ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЛАТЫННЕГІЗДІ ӘЛІПБИІ МЕН ЖАҢА ЕМЛЕ ЕРЕЖЕЛЕРІ: БІРЕГЕЙЛІК ПЕН ҰҚСАСТЫҚ

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің ерекшелігі неде? Бұл сауал әркімнің де көкейінде тұратын басты сұрақ қой деп ойлаймын. Бұрынғы акутпен берілген әліпбиге қарағанда әбден же...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

02 ақпан, 2021

Оны нақты деректермен салыстыра дәйектесек,

- акут әліпбиімен берілген әліпбиде 32 әріп болатын және акут диакритикалық белгілері қазақ тіліне ғана тән ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарын белгілеу үшін қолданылды. Сонымен қатар, онда ш, ч дыбыстарын таңбалауға қолданылған екі диграф (қос әріп) таңба да бар еді. Өздеріңіз білетіндей бұл әліпбиге мамандар тарапынан да, қоғам тарапынан сын айтылды. Осыған байланысты Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобына, ғалымдарға әліпбиді жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы тарапынан тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде қолданысқа ыңғайлы жетілдірілген әліпби нұсқасы даярланды. Оның басты ерекшеліктері мынада:

- біріншіден, «бір дыбыс – бір әріп ұстанымына» сай келеді;

- екіншіден, мамандардың ұзақ та тыңғылықты талқылап, сараптауынан кейін, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері алынды.

-үшіншіден, аталған әрбір диакритикалық белгінің халықаралық деңгейдегі жалпы қабылданған ортақ фонетикалық мәні болғандықтан дыбыс мазмұнын дәлме-дәл бере алады, яғни халықтар арасында тілді түсінбесе де бірдей таңбалық мән негізінде қабылдауда ортақ түсінік тудырады;

- төртіншіде, қазақ тіліндегі дыбыстарды белгілеу үшін пайдаланылған әріп таңбалары халықаралық фонетикалық әліпби базасындағы таңбалармен толық сәйкес;

- бесіншіден, біздің қоғамға осы әліпби құрамындағы әріптер өздеріне таныс ағылшын, неміс, түрік, әзербайжан т.б. тілдері әліпбилерінде де кездесетіндіктен қабылдауға ыңғайлы, меңгеріп шығуда да еш психологиялық кедергі тудыра қоймайды;

- алтыншыдан, әліпби нұсқасын дайындауда отандық тіл ғалымдары терең зерттеулер жүргізді, нәжижесінде ғана бірегей әліпби нұсқасы жасалды, халықаралық тәжірибелер, атап айтқанда Түркиә, Әзербайжан, Өзбекстанның, секілді елдердегі әліпби түзу бойынша әлемдік тәжірибелер ескерілді.

Сондықтан да қазіргі ұсынылып отырған 31 әріптен тұратын жаңа әліпби құрамы мейілінше алық көңілінен шығады деп ойлаймыз.

Әліпби жаңарған соң, оны жазудың емлесі де жаңаратыны – заңдылық. Бұл реттегі жаңалықтар да көпті толғандыратын, әсіресе оны оқытуға тікелей қатысатын мұғалімдер үшін, күнделікті өмірі жазумен тығыз байланысты жазарман халық үшін көкейкесті мәселе болмақ. Сондықтан осы төңірігенде де түсіндіре кету жөн деп санаймыз.

Осы күнге дейін тұтынып келген емле ережелері ресми түрде 1983 жылы бекітілген екен. Одан бері қоғамдық-рухани өмірімізде талай өзгеріс болды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі экономикалық, техникалық даму барысындағы, гуманитарлық ғылымдардағы жаңғыруларға қатысты тілге енген жаңалықтар мен өзгерістер, әрине, арасына 4-5 жыл салып шығып отыратын Орфографиялық сөздіктер, анықтағыштар арқылы игеріліп отырған болатын. Сөз жоқ, жоқтан бар жасап, мүлдем басқа емле ережелері жасалуы мүмкін де емес, Бұрынғы емледегі тіліміздің табиғатын сипаттайтын негізгі ережелер өзгере қойған жоқ. Ал енді осы жаңа әліпбиге енген өзгеріс өз алдына бөлек бір дүние ғой. Сондықтан да жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден ерекшелігі болары сөзсіз. Алдыңғы ережелер қазақ тілінің табиғатына қайшы, орыс тілінің заңдылықтарын да қоса мазмұндайтын шатыс боп келді. Яғни, орыс тілінің дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтатын едік. Өзіміздің дыбыстау табиғатымызға жат әріптерді де игеруге мәжүбірленгендіктен тілдің жүйелілігіне де нұқсан келгенін білесіздер. Ал жаңа емле барынша қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни енді орыстың 9 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э, ё) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, элемент – element, цирк – sirk, чемпион – şempion т.б.

Сондай-ақ, осы кезге дейін кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімін біршама тапты. Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса, жаңа емле 9 тараудан, 107 параграфтан тұрады.

Жаңа емле жазу нормаларын тұрақтандыратын, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін бірден-бір көмекші нұсқаулық болады деп сенеміз. Әрине, бәріне уақыт өз бағасын бере жатар. Қалай болғанда да көпшілікті толғандыратын және ғалымдарға иек артып, сенім білдіретін мәселелерде жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен әрекет еткен дұрыс.

Нұрлыхан Нұруллақызы,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық

орталығының ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент


Баға беріңіз