Көрнекі ақпарат: Заңда оң өзгерістер бар

​Көрнекі ақпаратқа қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойды. 22 қаңтардан бастап заң қолданысқа енді. Осы толықтырулардан кейін не ө...

23 ақпан, 2022

Ең басты өзгеріс, бұған дейін заң міндетті түрде қазақшасымен қатар орыс тілінде болуын міндеттейтін. Ал ендігі жерде мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.

Енді заңға енгізілген өзгерістерге жеке-жеке тоқталып, жаңа тұстарына түсінік бере кетейін.

Заңды қабылдаудың мақсаты – деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес, теңтүпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу, «мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы» ұғымын енгізу. Яғни мәтіннің қазақшасы мен орысшасының мағынасы бірдей болуы. Әйтпесе, «Мен не деймін, домбырам не дейді» демекші, көптеген жарнама мәтіндерінің орысшасы мен қазақшасының мағынасы екі түрлі, тіпті кейде күлкілі болып аударылып жүр. Мысалы: баспасөз үшін сарымсақ /пресс для чеснока (дұрысы: сарымсақты ұсақтау үшін), салмаққа киім/одежда на вес (дұрысы: өлшеулі киім); темекі тауық/цыпленок табака; бай таңда/богатый выбор деген сияқты.

Осы Заң аясында «Тіл туралы» Заңның 19-бабында еліміздегі әкім­шілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің атаулары мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлетін. Мәселен, қаланың кіре берісінде Қарағанды деп, оның қасында Караганда, Үржар (Уржар), Жем қаласы (Эмба) Қапшағай (Капчагай) деп жазылып келсе, енді тек қазақша ғана, жазылатын болады.

Ендігі жерде «Тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген толықтыруларға сәйкес мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және ­(немесе) басқа да тілдерде орналастырылатынын жоғарыда айтып өттік. ­Қазақ­стан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері (Мысалы: «Билайн», «Мегафон», «hp invent», «Coca Cola», «Canon» және т.б.) өзгеріссіз жазылады. Енгізілген нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін (тілдерін) нақтылайды. Бұл ретте мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.

Бұл түзетулер мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңға енгізілген бұл нормалармен орыс тілінің және басқа да тілдердің қолданылуына шектеу қойылмайды әрі міндеттемейді.

Егер Қазақстан Республикасы рати­фи­кациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады. (Мысалы: «Тоқта», «Қауіпті бұры­лыстар», «Жол жұмыстары», «Айналма қозғалыс» т.б.) Жол қызметіне уәкілетті орган өз нормативтік актілерін жасап реттегеннен кейін заңға енгізілген бұл өзгерістер толыққанды жұмыс істейтін болады.

Бұл нормада «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенциясын ратификациялау туралы» 2009 жылғы 31 желтоқсандағы №236-ІV ҚР Заңында белгіленген норма басшылыққа алынды, яғни жол белгілеріндегі жазбалар ұлттық тілде немесе бір немесе бірнеше ұлттық тілдерде, бұдан басқа, егер тиісті Уағдаласушы Тарап мұны қажет деп тапса, басқа тілдерде, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінде жазылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде жазылатын болады.

Бұл нормада көрнекі ақпарат түрлерінің қатары көпшілік орындарында жиі кездесетін ас мәзірі және нұсқағыш түрімен толықтырылып, көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және ­(немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы беріледі.

Заң қабылданды. Ендігі мәселе оны жұртқа түсіндіру және заң талаптарын жүзеге асыру.

Заңды түсіндіру бойынша ұсы­нымдар беру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан өңірлік тілдерді дамыту бас­қармалары басшыларының және ҚР Бас прокуратурасының жауапты қызметкерінің қатысуымен кеңес өткізді. Аталған кеңесте көрнекі ақпарат және тіл туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Бірден айта кету керек, заң бақылау және тексеру құқын бермейді. Бұл орайда «онда заңның орындалуын қалай қадағалаймыз» деген заңды сұрақ туын­дайды. Осы жерде ойға бірден «Әкім­шілік құқық бұзу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 75-бабы оралары анық.

«Әкімшілік құқық бұзу ­туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 75-бабында деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасының тiл туралы заңна­масын бұзғаны үшiн жауаптылық қарастырылған.

«Әкімшілік құқық бұзу ­туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 802-бабының 1-бөлігінің 2) және 3) тармақшаларына сәйкес құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан түскен материалдар, жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлімдемелері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғау үшін негіздеме болып табылады.

Кодекстің 729-бабының 1-бөлігіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы Кодекстің 75-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу туралы iстердi қарайды.

Кодекстің 729-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзулар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және астананың) әкімі мен оның орынбасарлары құқылы.

Алайда Кодекстің 806-бабының 2-тармағына және «Қазақстан Рес­публикасындағы тіл туралы» Заңның (бұдан әрі – «Тіл туралы» Заң)25-4-бабына Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Рес­публикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. Яғни тіл заңнамаларының бұзылуы бойынша тексеру, бақылау құқығы Кәсіпкерлік кодексінде де болуға тиіс. Бірақ ол норма аталған кодексте жоқ.

Осыдан келіп, өкініштісі, ­Қазақ­с­тан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 138-бабымен «Тіл ­туралы» Заңның 25-4-бабы арасында үйлесімділік болмай тұр, атап айтсақ, Кәсіпкерлік Кодексінің 138-бабында бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салалары қатарында көрнекі ақпарат­ты орналастыру мәселесі қарас­тырылмаған.

Жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдардан бұзу­шы­лықтар бойынша материалдар келіп түскен жағдайда, жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) ұсынылған деректерді анықтау мақсатында кәсіпкерлік субъек­тілеріне (объектілерге) бара алмайды.

Иә, заң бойынша әкім немесе оның орынбасарлары заңды бұзған кәсіпкерді әкімдікке шақыра да алады. Ал шақырды делік. Оған азаматтардан түскен бұзу­шылық фактілерін көрсетіп әкім: «Сіз тіл туралы заң талаптарын бұзып отырсыз. Сондықтан хаттама толтырып, сізге ескерту жасаймыз. Егер заңмен көзделген уақыт ішінде түзетпесеңіз, заңда көрсетілген көлемде айыппұл салынатын болады», – деді делік. Егер кәсіпкер бұзушылықты мойындап, хаттамаға қол қойса, жарайды, онда әкім бұл бұзушылықты заңмен қалпына келтіре алады. Ал егер кәсіпкер бұзушылықты мойындамаса, онда оған бұзушылық болғанын дәлелдеуге тура келеді. Ал дәлелдемелерді табу құзіреті жергілікті атқарушы органға тапсырылғандықтан, субъектіге ­немесе объектіге баруға тура келеді ғой. Бақылау функциясы жоқ болған­дықтан, объектіге барып дәлелдеме іздеудің өзі профилактикалық бақылау ретінде бағаланады. Тіпті іс сотқа жеткен жағдайдың өзінде бақылау функциясы жоқ жергілікті атқарушы орган қызметкері субъектіге (объектіге) барғаны үшін өзі жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Міне, сөйтіп, жергілікті атқарушы органдардың тіл саласындағы заңна­маның сақталуын бақылау функциясы болмағандықтан, Әкімшілік құқық бұзу кодекстің көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарының бұзылуы бойынша әкімдіктердің әкімшілік іс қозғауы жөніндегі нормалары іске аспай отыр.

Дегенмен жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан түскен материалдар, жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлімдемелері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар негізінде кәсіпкерлік субъектілерін өздеріне шақырту арқылы тiл туралы заңнамада белгiленген талаптардың бұзылуын жоюды талап ете алады.

Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарының бұзу фактілері жойылмаған жағдайда ­немесе мұндай бұзушылық бойынша жеке және заңды тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 805-бабына сәйкес Прокуратураға және Кодекстің 807-бабының 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес Сот органдарына да әкімшілік шара қолдану туралы шағымдана алатындығын халыққа түсіндіруі қажет. Басқаша айтқанда шақырылған кәсіпкер бұзушылықты мойындамаған жағдайда арызданушыға тікелей сотқа немесе прокуратураға арыз түсіруге кеңес бере алады.

Тағы бір айта кететін жай, жергілікті жерлердегі прокуратура қызметкерлері өздерінде тексеру, хаттама толтыру құзіреті бола тұра Тіл туралы заңның бұзушылығы туралы азаматтардан арыз, шағым түскен жағдайда оны әкімшілікке, тіл басқармасына жіберу үрдісін қалыптастырып алған.

Бақылау, тексеру құзіреті жоқ тіл басқармалары прокуратурадан түскен азаматтардың арыздарына орай заң бұзушыға ескерту хат жібергеннен басқа еш амал жасай алмайды. Ал прокуратурада кез келген іс бойынша тексеру құқы бар.

Жалпы азаматтар сауатсыз жарнамаларға куә болған жағдайда мұндай заң бұзушылыққа бейқам қарамай, ешбір кикілжіңге килікпестен фото, бейне –түсірілімдер жасап, құжаттамалық дәлелдерді ұсына отырып бірден сотқа арыз түсіруге құқылы. Бұл мәселеде «Халқаралық қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі, тағы да басқа тіл жанашырларының заң аясында жасалатын белсенді қызметтерінің орыны ерекше. Көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау – көптің ісіне айналса, азаматтық белсенділік күшейсе көшелердегі сауатсыз көрнекі ақпарат құралдарының қатары біршама азаяр еді.

Ал Тіл комитеті алдағы уақытта Тіл туралы заңға бақылау функциясын енгізу бойынша және жарнама немесе хабарландыру мәтінін құзырлы органмен алдын ала келісіп алу жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар беретін болады.

Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті өңірлік тіл басқармаларымен бірлесіп, көрнекі ақпараттың талапқа сай орналастыруын қамтамасыз ету жұмысын жолға қойғанын айта кетуіміз қажет. 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынын көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдің нормасына сәй­кестендіру мақсатында 12 860-тан астам рейд, акция жүргізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша 117 773 көрнекі ақпарат объектісінің 104 400-ге жуығы мемлекеттік тіл нормаларына сәйкестендірілді, бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.



Баға беріңіз