Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Елден бұрын еркіндігін алған тіл

4.10.2021 93

Сан нәубеттен «Мың өліп, мың тірілген» жер-жаһанға тарыдай шашылған қазақтың ұрпағына сең бұзылмай тұрғанда, сезімді селт еткізген жасындай жалт еткен жаңа хабар жетті.

– Сүйінші! – Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды!
Мұны естіген шетелдегі әр қазақ бөркін аспанға атып, бірінен-бірі сүйінші сұрап, алақайлаған қуанышында шек болсайшы. Өйткені жат жерде жабығыңқы жаны мұңлы, өзгенің қабағына қарап, өзге тілдің әрпін санап, өз ана тілін өткізе алмай, еркін жеткізе алмай, шетін шері шемен болған қазақтың ұрпағы ғой бұлар.

Жүрекжарды хабармен бірге «Қазақ ті­лінің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуына орай алғашқы халықаралық ақындар айтысы өткізіледі. Әр елдегі айтыс ақындарын айтысқа қатысуға шақырамыз. Айтыс 1989 жылы Қазан айының 26-28 күндері Алматыда өтеді. Жетуге асығыңыздар; қапы қалмаңыздар, – деген шақыру қоса жетті. Жаңа хабар, жақсы ниетке шаттанып, жанымызды шүберекке түйіп, шекараның ашық-жабығына да қарамай, біз Моңғолиядағы қазақтар атынан айтыс ақындары Егеухан Мұқамәдиқызы, Қабдыжәлел Сахарияұлы, екі аққуға бір басшы Тәукейұлы Тайф үшеуміз жолға шықтық. Жолда шекарадан асырмай бөгеуіне бөгеліп, көлік кедергісіне кезігіп жүріп, өлдім-талдым дегенде атамекен Қазақстанға жеттік-ау. Қазақ КСР-інде тіл туралы заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, құрылтай съезі өтіп, шетелден ғалымдар, әр саладан өкілдер қатысып, халқы бір серпіліп қалыпты.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл бекітілуінің құрметіне ұйымдастырған алғашқы халықаралық ақындар айтысына Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан, Омбыдан, Қазақстанның алыс түкпір-түкпірінен айтыс ақындары, жыршы термешілер қатысты. Айтыста негізгі тақырып: Қайта құру, жариялылық, тіл құрметіне арналды. Мен алғашқы әріптесім шымкенттік Әбдікәрім Манаповпен айтыстым. Сөз кезегінде:

– Құтты болсын, Қазақ тілі заңдарыңыз,

Арайлап қайта атыпты таңдарыңыз, – десем Әбдікәрім Манапов:

– Мемлекеттік тіл болды қазақ тілі,

Бәріңе құтты болсын, қарындасым, – деді.

Бұл сәтті ақындар жырына қосса, әр адам өз пікірін білдіріп жатты. Қоңыр Иштван Мандоки Будапешт университетінің профессоры:

– Мен Алматыға келген осы сапарымда үш үлкен оқиғаның куәгері болдым. Біріншісі, аударма мәселесі жөніндегі халықаралық конференция, екіншісі, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы, үшіншісі тіл құрметіне өткен айтыс. Мені ғажап әсерге бөледі. Өте қуаныштымын, – деген еді. («Алматы ақшамы» газеті. №251 (401), 1989 жыл).

«Басты байлық – рухани байлық» тақырыбында Мырзатай Жолдасбеков пен Дидахмет Әшім­хановтың сұхбатында Мырзатай Жолдасбеков ел өміріндегі шетін жайттарды айта келіп:

– Ең бастысы Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңының қабылдануы. Оның ішінде әсіресе, қазақ тілінің мемлекеттік статусқа ие болуы, онан соң «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы, ұланғайыр қуаныш қана емес, қыруар жұмыс та. Бұдан небары бес-алты жыл бұрын Ахмет, Мағжан аттарын атауға қорқатынбыз. Мемлекеттік тіл дегенді қойып, «қазақ тілі» дегенді қалай атаушы едік» деп толғанады. (Қазақ әдебиеті. №10 (2136), 1990 жыл).

Міне, осындай толғаныспен қарқынды екпінмен дүниені дүр сілкіндіген «Қазақ тілі» мемлекеттік дәрежесіне ие болуына байланысты қабылданған тіл заңына 32 жыл болды. Бұл аз уақыт па?». Әлі мемлекеттік іс-қағаздары орыс тілінде жазылады. Себебі неде? деген заңды сұрақ туындайды. «Өзін өзі сыйласа жат жанынан түңілер».

Ана тілі туралы қай заманда да толғанып, ұлт тілінің жұтаңдығына қиналып, өше ме деп өкініп, ұлт рухты, ұлт жанды ғұламалар ұлы ұлағаттарын ұрпаққа ұсынып кеткен. «Халықтың тіліне қиянат жасау, оның жүрегін жаралау» (Г.Лумбе). «Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы» (Ж.Аймауытов). «Тіл байлығы елдің елдігін көрсетер дәлелді мөлшер» (Б.Момышұлы). Қарапайым сөзбен айтқанда: «Аңсағаннан айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Қазақстанда алғашқы тіл заңының бекітіліп, «қазақ тілі» мемлекеттік тіл болуының куәгері болып, тұсауын кесіскен шақта мен өлара 49 жаста екенмін. Қазір 81 жасқа жетіп селкілдеп отырсам да, қазақ тілі, өз ана тіліміз өз орынын иеленгенін көрсем деймін.

Тәуелсіз елімізде елден бұрын еркіндік алған ана тіліміз «қазақ тілі» емін-еркін қолданылса. Қазақ тілінің қолданысы туралы ешбір жұмыс жасалынбай отыр деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпын. Тіл жайында сан алуан пікір ұсынылып, қыруар жұмыс атқарылуда. Кейбірін тілге тиек етейін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» десе 2018 жылғы жолдауында, «Парламент пен үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүрілуі тиіс», – деді. (Солтүстік Қазақстан газеті. №26(22199. 1 наурыз 2018 ж). Сондай-ақ «Тіл-қазына орталығы» да қазақ тілін дамытуға ­толайым іс-шаралар атқаруда. Нақты дерекке сүйенсек, Облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалық тілдерді дамыту басқармаларының барлығы 485 іс-шара, өңірлік тілдерді дамыту орталықтары 130-дан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. (Әлібек Асқар: Ш.Шаяхмет атындағы «Тіл қазына ғылыми-практикалық орталығының бас директоры. «Егемен Қазақстан», 4 қыркүйек 2020 жыл). Ал Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үш тағаны Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз. Ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндіртпей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деді.

Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес. Тақырыпта әр түрлі мәселелерге тоқтала келе «Ана тілі туралы» заң қабылдау қажет бөлімінде. «Тіліңнен безгенің – еліңнен безгенің, тілді қорғау – елді қорғау, Ана тілі – ұлт жүрегі, ұлт тілегі, тіл – ұлттың өзгешелігі мен ерекшелгі, тілді білмеу — ұлтты білмеу, тілді сүймеу – ұлтты сүймеу, тілдің болашағы – ұлттың болашағы».

«ЮНЕСКО «2100 жылға дейін әлемнің 7000 жуық тілінің жартысынан астамы жойылады» деген болжам жасапты. Үрейлі цифрлар. Сондықтан Ата заңға қолданыстағы «Тілдер туралы» заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» заң қабылдау қажет», – дейді сенатор, ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов.

«Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды» атты баяндамасында «Өз отаны бар тілдер қамқорлыққа зәру емес бөлімінде: «Жасыратыны жоқ, тіл тағдырын шешетін заңнамаларды ең негізгілері әлі дүбәра күйінде. Тілге қатысты комитет пен институт және орталықтар дайындап ұсынған әжептәуір қаулы-қарарлардың бесіктен белі шықпай жатып күзеуге, түзеуге ұшырайтынына қиналып себеп-салдарын ашып айта келіп, тіл заңы ойдағыдай түзелмей жатып тілдің қамын жеу бос әурешілік. Жалпы менің ұғымымда «Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды». Бірлік болса да баянды берік боларына кепілдік жоқ» деп өмір шындығын айқындайды Ұлықбек Есдәулетов. (Қазақстан Жазушылар одағының басқармасының төрағасы, Қазақ әдебиеті газеті, №13-14, (376152), 4 сәуір 2021 жыл).

Ұлтжанды азаматтарымыз өз ана тілі қазақ тілінің тағдырына алаңдап жанайқайы, ой-пікірін жалпы халықтың санасына, жеткізіп бір нәтиже шығуын көздейді. Жоғарыдағы ұсыныс-пікірлер, әсіресе Бақытжан Жұмағұлов пен Ұлықбек Есдәулетовтердің құнды ұсыныстарын, тұжырымдамаларын жалпақ жұрт оқып, біліп, үн қосып, өз ана тілдерін өздері үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге құлшынысы артуына, әр адамның зердесіне жетуіне, ұлттық рухын ояту үшін бір ғана газетке шығару жекіліксіз. Еліміздің беделді, белді басылымдарына, облыстық газеттерде жарияланса.

«Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жас ұрпақ төл ана тіліміз «қазақ тілін» жетік меңгеріп, қазақша ойлауға қалыптасуын жетілдіріп, қатесіз жазуын, сөйлеспелі сөзде мүдірмеуін қадағалап, өзінің ана тілін ардақтайтын халге жеткізу ләзім. Ол үшін әр баланы балабақшада, бастауыш сыныпта тек қана толық қазақ тілінде оқытатын реформа жасауды құзырлы органдар қолға алса. Балалық алғашқы мүшелде келешектің кемел, келелі ойы, берік ұстанымы дағдыға айналатыны ескерлісе. Әр ата-ана отбасы құдылығы – отбасы тәрбиесі екендігін толық түсініп, өзара үнемі қазақ тілінде сөйлесіп жанды үлгі-өнеге көрсетсе. Өйткені «құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаған. «Өзін-өзі сыйласа, жат жанынан түңілер» дегендей өз ана тіліміз, қазақ тілін өзіміз құрметтеп сөзден іске асыруға зиялы, ұлт рухты азаматтарымыз, іс басындағы билік қолындағы адамдар бірігіп қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізсе өркеніміз өсіп, көсегеміз көгереді.


Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

94

ақпарат

Ата-тегіміз дұрыс жазылу керек

104

ақпарат

Тілім менің - тірегім!

5851

ақпарат

"Ана тілі" - арың бұл!