Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ТІЛ РЕФОРМАСЫ: жаңару және жаңашылдық

12.11.2021 276
Қазақстандағы тілдік реформа еліміздің саяси тәуелсіздікке ие болуымен тікелей сабақтас. Тәуелсіздігін жариялаған посткеңестік мемлекеттердің барлығында да саяси, экономикалық реформалар жүргізілді. Ол түсінікті де. Ал тілге келсек, мұндай реформалар әліпби ауыстырумен байланысты болды. Мысалы, әзербайжан, ғағауыз, қарақалпақ, өзбек, түрікмен тілдерінің латын әліпбиіне көшуі тілді жаңғыртудың негізі болды.

Жалпы, тіл реформасының халықаралық тәжірибелеріне қарасақ, онда мұндай өзгерістердің негізінде жазу реформасы тұрғанын анық аңғарар едік. Мысалы, аса ірі реформаларды айтсақ, ХIV ғасырдан басталып ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін созылған ағылшын тілінің, XVII және ХХ ғасырдағы француз тілінің, ХVIII және ХХ ғасыр басындағы орыс тілінің және басқа да көптеген тілдердегі реформалар жөнінде айтуға болады. Мұндай реформа біздің тілімізде бірнеше рет болған. Олардың алғашқысы ХХ ғасыр басындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Төте жазуымен» және емле ережелерін қалыптастырумен байланысты. Ұлт ұстазы арабтың клас­сикалық қадым жазуын қазақ тілінің табиғатына негізделген «Төте жазуға» бейімдегенін жақсы білеміз. Ескіше жазудағы тілімізге тән емес элементтерден арылтып, жазу үлгісін де, оның ережелерін де жаңаша жасады. Бұл аса ірі реформаторлық қадам болды. Оны кезінде Мұхтар Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі» деп баға берді. 1920 жылдардың аяғында латын әліпбиіне көшу, 1940 жылы кирилл әліпбиін қабылдау тағы да тілдік реформаларға әкелді. Бұл екі реформа, әрине, сол кездегі идеологиямен байланысты болғанын жақсы білеміз. Тілдік реформаға, жалпы тіл мәселесіне идеология араласқаннан кейін тілдің табиғаты бұзылатыны түсінікті. Әсіресе, кирилл әліпбиінде қазақ тіліне тән емес дыбыстарды енгізу тіліміздің бастапқы табиғи болмысын өзгертті. Соның нәтижесінде жалпы тілімізге тән емес ережелер пайда болды. Сондай ережелерге бағынып сөйлеуге, жазуға мәжбүр болдық. Қазақ тілінің табиғи әуезділігі бұзылды, кірме сөздердің барлығы басқа орыс тілінің орфографиясы бойынша жазылатын болды да орфоэпия да, орфография да өзгерді.

Қазақ тілін жаңғыртудың қазіргі негізгі қажеттілігі – тілдік қажеттілікпен орайлас. Яғни кезінде басқа тілдің орфографиясына бағындырылған, қазақ тілі үшін тән емес құбылыстардан арылуымыз керек. Егер тіл реформасын жүзеге асырмайтын болсақ, онда қазақ тілінің табиғаты әбден бұзылып бірте-бірте төл сөздік қорымызды басқа тілден орыс тілі орфографиясымен жазылған сөздер еніп, белгілі уақыттан кейін жат орфография және кірме сөздер тілімізді жаулап, қазақ тілі қойыртпақ тілге айналады. Кеңестік кезеңде бұл процесс басталып, осы күнге дейін жалғасып келеді. Мысалы, 329 мың сөзден тұратын қазіргі 30 томдық терминологиялық сөздікте қазақ тіліндегі терминдердің үлесі 7 пайыз, гибрид терминдердің үлесі 50 пайыздай. Егер осылай кете берсе, онда тіл бұзылады, тіл бұзылса ұлттық сана бұзылады, ұлттық сана бұзылса онда мемлекеттің тұтастығына қауіп төнеді. Тілдің осындай айрықша маңыздылығын оқымыстылар әлдеқашан білген, ескерткен. Қазақ тілінің ұлтты сақтайтынын тарихымызда алғаш айтып ескерткендер, сол үшін күрескендер Алаш зиялылары болғанын жақсы білеміз. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлы: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілді сөздерін араластыра-араластыра ақырындап ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» деп жазды. Тіл реформасының негізі осындай ұлтты сақтау миссиясымен тікелей байланысты.

Біз жазу мәдениеті дамыған дәуірде тұрғандықтан тілімізді дұрыс жазу ережелеріміз сақтайды. Ендеше бүгінгі тіл реформасындағы ең маңызды, ең өзекті міндет – дәл осы жазу мәдениетімен байланысты. Сондықтан реформаның бастапқы бағыты осы болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бұл жай ғана таңба ауыстыру емес, тілді сақтаудың қамы. Әлемдегі барлық тілдік реформа жазу реформасы арқылы жүзеге асырылған. Мәселен, қазір әлемде ең көп сұраныс пен қажеттілікке ие болып отырған ағылшын тілінің реформасын алайық. Бұл тілді реформалауда біріншіден, жазу ережелеріне үнемі өзгерістер енгізілген, шет тілінен енген терминдерді ағылшын тілінің ережесіне сай жазу бекітілген, ономастикалық атауларды жазу жүйеленген. Француз тілінің реформасында емле ережелерге өзгерістер XVII ғасырдан бастап ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін енгізіліп келген, кірме сөздер игерілген, жаңадан диакритикалық белгілер өзгертілген, не қосылған. Бұл – табиғи, яғни болуға тиісті құбылыс. Егер осындай реформалар болмаса, яғни жазу үнемі жетілдіріліп тұрмаса, онда тіл заман көшіне ілесе алмайды. Себебі тіл жанды құбылыс. Тілдік реформаның негізі де, мақсаты да осында.

Жазу реформасына байланысты ғалымдар, мамандар бірнеше жылдан бері белсенді түрде жұмыстар атқарып келеді. Қазір жетілдірілген әліпби нұсқасы дайындалды. Бұл нұсқаны дайындауға орфография, фонетика, грамматика саласының ең білікті ғалымдары жұмылдырылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан бастап, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысқан бұл маңызды жұмыс үнемі кеңесу, дискуссия, сынама, саралау, сараптама форматтарында ұйымдастырылды. Аталған ғылыми мекемелер ғалымдарымен бірге тіл оқыту орталықтарының мамандары, осы салада еңбек етіп жүрген мамандар мен оқытушылар, тіпті латын әліпбиін қабылдаған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты туыс мемлекеттердің де ғалымдары қатыстырылған конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылып, олардың ғылыми, әдістемелік, ұйымдастырушылық тәжірибелері де мұқият сараланып ескерілді.

Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы содан өрістейтін өзгерістер мен жаңалықтар, әлбетте, жаңа ұғымдарды, терминдерді қалыптастырады. Мұндай жаңалықтар тілімізге негізінен орыс тілі арқылы енуде. Қазір оларды өз тіліміздің емес, орыс орфографиясы бойынша қабылдап жүрміз. Яғни қазақ тілінің табиғаты, сөздерді игеру мен қабылдаудың тілімізге тән әлеуеті мен мүмкіндіктері көп жағдайда сақталмауда. Бұл аса маңызды мәселе. Жоғарыда келтіргеніміздей, тіл реформасы ауқымында барлық тілдердегі осы мәселе ғалымдарды, жалпы зиялы қауымды толған­дырған.

Тіл реформасындағы өзекті әрі арналы мәселенің бірі – кірме сөздердің жазылуы десек, онда ғалымдармен талқылау барысында бірнеше мәселе алдымыздан шығады. Біріншіден, термин сөздердің барлығын жаппай аударудың қажеттілігі немесе қажетсіздігі; екіншіден, егер жаппай аудармасақ, аударылатындарын қалай іріктеу мәселесі; үшіншіден, латын әліпбиіне көшкенде кірме сөздерді түпнұсқа бойынша жазу мәселесі.

Бұл ретте Тіл саясаты комитеті тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Шеттілдік терминдерді игерудің халықаралық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция және «Кірме сөздердің, ономастикалық атаулардың латын графикасында игерілуі: талқы және тәжірибе» атты халықаралық онлайн семинар-кеңес ұйымдастырды. Кеңеске Түркиядан, Әзербайжаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан және Ғағаузиядан тілтанушы ғалымдар қатысты. Кірме сөздерді, терминдерді қабылдауда аталған тілдерде де бірізділік сақтала бермейді. Дегенмен латын әліпбиін қабылдауға байланысты қабылданған ережелерінде кірме сөздер мен терминдерді өз тілдерінің табиғатына орай қабылдау негізгі ғылыми принцип ретінде сақталатынын аңғардық.

Тіл реформасы аясында қазіргі кезде отандық ғалымдар халықаралық терминдерді әлемдік кеңістіктегі жазба тұрқына ұқсатып жазуды ұсынуда. Мысалы: акватория – akuatoria, фильм – film, премьера – premera, субъект – subekt, объект – obekt деген сияқты. Сонымен бірге орыс тілінің орфографиясымен келген сөз ортасындағы және сөз соңындағы қайталама әріптер ықшамдалады: профессор – profesor, металлургия – metalurgia, силлабус – silabus.

Топонимикалық, антропонимикалық атауларды біріздендіру де тілдік реформадан лайықты орын алады. Жалпы, тілдегі біріздендіруге келсек, оның тіл табиғатын сақтауға және сауатты жазуға ықпалы айрықша. Осы реттен келгенде жер-су атауларын, кісі есімдерін жазуды реттеудің маңызы ерекше. Бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, әртүрлі нұсқада жазылып жүрген, мысалы Мұхаммет/Мұ­хам­мед/Мұхамед сияқты кісі есімдері, Шерубай-Нұра/Шерубай Нұра/Шерубай­нұра сияқты топонимикалық атаулар, Германия/Алмания, Венгрия/Ма­жарстан сияқты шеттілдік атаулар біріздендіріледі. Бұларға қоса, шеттілдік ономастикалық атауларды транслитерациялауда түпнұсқа тікелей негізге алынады: Гватамела/Guatamela, Гонконг/Hoñkoñ. Сондай-ақ тіл реформасындағы үлкен бір арналы мәселе сөздерді ықшамдап жазу. Мұндай практика тілдік реформа кезіндегі барлық халыққа етене жақын.

Тілді жаңғырту кезінде тікелей лингвистикалық мәселелермен бірге көптеген ұйымдастырушылық шаралары да жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде тіл үйрету әдістемесінің ортақ жүйесін қалыптастыруға байланысты міндетті айтуға тиіспіз. Яғни еліміз бойынша балабақшадан бастап мемлекеттік қызметкерге, жалпы, ересек тұрғындарға дейін мемлекеттік тілді игертудің жүйесі жасалмақ. Бұл тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге үлкен серпін бермек.


Әділбек ҚАБА,

Білім және ғылым министрлігі

Тіл саясаты комитетінің

төрағасы



ТІЛ РЕФОРМАСЫ: ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ EGEMEN.KZ» ГАЗЕТІ МЕН САЙТЫ

https://egemen.kz/article/295116-til-reformasy-zha... 02.11.2021

Тегтер: қазақ тілі, тіл реформасы, идеология
Авторы: Әділбек ҚАБА

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

132

ақпарат

Туризмді қазақша сөйлетті

250

ақпарат

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері анықталды

283

ақпарат

1 млн теңге кімге бұйырады?