«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері анықталды

​Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері марапатталды.

30 қараша, 2021

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, нағыз тіл жанашырын анықтайтын байқау биыл 16 рет ұйымдастырылды. Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған материалдардың мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсына төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түсті.

Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Мерзімді басылымдардан «Үздік мақала» аталымына 137 материал жолданса, «Үздік сайт мақаласы» номинациясына 59 материал қабылданды. Ал «Үздік радиобағдарлама» аталымына 17 радиохабар ұсынылса, «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 73 материалдан үздік үштік анықталды.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды «Айқын» газетінің тілшісі Абылайхан Жұмаш, 2-орынды «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Думан Анаш, ал 1-орынды «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ақмарал Есдәулетова иеленді.

«Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша 3-орын журналист Ерғали Серікке, 2-орын Динара Мыңжасарқызына («Nege» сайты), 1-орын «Qazaq» газеті сайтының журналисі Ермек Жұмахметұлына бұйырды.


«Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Жамбыл» радиосының редактор-жүргізушісі Жұлдыз Бейсек, 2-орынды «Халық» радиосының редакторы Раушан Сыбанжанова, 1-орынды «Шалқар» радиосының жетекші редакторы Оңғар Құрал жеңіп алды.

«Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша: 3-орын иегері «Алматы» телеарнасының тілшісі – Мадина Оқас, 2-орын иегері «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі – Қозы Көрпеш Жасаралұлы, 1-орын иегері «ҚазАқпарат» агенттігінің редакторы – Азамат Нұғыманов.

"Мемлекеттік тіл және БАҚ" байқауының бас жүлдесі республикалық «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызына бұйырды. Бас жүлде иегеріне 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Айта кетейік, байқауға қатысқан (өтінімдері қабылданған) барлық журналистерге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының алғысхаты жолданады.


Баға беріңіз