Атаулардың бірізді болуы - мемлекеттің мәселесі

17 ақпан, 2022

Көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде жазылуы туралы, жалпы көрнекі ақпарат туралы заңға Қазақстан территориясындағы осындай ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуын талап ету туралы баптардың енгізілуі бұл кейбіреулер ойлағанын­дай, тек қана қазақ тілі үшін, қазақтілді қауымдастық үшін пайдалы болған заң емес. Шын мәнінде, ол қазақ тілі үшін жағымды жаңалық емес. Бұл жалпы маңызды стратегиялық мәселе. Осыған біз ерекше назар аударуымыз керек. Бұл туралы Тіл білімі институтының ғалымдары қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан бері айтып келе жатыр. Себебі жарнама сияқты, маңдайшалардағы жазулар, елдімекен, жер-су аттары сияқты ақпаратты көрсететін жазулар бұлар жалпы тілдің лексикасындағы ономастикалық қабатты құрайды. Кез келген тілдің ономастикалық қабаты былай қарағанда жай ғана бір заттардың аттарынан құралған жиынтық сияқты көрінуі мүмкін. Ал мемлекеттік мәртебе алған, ресми мәртебесі бар тілдің ономастикалық атауларының бірізді болуы ол стратегиялық маңызды мәселе, ол елдіктің, мемлекеттіліктің мәселесі. Сондықтан қай елге барсаңыз да өзінің ақпараттық кеңістігінде атауыш мағынадағы сөздерді өз тілінде рәсімдеп, бекітіп, реттеп, нормалап қояды. Өйткені бұл ономастикалық кеңістік территория кімдікі екенін көрсетеді. Мемлекет қандай мемлекет екенін көрсететін бірден-бір маңызды канал. Сондықтан «Бұл жер Қазақстанның жері, бұл Қазақстан мемлекеті» дегенді көрсететін ақпараттық кеңістік осы ономастикалық кеңістік. Соны біз жарнама ­туралы заңда біріздендіруді, реттеуді қолға алғанымыз ерте ме, кеш пе, осылай болса деп тілтанушы ғалымдар еңбектер жазды. Көпшілікке арналған мақалалар жазды. Міне, соның жемісін көріп, заң қабылданды.

Тіл білімі институты бұған өлшеусіз үлес қосты. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған кезде алғашқы жылдары осы проблеманы көтеріп жүрген кімдер? Тілтанушы ғалымдар. Академик Әбдуәли Қайдар, академик Өмірзақ Айтбаев, Шора Сарыбаевтар еді. Ал «қазақ тілінің қоғамның әр саласындағы мәдениетін сақтауымыз керек, сапасына мән беруіміз керек» деп шырылдап жүретіндер тағы да тілтанушылар. Мұның барлығы не үшін керек? Мұның барлығы мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі әрбір саласында сапалы болуы үшін керек. Мұндай жағдай болса бәрі сапалы жүрсе онда коммуникация жақсарады. Коммуникация жақсарған жерде ұлттық бірегейлік қалыптасады. Ұлттық мемлекеттік бірегейлігі күшті болған ел ешқандай ішкі, сыртқы қарсы күштерге беріле салмайды. Өте мықты болады. Міне, сондықтан бұл жерде ерекше еңбек сіңірген Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің ғалымдарын атап кету керек. Қыздархан Рысберген деген апайымыз бар. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де осы мәселені көтеріп қаншама рет бұқаралық ақпарат құралдарына материал жариялады. Профессор Нұргелі Уәли қазақ тілінің ономастикалық комиссиясының мүшесі және осындай ғалымдарымыздың артынан еріп келе жатқан орта жастағы мамандарымыз жетерлік.
Атап өтер бір жайт, бұл заңнаманың бір ерекшелігі, ономастикалық атаулар ерекше болады. Олар ұлттық бояуын, қалпын сақтайды. Аударсақ, мәнін жоғалтады. Мысалы, Сарыарқаны, Жетісуды аудармаймыз ғой. Сол сияқты әртүрлі тағам атаулары, әртүрлі қазақша қойылған дүкен, мекеме, ұйымдардың аттарын, мысалы «Қызғалдақ» ұйымын Организация «Мак» деп аудармаймыз ғой. Қорытындылай айтқанда, бұл заң қазақтың орфографиялық нормасын жазуды реттейтін болады. Барлық дамыған унитарлы елдерде осындай.


Баға беріңіз