ТІЛ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСА, ҰЛТ ҒҰМЫРЛЫ БОЛАДЫ

Бір қарағанға, күнделікті өмірде жиі естіп жүрген құлаққа сіңісті сөз тіркестері сияқты болып көрінгенімен, шындығында, көтерілер мәселенің жүгін айқындап тұр. Мемлекеттік бағдарламаның латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту секілді маңызды үш бағыты бар. Мемлекеттік бағдарламаның нысаналы төрт индикаторы бар. Соңғы үш жыл бедерінде бұлардың қаншасы орындалды, нешеуі қандай себепті жүзеге аспай қалды – себептері нақты сараланған. Бұдан әрі соңғы меже ретінде қол жеткізуге тиісті он жеті нәтижелі көрсеткішке көшеді.
Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома: ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін, әлбетте, ең алдымен, тіл өркендеуі қажет. Бірақ, құр жалаң ұран деңгейінде қалмас үшін, тілді дамыту жолындағы кемшіліктер мен кедергілерді айқындап алған жөн болады.
Құжат тіл саясатын іске асырудың ағымдағы жағдайына талдау жасап, болашақта жүйелі деңгейде шешуді талап ететін бірқатар проблемаларды, соның ішінде мемлекеттік тілдің өзінің нормативтік-құқықтық мәртебесіне сәйкес қоғамның кейбір салаларында толық қолданылмайтынын, заң және басқа да құжаттардың түпнұсқа мәтіндері орыс тілінде әзірленіп, аударылуы себепті мемлекеттік тілдің қолданыс аясына және оның әлеуетін толық ашуға кедергі келтіріп отырғанын атап көрсетеді.
Бәрі тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Ағымдағы жағдайды талдау бөлімінде тіл саясатын іске асыру әдістемелік қамтамасыз ету мәселесі сөз болып, лингвистикалық жұмыстар талданады. Соның ішінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті толық ашылмаған дей келе, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында қазақ тілінде жазылған еңбектерді көбейту қажет екеніне тоқталады. Әсіресе, лингвистикалық жұмыстарды цифрландыру бағыттары кеңейтілмегені, кірме терминдерді игеру жолдары қайта қаралмағаны, ғылыми негізделген терминологиялық база қалыптастырылмағаны баса айтылады.
Тұжырымдамада көрсетілген тіл саясатындағы Малайзия үлгісі назар аударуға тұрарлық. «Малайзия тілі мен әдебиеті бойынша кеңес» атты ғылыми-зерттеу және баспа орталығы құрылып, елдегі тіл саясатын жүзеге асыру, ғылыми, әдістемелік және ұйымдастыру жұмыстары осы мекемеге жүктеліпті. Кеңестің тиімді жұмысының нәтижесінде мемлекеттік тіл деп жариялаған малай тілі қоғамның барлық саласында жетекші тілге айналған. «Малай тілін дамытудың тәжірибесін Қазақстанда қолдануға болады. Ол үшін ең алдымен тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелердің және ғылыми, әдістемелік институттардың, орталықтардың бір жүйеде болғаны жөн», – делінеді Тұжырымдамада.
Несі бар, тәжірибеде сынап көрсе, сындарлы нәтиже шығуы да ықтимал.
Қазіргі қолданыстағы Заң әлеуетінің толық пайдаланылмайтынын талай мәрте айтып келемін. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардағы қаржы саласындағы құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесі әлі күнге төмен, ішкі құжат айналымының көбіне орыс тілінде жүргізіледі, ал мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша тиісті құжаттар түгелімен бірыңғай орыс тілінде әзірленеді.
Тұжырымдама жобасында бұл мәселе жан-жақты қамтылыпты.
Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданысын арттыру мәселесіне келгенде, бірінші кезекте, ғылым тілін қазақ тілінде жетілдіру, терминологиялық жұмыстарды жандандыру, салалық терминдер сөздіктерін әзірлеу, терминологиялық база жасау туралы мәселе өте орынды көтерілген деп ойлаймын.
Алыс жол алғашқы адымнан басталады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуда шешуші рөл атқаратын бұл маңызды құжат жобасында өткен тәжірибе де, бүгінгі өзекті мәселелер мен болашаққа арналған мақсат-мұрат та – бәрі мейлінше жарқын көрініс тапқан. Әлі күнге қолбайлау болып келе жатқан әртүрлі кедергілер кеңінен талданып, бірінші кезекте, оларды еңсеру жағы көзделген. Атқарылуға тиісті қажетті шаралардың сабақтастығы қуантады.
Тұжырымдама – ілгеріде сөзсіз жүзеге асатын ілкімді істердің табан тірейтін берік іргетасын қалауға жол ашады, соның бастау алар бірден бір тұғыры. Ал тіл тұғырлы болса, ұлтымыз ғұмырлы бола береді.
Оразкүл Асанғазы,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Баға беріңіз