БАЙҚАУҒА ҚАТЫСЫҢЫЗ, ЖАС ТАЛАПКЕР!

Бүгінгі жаппай ақпараттандырылған дәуірде өзге елдермен байланысқа түспей, томаға-тұйық оқшау өмір сүру мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстан әлем қоғамдастығы ортасында мемлекеттік тілмен бірге көптеген...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 тамыз, 2020

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тіл шебері» республикалық байқауы осындай талапты да талантты жастар арасында болады.

Қазақстан Республикасының шет елдермен халықаралық байланысы күннен-күнге нығая түскен сайын, шетел тілін білудің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы ретінде рөлі арта береді.

Осы бағытты берік ұстанған дәстүрлі дүбірлі доданың қолдаушысы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы редакциялық-баспа басқармасының басшысы Әлім Сергібаев бұл туралы былай дейді:

Бұған дейін аталмыш сайыс тек жас мемлекеттік қызметшілер арасында ғана өтуші еді, биылдан бастап қатысушылар құрамын кеңейтіп отырмыз. Яғни, байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы кез келген үміткер қатыса алады. Дана халқымыз: «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп үйретеді, мұндай қадамға барып жатқанымыз білікті де білімді жастар қатарының күн санап өсіп келе жатқандығының дәлелі.

Екінші бір тілде сөйлеу өзге тілді пайдалану ғана емес, басқа ұлттық мәдениеттің, психологияның аясына саналап енуді де аңғартады. Өйткені, бір халықтың мәдениетін басқалармен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр қилы әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің күллі ерекшеліктерін, барша құндылықтарын сезінуге болады.

«Тілінен бал тамып тұр» деген сөз тіркесі бар. Бұл бір тілде өз ойын кестелеп көркем жеткізе алатын адамға айтылса да, аз баға емес.

Ал, үш тілде бірдей еркін сөйлеп, әдеби тілде әдемілеп жаза алатын жас ұрпақтың өсіп келе жатқанына еріксіз риза боласың.

НАҒЫЗ САЙЫПҚЫРАНДАР САЙЫСЫНАН ҚАПЫ ҚАЛМА, ЖАС ҮМІТКЕР!


Баға беріңіз