ОЙДАН ШЫҚҚАН ОНЛАЙН ПІКІРТАЛАС

Әдебиет төңірегіндегі әңгіменің ұшын шығарсаңыз бітті, қызуы бет шарпитын пікірталас бірінен-бірі «қуат» алып, өздігінен жалғасып жүре береді. Дегенмен, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көзден» гөрі...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 қыркүйек, 2020

Бүгінде онлайн жүздесу біздің күнделікті тірлігімізге де біртіндеп сіңісе бастады ғой. Пікірталастың негізгі мақсаты – жаңа кітаптарды көпшілікке кеңінен насихаттау, оның жетістіктері мен кемшіліктерін әдеби сыншы көзімен елдің санасына сіңіру, кітап оқуды заман талабына сай қайта жаңғырту, кенжелеп қалған балалар әдебиетіндегі олқылықты тың дүниелермен толықтыру, сөйтіп әдеби шығармаларды біздің өмірлік болмысымызға айналдыру үшін біз не істей аламыз деген толғақты проблемаға жұрттың тағы бір назарын аударту еді.

Пікірталасқа Қазақстан Жазушылар одағы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология, журналистика факультетінің студенттері, жер-жердегі оқырмандар әдебиет сүйер қауым қатысты.

Алғашқы сөзді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба алып, «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша іске асып жатқан шараларға кеңінен тоқталып өтті. Сараптамадан өткен, оқырман қауымға берері мол, жастарымызды рухани жағынан жетілдіріп, Отан сүйгіштікке тәрбиелейтін әдеби шығармаларды басып шығарып, тарату шаруасы одан әрі жалғаса беретіндігі нақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Сөйтіп пікірталастың күн тәртібіне қойылған тақырыбына ойысты.

Өткен жылы жарық көргенбелгілі жазушы, Халықаралық «Алаш», халықаралық Қазақ ПЕН-клубы сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбайдың «Күздің жылы жаңбыры» атты прозалық жинағы мен жазушы Заря Жұманованың «Ақбота» атты балаларға арналған кітабы талқыланды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова екі жинақты бастан-аяқ оқып шығып, шығармалар жайлы пікірімен бөлісті: «Қуаныш Жиенбай – менің замандасым, бір кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде біраз жыл бірге қызмет істегенбіз. Яғни, бұл азаматтың шығармашылығынан толықтай хабардармын. Менің бұл ойыма өзгелер де қосылатын шығар, Қуаныш қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталысы, жазу мәнері қалыптасқан және өнімді жазатын қаламгер. Оның туындыларында қазіргі уақыт пен өткен кеңістік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен біте қайнасып, оқырманға көркемдік әлемінің есігін ашады. Жазушы қиыннан қиыстырып, адамның қолы жетпейтін жағдаяттарды сөз етпейді, өзіміз күнде көріп, күнде араласып, тіршілік ауанында күнде кездесіп жүрген қарапайым адамдардың жан-дүниелеріне тереңірек үңіле біледі, олардың арман-мақсаттары, алдан күткен үміттері шынайы суреттеледі. Осы жинаққа енген «Тосқауыл» және «Қияли» әңгімелерінің жазылу стилі маған қатты ұнады. Оның алдағы уақытта да осы шабысынан танбайтындығына сенімдімін...

Ал Заря нағыз бала жанын түсінетін, нәзік иірімдерін тап басуға шеберленген қаламгер екен. Балалар әдебиетіне жанашыр әрі жаңашыл жазушы келгеніне қуаныштымын. Заряның кейіпкерлері өзінің немерелері, солардың тілі, солардың талғам-түсінігі сол күйі қағаз бетіне түсіп отыратын тәрізді. «Жалмауыз кемпір» әңгімесінің құрылымы қандай тартымды. Біздің аңыз-ертегілеріміз, сондағы ғажайып кейіпкерлер әлі бала санасына сіңірілген жоқ. Сірә, сол олқылықтың орнын Заря толтыратын болар... Бүгінгі алғаш ұйымдастырылған пікірталастың формасы маған ұнады. Жанды, тірі әңгіме болды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тапса игі...»

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Қуаныш Жиенбайды бұрыннан оқып жүретіндігін тілге тиек етті: «Осы жинаққа аты берілген «Күздің жылы жаңбыры» атты әңгімесін бір деммен оқып шықтым. Жастар арасындағы махаббат тақырыбы. Жазушы «күйдім, сүйдімнен» мүлде аулақ, екі жастың махаббат сезімдерін қарапайым тілмен әдемі жеткізе білген... Заряның мына жинағымен әлі таныс емес екем. Енді оқып шығамын. Тіл саясаты комитеті бұл пікірталасты жалғастыра бергені абзал».

Кітаптары талқыланған жазушылар оқырман сұрақтарына жауап берді.

Сыншы Ә.Бөпежанова қазақ әдебиетінің тегеурінді, тіпті жазу мәнерлері мүлдем бөлек жас қаламгерлер мен жас сыншылардың қаулап өсіп келе жатқандығын сөз етті. Тек соларға мемлекет тарапынан мәнді қолдау болса кәнекей деді. Жергілікті жердегі қаламгерлер сөз алып, оларға қамқорлықтың жетіспейтіндігін, кітаптарын өз қаражаттарына шығаратындығын, насихат жағынан да ақсап жататындығына ел назарын аударды.

Пікірталас қорытындысында қазіргі қазақ әдебиеті қандай болу керек, бүгінгі қоғамдағы сын мәдениетін дамыту, кітап оқудың маңыздығы турасында пікір алмасып, түйткілді сұрақтарға жауап іздеді.

Екі-үш сағатқа созылған пікірталасты Әділбек Қаба қорытындылап, жиналған жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Гүлзия АЛШЫН


Баға беріңіз