Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Мама мен папа сөзін қолдану дұрыс па?

23.12.2021 742

Бүгінгі күн парадоксы: дербес ұғымы қалыптасқан ­шынайы тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілі мәртебесі жеткілікті деңгейіне көтерілмей, тіпті қазақтың өзінің арақатынасында қолданылмай келетіндігі қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді сыздатады. Сондықтан да оны жандандыру мәселесі әлі де өзекті болып келеді.

Қайда қадам бассаңыз да, қайда назар аударсаңыз да, көретін құбылысыңыз бірыңғай: егде жастағы қария, жаңашылдыққа құлшынысы мол жастар, ауладағы ойынға берілген жас балалар, тілі жаңа шыққан бүлдіршін, ертеңіне үміті зор жас жұбайлар жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан балаларымен егемен елімізде ұлттық табиғатымызға жат тілде шүлдірлеп, мақтана жарыса сайрайды. Тіпті ой-санасы толған, салиқалы деген замандастарымыз тек орыс тілін қолданады. Өкініштісі, олар ана тілі – қазақ тілін, Қазақстандағы мемлекеттік дәрежедегі тілін аузына алмайды. Әрине, орыс тілін білу артық емес, кезінде ұлы Абай да орыс тілін білудің маңызын атап өткен. Орыс тілін білу дұрыс та. Бірақ әркімге өзінің ана тілін білу – қасиетті парыз! Атақты авар ақыны Расул Ғамзатов: «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген жалынды ойын халқына жеткізген. Осы ақиқатты бізге де күнде қайталаған артық емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев, елімізде тіл мәселесінің әлі де болса өзектілігіне аса көңіл бөліп, былай дегені белгілі: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! ...Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан ­басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. ...Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз». Сондықтан мемлекетімізде тіл саясаты жүйелі түрде, жан-жақты оңтайлы, ықпалды тәсілдермен және ғылыми терең негізделіп жүргізілсе – игі мақсатымызға жететініміз сөзсіз. Ана тіліміз – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің, адамшылдығымыздың кепілі! Тілден айырылсақ – елімізден айырыламыз!

Ал қанымызға ана сүтімен дарыған, көркемдік сипаты мол, сөздік қоры ғаламат бай тіліміздің қолданыс деңгейі төмендеп, тіпті күннен-күнге құлдырап бара жатқаны бізді қатты қынжылтады. Жұрттың көпшілігінің ана тілін жатсынып, оған немқұрайды, тіпті менсінбей қарауының себептері, әрине, саналуан. Бірақ соның ішінде ең басты деген бір қырына көңіл бөліп, талдап көрейік. Алла бұйыртып, жарық дүниеге аман-сау келген перзенттің тілі жаңа ғана шыққан шақта, өзінің етене ең жақын жандары – әке-шешесін орысша «мама, папа» деп аузына алады. Осыны естіген ата-анасы аса бір қуанышқа бөленеді. Әрине, осы сәттің алдында олардың өздері күніне жүзден аса «мама, папа» деген сөздерді бүлдіршіннің құлағына құйып бағады ғой. Сонымен, бірінші ауызына алған ­«мама-папа» сөздерін балалары өмір бойы аузынан тастамайды. Бірақ көпшілік ата-аналар бүлдіршіндерінің санасы орыс тіліндегі «мама, папа» сөздерімен бірге орыстілділікке кодталатынына (дуаланатынына) мән бермейді.

Ұлт болмысын қалыптас­тырудағы Қазақ түсіндірме сөздіктерінің рөлі орасан екені айқын. Әрине, сөздіктердің кемістіктерін арнайы іздеуден аулақпыз, бірақ оларды қолданған кездерде кезігетін олқылықтарына намысы бар азаматтың іші ашитыны сөзсіз. Сөздіктер бүкіл халыққа арналған. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қауымының үлкенді-кішісінің кең қолданып жүрген «мама, папа» сөздерінің төркінін анықтауға тырысайық. Ресей сөздіктері орыс халқының көне заманнан бері төл сөзі болып келе жатқан бұл сөздерге мынадай түсініктеме берілген: « Мама, …То же, что м а т ь ( в 1 знач.) (преимущественно в обращении к матери или в разговоре детей о матери). (Словарь русского языка: В 4-х томах/ АН СССР, том 2, М.,1982, стр.224; С.И. Ожегов. Словарь русского языка.М.,1975, стр. 309 )»; « Папа… То же, что о т е ц ( в 1 знач.) (преимущественно в языке детей). (Словарь русского языка: В 4-х томах/ АН СССР, том 3, М.,1982, стр.18; С.И. Ожегов. Словарь русского языка.М.,1975, стр.449)». Хош, делік. Ал қазақ сөзіктері неге жолдан тайып, кірме, қазақ табиғатына жат сөздерге жол берген? Мысалы, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі «мама» сөзіне «Баланың туған шешесі, апа» дей келе, «папа» сөзіне – Туған әке деген түсініктеме берген («Ғылым» баспасы, Алматы – 1983, 7 том, 116 бет). Ал кейінгі жылдардағы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» аталған «мама, папа» сөздеріне мынадай түсіндірмелер берілген: «МАМА I Ат байлайтын діңгек ағаш. МАМА II Ананың емшегі Мама бие – сүтті, сарықарын, үлкен бие МАМА ІІІ Апа, шеше (Бұл басылымдар Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бола тұра, Орысша-қазақша сөздігінің рөлін не себепті атқарып отыр?); ПАПА Католик шіркеуіндегі ең жоғарғы билік иесі. (Алматы, 2008, «Дайк Пресс», 579, 667-беттер). Аталған сөздіктің орыстың «папа» сөзін «әке, ата» деп түсіндірме бермегеніне шүкіршілік.

Ал, енді Қазақстан құқықтық кеңістігіндегі қолданыстағы заңнамаға сүйенейік. Республикамызда ең жоғары заңды күшке ие заң – Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабында былай жазылған: «1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады». Зер салсаңыз, құқықтық күші мен пәрменділігі ең жоғары Ата Заңда «мама, папа» сөздері қолданылмағандығы бекерден-бекер емес: олар мәні асыл туған тілімізге, бүгінгі мен ертеңгі ұлттық мүддемізге, ежелгі заманнан бітімін тапқан адами табиғатымызға, ғасырлар бойы қалыптасқан болмысымызға жат, кірме сөздер. Барлық заң салаларының құқықтық базасы саналатын Ата Заңнан нәр алып, тамыр жайып бөлінген заңдар: «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі мен басқа да мемлекеттік тілдегі құқықтық актілерде «папа, мама» деген сөздер орын алмаған. Ал әр қазақстандық Қазақстан Республикасының Конституциясын, қолданыстағы заңдарды құрметтеп, талаптарын орындауға міндетті.

Қазақтың ықылым заманнан бері аузына алып келген қасиетті «әке, шеше, ана» сөздерінің орнына қазіргі шақта «мама, папа» сөздері неге қолданылады? Себебі көп. Оның астарын көзі қырағы қауым біледі. Бірақ санаға салсақ, «әке, шеше, ана» сөздері, жанымызға жылы, қадірі мол қазақи төл сөздер емес пе?! Сонымен қоса, бұл сөздер шұбаланқы емес, тілге оралымды, оңай айтылады, қолданысқа қиындығы жоқ болып тұр емес пе? Орыстың «мама, папа» кірме сөздерінің орнына «әке, шеше, ана» сөздерін қолданайық, ұлтжанды ағайын. Бұл – Заң талабы.


Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

747

ақпарат

"Қазақ тілінде сөйлемесе, ол менің балам емес"

515

ақпарат

Барым да, бағым да - қазақ тілі

463

ақпарат

Кофе және әдебиет 4