ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ТІЛІНІҢ ХАЛІ НЕШІК?

2020 жылғы 12 қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «БАҚ-тағы сөз мәдениеті» деген тақырыпта онлайн кездесу өткізді. Шар...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 қараша, 2020

Комитет төрағасы бас қосудың мәні туралы былай деді: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа әліпбиіміздің жобасын ғалымдармен бірге толық зерделеп, Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды. Алда бәрімізді жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізу міндеті күтіп тұр. Ал, сөйлеу мәнеріміз бен ойымызды ана тілімізде жеткізу де оңайға түсіп жатқан жоқ. Мұның тамыры тереңде жатыр. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде орыс тілді материалдарға басымдық беріліп, қазақ тілі соның көлеңкесінде қалды. Міне, осы кезде қазақшаға шалағай аударудың кесірінен орысшаның калькасы, орашолақ қайырымдар пайда болды. Бүгінгі жағдай да содан көп алысқа ұзап кете қойған жоқ. Шұрайлы тіліміз қазақы болмысынан ажырап, көз алдымызда қарабайырланып барады. Ұлттың тамырынан айырылып қала ма деп алаңдаймыз».

Бұған жол ашып беріп отырған біраз себепті ашып көрсетті. Әділбек Күнесханұлының айтуынша, құжаттардың түпнұсқасын орыс тілінде дайындау үрдісі әлі жалғасып келеді. Шалажансар сөз тіркестерінің тірсектеп айналымнан қалмайтыны сондықтан.

Сенатор, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ қауымына ана тіліміздің айналасындағы ауызды қу шөппен сүрткен «құрыды, бітті» деген сыңайдағы байбаламнан арылып, нақты іске көшу керек деп ой түйді. Бұл күндері қазақ тілі араласпайтын сала жоқ. Ал банкомат тетігі алдында тұрып, қазақ тілін таңдау – әркімнің азаматтық борышы. Дегенмен, сөз мағынасына мән бермейтін жағдайлар кездеседі. «Ал, оның себебі – кітап оқымауда, – деді сенатор. – Төрт жыл жоғары оқып, кітапхананың қай жақта екенін білмей бара жатқан жоғары оқу орнының түлегін кездестірдім. Ондайлардан не күтуге болады?!».

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт отандық телевидение саласындағы мәнерлеп сөйлеудің эталонына айналған жұлдыздар шоғыры шыққан дикторлар мектебінің жойылуы қазақ тілінің әуездік қасиетіне кері әсер еткенін айтты. «Жығылғанға жұдырық», батыстан енген түрлі тұзы жеңіл жанрлар сахна тілін әлсіретіп жіберді. Қазір неғұрлым бейпіл сөйлесе, соғұрлым тез танымал болады. Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Өзі қазақ, аузы орыс апай» деген әңгімесін еске түсіргенде шара модераторы Ә.Қаба: «Орыс деуге түрі, қазақ деуге тілі келмейді екен», – деп қатысушыларды ду күлдірді.

Белгілі редактор-журналист, әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп жүрген медиатренер Назгүл Базарғалиқызы Қожабек отандық медиа саласында жүрген журналистер үшін сөздерді дұрыс қолдану жөнінде нұсқаулық қажет деген ойын білдірді. «Есімі белгілі тіл саласының ғалымдары жиі мақала жариялап тұрғаны дұрыс, әйтпесе мектеп оқулығына дейін еніп кеткен «туылған» сияқты сөздерден аяқ алып жүре алмай қаламыз», – деп қорытты.

Бұл пікірді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «туған әке» деген бар, оны да «туылған әке» дейміз бе деп жалғастырды. Ғалымның айтуынша, халықтың құлағына сіңісті болған, сөздің мәнін толық айқындап тұрған «оралманды» «қандастармен» деп ауыстыру өзін өзі қаншалықты ақтады. Алдыңғысы атамекеніне кері оралған адам үшін уақытша берілген мәртебе, кейін тұрақты орналасқаннан кейін төлқұжат алып, еліміздің азаматына айналады. Ал, басқа жерде тұрып жатқан қандастарымыз туралы не дейміз?!

Танымал журналист Нартай Аралбайұлы телевидение саласының өзінде жұмыс барысында күніне жүз рет қолданылатын, ана тілімізде лайықты баламасы табылмай жатқан терминдер жеткілікті екенін айтып, әсіресе әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ие болу үшін кейбір қадамдарға әдейі баратындар туралы сөз қозғады.

Мұның бәрін бас қосудың қызу өткенін білдіру үшін келтірдік.

Шара барысында мұндай құнды ұсыныс пен қызу пікір көп болды.

Олардың бәрі де арнайы қабылданған қарарда көрініс тапты.



Баға беріңіз