Халықаралық Astana English school мектеп гимназиясы жанынан қазақ тілі бастауыш ұйымы құрылды

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы астаналық филиалының бұған дейін ана тілі төңірегіндегі келелі мәселелеріне белсенді үн қатып жүрген мүшелерінің бастамасымен қазақ тілі бастауыш ұйымдары құрылды.

18 ақпан, 2022

Солардың алғашқысы – №81 Astana English school мамандандырылған гимназия жанынан құрылған қазақ тілі бастауыш ұйымы.

Бүгін Қоғам мүшелері аталған білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен бас қосып, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін биіктету, қоғамда тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру ісіндегі нақты мәселелерді талқылады. Әлемде таралу бойынша бірінші орында тұрған ағылшын тілінің мұғалімдері де қазақ тілін дамытуға, келешекте қолданыс аясын кеңейтуге және танымалдығын арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Жиынға қатысқан Қоғамның астаналық филиалы төрағасының орынбасары Лариса Алдаберген бастауыш ұйымды құруда таңдау неліктен аталған гимназияға түскенін айтты.

«№81 Astana English school мамандандырылған гимназия тіл үйрету ісінде бай тәжірибеге ие белсенді ұжым. Бүгін мектептің қазақ тілін өскелең ұрпақ бойына сіңіруге, ана тілінің танымалдығын ағылшын тілі деңгейіне көтеруге іс жүзінде әрекет етіп жатқанына көзіміз жетіп отыр. Ұсынысымызға қолдау білдірген гимназия директоры Гүлнәр Дінқуатқызы мен ұжымды мектептің халықаралық статус алуымен құттықтаймын», деді Лариса Алдаберген.

Сондай-ақ, ол осы форматтағы басқосулар қазақ тілі мұғалімдерінің тілді меңгертуге деген құлшынысын арттыратынын және ана тілін дәріптеуге, жарнамалауға, мәртебесін арттыру мен қордаланған мәселелерді шешу үшін клуб құрып, айына бір рет басқосу өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Жиын қорытындысында бастауыш ұйымның 10 мүшесі бекітіліп, алдағы 9 айда атқарылатын жұмыстар нәтижесінде (мектепте эксперимент жасап көріп) арнайы жобалар жасауға шешім қабылданды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің қоғамның барлық саласында қолданылуына, дамуына ынталы, елімізде және шетелдерде тұратын азаматтардың басын біріктіретін ерікті ұйымға мүше болғаныма өте қуаныштымын! Алға қойған мақсатымызға жетуге атсалысып, тіліміздің мерейін асқақтата берейік!», дейді №81 Astana English school мамандандырылған гимназиясының мұғалімі Индира Дарабайқызы.


Баға беріңіз