Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗДАР ЖАРИЯЛЫМЫ БІЗДІҢ ЖУРНАЛДА

16.4.2021 684
Ұстаздық - үздіксіз ізденіс пен терең білімді талап ететін мәртебелі мамандықтың бірі. Ұлағатты ұстаздың тәлімін алмай өмір атты көшке ілескен адам жоқ шығар, сірә. Тұлға санасына білім мен тәрбиені қатар тоғыстырған осы бір абзал маман иесі – мұғалімді қолдау, оның үздік іс-тәжірибесін тарату, насихаттау - Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының ұзақ жылдан бергі басты шараларының бірі.

Баспасөз айдынында өзіндік бағыт-бағдары айқындалған «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналы 2014 жылдан бастап жарық көруде. Басылымның атауы айтып тұрғандай, басты мақсаты- қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру және тіл оқытушыларына, әдіскерлерге әдістемелік көмек көрсету. Сондай-ақ Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат беру, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»бағдарламасын, оның ішінде 6-бағыт «Латын графикалық жүйеге көшуді» насихаттау құрал ретінде қызмет ету.


Журнал беттерінде облыстағы мемлекеттік тіл саясаты, тілдік ахуал, латын графикалы қазақ әліпбиі мәселелері, сондай-ақ тілдерді оқытудың озық іс-тәжірибелері үздіксіз жарияланып келеді. Күні бүгінге дейін 1172 материал жарияланды, оның ішінде:

  • Қазақ тілінде – 953 материал;
  • Орыс тілінде –103 материал;
  • Ағылшын тілінде – 79 материал;
  • Басқа да тілдерде – 37 материал.

Жариялымдар авторларының басым көпшілігі облыс педагогтары (1092 адам), десек те республиканың түкпір-түкпірінен (Нұр-Сұлтан, Ақмола, Атырау, Семей, Қарағанды, Алматы және т.б.) 50–ге жуық, көршілес Ресей, Қытай елдерінен 40-қа тарта авторлар өздерінің ғылыми мақала, танымдық эссе, үздік әдістемелік ізденістерін жарыққа шығарды. Бұл шығармашылық байланыс уақыт өткен сайын дамып келеді, өйткені қазақ жазуының латын графикасына көшуі туралы еліміздің белгілі тілші-ғалымдардың, Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің салмақты да, тұшымды мақалалары журнал арқылы көпшілікке жетіп жатыр. Көзі қырағы, көкірегі ояу оқырман тұшына оқып, зердеге тоқып жатыр деген ойдамыз.


Журнал алғаш жарық көрген кезден бастап, тіл саласына қатысты басым бағыттарды негізге алып келеді. Сондықтан да журналдың дәстүрлі айдарлары жылдар бойы өз жалғасын табуда,олар: «Тілтаным», «Рухани жаңғыру», «Тіл үйрету әдістемесі», «Үздік сабақ», «Тәрбиеші жазбалары». Тілдерді оқытудың үздік әдістемелік қоржыны саналатын «Үздік сабақ» тіл оқытушыларына, «Тәрбиеші жазбалары» балабақша тәрбиешілеріне арналған. Бұл айдарлар арқылы жаңашыл педагог өзінің озық іс-тәжірибесін жинақтап, оны сабақ әзірлемесі, шара сценарийі, баяндама ретінде жариялай алады. Журналда жариялым-тегін. Үздік іс-тәжірибесінің әдістемелік салмағынан бөлек, баспа талабы (2 беттен аспайтын) да қатаң сақталғаны дұрыс.

Журнал облыс педагогтарының сүйікті басылымына айналды десек, артық айтқандық болмас. Ақтөбе қаласы және аудандардан, әсіресе, Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда, Қарғалы, Хромтау, Темір, Шалқар аудандары білім саласы қызметкерлерін зерделі оқырмандар ғана емес, ортақ іске белсене атсалысатын авторларымыз деп танимыз. Осы ретте, Мәртөк қаласы №2 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі А.Арықова: «Тоқсан сайын шығатын «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналын асыға күтеміз. Өзім де, әріптестерім де журналға материал жарияладық. Журнал облыс, республика көлемінде әріптестерімізбен іс- тәжірибе алмасатын қызықты әрі мазмұнды басылым деп ойлаймын» десе, Алға қаласы №3 «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі А.Жиенқұлова: «Балаларға тілдерді оқыту- өте күрделі әрі қызықты процесс, сондықтан да әрбір тәрбиешінің өз әдіс-тәсілі, шығармашылық шеберлігі, тың ізденісі болады. Міне, осындай мол тәжірибені «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналынан табуға болады. Журнал - жаңашыл мұғалімнің нағыз досы, әдістемелік көмекшісі.» деген пікірін білдірді.

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, авторлардан жаңашыл мазмұндағы мақалалар күтеміз.

Сүгірбаева Ақмарал Сағынбайқызы

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының

Тілдерді оқыту орталығының әдіскері, п.ғ.магистрі

Тегтер: ақтөбеден тіл жаңалықтары
Авторы: Тіл Қазына

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

151

ақпарат

Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіледі

77

ақпарат

Мемлекеттік тілге қоғамның сұранысы артып келеді

74

ақпарат

Tiji және Nickelodeon мультфильмдері қазақ тіліне аударылады