Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Байтұрсынұлының зерттеуіндегі тіл мәдениеті

24.2.2022 357
Елімізде 1-наурыз – алғыс айту күні болып белгіленгені мәлім. Әрине, себебі түсінікті. Сонау қиын-қыстау соғыс жылдарында Кеңестік ­республикалардан Қазақстанға қаншама ұлт өкілдері жер аударылды. Кең қолтық қазақ халқы өзінің ауыр жағдайына қарамай, депортацияланып азып-тозып келген жандарға жарты нанын бөліп берді, үйінің бір бұрышына паналатты. Сондықтан олардың бүгінгі ұрпағы қазақ халқына алғыс айтуда. Бұл өте орынды. Дегенмен бұл жалпы халықтық мереке. Әркімнің алғыс жаудыруға лайықты көретін адамы болады. Біз газет оқырмандары атынан ұлттың ұлы ұстазы, алғашқы қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлына тағзым етеміз. Бұл ұлт ұстазына, жалпы ұстаз біткенге тағзым деп білейік.

Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасында қазіргі грамматиканың керегін түгендеуге сеп болатын мәселе көп. Бұл мақалада ғылым мен білімнің келесіне салатын келелі үш мәселені ғана алға тартпақпыз. Оның біріншісі – А.Байтұрсынұлының сөйлемге берген анықтамасына, екіншісі – оның «іргелес сөйлем» деп атаған ұғымына, үшіншісі – «шұбыртпалы сөйлем», «орамды сөйлем», «өрнекті сөйлем» деп атаған бірліктеріне сүйенеді.

Бірінші мәселе бойынша, қазақ тіл білімінде, тіпті ТМД кеңістігіндегі тіл білімінде, сөйлемге берілген «тиянақты ойды білдіретін сөз тіркесі» дейтін анықтама, Аристотельдің пайымдауға берген анықтамасы, аксиома болып кеткені белгілі. Шын мәнінде, сөйлем тиянақты ойды білдіре алмайды. Тиянақты ойды білдіру үшін одан коммуникант көкейіндегі көптеген сұрақтарға ­жауап табылуы қажет. Ондай жүкті сөйлем көтере алмайды, сөйлемге ондай жүк арту рабайсыздыққа ұшы­ратып қарым-қатынас жүзеге аспай қалар еді. Мәселен, Ол мұны оқыған деген сөйлем дәстүрлі анықтама ­бойынша «тиянақты» ойды білдіруге тиіс. Алайда ой тиянақталу үшін «ол» кім екенін, «нені» оқығанын білуіміз керек. Ондай ақпар бұл сөйлемде жоқ. Демек, контексте бар. Контекссіз сөйлем тиянақты ойды білдіре алмайтыны осы мысалдан-ақ байқалып тұр.Осыны ескеріп, қазақ тіл білімінде 1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлы берген: «...ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады», – деген анықтаманы зерттеу, оқыту үдерісіне енгізу қажет екенін байқаймыз. Оған мынадай уәж келтіреміз:

а) тілдің басты қызметі, қоғамдағы қарым-қатынас құралы болу қызметі сөйлемнен басталады, оған дейінгі дыбыс жүйесі, морфема жүйесі, сөз тіркесі бұл қызметке сөйлем құрамына ену арқылы қосылады. А.Байтұрсынұлының сөйлемге берген анықтамасы осы тұрғыны тұғыр еткен. Қараңыз: «айтушы» бар, «тыңдаушы» бар және сөй­лем болу үшін бірін­шісінің ойын екіншісі түсіну керек. Демек, бұл анық­тама, қазіргі парадигмалар талабымен қарағанда, коммуникативтік парадигма тұрғысынан берілген анықтама.

Ендігі жерде, сөйлемнен ­бастауыш пен баяндауыш іздеу ­басты талап болмауы қажет, сөйлемдік құрылысы жоқ, бірақ контекст аясында сөйлемнің қызметін атқарып тұратын түрлі айтылыстарды да сөйлем санатына енгізу керек ­болады. Айталық, көбінесе диалогте кездесетін репликалар, коммуникемдер, вокативті айтылыстар т.б. оқыту, зерттеу жосықтарына салынуы қажет.

Екінші мәселе бойынша, А.Байтұрсынұлы сөйлемдерді түрлерге жіктегенде: «Сөйлемдер арасында екі түрлі жақындық болады. Бірі – ішкі, бірі – тысқы. Ішкі жақындық – мағына жүзіндегі жақындық. Тысқы жақындық – сөйлемдерді бір-біріне жанастыру жүзіндегі жанастық» дейді. Анықтаманы зерделеп қара­сақ, сөйлемдердің «іргелес» және «құрмалас» болып екіге бөлінетінін байқаймыз.

Ал «іргелес» сөйлемдерге мына сияқты дербес сөйлемдердің мағыналық жақындығын, бұлардың біріне-бірі ой іргесімен ғана жанасатынын, араларының бір-біріне қосылмай, ашық-ашық үзіліп айтылатынын мысалға келтіреді: 1) Күн ашық. Тоғайлар шат. Ың-жың орман. 2) Күн кеш болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді. 3) Бісмілдә безгелдек! Бұлай жатсын дуадақ! Сыбағама қоңыр қаз. Үлесіме үш үйрек. Екі сартқа бір тартар, аққуды батырекең атар. Қойылатын тыныс белігісін: «Жазғанда араларына үлкен тыныс белгісі (.) қойылады», – деп көрсетеді.

Мұны қазақ тілтанушылары, тәрізі, жалғаулықсыз салалас құрмалас деп түсінген сыңайлы. Мәселен, құрмалас сөйлемнің классикалық зерттеушісі академик Н.Т.Сауранбаев бастап бір кездерде қазақ тілі синтаксисіне қатысты еңбектерде жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлем «іргелес құрмалас» деп те аталып жүрді. Шын мәнінде, көріп отырғанымыздай, бұлар – грамматикалық жағынан аяқталған, бас әріптен нүктеге дейін көмкерілген дербес сөйлемдер, ­демек, құрмаластың сыңарлары емес. Мұндай бірліктерді қазіргі тіл білімінде күрделі синтаксистік тұтастық, күрделі синтаксистік бірлік, микромәтін, фразадан жоғарғы бірлік, абзац т.с.с. атаулармен белгілеп жүр, біз «шумақ» деп атаймыз.

Осы бірлікке орай дәріптей кетер бір жайт бар. Күрделі синтаксистік тұтастық деп атап жүрген бұл бірлік – грамматикалық жағынан аяқталған, дербес пішімделген сөйлемдерден (жай, құрмалас) тұратын бірлік. Енді еске түсірсек, оқулықтарымыздағы анықтама бойынша, құрмалас сөйлем де кемі екі я одан да көп жай сөйлемнен тұратын бірлік. Осы тұстан келіп, күрделі синтаксистік тұтастық санатына сыни, тіпті қарсы, пікірдегі ғалымдар айтқан «құрмалас сөйлем мен күрделі синтаксистік тұтастықтың айырмашылығы жоқ, кез келген бірлік тілдік бірлік болу үшін шекаралары болуы шарт, ондай ­шекара күрделі синтаксистік тұтастықта жоқ, оны құрмалас сөйлемнен өзгеше деп қарау қате» ­деген сияқты түйткілдер шығады. Орыс ғалымдары мұның шешімін өткен ғасырдың ­80-ші жылдарына дейін таба алмады. Ал А.Байтұрсынұлы ол шешімді баяғыда-ақ тапқанын ХХІ ғасырда ғана біліп отырмыз. Қараңыз: «... ой іргесімен ғана жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа ешнәрсе жоқ. Мағына жақын­ды­ғы­нан басқа жа­қындық жоқ сөйлемдер... ».

Үшінші мәселе бойынша, қазақ тіл білімінде зерт­теушілер ­назарынан қағыс қалып жүрген бір құбылыс бар. Оны жалпы тіл білімінде «период» деп атайды. Периодтың сипаты синтаксистік құрылыстағы бірыңғайлық заңдылықтарымен өзектес, оның үстіне, бұл – үлгі тұтып жүрген орыстіл білімінде ертеден-ақ орныққан санат (Орыс тіл білімінде мұның зерттелу тарихын М.В.Ломоносов кезеңінен бастайды). Солай бола тұра қазақ тілтанушыларының бірыңғай мүшелер, салаластық қатынас, жарыспалылы сияқты синтаксистік құбылыстарды, параллелизм сияқты стильдік құбылыстарды зерттеушілері «периодты» ескермей кете береді.

Алайда қазақ тіліндегі периодты зерттеуді тақыр жерден бастау жөн емес. Бізге бұл жөнінде жазған екі ғалымның есімі белгілі: бірі – А.Байтұрсынұлы, екіншісі – Н.Т.Сауранбаев.

А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралда» сөйлемдерді «құрылуынша» жіктегенде, оның бір түріне «орамды немесе өрнекті сөйлемді» жатқызады. «Сөйлегенде ойды тақ-тұқ қысқа айтып білдіретін орында болады. Ойды ұзын айтып, орағытып келіп білдіретін орында болады. Ұзын айтқанда ой дәуірлеген бетімен барып, қайтатын түрі болады. Сөйлеудің сондай түрлері орамды делініп аталады». Мұнан соң келтірген мысалдары «период» деп атап жүрген ұғымға сай келеді.

Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы мұндай бірліктің стильдік құбылыс екенін де ескерген.

Сонымен, біз Ахмет Байтұр­сынұлының синтаксистік мұрасынан әлі де зерделей түсуді қажет ететін үш-ақ мәселені аңғарттық деп ойлаймыз.

Жантас ЖАҚЫПОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология

ғылымының докторы

Тегтер:
Авторы: «Ana tili»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

191

ақпарат

В.ФОН ГУМБОЛЬДТТІҢ ЛИНГВОФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ИДЕЯСЫМЕН ҮНДЕСТІГІ

154

ақпарат

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМАШЫЛАР БАС ҚОСТЫ

168

ақпарат

ДӘРІС БЕРУ ЖАЛҒАСУДА