ЖАҢА БЕТАЛЫС, ЖАҢА ДАҒДЫ

Әдебиет төңірегіндегі әңгімелер тоқтаусыз айтылып, талқыланып, талданып жатса игі. Халықтың санасын оятуда ақын-жазушылар жалықпай жазса, оны халыққа насихаттау, жалпы жұртқа жеткізу жолында қоғам ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

30 қыркүйек, 2020

Осы мақсатта Тіл саясаты комитеті тағы да бір тың жобаны қолға алды.

Бұл жолғы пікірталас өзегі Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» аттытуындысы болды. «Қазақ руханиятындағы әлем әдебиеті» деген атпен өткен пікірталасқа Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философ Дидар Амантай, Қазақстан жазушылар Одағы, Ұлттық Кітап палатасы, Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Жалпы бұндай іс-шаралар халыққа не береді, дегенге тоқталсақ,бір ғана кітапты насихаттау арқылы ондағы қаншама қатысушының қызығушылығын оятады. Әлем әдебиетіне деген көзқарас қалыптасады. Санада сілкініс пайда болады. Әдебиетті жаппай насихаттау арқылы адами капитал дамиды. Сондай-ақ әдебиетте пікір алуандығы болса да, соңында ортақ құндылыққа топтасады. Қазақы құндылықты өзгертетін уақыт туғандығы жөнінде Шыңғыс Мұқан өз сөзінде былай деді: «Кез келген мемлекетті дамыту үшін сол мемлекеттің адамдарын дамыту керек. Ал адамды дамыту үшін, сол адамдар сөйлейтін тілдің сапасын дамыту керек. Сонда мемлекеттің дамуы тікелей қазақ тілінің мазмұнына тура тәуелді. Сондықтан бүкіл әлем елдері ең алғаш әлемде пайда болған идеяны, контентті өз тілдеріне аударуға мүдделі. Осы мақсатта әлем әдебиетін оның ішінде танымдық әдебиетті қазақшаға аударуды қолға алдық. Қазақ қоғамы үшін әлем әдебиетін соның ішінде ғылыми кітаптарды көптеп аудару қажет. Бүгінде ғылыми фантастика жанрын көптеп аударып жатырмыз». Одан әрі Стивен Ковидің еңбегіндегі әлем халқына ортақ кемшіліктер, құнттауға тиіс құндылықтар, жаңа дағды қалыптастыру, жаңа ойлау қабілетін дамыту турасында жан-жақты талдап, ашып берді.

Келесі сөз алған Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Балтабаева Гауһар Саяділқызы: «Сіздердің бастамаларыңызға тілектестік білдіреміз. Бұл бастамаларыңыз өте құптарлық жайт. Әдебиетті дамытуда қолға алып жатқан істеріңізге қуаныштымыз. Бүгінгі Стивен Ковидің кітабы әркімнің үстелінің үстінде жатуға тиіс кітап. Әдебиет төңірегінде пікір алмасу, шығарманы студенттердің бойына сіңіру, оларға насихаттау жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тағы бір айтатын мәселе, көркем әдебиет көптеп аударылса, сондай-ақ Нобель сыйлығының иегерлерінің түрік, поляк, албан әдебиеттерімен өз ана тілімізде қауышсақ құба-құп болатын еді» деп өз пікірімен бөлісті.

Әдебиеттің адамзат өміріндегі маңыздылығы турасында Дидар Амантай: «Қазақ тіліне батыс, шығыс романдары аударылып жатыр бұл қуантарлық жайт. Алайда батыста көптеген философиялық ағымдар әсіресе Италияда, Англияда, Францияда, Германияда жаңа әдеби ағымдардың негізін қалыптастырады. Сондықтан заманауи философиялық ағымдар туралы теорияларды 10 жыл араға тастап, 20 жыл араға тастап аударып жатамыз. Алдағы уақытта осы олқылықты толтыру мақсатында жұмыс жасауды ұсынар едім. Әлемде үлкен әдеби үдерістер жүріп жатады. Кешегі жаңа деп түйсінген дүниенің бүгін қатардан қалып жатуы, қазақ әдебиеті әлемдік контексте қандай орын алып отыр, осы мәселесін де қарастыру керек деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті әлемдік энсциклопедияларға кірмей отыр. Осы мәселені де көтеру керек. Ұлттық мүдде дегеніміз, ол ұлт әдебиеті деп саналады. Ұлттық келбетімізді қалыптастыруда әдебиет пен мәдениетті үздіксіз дамытуға атсалысуымыз қажет»деп ой түйді.

Пікірталас соңында студенттер сөз алып, мұндай жобаларды көптеп қолға алып, әдебиет төңірегіне топтасуды жалғастырса, сондай-ақ әлемдік жауһарларды өз ана тілімізде оқу бізге үлкен мүмкіндік береді деп ой білдірді.

Сөз соңында Шыңғыс Мұқан студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірбиесімен бөлісті.

Пікірталас соңында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба осындай талқылауларды дағдыға айналдыру қажеттігін айтып, жиналған жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Гүлзия АЛШЫН


Баға беріңіз