызды құжатта мемлекеттік тілді дамытудың стратегиялары мен бағыттары көрсетіліп, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қызмет ететіндігі айқын танытылған.

Мемлекеттік тілді оқытудың қазіргі кезеңдегі басты бағыттарының бірі – этносаралық мәдениетті қазақ тілін дамытудың негізгі тірегі етіп алудың ғылыми және тәжірибелік жолдарын анықтау болып табылатыны да жоғарыда аталған бағдарламадан туындайды.

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі − осы Елдің түпкілікті иегері және атауын беріп отырған «Қазақ» ұлтының ана тілі болып табылады. Сонда қазақ тілінің әлеуметтік лингвистикалық қызметіне, ендігі ретте, тек қазақ этносының ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этностардың құндылығы болатындай аксиологиялық жүйені құрау міндеті де енгізілетінін барлық азаматтар және тілді дамыту саласындағы мамандар мен ғалымдар тегіс түсініп, соған бағытталған қызмет атқаруы керек.

Мемлекеттік тілді дамытудың мазмұндық негізі – қазақ тіліндегі құқықтық-нормативтік құжаттардың қазақша болуы және Қазақстанның мәдени-тарихи шежіресі болашаққа қазақ тілінде баруына тірек болатын игілікті қызметтер атқару.

Қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» мәртебесінде көпқырлы қызметті атқаруына тіліміздің фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық бай қоры жетіп артылады. Бірақ осыншама қуатты тілдің қазіргі күнге дейін кең тыныста қолданылмауы – мемлекеттік қызметке көптен-көп байланысты.

Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Айта алатын адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ айта алатын адам табылуы қиын», − деген сөзін келтірудің өзі жеткілікті.

Бұл күнде мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтерінде қазақ тілін мол байлығымен, қалыпты стильде, орыс тілімен тең дәрежеде қолдана алмауы үлкен сұрақтар туғызып отырғаны аян. Бұл, бір жағынан, үлкен әлеуметтік лингвистикалық мәселе, екінші жағынан, қазақ тілінің этномәдени бай мұрасының жаңа заман қызметін атқара алмай жатыр ма деген сұрақ туғызатын этнопсихолингвистикалық мәселе болып табылады.

Қазақ тілінің бай әрі толыққанды жүйе ретінде өзінің ішкі (интралингвистикалық) мүмкіншіліктерінің сыртқы (экстралингвистикалық) мүмкіншіліктерімен қабысуына ұмтылатыны белгілі.

Қазақ тілінің ағылшын, орыс, қытай, жапон, француз, неміс тілдері сияқты әлемдік тілдер қатарына бірден еніп кетпесе де, Googlе-дегі тілдердің қатарына қосылуы – тілімізді мемлекеттік тіл мәртебесіне сай дамытудың маңызды шарттарының орындалғанын дәлелдейді.

Ендігі басты да, бірегей міндет – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттілігімізді танытатын аса маңызды атрибутына шынайы айналуы қажетті барлық шараларды атқару.

Аталған жүз тараулы шарттың әрқайсысын санамалап, таратып, олардың орындалуының әдістері мен әдістемелік тұтас жүйесін анықтап, жолға түсіру – ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тәжірибелік тұрғыдан өмірдің сан саласына енгізілуін талап ететін, сол үшін қолдан келген күшті аянбай сарп ететін зор жұмыс. Бірақ сол зор жұмыс тегіс атқарылмаса, кезінде дүниені дүрілдетіп тұрғанымен, көптеген дамыту шарттары орындалмаған себепті жойылып, тарихтың шаңына батып кеткен тілдердің қатарына түсу қаупі бар екендігін де санамызға айқын етіп жазып алуымыз керек.

Қазақ тілінің жер астында қанша жатса да, табылғанда сол қасиетін жоймайтын алтындай қасиеті туралы тек мақтанып қана айтпауымыз керек, сол қасиетін қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиямен тікелей байланыстырудың тиімді жолдарын табудан үміт ете отырып айтуымыз керек.

Ол – қазақ тілінің кумулятивтік қызметінің әлі де болса жүрегі дүрсілдеп атқарып отырған қызметі.

Құдайберген Жұбанов қазақ тілін зерттеуде геологияның палеонтологиялық әдісін ұстанатын болсақ, жазба тілден емес, ауызекі сөйлеу тілінен әлі де болса көрініс беретін сонау мыңжылдықтардан бері келе жатқан мәдениеттің, тарихтың, психологияның, философияның көрінісін тануға, табуға болатынын айтып кеткен болатын.

Осындай бір кереметтерді Қазақ тарихында әлі де болса ашылмай келе жатқан парақтардың «ұйықтап жатқандығын» дәлелдейтін деректер арқылы көрсетуге болады.

Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін үйренудегі, оқып-білудегі қызметі тек құжаттарды қазақша толтыру емес. Осындай өте тар аяға кіргізіп жіберген қандай әдіс екенін түсіну қиын. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік заңды орындаушы, қорғаушы, сақтаушы ретінде қазақ тілінің тек кабинетте ғана емес, қазақ тілінің өмірдің барлық саласындағы – қоғамға, табиғатқа, адамның жеке өміріне байланысты қызметін дамытуы міндетті екенін санасына айқын түйіп алуы тиіс.

Қазақтың жеріне Құдіретті күш иесінің рақымы молынан түскен деп айта аламыз. Қазақ жері– адамзат өркениетінің тал бесігі болғанынан, дүниенің жарық сәулесін діни таным тұрғысынан әлемге тарата алған орталық нүктесі болғанынан хабар, мәлімет беретін көптеген деректер бар. Олар – мүлгіп жатқан қорғандар, олар – әлі ашылмай жатқан, шөп басып кеткен қыраттар мен тау-тас аңғарларындағы ата-бабалардың жүріп өткен іздері. Олар – қазіргі қазақтар сөйлеп жүрген сөйлеу тіліндегі ежелгі тілдік құрылымдар.

Мысалы, Ақтөбе өңіріндегі «Жем» өзенінің атауы Зороастризмнің Гимні болып табылатын «Авестадағы» барлық төрт түлік малды өсіруші Йим болуы мүмкін (түркі тілдеріндегі Й-Ж дыбыстарының алмасуы), «Мартук» деген жер атауының Зороастризмнің парсыларда сақталып қалған Мардук деген құдайға құлшылық ету орны болуы мүмкін. Егер сол араны жақсы археологиялық зерттесе, түрлі құлшылық ету қазандары мен орындары табылуы мүмкін. «Азбар Тас» атауының орыс тіліне аударылған «Авестадағы» «азъ» – қасиетті, «варъ» − врата, место, орын, яғни Наурыз күні аспанға жететіндей алаулатып от жағатын қасиетті орын екені, «Бәйментау» жерінің атауы «Зороастризмдегі» санскрит тіліндегі «Ведалардағы» Виман (лиман) – Биман –Бәй+ман – (қасиетті адам) деген сөздің мағынасы – «аспаннан түскен адамдар мен олардың ұшатын құралдары және атқылайтын қарулары» болғанын білдіретін сөздер болуы мүмкін.

Әрине, мұндай деректерді қазіргі ақпараттық қолжетімділік пен көп тілдерді білудің арқасында молынан келтіре аламыз. Бірақ мақсатымыз ол емес. Мақсатымыз − қазақ тілінде сақталған этномәдени құндылықтарды яғни ата-бабамыздан қалған материалдық, рухани және әлеуметтік құндылықтарды тану және қолдану, оны болашаққа жеткізу үшін, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің терең біліктілігі мен жанашырлығы керек екендігін айту болып отыр.

Қазақ тілін «Сәлеметсіз бе!» деп бастап үйрету керек. Бірақ сол айналада үйіріліп тоқтап қалмай, қазақ тілін ұлттық рухани әлем ретінде оқытуға көшу керек.

Бұл жерде лингвоелтанымдық бағыт та, қазақы коммуникативтік ережелер де, барлық салт пен дәстүріміз де, әдетіміз бен ғұрпымыз да – бәрі Тілді қазық етіп, соның айналасында сақталғанын және осы бағытта әрі қарай кеңейте дамыту керек екенін баса айтқымыз келеді. Сонда қазақ тілі мен қазақы коммуникативтік мінез-қылықтың бірінен екіншісі туындап жататын табиғи тұтастықты қалыптастыра аламыз.

Коммуникативтік мінез-қылық – белгілі бір тілде сөйлейтін халықтың, ұлттың нормалары мен әдет-ғұрыптарының жиынтығы ретінде анықталады.

Қазақша үйретуде тек орыс тілінен не басқа тілден алынған сөздердің сыртық дыбыстық қабығын ғана қазақ дыбыстарымен ауыстырып, ал ішкі семантикалық-мағыналық мазмұны мен оны айту нормасы сол тілдердікіндей болып қалатын болса, бұл - қазақ тілінің болашағына жіберілген кесел екенін түсінуіміз керек.

Коммуникативтік мінез-қылық арқылы тұтас ұлттың ерекшелігі танылады. Ал сондықтан қазақ тілінен үйретілетін әрбір жаңа сөз не ұғым қазақы коммуникативтік мінез-қылық қалыптастыратындай болуы керек.

Қазақша коммуникативтік мінез-қылық қалыптастырмағандықтан қазақша тілдік орта да қалыптаспай жатыр. Мұны түсіну керек. Сондықтан барлық сабақтарда қазақы коммуникативтік мінез-қылық тіл үйретумен бітісе үйретіліп, кейс-стади жаттығуларының тұтас кешенімен берілуі керек.

Қазақша коммуникативтік мінез-қылықтан әлеуметтік мінез-қылық қалыптасады. Егер қазақша сәлемдесуден бастап, табиғатқа, қоғамға, жеке адамға арналған қарым-қатынасына дейінгі аралықта ұлттық коммуникативтік мінез бен қылық қалыптастырылса, онда бұл біртіндеп қазақстандық әлеуметтік символизмге айналады. Ал олай етілмеген күйде тек қазақша дыбыстар айтылып, ал рухани дүниеде сол жат елдің мінез-қылығы жасалатын болса, онда тіл мен рухтың бірікпеуі салдарынан екеуінің бірі не екеуі де жоғалады.

Мысалы, қазақтарға сый не кәде алып келгенде, сол жерде бірден ашып қарау ұят болып саналады. Яғни алған бойда «ашып қарамау керек» деген ұғым/сөз қалыптасқан Ал қазір «ашып қарау керек» деген бұйрық мәнге айналып бара жатқан әдет енгізілуде. Бұл басқа елдің әдеті біртіндеп жаймен ғана ұлттық рухты ысырып бара жатқанының көрінісі.

Қазақтардың коммуникативтік мінез-қылықтары туралы қарастырайық.

1)Жүзі жылы, жымиып, күлімсіреп амандасады. «Түсі игіден түңілме». Түксимеу керек.

2) Амандық сұрасу ұзақ болады. Амандық-саулық сұрасып тұрып, екі адам бір-бірінің көңілінің күйін домбыраны шертіп отырып тапқандай тауып алады. Сондықтан «е-е-е» дей түсіп, «солай де» дей отырып, қайта-қайта үйін, мал-жанын, көршілерін, ауылын сұрастыра келіп, екеуіне де ортақ тақырыпқа – Елдің тұтас жайына алып келеді. Осы жерден бастап манадан бері «сұрақ пен жауап» түріндегі диалог енді «тең диалогке» айналады. Ортақ тақырып туралы әрқайсысы өзінің ойын айта бастайды. Сөйтіп, біртіндеп терең әңгімеге аз уақыттың ішінде кірісіп кете алады. Бұл – қазақтардың «тіл қағысудан тіл табысуға дейін» тез бара алатын қасиеті болып табылады.

3) Әңгіме тереңдей бастаған кезде екі тарап та психологиялық сақтық амалын ұстанады. Ол – «Қай елденсіз?» деген сұрақ қою. (Бұл қазір әркімнің руын айтып, бірақ тарихын білмейтін адамдар үшін өте қиын мәселе.) Өйткені осындай сұрақ қою арқылы әңгімелесушілердің тақырыбы жаңа деңгейге көтеріледі. Яғни тарих пен танымға байланысты мәселелер туралы сөз болатын деңгейге көтеріледі.Тіпті сұрастыра келе «қарын бөле» болып шығып жататыны да осы тұста болады.

4) Қазақтардың коммуникативтік мінез-қылықтарында бет-аузын көп қимылдату, қарқылдап күлу, ашық боламын деп аржайы болып кету – өте әбестікке жатады.

5) Қазақтар өзінің жеке басының мәселесін, міндетті түрде табиғатпен, қоғам өмірімен, шаруашылықпен тікелей байланыстыра отырып баяндайды. «Мен» дегенге байланысты мәселелерді бірден және даралап айтпайды. «Елдің ортасында болайық! Ерекше болғаннан сақтасын!» деп тілейді.

6) Сұхбаттасқанда тең дәрежеде болуын екі тарап та көздейді. Және сол тепе-теңдікті сақтап отырады. Артық әзіл, орынсыз күлкі болмайды. Болған жағдайда кешірім сұрайды немесе, тарқасып кетеді.

7) Сөйлесіп отырған адамға тікелей бажырайып қарамайды. Сөзін тыңдай отырып, көз қиығын тастай отырып, мол ақпарат ала алады.

8) Ер адамдар қол алысуды жөн санайды.

9) Қазақтардың коммуникативтік мінез-қылықтарында тілдік қарым-қатынас орнату үшін амандасуға байланысты фраза және оның айтылу өрнегі үлкен орын алады.

10)Қазақы коммуникативтік мінез-қылықтың тағы бір ерекшелігі – басталған әңгіме қызықты болса, сұхбаттасын біреуі үйіне қонақ қып ертіп әкеледі.

11)Қазақы коммуникативтік мінез-қылықтың әрбір сәтінде үлкендерге, әйелдерге, кішілерге құрмет сезімі көзге ұрып тұрады.

Түптеп келгенде, айтарымыз, Қазақстандағы әрбір басқан қадамының астында, күнделікті сөйлеп жүрген сөздің астарында тарих сөйлеп жатыр. Ал мемлекеттік қызметші өзінің қызметін күнделікті қағаздарды толтырып қою деп тар аяда түсінсе, мемлекеттің өткені мен қазіргісін және қазіргісі мен болашағын жалғастыратын Алтын көпір – ҚАЗАҚ ТІЛІ және оны дамытудың кең тынысты жолын танымаса, қазақ тілін мемлекеттік деңгейде сақтаудың, дамытудың механизмдері, тетіктері туралы айту өте қиын.

Қазақ тілін тездетіп музей, мұражайларға апарып қоюды ойластырып «қарау көздердің» ойлағанын болдырмау үшін, қазақ тілінің әрбір әрпінің, әр дыбысының болашаққа жаңғырықпен емес, қазақстандықтардың тірі, жанды сөйлеуімен бара алатын ету – баршамыздың басты парызымыз болып саналады.

Қолданылған әдебиеттер мен дереккөздер:

  • «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың
    2011 - 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы». - http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1100000110
  • «Авеста». Перевод на русский язык И. Стеблин-Каменский. – Москва, 1993. – 207 стр.
  • Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Төртінші кітап. – Алматы: Дайк-Пресс. 2004. – 504 бет.
  • Куанганов Ш.Т. «Арий-гун» сквозь века и пространство: свидетельсва, топонимы. - Астана.2011.- 1-2 кн.
  • Құрман Н.Ж., Рахматуллаева А. Құдайберген Жұбанов және қазақ психолингвистикасы. – Астана, 2014.- 110 бет.
  • 5. http://chudomir.com/archives/46
  • http://whatreallyhappened.com/WRHARTICLES/pearl/ww...

Баға беріңіз