АЛАШ БАЛАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОҚУЛЫҚТАРЫ - ІІІ

ҰЛТ ҰСТАЗЫ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ӨМІРШЕҢ ОҚУЛЫҒЫ – ҚАЗАҚША ӘЛІФБА ТУРАЛЫ1912 жыл қазақ зиялыларының көптеп оқулық жазған жылы саналады. Бұл жылы Ахаң ғана емес, алаштың өзге де балалары оқулық жазудан ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 қаңтар, 2023

Төте жазудың барлыққа келуі Түрік елдері жазу тарихындағы жаңа белес, ғылыми құбылыс деуге болады. Ғалымның сол жылы осы төте жазуы арқылы тұңғыш оқулығын, келер жылы (1913) жылы «Қазақ» газетін шығаруында да үлкен тарихи нысана барын кейінгі жұрттың бірі білсе бірі білмейді. Ахаң өзінің оқулығы және «Қазақ» газеті арқылы қазақтың енді ғана жарыққа шыққан ұлттық жазуын тез арада ұлт санасына сіңіріп үлгіруді көздеген еді. Бұған дейін өзінің «Маса» жинағы арқылы жұртқа танылған А.Байтұрсынұлына оқулықты баспадан шығарудың жолы ашық еді.1912 жылы Орынбордағы «Кәримов, Құсайнов» атындағы баспадан А.Байтұрсынұлының тұңғыш оқулығы қазақ рухани әлеміне нұр шашып шыға келді. Аталған оқулықты нұрға балап және аса өміршең еді деп бастауымыздың мәнісі бар. Себебі, ғалымның бұл оқулығы шыққаннан кейін, сол тұста оқулық жазған өзге зиялылардың «Әліппе» құралдары қолданыстан өздігінен шығып қалды.

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (Қазақша әліфбасы) 1912-1925 жылдар арасында бірнеше рет (қолда бар материалдарға қарағанда 8 рет) басылып шыққан. 1912, 1913, 1914 жылғы (екі бөлімі біріктіріліп басылған), 1921, 1922 жылғы (екі рет), 1923 және 1925 жылғы нұсқалары бар. Кейбір деректерде оқулықтың 1916 және 1924 жылғы басылымдары да бар екені көрсетілген. Бірақ, аталған жылдардағы нұсқалар біздің қолымызға түспеді. Демек, осы он үш жыл ішінде қазақ ағартуының көшін бастап А.Байтұрсынұлының осы оқулығы тұрды. Неше жүз мыңдаған қазақ өрендері осы оқулықпен сауатын ашты. Тиражы жүз мыңдап шыққан оқулықтың өміршеңдігі де осында жатса керек.

Оқулықтың Аса қызықты әрі құнды жерін айта кетелік. Аталған оқулықтың бірінші бөлімі «Оқу құралы» (қазақша әліфба) деп аталып, тек қазақ тілін үйретуге арналса, екінші бөлімі «Оқу құралы (қазақтан басқа түрік, араб, парсы сөздеріне жазылатын харыфтарды үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген, әліфбаға жалғас, екінші кітап)» деген ескертпемен бөлек кітап болып басылған. Мұнда аса үлкен сыр жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Ахаң бастаған ұлт зиялылары Алаш орда деп аталатын дербес елде тек қазақтың ғана емес, туыстас мұсылман түрік жұрттарының (татар, ноғай, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, т.б ) басын біріктіру көзделгенін осы оқулықтан да біліп алуға болады. Себебі, автор оқулықтың екінші бөлімінде аталған туыс халықтардың тілдеріндегі өзгешеліктер мен ислам діні терминдерінің атауларының емлесіне арнайы тоқталып отырған. Бұл ғана емес, оқулықтың құнары терең отаншылдық мазмұны мен өнер-білімді тақырып еткен мәтіндері осыны айғақтай түседі.

Ахмет Байтұрсынұлы ақталған 33 жылдан бері ғалымның еңбектері неше рет том-том болып басылым көрсе де, оқулықтың осы бөлімі яғни тұтас түрік қамын жеп жазған екінші бөлегі тәуелсіздіктен бергі қазіргі жазумен шыққан жинақтарына енгізілмей келді. Биыл Ұлт ұстазының 150 жылдығында ғана біздің көшіріп, текстологиялық сараптаудан өткізуіміз арқылы «Ақымет Байтұрсынұлы таңдамалы шығармаларының үш томдығы» (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2022) мен «Ахмет шығармаларының академиялық толық жинағының бес томдығына» (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты) оқулықтың аталған екінші бөлімі тұңғыш рет енгізілді.

Бұған дейінгі А.Байтұрсынұлының жинақтарында және көптомдықтарында аталған оқулықтың 1912 жылғы нұсқасының бірінші бөліміғана беріліп отырған. 1912-1913 жылдары ғалым бұл оқулығының екі бөлімін бөлек жазып, бөлек бастырып келсе, 1914 жылдан бастап аталған оқулықтың екі бөлімі біртұтас басылған.


«Оқу құралының» (қазақша әліфбаның) аталған сегіз нұсқасының ішкі мазмұны ұқсас болғанымен, жылдар өткен сайын оқу-ағарту ісінің сол дәуірдегі талаптарына және Патша үкіметі құлауы мен Кеңес үкіметі орнауы барысындағы көптеген тарихи өзгерістерге байланысты ғалым оқулықтарының мазмұнын бірде толықтырып, бірде ықшамдап отырған. Төте жазуды жетілдіру барысында да жыл сайын өзгеріп отырған емлелік ережелерге байланысты, аталған оқулықтың әр нұсқасында айырмашылықтар көп. Мысалы, 1921 жылға дейін аталған оқулықта араб тілінен енген сөздер араб тілінде қалай дыбысталып, қадым жазуында қалай жазылса, сол бойынша беріліп келген. 1923 жылдан бастап араб тілінен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдеп жазу қарқын алғанын ғалымның оқу құралынан да байқауға болады. Ғалымның аты-жөні 1923 жылға дейін «Ахмед Байтұрсынұф» 1924 жылдан кейін «Ақымет Байтұрсын ұлы» болып жазылу да қазақ жазуының емлесі тұрақтанған 1924 жылғы ережеге байланысты болып отыр. Оны да кейбір зерттермендерше сан саққа жүгіртудің қажеті жоқ. Алаш мұралары мен Ахаң еңбектерін хронология бойынша парақтаған кісі көкейдегі көп сауалдың жауабын осылай оңай таба алады.

1912, 1913 және 1914жылғы «Оқу құралдары» мазмұндық жақтан ұқсас. 1921 және1922 жылғы (екі рет басылған) нұсқалары да бір-біріне біршама жақын.

Осы жерге келгенде А.Байтұрсынұлының өзге деоқулықтарының тізімін айта кетуіміз керек. Себебі, Ұлт ұстазы «Маса», «Қырық мысал» сынды әдеби еңбектермен қоса, «23 жоқтау», «Ер-Сайын» қатарлы фольклорлық мұраларды баспадан шығарғаны белгілі. Тек қана оқулықтардың өзінен: «Оқу құралы» (Қазақша әліфба) (1912-1925, 8 рет басылған), «Оқу құралы» (үлкендерге) (1921), «Сауат ашқыш» (үлкендерге) (1926), «Әліпби. Жаңа құрал» (1926-1928, 3 рет басылған), «Баяншы» (оқытушылар қолданбасы) (1920-1921), «Тіл жұмсар, І», «Тіл жұмсар, ІІ» (екі бөлімі екі бөлек кітап, 1924-1926), «Тіл құрал» (1918-1929) (Сөздің дыбысы, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі деген үш үлкен бөлімнен тұратын үш бөлек оқулық, жалпы 34 рет басылған), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Оқу құралы» (Телжан Шонанұлымен бірге жазған, ІІІ-IV жылдықтарға арналған, 412 беттен тұратын аса көлемді оқулық).

Міне, бұлар А.Байтұрсынұлының бүгінгі бізге белгілі оқулықтары. Дегенмен, аса көп таралыммен (неше он мыңнан, жүз мыңнан) таралатын бұл оқулықтардың неше қайтара басылғанын ескерсек, А.Байтұрсынұлы талассыз ұлттың ұлы ағартушысы екеніне қайта бір толық көзіміз жеткендей болады.

Енді бір қызықты мәлімет және бұл салада ізденушілер де көп ағаттық жіберетін тұсы А.Байтұрсынұлының оқулықтарының ішінде тек «Оқу құралы» деген атпен аталатын еңбектерінің өзі бірнешеу болғандығы. Ғалым еңбектерінің осы тұсын да ашып айта кетелік:

Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» деген атпен жарық көрген оқулықтарының өзі өз ішінен төртке бөлінеді.

Бірінші, балаларға арналған («Оқу құралы» деген атпен шыққан оқулықтардың өзі бірнеше түрлі болғандықтан, «Балаларға арналған» деген анықтаманы біз қосып отырмыз. – Ә.Ахмет.) «Оқу құралы» (қазақша әліфба). 1912-1925 жылдар аралығында 8 рет басылған.

Екіншісі, үлкендерге арналған «Оқу құралы» (Семей,1921).

Үшіншісі, оқытушыларға арналған «Қазақша әліппеге баяншы. Оқу құралы» (1920).

Төртінші, Телжан Шонанұлымен бірге жазған, ІІІ, IV жылдықтарға арналған көлемді «Оқу құралы» (1927 жылы, Қызылорда, екі нұсқасы бар).

Аталған «Оқу құралдары» – А. Байтұрсынұлының «Әліпби – жаңа құрал», «Сауат ашқыш» деген аттармен жазылған өзге оқулықтарынан мүлде бөлек еңбек. Оның үстіне аты «Оқу құралы» болған осы төрт түрлі оқулықтың өзі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тіптен, балаларға арналған «Оқу құралының (қазақша әліппе)» 1912-1925 жылдар аралығында басылған сегіз нұсқасының арасында да айтарлықтай айырмашылықтар бар екенін жоғарыда атап өттік.

Осы айырмашылықтарға арнайы тоқталсақ, ғалымның балаларға арнап жазған «Оқу құралының» (Қазақша әліфба) сегіз нұсқасы арасында мынадай айырмашылықтар кездеседі:

1. 1912-1913 жылдар арасында «Оқу құралы» тек бірінші сыныпқа арналған әліппе ретінде шығып тұрған. Бұл жылдары оқулық бірінші, екінші бөлім болып екі бөлек басылды. Бірінші бөліміне «Оқу құралы» (Қазақша әліфба)» деп берілсе, екінші бөлімі «Оқу құралы (қазақтан басқа түрік, араб, парсы сөздеріне жазылатын харыфтарды үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген, әліфбаға жалғас, екінші кітап)» деп берілген. Яғни осы жылдар арасында бір ғана «Оқу құралының (әліфба)» өзі екі бөлімнен тұратын, шағын екі оқулық есебінде болды.

2. 1914 жылы Орынборда шыққан «Оқу құралында» бұған дейін екі бөлімнен тұратын екі шағын оқулық біріктіріліп, баспадан бір оқулық ретінде шықты. Осы үрдіс 1925 жылға дейін жалғасты. Дегенмен, 1922 жылдан бастап араб, парсы тілдерінен кірген дыбыстарды таңбалайтын әріптерді таныстыратын екінші бөлімді автор барынша ықшамдап берген. Яғни 1921-1922 жылға дейін екі бөлімнен тұратын оқулық 90 беттен асса (1921 жылы 90 бет, 1922 жылғы Ташкент басылымы 95 бет), 1922 жылғы Орынборда шыққан «Оқу құралынан» бастап, 1923, 1925 жылдары түгелдей 72 бет болып шыққан. Бұл реттерде кітап авторы шет тілдерінен енген әріптерді таныстыратын 30 бетті түгелдей қысқартып, тек оқулықтың ең соңында «Қазаққа басқа тілден қатысқан сөздер үшін алынбаған дыбыс таңбалары» деп алты әріпті ғана көрсетіп берген. Ал, бұған дейінгі басылымдарда кітап авторы араб, парсыдан енген әріптерді (дыбыстарды) түсіндіріп отырған. Тіпті, араб жазуында көп кездесетін харакат, сүкін, т.б. ерекшеліктеріне дейін көрнекілендіріп көрсеткен. Осыған қарап, 1922 жылдың соңына қарай Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралдарын (қазақша әліфбаны)» қазақ балаларынаоқытуда араб, парсы дыбыстарын үйретудің қажеті жоқ деп қарағаны байқалады. Араб пен парсы тілінен енген сөздер ғана емес, туыстас түркі халықтарының дыбыстық базасында және әдеби тілінде бар кейбір әріптерді де автор оқулығында айырықша түсіндіріп отырған еді. Кеңес үкіметі толықтай орнай бастаған жылдары түрікшілдік пен исламшылыдыққа бейім деп, аталған оқулықтың мазмұндарын қысқартқан болуы да ықтимал. Осы ерекшеліктерді зерттеп, 8 нұсқаны бір-бірімен салыстыра келе, біз Ахмет Байтұрсынұлының балаларға арнап жазған «Оқу құралының» 1921 жылы Орынбордан шыққан нұсқасын ең толық деп танимыз.

А.Байтұрсынұлы ақталған 1989 жылдан бері Қазақстанда басылып шыққан кітаптарында, көптомдықтарына аталған «Оқу құралының» 1912 жылы Орынборда басылған тұңғыш нұсқасы ғана енген болатын. Онда да оқулықтың екінші бөлімі жинақтардан қағыс қалып келді. Демек, А.Байтұрсынұлының бұған дейінгіжинақталған еңбектеріне енбеген, аталған«Оқу құралының» екінші бөлімі тұңғыш рет ғалымның 150 жылдығында «таңдамалы жинаққа» және «Академиялық жинаққа» толық басылып отыр.

А.Байтұрсынұлының балаларға арналған «Оқу құралының» (қазақша әліфба) (1912-1925) мазмұны мен құрылымы. Бұл кітап алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген.Кітаптың əріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына: «Бисмиллахир-рахманир-рахим» деген Құран сөзі шырағдандай орналастырылған. Əрі қарай қазақ əріптері төте жазу жолымен рет-ретімен беріледі де, əрбір харіптің тұсына таңбасы жəне сол таңбаның атауы жазылады. Жəне төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни нұсқаулығы қатар ұсынылады. Балалар үйретілген әріпті тез жаттау үшін, сол әріпке қатысты төл сөздерді береді. Мысалға берілген бұл сөздердің де ұғымға жеңіл, жаттауға қолайлы жағы барынша қарастырылған.Мысалы, «Оқу құралында» «ң» әрпіне мынадай мысалдар көрсетілген: Ың-жың, мың, жаңа, жаңар, оңғақ, тоңғақ, шың, шыңы, шыңда, тың, тыңы, тыңда, қаңбақ, жаңғақ, шаңырақ.

Қасқыр аң. Дала шаң. Бала тоңды, мата оңды. Ат маңқа. Асық оңқа. Шапан жаңа. Оның аты Оңғар. Мұның аты Мыңжасар.

Сонымен қатар, әріптер толық үйретіліп болғаннан кейін, дауысты-дауыссыз дыбыстарды көрсетіп өтеді де, оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық, қысқа əрі нұсқа атауларды келтірген. Мəселен: туысқан-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары жəне ас-тағамдармен қатар, дене мүшелерінің атаулары, жер жүзінің атаулары, жер түгінің атаулары т.б. қамтылады. Балалар осыларды үйреніп алғаннан кейін, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шын өлеңдер, өтірік өлеңдер, т.б. қызықты мәтіндермен танысады. Оқулықтың бірінші бөлімінде бала осындай сауатпен әліппені аяқтайды.

Оқу құралының екінші бөлімінде «Қазақтан басқа түрік, араб, парсы сөздеріне жазылатын харыфтарды үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген, әліпбеге жалғас, екінші кітап» деген ескертпе берілгені жоғарыда айтылды. Мұнда қазақтан басқа түріктердің тілінде бар дыбыстар, араб пен парсы тілінен енген әріптер арнайы үйретіледі. Бұл дыбыстардың жазылуы мен қазақ тіліндегі қолданысына оқулықтың 30 беті арналған. Осыларды игеріп болған оқушыға енді адам аттары, ай аттары, баталар, жыршы сөздері, жөн сұрасу, т.б. сияқты қазақы дүниетанымдағы құндылықтар көрсетіледі. Одан кейін қазақтың мақал-мәтелдерінің мәнін ашатындай «Ұры» (Сезікті секірер), «Арсыз ит» (Өзгенің ісін өзіне жору), «Өтірікші тышқан» (Қолы жетпеген қорлаушыл), «Жыртық шелек жеңілірек» (Еңбегі аздан өнбек аз), «Талас» (Жақын таласса, жатқа жем болады) т.б. көптеген ғибратты ұсақ әңгімелер берілген. Соңында «Балалық күй» атты өлеңді үйреніп, оқушы аталған оқулықты бітіреді.

Оқулықтардың бала сауатын ашудағы зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925 жылдары жиі басылым көруі айғақ. Кітап ғалымның есімі ақталғаннан кейін бірінші рет бүгінгі əріпке түсіріліп, ҰҒА-ның Тіл білімі институтының дайындауымен 1992 жылы жарық көрген «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді (Б. 33-47). Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының филолог-ғалымы Дыйканов Карбоз өз қаражатымен осы кітаптың 1914 жылғы басылымын 1991 жылы 5000 данамен қайтадан бастырды. Кітап қаз қалпында, яғни төте жазумен жарияланды.

Бұған дейін кітаптың əр жылдары жарық көрген барлық нұсқаларын тауып, салыстыру мүмкіншілігі болмаған. Ұлттық кітапхана мен Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында бұл 1912 жылғы кітаптың қандай да бір данасы сақталмаған. Өзге жылдардағы нұсқалары салыстырылып, кездескен айырмашылықтары көрсетіліп отыр.


Әділет Ахметұлы


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: Қазақтан басқа түркі, араб, парсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген әліппеге жалғас. 2-кітап. – Орынбор: Кәрімов, Хұсейнов уа шарикасының матбәғасы, 1913.– 52 б.

2 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: Усул саутыя жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе. 1-інші кітап. – Орынбор: Типография № 1, 1921.– 90 б.

3 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліппе. 1-інші кітап: үлкендер үшін. – Семей: 2-я гос. тип., 1921.– 30 б. (Сауатсыздықты жоятын қазақтың кіндік тығыз комиссиясы).

4 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: усул саутыя жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе. 1-інші жылдық кітап. 4-інші басылуы.– Ташкент: Түркістан жүмһүриетінің дәулет нешрияты, 1922. – 95 б.

5 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: Қазақша әліппе. 6-ыншы басылуы. – Орынбор: Қазақ мемлекет баспасы, 1923. – 73 б.

6 Байтұрсынұлы А. Оқу құралы: Қазақша әліппе. 7-інші басылуы. – Орынбор: Қазақ мемлекет баспасы, 1925. – 72 б.


Баға беріңіз