Кие кетіп барады

03 ақпан, 2022

Қазақ үшін кие дегеніміз – жылқының желкілдеген жалы, қошқардың иір-шиір мүйізі, қара қойдың тісі ақсиған басы мен Зеңгі баба – сиырдың сүт саулаған төрт емшегі. Кие дегеніміз – «Бісіміллә!» деп басталған қазақтың құдіретті сөзі мен «Тәуба!» деген тоқмейіл көңілі. Оның аржағында шүкіршілік жатыр. Қалихан Ысқақ деген сөз майын тамызған жазушы бір сұқбатында: «Мені оқу қиын, Бердібек пен ­Сайынды оқу оңайырақ, бірақ сөз киесін мойындап оқу керек» дегені бар. «Біздің тіліміз кедей, біздің тарихымыз таяз» деп ешкім де айтпайды. Тек соны әркім алақанға сап аялай білуі керек емес пе?» Сан біткеннің бүйірінен соққан математик Асқар Жұмаділдаев білмесе бұлай айтпайды. Оның көргені көп, «көре-көре көсем боласың» да біздің сөз. Көсемнің өзі көргені көптің алдында бас иеді. Бас имегендерді «көргенсіз» дейді. Жылқының киесі Қамбар ата дейміз, ауыл шетіне келген ақбөкенді көздеп, киесіне ұшырағандар өз оғы өзіне тиіп, өмірден тұл өтіп жатыр. Сөз киесі ше? Сөз киесіне ұшырағандар бар ма екен бұл өмірде?

Абайдың 175 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Кітап та жазылды, сөз де сөйленді, кино түсіріліп, қойылымдар сахналанды. Абайда арман жоқ, ұрпағы ұлықтап жатыр. Менің жанымды қинайтын бір көрініс – Алматының кіндігіндегі Хакімжан Наурызбаев жасаған Абай ескерткішіне деген құрметтің құлдырап, әруақты әлекке салғандардың іс-әрекеті. Абай – біздің киеміз. Атаулы күндерде гүл қоямыз, некелескен ерлі-зайыптылар ақын бабаның алдында тұрып өмірдің ұмытылмас бір сәтін өрнектеп, шырт еткізіп суретке түседі. Бірақ осы тас тұлға көзден кетпегенмен көңілден кетіп, қараусыз қалды. Түс ауа орысы бар, қазағы бар – бала-шағаның бәрі жиылып, тас тұғырда «шайтан арбамен» әйт­песе сыр­ғымамен айналып түсіп, спорт тілімен түйін­десек, «сальто» жасап, шеберліктерін шыңдап жатады. ­Осыны көріп тұрып, намысымыз қозып ескерттік те. «Қайран сөзім қор болғасын» полисай да шақырдым. Сары дөңгелекпен келген шенді жігіт ескерткішті алақанымен ұстап көріп, «Ешқандай қанның белгісі білінбейді, бұл жерде қылмыс жоқ» деп өзіме тарпа бас салды. «Бұл жаттығу жасайтын спорттық орын емес қой. Тұғыр үгітіліп барады. Шара қолдану керек» деймін. «Онда біздің шаруамыз жоқ. Демек, қан жоқ жерде қылмыс жоқ. Біз сізді қылмысты қоздырушы күдікті ретінде есепке аламыз» деп есім-сойымды алабажақ акт қағазына түртіп қойды. Әбекең (Абай баба) маңқиған күйі қала берді.

Ескерткішті қорғау жайын Медеу ауданының әкімімен кездесуде де сөз еттім. «Болат ­Пушкин тіріліп кете ме деп, Тұғырыңды болатпен шынжырлаған» деп Мұқағали айтқандай, тіпті болмаса шынжырмен қоршап қояйық» деп уәж айттым. «Көреміз. Болашақта бір амалын табармыз» деді. Сөз сол күйі қалды. Абай бабаның шапанының астына тарс-тұрс соғылған темір дырылдақ жаныңды сыздатады. Тағы да Асқар құрдасымнан мысал алайын. Ол: «Сөз бен істің арасы Жапонияда 1 сантиметр, Америкада 2 сантиметр, ал бізде қанша шақырым екенін бір Құдайдың өзі біледі» деп Жаратқан Иеме жүгінеді.

Қан керек болса, Абай өз қанымыз емес пе, он төрт миллион қазақтың қаны бір емес пе? Бір аялдама жерде мұрты едірейіп қақол Шевченконың тас мүсіні тұр. Айналасында қылау жоқ, жылан жалағандай. «Уәде – Құдайдың атымен» деген киелі сөзіміз қайда?

Абай кәдемізге жарап жүр. «Білім таппай мақтанбаны» жатқа айтқан бала шәкірттен бастап, қызмет тұғырына қонған шенуніктің мансап кәдесіне дейін, тіпті қоштасу мен шығарып салуға дейін Абай жыры мен қара сөзін мысалға аламыз. Бір мерзімі бітіп, депутаттықтан кетіп бара жатқан кісіні әріптесі жеріне жеткізе мақтап отыр. «Абай айтқандай, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған», кісілікті кісілігімен көрсетіп, барлық әлеуметтік топтардың құрметіне бөленген» десін кеп. Абайды аяп кеттім. Кешеге де, бүгінге де аянбай пікір айтып тұр. Тас мүсіннің түбі күн бата қаңғыбастардың жайлы мекені, күн ашықта шеберлігін шыңдаған жасөспірімдердің шеңбер жасап иілген спорттық ойнағы.

«Сөз – «снайпер», ол – мергеннің оғындай мүлт кетпейді. Бір болашағы зор төмен етек келелі бас қосуда халық сыйлаған перзентіне мінберден сүйсіне қарап: «Сізді көргенде жүрегім лүпілдеп кетеді. Я вас люблю!» деп ұлтаралық тілде жан сезімін жайып салсадағы сөздің қасиеті оны сыртынан келекелеп тұр еді. Майы тамған мадақтаулардың бәрін белінен бір-ақ басқан осындай көтерме сөздерге микрофонды тықылдатқан тоқтау да жоқ. Ыржиған езу мен қызу қол шапалақ. Кие деген қасиет ғана томсарып, кеңістікке кетіп бара жатыр.

Алматының қақ ортасын күнде бір кесіп өтемін. Мұрты шиырылған Шевченко ескерткішінің тұсында «Қыз-Жібек» деп аталған көзге көрікті кафе бар еді. Талай жақсылықтар мен сән-салтанат, қонақасылар мен ас-кәделер өткен жер, қазақы дәстүрді ұстаған ұлағаты бар орын еді. Бір күнде сол маңдайшаны «ЦЕХ» деген арбиған жазумен ауыс­тырып, сыртта отырып кофе мен шарап ішетін еу­ропаның озық дастарқанының бірі боп шыға келді. Өзім де «бәлелі жерге бармағымды сұғам» да жүрем.

– Атауын неге өзгерттіңдер? – деймін сол жердің желкенін ұстаған қазақ жігітке.

– «Қыз-Жібек» дегенді көп адам түсінбейді. Әсіресе, жастар. Олар национальный блюдаға жоламайды. «Цех» болғалы клиенттеріміз көбейді, заказ берейін деп пе едіңіз?

– Жоқ, атауын бекер өзгерткенсіңдер. «Қыз-Жібек» деген киноны көріп пе едің?

– А-а-а, анау Бекежан ба? – деп ол Асанәлі аға­мыздың бет-бейнесін көз алдына әкелгендей аңтарылып қалды.

– Біреумен келістіңдер ме?

– Кіммен келісеміз?

– Әкімшілікпен дегендей...

– Зачем нам әкімшілік? Біз бұл жерді сатып алғанбыз. Я – «капитан дальнего плавания».

Осыдан кейін «Қыз-Жібекті» сыңсытпай-ақ кетейін дедім. Арқасына садақтың оғы қадалып, Төлеген қансырап жатыр. Бекежанға сөз шығын. Оу, кәрі астананың әдебі мен әуенін бақылайтын біреу болмағаны ма? Киенің бәрі сатылып кеткені ме? Неге бардан жоқ жасаймыз? Осы ұлы Достық даңғылының ­бойында әзірбайжанның «Хачапури» деп аталған екі нан пісіру цехы мен екі мейрамханасы «менмұндалап» өзіне шақырып тұр. Бәрінің алдында басына кавказдық бөрік киіп, беліне қанжар байлаған сұсты еркектің бейнесі. Мен Алматыда емес, Бакуде жүргендеймін.

Нан дегеннен шығады, маңдайшадағы «Нан-Хлеб» қашан өзгереді? Нанды өз тілінде айта алмаған халық та халық па? «Хлеб»-тің нан екенін білетін уақыт жетті ғой. Қашанғы басқалардың аузына нанымызды шайнап саламыз? Наннан киелі не бар?

«Келесі аялдама – Абай даңғылы. Следующая остановка – проспект Абая» дейді автобус пен троллейбус хабаршысы. Оу, Абайды білмейтіндер Алматыда неге өмір сүреді? Біз тілді пойыз бен автобустың үстінде, Көкбазар мен Алтын Ордада бойымызға сіңірмейміз бе? Тіл – адамзаттың бір-бірімен қатынас жасау құралы. Өзбекше сөйлемеген орыс Тәшкенде өмір сүре алмайды. Біз неге өзгенің аузына шайнап салып, киемізді қолдан ұшырамыз? Дүкен мен төрт дөңгелектің үстінде, емхананың кезегінде өз тіліңде сөйлемей, сен, ұлт бола алмайсың. Нан деген үш әріптен тұратын киелі сөзді ана тіліңде (мемлекеттік тілде) жазып, ана тіліңде айта алмасаң қалайша «толық адам» боп қалыптасасың? Маңдайшадағы «Хлеб»-ті, «маңдайға жазылған» жалтақтықты жоятын кез келген жоқ па?

Алматыда «Арман» кинотетарынан бас­талып, Медеуге дейін созылған тау өзенін жағалаған (халықаралық атауы – терренкур) жанға жайлы соқпақ бар. Үлкен-кіші мен жас­тар, зиялы мен қарапайым ел-жұрт тұла бойдағы тұзды термен аластап, көңіл сергітетін қасиетті жол. Осы соқпақ жолдың бойындағы әрлі-берлі тербетілген қазақтың алтыбақанын бір күнде алып тастап, шынжыры салбырап, секең-секең еткен темір орындықты байлап қойыпты. Сірә, алтыбақан көзге қораш көрініп, феодалдық дәуірді дәріптеп, ұлттық сипатты алға тартса керек. Әйтпесе, қыз-жігіт тербелген айдай алтыбақанды сықырлаған шынжыр орындыққа неге алмастырды? Дәл түбінен дәретхана соғыпты, есігіне «Бесплатно-Тегін» деген аударма сөзді іліп қойыпты. Күзетші қазақ келіншек қатар орналасқан үйшіктің ішінде қалта телефоннан бас алмай танауын қайта-қайта тартып, тыжырынып отыр.

Майы тамған мақал-мәтеліміздің де айтылуы бұзылып, ажары кетіп барады. Белін майыстырып айта саламыз да, сөз мәйегінен мағына іздейміз. Бір-ақ мысал, КТК арнасының «Кешкі жаңалықтарында» (06.05.2021) хабар жүргізіп тұрған журналист қыз вакцина егу мерзіміне министр мен вице-министрдің екі түрлі жауап бергенін айта келіп, «қой көп болса, қойшы арам өледі» деп бір-ақ қайырды.

Термин сөздер тәржімаланбайды, бірақ оның өзіне тән ибасы бар. Кейде аты бәйгеден терлеп-тепшіп келген біреулерді «классик» деп таныстырғанда осы сөзді оң құлағымен ести алмай кеткен Ғ.Мүсірепов пен Ә.Тәжібаевты, Т.Әлімқұлов пен Ж.Әбдірашевті ойлап отырасың. Кітапханада өткен бір кездесуде осы сөзді өзіме қаратып айта бастағанда «сөздің обалына қалмайық» деп басымды шайқадым. «Жаман сөз емес қой» дейді жүргізуші. «Жақсы сөзге жан семіреді», бірақ жұрт сеніп қалады ғой» деп бетін қайтардым. Осындай теңеуді естігенде төбесі Көкке екі елі жетпей бақыт құшағында балқып отыратындар да бар. «Сөз сүйектен өтеді», «сөз алда жүреді», екеуінен де сақтану керек. «Сөз деген сезе білген адамға жүрегі лүпілдеп тұрған тірі нәрсе» дейді жас қаламдас Нұрлыбек Саматұлы. Тіріні өліге айналдырмайық.

Тілімізді тұқыртып жүрген интеллигенциямыз. Интеллигенцияның бәрі зиялы емес. Коммунистік партияның «партасында» отырып, құрылтайда қол шапалақтап кеп тәуелсіздіктің мансап тұғырына тырмысқан шенеунік атаулының тілі ала-құла. Олар орыс тілін ешқашан сатпайды, қазақ тілінің құшағына кірмейді, өйткені орыс тілі – олар үшін нан табу құралы. Енді мемлекеттік тілімізді нан табу құралына айналдыратын кез келді, таба нанды жей алмайтындар бөлішке мен «бублик» жеп күнін көрсін. Олардың алдына ала таяқ қоятын кез жетті. Ыстық шоққа көмілген тандыр нан жеген тарландарымыз өз тілінде сөйлеп, нотариустан анықтама ала алмай аудармашы жалдап көздері бозарып жүрген жоқ па? Отыз жыл өтті, туған тіліміздің төбесіне жасыл туымызды желбірететін кез келді. Киеден аттамайық.

«Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» ­деген көркем фильмде оташы боп ойнаған ­Андрей Мягков осыдан кейін он жыл бойына киноға түспепті. «Тіл білмейтін, жөндеп сөйлей алмайтын адамдармен бірге ойнағым келмейді» дейді ол. Ол – өнерді, тілді кие тұтқан бірбеткей тұлға. Табиғаты аңғал, бірақ өмірде қатал.

Интернет деген ғажайып алға шықты, сөздің орнын «лайк» деген секеңдеген сурет алды. Риза болса, бас бармақ шошайып, күлкі көмкерсе, тісі ақсиып, ыржиған езу тура қарайды, ақпейіл көңілдің көркі деп бір бума қызыл гүлді лақтыра саласың. Жансыз сурет жанды сөзді орнынан ығыстырды. Сөз жүректен шығады, сөзде кие бар. «Бал тамған тілден у да тамады».

Қазақы сөздің киесі кетіп барады.

Иесі неғып отырмыз?

Үй айналып жүрген киемізге иіс шығармай­мыз ба?



Баға беріңіз