Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Өсер елдің баласы, цифрлайды мұрасын

24.2.2022 280

Біз «жұмсақ күш» деп аударып жүрген «soft power» деген термин бар. Елдің жұмсақ күші оның мәдениетіне, құндылықтарына және оларды жүзеге асыруға негізделген стратегиялық жос­парына тікелей ­байланысты. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың жұмсақ күші – дәстүрлі мәдениеті, әдебиеті, өнері әлем жұртшылығын баурай алды ма? Қазақы жұмсақ күштің қоры қайда шоғырланған? Сұрақ аумағын кішірейтіп, әдеби мұра мен қазақ сөзі әлемнің әр түкпіріндегі адамға қолжетімді болуы үшін оны цифрлаудың деңгейі қандай деген мәселені қаузап көргіміз келді. Бұл салада үлкен жұмыс атқарып, Kitap.kz сынды жоба аясында қазақ әдебиетінің біршамасын цифрлаған ұжымды басқарған Рауан Кенжеханұлынан, шетелдегі цифрландыру тәжірибесін көрген Айжан Көшкеновадан, архивтерді ақтарып, тиянақты түрде зерттеу жасап, тасқа басылған мұраның енді цифрлық форматқа ауысуының ерекшелігін түсінген Елдос Тоқтарбайдан пікір сұраған едік...


Айжан КӨШКЕНОВА, журналист:

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Нидерланд (кейде бейресми Голландия деп те атаймыз) – цифрландыру мен инновация бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлы 10 елдің бірі. Интернет толық қолжетімді болмаған 1990 жылдардың соңында-ақ олар кітаптарды цифрландыруды бастап кеткен. Үкімет емес, әдебиетшілер...

Нидерланд әдебиет қауымдастығы 1999 жылы бастама көтеріп, Нидер­ландтың көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі мәдениеті, тарихы мен әдебиетінің цифрлы кітапханасын (DBNL) жасап шығарды. Мақсаты – Нидерланд әдебиетін әлемге кеңірек таныту. Олар бастапқыда донат, яғни ерікті түрде көмек көрсеткісі келген жанашырлар қаржысына сүйенді. Кейінірек үкімет бұл бастаманың маңызын түсініп, электронды кітаптар кол­лекциясын дамытуға қаржы бөле бастады.

Әлемнің кез келген оқырманы үшін ашық бұл цифрлы кітапханада қазіргі таңда 15 мыңнан аса нидерланд­тық әдеби текст, қосымша әдебиет, өмірбаян, суреттер топтастырылған. Онда тек кітаптарды оқып қана қоймай, әртүрлі ғасырдағы авторлармен танысып, түрлі әдеби терминдер, сөздер туралы мәлімет алуға болады. Бұл ресурс ай сайын 20 мың бетке өсіп келеді. Бұл базаға интернет пайдаланушылар жыл сайын әлемнің әр түкпірінен 4 миллионнан аса рет кіреді.

Екінші жағынан, қанша озық технология пайдаланылса да, әсіресе көркемөнер, музыкада түпнұсқаны шынайы өмірде көрмей, естімей оны толық сезіну қиын. Нидерланд – Ван Гог, Рембрандт, Ян Вермеер, Гоген, Эшер және тағы басқа әлемге әйгілі суретшілер туындылары сақталған – әлемдік шедеврлер қазынасы. Амстердамдағы Рейксмузейум немесе Ван Гог мұражайы сайттары қанша әдемі болса да, онда суреттерді түрлі ракурсте қарауға, тіпті телефонға жүктеп алуға болса да, картиналардан алатын әсердің бір тамшысын да бере алмайды. Сондықтан болар, бұл мұражайлар тіпті пандемия кезінің өзінде адамға лық толы. Бірақ, әрине, мұражайға билет алу, нақты баратын уақытқа тіркелу алдын ала сайт арқылы жүзеге асады.


Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,
Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:


ОН МЫҢҒА ЖУЫҚ КІТАПТЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ НҰСҚАСЫН ЖАСАДЫҚ

– Қаңтар оқиғасы кезінде біраз архивтің өртеліп кеткені туралы деректер шықты. Ол құжаттардың цифрлық нұсқасы бар екенін де айтқан дәйектер қосымша келтіріліп жатты. Осы тұрғыдан алғанда цифрландырудың мән-маңызы мен қажеттілігі анық сезілді. Kitap.kz жобасын он жылға жуық уақыт бұрын қолға алғанда осындай қажеттілікті сезініп пе едіңіз?

– Цифрлы форматқа өткен мәтін де, дауыс та, кез келген мазмұн осы заманның рухына сай нәрсе. Ал оның өрттен не судан, өзге зақымданудан сақтау оның қосымша ілесіп жүрген пайдасы деуге болады. Біздің Kitap.kz жобасындағы бастапқы мақсатымыз қазақ тіліндегі мазмұнның қолжетімділігін қамтамасыз ету болды. Ұлттың қуаты сол ұлттың жасап шығарған, адамзаттың ортақ қорына салған мағына-мазмұнымен өлшенеді. Ал технологияның күн санап дамуы сол мағына-мазмұнды цифрлық форматта ұсынуды талап етті. Қазір бәріміз қолымызда смартфоннан видео көріп, кітап оқып, аудио тыңдай аламыз. Сондықтан қазақтілді оқырман, қазақ тілінде мазмұн тұтынатын орта өзіне қажет мазмұнды оңай таба алуы керек деген оймен жұмысты бастадық. Біз осы жобаны бастап жатқан уақытта интернетте ағылшын және орыс тілдеріндегі контент өте қарқынды дамып, алға жылжып жатты. Сол тілдерде жасалған жобалардың сәтті болуы, олардың көп орта жинай алуы бізді де қанаттандырды, жігерлендірді. Өзімізге қазақ тілінде де әлемнің дамыған тілдеріндегідей цифрлы контент мол, таңдау үлкен болуға тиіс деген міндет қойдық.

– Цифрландырудың ақпарат­тандырудан айырмасы қандай? Kitap.kz жобасы ақпараттандыруды мақсат ете ме?

– Дұрыс түсінсем, ақпараттандыру деп отырғанымыз ақпарат тарату немесе БАҚ-тың негізгі қызметі болса керек. Мазмұнды жариялайтын кез келген ресурс бірден ақпараттандырумен айналысады. Цифрлы форматқа өткен кез келген мазмұнды, мейлі ол кітап, музыка, дыбыс, видео болсын, іздеп-табу оңай. Цифрландыру мен ақпараттандыру бірін-бірі жоққа шығаратын нәрсе емес, керісінше, бірін-бірі толықтырады деуге болады. Айтарлықтай қайшылық көріп тұрған жоқпын. Бірақ біз жасайтын, дамытатын қызметтер мен жобалар тек ақпараттандыру міндетін атқармайды. Әрқайсысының мақсаты бар.

– Осы күні қазақша электронды кон­тентті дамыту мәселесі әлі өзекті. Цифр­лан­ған заманда қазақша контентті дамыту мә­селесі баяғыда шешіліп қою керек емес пе еді?

– Цифрландыру аз уақытта орындала салатын жұмыс емес деп ойлаймын. Біз цифрлы контентті дамыту, оның ішінде қазақ әдебиетін цифрлы форматқа ауыстыру жұмыстарын бастаған кезде «тарихымызда қазақ тілінде қанша кітап шықты?» деген сұраққа жауап іздедік. Кітап палатасында тіркелген қазақ тілінде шыққан кітаптардың саны жарты миллиондай екен. Мазмұнын ашып қарағанда, жарты миллион кітаптың жартысы Кеңес заманында басылып шыққан, қазір өзектілігін жоғалтқан әдебиеттер екенін білдік. Шамамен 200-250 мыңдай түрлі бағытта жарық көрген қазақ тіліндегі кітаптарды цифрлы форматқа ауыстыру қажет болды. Біз ең маңызды, ерекше сұранысқа ие деген он мыңдай кітаптың электронды нұсқасын жасап шықтық. Қазір қазақ тіліндегі контент жоқ деу орынсыз. Он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда контент айтарлықтай көбейді. Түрлі креативті контент ұсынатын платформалар пайда болды. Контент бар, таңдау бар. Негізгі мәселе – сол қазақша контент тұтынатын ортаның аздығында.

– Цифрландырудың кемшілігі мен артықшылығы не?

– Кемшілік деуге келмес, қауіп-қатерлері бар шығар. Бірінші кезекте мені алаңдататыны – өзге тілдегі цифрға өткен контент өте көп. Қазақ тіліндегі оқырмандардың, қазақ тілінде мазмұн тұтынатын адамдардың сол өзге тілдерге өтіп кету қаупі жоғары. Біраз уақыттан кейін қазақ тіліндегі дүниені іздеушілер қатары сирей бастауы мүмкін. Қазірдің өзінде қала қазақтары қазақ тілімен қатар орысша сөйлей алады. Ағылшын тіліндегі мазмұн тұтынуға мүмкіндік мол. Ал ағылшынша сөйлейтін адамға орысша, орысша білетін адамға қазақша мазмұн керек болмай қалады. Осы тұрғыдан келгенде кіші тілдердің, қауқары аз тілдердің бәсекеге қабілетті болуы өте қиын. Ол көп күш пен уақытты, қаржыны талап етеді. Бірақ артықшылығы да осында. Бұл технологиялар – осындай үлкен бәсеке алаңында бізге беріліп тұрған өте жақсы мүмкіндік. Егер оны тиімді қолданып, белсенді жұмыс істей алсақ, ортаны жоғалтып алмай, оның санын көбейте алсақ, цифрландыру арқылы тіліміздің қолданыс аясын кеңейте аламыз.

– Kitap.kz жобасында тегін және ақылы контент бар. Бүгінгі оқырман мен тыңдарман цифрлы кітапты ақшаға сатып алуға дайын ба?

– Біз оншақты жылдай Kitap.kz платформасын әлеуметтік жоба ретіне демеушілердің көмегімен, өз күшімізбен алып жүрдік. Бұл бастама шын мәнінде тұрақты болуы үшін және қолданушы ортамен тығыз байланысқа түсуі үшін монетизацияға өтуі қажет болды. Сонда біз ортаның талғамын, пәрменін түсінеміз. Оны өсіру үшін не істеу керегін біле аламыз. Осы бағыттағы жұмысқа кірістік. Қазір Kitap қосымшасында 80-ге жуық танымал автордың 2000-нан аса кітабы мен 700-дей шығармасының аудионұсқасы бар. Әрине, кейбір бағыттар бойынша жұмыс біз ойлағандай оңай емес екен. Көп нәрсені жаңадан қалыптастыру керек. Бізде кітапты жазылым арқылы оқу мәдениеті әлі қалыптаса қоймаған. Қазақ тіліндегі кітаптарды оқуға жазылу, ай сайын ол жазылымды ұзартып отыру мәдениеті орыс тілді ортаның өзінде жақсы дамыды деуге келмейді. Біз цифрлы кинотеатрларға енді-енді үйрене бастадық. Осыдан 3-4 жыл бұрын кино көру үшін ешкім ақша төлемейтін еді. Қазір Netflix, Megogo, ivi, Okko сынды платформаларға жазылып жүрміз. Сондықтан онлайн сервиске жазылым сатып алып, оны ай сайын ұзартып отыру мәдениетін кітап саласында да дамыта бастау керек. Мәселен, сіз бір айға жазыласыз, содан соң шексіз кітап пен аудиокітаптың қорын пайдалануға мүмкіндік аласыз. Жалпы мұндай қызмет түрлері көбейсе, бәсеке пайда болады. Бәсекелестік арқылы технологиялық жақсы жаңалықтар көптеп енеді. Оқырман назары үшін таласамыз. Сапаға ұмтыламыз. Осылайша ортаның талғамы өседі.


Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, әдебиет зерттеушісі


ИНТЕРНЕТ КЕҢІСТІГІНЕ ҚАЗАҚТЫҢ БАЙ МҰРАСЫ ТЕГІС
ОРНАЛАСТЫРЫЛУЫ КЕРЕК

Жазушы-зерттеуші ретінде осы күнге дейін бірқатар шет мемлекеттің архив қоймаларын, сирек кітап қоры сақталатын кітапханаларында айлап, жылдап жұмыс істеп көрген соң, әлі де қолға лупа алып, сол «алтын» шыққан жерді торуылдап жүрген соң, көргеніміз бен тамсағанымыз мол-ды. Мәселен, дамыған ел деген ең алдымен ғылымы мен мәдениеті, ұлттық құндылығы жағынан көш басында тұрса керек. Рухани-мәдени мұра, қолжазба, ескі кітап, ғақлиялы сөз бәрі-бәрі – цифрландырылып, интернет жүйесіне орналастыруы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, өкінішке қарай Қазақстан мүлде артта қалған. Біріншіден, Үкімет қолдап, бағдарлама жасап, қаржы бөлді. Бірақ қаржы орта жолдан қолды болып, әлдекімдердің жемсауын толтырды. Нәтижесінде бір сайт ашылды. Онысының техникалық ақауынан бөлек, мазмұндық жүйесі жоқ-тын. Екіншіден, цифрландыру саласы бойынша мәдени мекемелерде жаңашыл сауатты маман жоқтың қасы. Үшіншіден, интернет кеңістігіне орналастырылған деректердің ортақ қоры мен базасы жоқ, жүйеленбеген. Мысалы, іздеуші тетігін басқанда қазақ ұлтына қатысты барлық дерек ортақ код негізінде оқылып, жылдам ашылуы керек болатын. Код қойылмаған, іздеу тетігіне тізім енгізілмеген. Төртіншіден, Қазақстанда қазір Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты мекемелер мен институттар әрқайсысы өз алдына жұмыс істеп, бірінің жұмысын бірі қайталап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін айталық, БҒМ-не қарасты Орталық Ғылыми кітапхана, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы, МСМ-не қарасты екі Ұлттық кітапхана, Қолжазба орталығы әрқайсысы «жеке мемлекет». Әрқайсысының жеке-жеке сайты бар, соған бірінен бірі көшірген деректерді орналастыра салған. ­Сосын www.kazneb.kz. деген электронды кітапхана бар. Оған тек елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ­жауапты. Бірақ олардың жұмысын барлық Қазақстанның облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаларының қызметкерлері орындап, электрондық қорды толтырады. Бесіншіден, тағы да сол БҒМ-нің университет пен институттары арасында ортақ келісім мен жүйе болмаған соң, тарихи тұлғалардың мерейтойы жақындаған сәтте түрлі ақпаратты оқып, «қызарып» отырамыз. Мәселен, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің ғалымдары Қазаннан Абайдың кітабын тапты деп, айдай әлемге «жаңалық» ашты. Ол кітапты сонау кеңес заманында атақты Қайым Мұхамедханұлы, Бейсенбай Байғалиевтер тауып, жазып тастаған. Яғни бұл ортақ реестр жоқ екенін көрсетеді. Қазақтың қайран ақшасы осылай желге шашылып жатады. Ал шет елдің құпия қоймаларының кілтін ұстап отырғандар біздің осындай күйімізге қарап, миығынан күліп, қалтамызды қағып алады. Қазақстанға сырттан алдырылған мұралардың тізімін білмеген соң, осындай жағдайлар жиі орын алып кетті.

Қысқасы, интернет кеңістігіне қазақтың сөзі, тарихы, мәдениеті, бай мұрасы тегіс орналастырылуы аса маңызды. Қазір ашық заман. Қазақтың қарадомалақ балалары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Сонымен қатар шет елдерде қазақ ұлтының тілін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, саясатын т.б. салаларын зерттеп жүрген, қызығушылық танытқан көптеген ғалымдар бар. Міне, осындай академиялық топ әлемнің кез келген нүктесінде отырып, еш қиналмай, қазақ халқы туралы бар дерекке қол жеткізуі тиіс. Интернет кеңістігінде деректер базасы арқылы Қазақстанның қандай мемлекет екенін бағамдауға болады. Сосын сол интернет жүйесіне енгізілген кітап, қолжазба, архив белгілері — экономикамызға ақша құятын тетік. Шет елдік азаматтар зерттеу жобаларына пайдаланып, электронды нұсқасын сатып алатын болады.


Тегтер:
Авторы: Қарагөз СІМӘДІЛ, «Ana tili»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

212

ақпарат

В.ФОН ГУМБОЛЬДТТІҢ ЛИНГВОФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ИДЕЯСЫМЕН ҮНДЕСТІГІ

154

ақпарат

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМАШЫЛАР БАС ҚОСТЫ

168

ақпарат

ДӘРІС БЕРУ ЖАЛҒАСУДА