Нарықтағы әдеби бәсеке

Бүгінгі қоғамда әдебиет нарығы, кітап нарығы жоқ деп айтуға келмес. Бар, бірақ тым аз. Өйткені оны оқитын мың сан оқырман жоқ. Ең мықты деген шығар­маның өзі 2 мың тиражбен таралып келді. Оның өзі ...

08 қазан, 2021

Әдеби агент керек

Қазір кітаптың таралымы бұ­рынғыдай 2 000 емес, 5 000-ға жет­ті. Бірақ әлі де әдебиет мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Тап­сырыс арқылы шықса, қала­мақы алады. Егер қаламгер кітабын жеке тапсырыспен болмаса демеушілер арқылы шығарар болса, онда өзіне сатуға тура келеді. Аты дардай ақын-жазушы­лар кітабын сатып жүрмейтіні анық. Не істемек керек? Қайтсек, автор – баспа – маркетинг мә­селесін жолға қоя аламыз?

Көпшілік әдеби агент керек дегенді жиі айтады. Сондай ізгі істі қолға алып жүрген жандар да жоқ емес. Мәселен, Бақтыгүл Маханбетованың бұл іспен айна­лысқанына көп болды. «Әдебиет нарығы деген жекелеген автор­дың шешетін мәселесі емес. Ол – мемлекеттік деңгейде қалып­тасып, сол жүйе реттеп беретін бағыт. Егер мемлекет тарапынан тарату механизміне қаржы бө­лініп, кітап бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге, баспагерлерге жұмыс істейтіндей жүйе қалыптасса, сонда ғана мәселе шешіледі. Әйтпесе, мұны айту­дай-ақ айтып келеміз. Мемлекеттік деңгейде шешілетін дү­ниені жекелеген адамдар көтеріп, бас қа­тырып жүрміз. Тіпті, мұны ше­шудің жолдарын да айттық, ұсы­ныстарымызды да жеткіздік», – дейді. Оның айтуынша, баспагерлер мен кәсіпкерлер жақсы шы­ғармаларға инвестиция құйып, авторға да, өзіне де табыс әкелетін дүниені қалып­тас­тыр­май, бізде әдебиет нарығы дұрыс жолға қойылмайды.

«Бүгінгі әлеуметтік желінің артықшылық­тарын пайдалана алмай отырмыз. Үлкен кісілер жаңа технологиядан хабары аз болған­дықтан, қорғаншақтайды. Сондықтан жастар белсенді шы­ғуы керек. Белгілі бір шығарма­лардың айналасында насихаттау жұмыстары бар. Ал нағыз керек дү­ниелер көлеңкеде қалып қоя­ды, орташа деңгейдегі шығарма­ларға жарнама көптеу көрі­неді. Бұл да уақытша құбылыс шы­ғар. Кей шығар­ма­лардың ғұ­мыры 10 жыл болуы мүмкін, кей­бір шығарманың ғұмыры 100 жылға жетеді», – дейді Бақтыгүл Маханбетова.

Әдебиетті шетелге насихаттау үшін арнайы институт қажет секілді. Яғни, Бақтыгүл Маханбетова «аударма институты қалып­­тасу керек» деген пікірді алға тартады.

«Фолиант» баспасының редакторы Фарида Тобашалова: «Классикалық шығармалар әлі күнге дейін құндылығын жоғалт­қан жоқ, мұны оқырман сұра­нысы­нан аңғаруға болады. Сон­дай-ақ өскелең ұрпақтың клас­сикалық шығармалармен сусындауы, жалпы таныс болуы үшін біз заманауи форматта жаңаша безендірумен шығарып жүрміз. Себебі ол кітаптар 70-80-жылдары шыққан­дықтан әбден ескірген, табу қиын. Біз тек ескі кітаптарды шығарумен шектеліп қал­ған жоқпыз. Оқырманға қазіргі заманғы автор­лардың шығарма­ларын, әлемдік әдебиет­тің озық туындыларын, бестселлер кітаптарды түпнұсқадан қазақ тіліне аударып ұсынып жүрміз», – дейді.


Жақсы шығарманың насихаты кемшін

Жақсы шығармаға ең алдымен маркетинг керек. Насихаты кемшін болса, оның таралуы да қиын. Екіншіден, шығарманың мықты екенін қайдан білеміз? Зерттеп жатқан біреу бар ма? Кейде насихатына қарап шығар­маға баға беріліп жатады.

Белгілі жазушы Әлібек Асқа­ров бұл мәселеде ауызды қу шөп­пен сүрте беруге болмайды деп отыр. «Күнделікті өмірімізге ден­деп енген нарықтық қатынас кезінде өзін-өзі асырап келе жат­қан баспалар жағы жеткілікті. Бірақ әңгіменің ашығы керек, көп­теген баспаның мемлекетке қарап алақан жайып отырғаны да жасырын емес. Олар мойнына бұршақ салып тілеп алғандай тапсырыс арқылы бөлінген 3 мың кітапты өңір­лік кітапхана­ларға таратып береді де, әрі қарай қол қусырып отыра береді. Жос­парда көрсетілген тираждан тыс өнім шығарып, дүкендерге түсіру жөнінде талай айттық та, тіпті міндеттілді де. Соған шамалары келмейді», – дейді.

Кей шығармалар жиі басылып шығады. Тіпті, танымал авторлардың кітабын баспалар қайталап шығарып жатады. Неге? Шын мәнінде сұраныста ма? Бұл сауалымызға жазушы: «Жалпы, әлемдік әдебиетте, соның ішінде қазақ әдебиетінде шығарманы қайта-қайта баса беру үрдісі бая­ғы­дан қалыптасқан. Бұл – көңілге қонымды құбылыс, қуанарлық жайт. Одан біз ұтылмаймыз. Ауысып келіп жатқан әр ұрпақ буынын шөліркетпей, мейірін қан­дыра сусындатып отыру – біз үшін парыз. Бүгінгі ұрпақтың биік талғамына қарай жақсы кітаптарды қайыра шығарып жат­қанымыз сондықтан» деген жауап қайырды.

Жаңа шығармалар неге жоқ? Азды-көпті байқауларда болмаса, заманауи шығармалар жазылып жатқан жоқ. Бірлі-жарым әңгіме­лерді әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Жазушы бұған: «Менің­ше, қазір де іздесе, жақсы жазушылар мен тәуір шығармаларды табуға болады. Әрине, екінің бірінің қолын­дағы гаджеттен бастап төріміздегі жеке компьютерді қосқанда, бүгінде дәстүрлі кітаптың жолы ауыр болып кеткені рас. Сол себепті жақсы шығармалар байқала бермеуі де мүмкін

Бір қызық жағдайды айтайын, атышулы Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» өз отаны Колумбияда жарық көрген кезде соны елей қойған жан баласы болмапты. Тіпті, кейбір сыншылар: «Мұнысы несі?!» дегендей таңданыс білдіріпті. Бәлкім, менсінбегені ме, кім білсін? Арада төрт-бес жыл өткенде ағылшын тілінде Америкада басылып шық­қанда ғана әлем бөркін аспанға атып, шу ете қалыпты. Сол сияқ­ты шашасына шаң жұқпаған жүйріктер біздің арамызда жүрген болуы мүмкін. Әсіресе жас­тардан үмітіміз зор», – дейді Әлібек Асқаров.


Нарық қашан қалыптасады?

Нарық дегенде тағы бір мәсе­ленің шеті қылтияды. Ол – кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптар­дың аздығы. Бұған дейін де қаламгер қауым оқырманға қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз екенін айтып келген. Кез келген кітап дүкені қазақша кітаптардан гөрі орыс тіліндегі басылымдарды сатуға құмар екенін айтады. Еліміз­дегі ең ірі сауда желісі «Меломан» кітап дүкені екені белгілі. Онда қазақша шығармалар жоқ емес, бар. Бірақ тым аз. Оларды да түсінуге болады. Оқырман іздеп жүріп, сатып алатын шы­ғармалар жоқ деген сөз. Жақында ғана Ілияс Есенберлиннің «Мұхит­­тан өткен қайық» романын «Меломаннан» тауып алдық. Интернет арқылы кітап дүкен­дерінен іздегенімізде, тек осы сауда желісінен шығып тұрды. Демек, маркетинг жақсы дамы­ған. Баспагерлердің көбі жарна­ма­ға көп көңіл бөлмейді. Баспа нарығының ақсап тұрған тұсы – осы.

Екіншіден, мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығарма­ларды белгілі бір рейтинг бойынша жинақтаған абзал. Әйтпесе, қайталауға ұрына береміз. Жаңа шығармалар дүниеге келуі керек. Авторлардан жыл келгендей жаңа­лық күтетініміз де сондық­тан.

Автор – баспа – жарнама – кітап дүкендері. Осы байланыс болмаса, әдебиет нарығын дамыту қиын. Бүгінгі әдеби меже осылай болуы тиіс.




Баға беріңіз