Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ОНЛАЙН БАС ҚОСУДЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ

27.8.2020 380
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «ONLINEda bol жобасы» аясында Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткізген «ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ: ТІЛ, ӘДІСТЕМЕ, НӘТИЖЕ» тақырыбында халықаралық онлайн семинардың екінші күні тағы үш спикер тілді оқытудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

«Қазақ тілін табиғи тәсілмен оқытудың артықшылығы» тақырыбы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, Назарбаев университетінің магистранты Ақсұлу Шынболатқызы Құлмағамбетова тілді табиғи тәсілмен оқытудың авторлары, екінші тілді меңгеру теориясына үлкен еңбек сіңірген Трейси Террел және Стивен Крашеннің әдістемесі жайлы баяндады. Спикер табиғи тәсілдің өзге тәсілдерден өзгешелігі, басты қағидаттары, тілді меңгерудің 5 гипотезасы және әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, нәтижеге қол жеткізудің тиімді жолдары туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

«Тілді оқыту үдерісіндегі геймификация» тақырыбына Сүлейман Демирель атындағы университеті,«Екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының координаторы, педагогика ғылымдарының магистрі Арман Жанатұлы Арғынбаев сөйледі. Спикер ойынға негізделген оқыту концепциясы мен когнитивтік теорияға негізделген геймификацияның артықшылықтары, оның элементтері, қазақ тілі сабағындағы қарапайым және технологияның көмегімен ойнайтын ойын түрлерін ұсынып, геймификацияның тілді үйретудегі тиімділігіне тоқталды.

Бүгінгі онлайн бас қосуда Мәскеу инновациялық-коммуникативтік лингвистика орталығының директоры, белгілі полиглот Дмитрий Юрьевич Петров қазақстандық әріптестерімен «Современные тенденции в сфере изучения и преподавания иностранных языков» тақырыбы аясында өзінің авторлық тәжірибесін ортаға салды.

Шет тілін үйретудің қазіргі тенденцияларына қысқаша тоқталып, тіл үйрету барысында тыңдаушының қызығушылығын жоймаудың маңыздылығын және әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдауға көңіл бөлу керектігін айтты. Қазіргі жаһандану жағдайында адамзат жадысының нашарлау үрдісінің байқалатынына байланысты, оған қарсы тұрудың бір тәсілі ретінде қосымша тіл үйренуге және жаттауға кеңес берді. Тілді меңгертуде тіл үйренушінің психологиялық портретін білу және қолайлы тілдік орта қалыптастыру басты тетік екенін атап өтті.

Танымал полиглотқа қатысушылар тілді үйрету әдістемесі бойынша түрлі сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.

Семинарға Zoom сервисі бойынша 250 оқытушы қатысты. Фейсбук желісіндегі "ONLINEda bol" парақшасы арқылы семинардың бірінші күні тәулік ішінде 1000-нан астам адам қараса, бүгін бар-жоғы үш сағат ішінде 354 маман тыңдап үлгерген.

Халықаралық семинар ертең өз мәресіне жетеді.

Тегтер: халықаралық онлайн семинар, екінші күні
Авторы: "Тіл әлемі" ақпарат

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

169

ақпарат

«РЕСМИ ҚҰЖАТТАРДА БЕКІТІЛГЕН ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ МӘСЕЛЕСІ» БОЙЫНША КЕЗДЕСУ

240

ақпарат

ЖАҺАНДЫҚ КЕҢІСТІККЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ

281

ақпарат

ДАБЫСЫ КЕТКЕН АЛЫСҚА...