Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ата-тегіміз дұрыс жазылу керек

6.10.2021 95

Көптен бері ойымда жүрген осы мәселені ортаға салғым келді. Адам дүниеге шыр етіп келген күннен бастап, ең алғаш еститіні өзінің есімі. Ғұмыр бойы азан шақырып қойылған есіммен өмір кешеді. Азан шақырып қойған есімнің ұлттық рухты көтеріп, «мен мұндалап» тұратын, түсінікті қазақы есім болуы бөлек әңгіме. Әйтпесе, өздері де түсінбейтін шетелдік есімдер, кинодағы «геройдың» есімдерін «модаға» айналдырып алғалы қашан...

Қазақ баласын «атыңа затың сай болсын» деп өсіреді. Ал, туған ата-ана, әулет – адамзат атаулының жарық дүниедегі жаратушының берген сыйы. Туған күніңді, аты-жөнің мен ата-тегіңді, әулетіңді айғақтайтын заңды туу туралы куәлік – өмірлік заңды құжат. Осы заңды құжатта аты-жөнің, тегің қате жазылып кетсе, бүкіл ғұмырыңда тілің бұралып солай аталып кетесің. Құжаттағы қателерді түзету біздің елде оңай шаруа емес. Құжат бойынша «Бибигуль, Бакытгуль. Галымжан» деген сақау есімдер, «Габуллин, Кудайбергенов, Галимжанов», т.б толып жатқан қателікке толы түсініксіз «фамилиялар» әр қазақтың өмірлік құжатында өріп жүр. Бұл қателер кейін қажетті іс-қағаздарын толтыруда құжат бойынша дәл солай жазылмаса жарамсыз болып шығады.

Ел тәуелсіздігін алғалы бері алдымен құжаттағы ата-тегімізді қазақша жазуға көшкеніміз аян. Бірақ, көпшілігімізге әріптерден кеткен қателерді қайта түзетіп, «Бибігүл, Бақыткүл, Ғалымжан» деп жаздыру үшін көптеген асуларды асып, талай табалдырықты басуға тура келеді. Оқыған мектебің, жоғары оқу орны, некелік куәлік, т.б. қосымша қажеттілік құжаттары барлығы түп-тұқиянымен ауысу керек. Көпшілігі сол қиындықтан қашып, «Бас аман болсыншы» деп қолды бір сілтейтініміз де рас. Бұл жөнінде айтар әңгіме басқа.

Кәзіргі таңда көпшілігіміз «ов» пен «ова» дан құтылу керек деп құжатымызды қазақша жаздыруға көштік. Мәселен: «Уайыс Сарқыт, Садуақас Омар, Мөлдір Мұрат, т.б. деп қазақшалап жатырмыз. Осы құжаттағы адамдардың аты қайсы, тегі қайсы ажырату қиын. Біздің қоғамда бір жаңалық жасау үшін алдымен түбегейлі, жан-жақты зерттеп алып, асықпай ойланып қолға алу деген ұғым жоқтың қасы. Әйтпесе, қазақ тілінде әкесінің аты болса – Уайыс Сарқытұлы, атасы болса – Сарқыт тегі, ұлы атасы болса – Сарқыт әулеті болып жазылу керек. Ал келіндер күйеулерінің тегіне көшкенде, «Сарқыт әулеті» болып жазылған дұрыс. Сарқыт әулеттің келіні екені түсінікті болады. Кәзіргі қолданыстағы келіндердің тегін ауыстыруы әулеттің қызы есебінде беріліп келеді. Құжаттағы ата-тегін жаздырудағы жалғаусыз жазылу батыс үлгісінің әсері. Қазақтың ұлттың болмысы, тегі, атамекен-аймағы туу туралы құжат арқылы көріну қажет.

Өзге ұлт өкілдерінің қай ұлттан екенін аты-жөні мен тегіне қарап бірден айыра аламыз. Мәселен, Грузин тегі оңай танылады. Грузин фамилиялары соңы мен түбірі бар екі бөліктен тұрады. Егер сіз бұған назар аударсаңыз, бұл елдің жартысынан көбінде Грузияның қай аймағынан шыққанын айтуға болады. Грузин фамилияларының 13-тей түрі бар. Ең жиі кездесетін аяқталулар «швили» мен «дзе». Грузияның бүкіл аумағында, әсіресе Аджара, Гурия мен Имеретиде және сирек шығыс бөлігінде кездеседі. Бірақ «швили» негізінен Грузияның шығыс бөлігінде: Кахети мен Картлиде. Қазіргі уақытта «дзе» ең көне шежірелермен аяқталатыны, ал «швили» қазіргі заманға сай екендігі жалпы қабылданған.

Ал, қай ұлт екенін атойлатып тұратын армяндардың тегі «янға» бейім. Мысалы, Гаспарян, Иштоян, Карапетян. Сол сияқты француз, неміс, ағылшын, т.б. кез келген елдің ұлтының кім екенін тегі айқындап тұрады. Ата-текке келгенде қателікке жол бермейтін өте сауатты, намысымыз жоғары, ұқыпты болғанымыз жөн. Ауызекі сөзде өзге ұлттың аты-жөнін, тегін дұрыс айта алмай қалсаңыз, болмаса қате айтсаңыз намыстанып, сол жерде бірден түзетіп береді. Біз ше?.. Қате жазылған куәліктегі аты-жөнімізді өзіміз айтып, қалған құжаттарға да солай жазып, бас шұлғып жүре береміз.

Тағы бір елдерде туу туралы куәлігіне кәдімгідей туу тарихы нақты дәлелмен жазылады екен. Мысалы Семейде туған сәбидің туу туралы куәлігіне – сәбидің аты-жөні тегі, туған қаласы, мекен-жайы және қай уақытта яғни сағат нешеде минут, секунтына дейін дүниеге келгені көрсетіледі.

Кейінгі уақытта жақындарымыздың туған күнін түнгі он екіде түн тыныштығын бұзып құттықтауды әдетке айналдырып келеміз. Бұл да дұрыс емес. Әр адамның туған күні және сағаты белгілі. Дәл сол уақытта құттықтап қарсы алып, қуантып жатсақ нақты шынайылық болар еді. Әркімнің туған күні уақытымен тойланып жатса қызық емес пе?

Жалпы түнгі он екі - сағат тілінің ауысатыны болмаса түнгі шырт ұйқы, атып келе жатқан таңның да, шыққан күннің де мезгілі емес, табиғатпен де еш байланыспайды. Бұл үрдіс батыстан келген тексіз мәдениеттің бірі. Туған күн әр адамның жаңа жасы, жаңа жылын қарсы алу. Сол жаңа күннің арайланып атып келе жатқан таңын қарсы алса жарасар еді.

Календарлық ауысу мен табиғаттың құбылысын өміріміздегі жеке мейрамымызбен шатастырмай, қазақ болуды ата-тегімізден қанымызға сіңген тәрбиеден бастайық. Ауа-райының өзін табиғат құбылысына қарап болжаған бабаларымыздан сабақ алып, туған күндерімізді қарсы алуды да қазақы мәдениетке айналдыру әр қазақтың өз қолында ғой.


Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

104

ақпарат

Тілім менің - тірегім!

93

ақпарат

Елден бұрын еркіндігін алған тіл

5851

ақпарат

"Ана тілі" - арың бұл!