"Қазақша сөйлетудің Сержан әліппесі"

​Өздері қазақ боп туып, бірақ қазақша сөйлей алмайтындарды «мылқау» ­демегенде не дейміз? Бұлар – ұлтымыздың ұяты. Бейшаралар жастайынан әке-шешелерінің ойсыздығынан, оның үстіне әртүрлі себеппен ө...

10 ақпан, 2022

Бірақ жаңа заман туып келеді, енді оларға жол жоқ. Бұрынғы жүйе оларға жол беріп, масайратып жіберген. Енді олар қазақша сөйлегісі келеді. Бірақ ананың сүтімен, атаның тәрбиесімен қанға сіңбеген соң мәкүру шүлжіңнен арыла алмайды. Әсіресе қазағымыздың ерекше дыбыстары: қ, ғ, ә, ұ, ү, ң, ы, і-лерге тілдері келмей, қиналады. Бұл әріптер ұлтымыздың мөр таңбаларындай. Біздің ардақты да айрықша акценттеріміз емес пе? Соларды әлгі тілдері мүкістерге айттырып қараңыз: қ-ны к дейді, ғ-ны г дейді, ы-ны ый дейді, і-ні і й дейді, ал ұ, ү оларға у, ң олар үшін бәрі бір мұрынмен айтылатын н (ң-ның таңдаймен айтылатынын түсінбейді), ә-ні а дейді.

Осы жерде тілі басқа бір әншіге қазақша қалай ән салдырғанымды айтудың жөні келіп тұр. Қаламызда Геннадий Бубнов деген әнші болды. Даусы жақсы, тым сайлы жігіт. Бір күні сахнада Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасты» шырқап тұр. Әрине, әлгі бөлекше қазақ дыбыстарын өзінше, яғни орысша бөсіп тұр, тіпті күлкің келеді:

Айттыйм сиялем, Каламкас,

Саган курбан мал мен бас.

Сагыйнганнан сени ойлап,

Келер кузге ыйстыйк жас.

Сенен артыйк жан тумас,

Туса туар артыйлмас.

Бир узійннен баскага

Ыйнтыйктынгымм айтыйлмас.

Асыйл адам айныймас,

Бир бетійнен кайрыйлмас.

Курмесем де, курсем де,

Кунлійм сенен айрыйлмас.

Әнді орындап шығып, менің қасыма келді.

– Ну, как? – деп сұрады.

– Хорошо поешь, голос прекрасный, но издеваешься над нашим языком, – деп күлдім.

– Но ваши новые казахи все так говорят, – деп менің де жаныма тиіп кетті. Шынында да солай, қазіргі шәлдүріштер сөйтіп айтатыны рас. Содан кейін Гена маған жата жалбарынды.

– Саке дорогой, помоги. У меня говор по-казахски страшный, как избавиться? Ради бога, помоги, – деп қоймады.

Мен әуелден де қазақ әріптерін орысшаға аудару жөнінде бір ойда жүр едім. Енді соны іске асырып, бірінші тәжірибе жасағым келді. Ең басты мәселе – бұл әріптерді орыстарға көрсетпеу. Үндері біршама ұқсас басқа әріптермен алмастыру. Міне, былай:

Қ, Ғ орнына Х не Һ

Ұ, Ү орнына О не У

Ә орнына Э

Ы орнына Ъ– қатаң белгі

І орнына Ь – жұмсақ белгі

Ң орнына сол Н, тек мұрын емес, таңдаймен дыбыстау.

Енді әлгі «Айттым сәлем, Қаламқасты» жөндегеніміз мынадай болды:

Айттъм сэлем, Халамхас,

Сахан хурбан мал мен бас.

Сахънханнан сень ойлап,

Келер козге ъстъх жас.

Сенен артъх жан тумас,

Туса туар артълмас.

Бьр озъннен басхаха

Ънтъхтъхъм айтълмас.

Асъл адам айнъмас,

Бьр бетьнен хайрълмас.

Кормесем де, корсем де,

Конльм сенен айрълмас.

Осы мәтінді Генаға бердім, ол байғұс күні-түні жаттап, бір күні сахнаға тағы шықты, әнді әуелетті дейсің! Жұрт өзгеріске таңғалды. «И, мына орыс қазақ болып кетіпті ғой!»,- десті біреулер. Әрине, жүз пайыз қазақша болмаса да, жобасы дұрысталып қалған сияқты. ­Геннадий қуанып, рақметін жаудырып жатыр. Ол құнығып, тағы үш-төрт қазақ әндеріне тапсырыс берді, бәрін жоғарыда көрсетілген «әліппемен» редакцияладым. Осыны «Қазақша сөйлетудің Сержан әліппесі» деп атаса да болғандай. Бара-бара Г.Бубнов үлкен табысты болды! Облыстық мәдениет басшысы Н.Мұқановтың ұсынысы, қолдауымен Республиканың еңбек сіңірген артисі атанды. Үлкейген соң еліне, Ресейге оралды.

Баяғыда «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген ұран болды. Сол айтқандай, қазір түрі ұлттық, мазмұны түсініксіздер боп жүргендер сол Геннадий Бубнов құрлы жоқ па? Сондай бола алмай ма? Олардың баяндама, сөз дайын­дап беретін хатшы, көмекшілері бар, ­солар жоғарыдағы біздің әліппемізді қолданысқа алып, мәтіндерді жасақтап берсе, жарамай ма? Содан мінберге шығып, сауысқанша шоқып, ежіктеп бір оқыса, шіренген шіркіндер қазақша қалыпқа жақындауы мүмкін-ау!

Менің пікірім, әуелден-ақ тілдерінің мүкісі көпе-көрнеу айдан анық білініп тұрған «тұлғаларды» неге жоғарыға – сенатқа, мәжіліске, министрліктерге жібереміз?! Басшылар аңдамай ма, әлде көңілжықпас, көйлек жыртпас коррупциямен шырмалып тұрмыз ба? Жолатпай, оларды қуу керек еді.

Ал, енді «болар іс болды, бояуы сіңді» деп, әлгі шырмауда қалғандарды менің әліппеммен тәрбиелеуден басқа амал жоқ. Олардың тілін сындырып, толықтай болмаса да, жөнге келтірудің жалғыз амалы осы.

Бұл еңбегіміз айда-жылда кәдеге жарап, іске асып жатса, маған авторлық құқық пен ­патент беруді ұмытпаңдар. Бірақ қазақша сөйлей алмай, шүлдірлеген ағайындардың Г.Бубнов сияқты беттері бері қарағандарын көрсем қуанамын. Мен үшін үлкен патент – сол!

Сержан ШАКРАТ,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, Маңғыстау

облысының Құрметті азаматы


Баға беріңіз