ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Сенатор, ҰҒА академигі Жаһанды жайлаған індет ешкімді аяр емес. Әлемнің тұтқасын ұстап отырмыз деген елдердің өзі індет алдында не істерлерін білмей қалды. Қазақстанға келге...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 тамыз, 2020

Әлемді шарпыған індетке жауапты мемлекеттік органдарымыз дайын болмай шықты. Жедел ақпарттар мен хабарламалар қанша дабыл қақса да, сақтық шараларына уақытылы мән бере қоймадық. Ұлттық қауіпсіздік шекараны шегендеумен бітпейтінін ұмыт қалдырдық.

Медицина түрлі реформалардың нәтижесінде бір текті мамандар даярлай бастады. Кезінде тіпті педиатрия мамандықтарын да жауып тастадық. Осылай вирусологтар, эпидемиологтар, паразитологтар тағы да басқа көзге көрінбейтін, еленбейтін мамандықтарға «сұраныс жоқ» деген желеумен кадрлар дайындау азайды.

Індет кезінде кемшіліктер анық көрінді. Пандемия халықтың басына көп қиындық әкелді. Жас та, жасамыс та, аға ұрпақ өкілдері де айдың аманында, күннің тыныштығында дұрыс ем қабылдай алмай, жарық дүниемен қоштасты.

Ұстаз ағаларым, академиктер, күні кеше министр, ҰҒА Президенті, ректор болған ғалымдар Көпжасар Нәрібаевтың, Кенжеғали Сағадиевтің, Еділ Ерғожиннің жаназасына қатыса алмадым. Өкінішті.

Орта ғасырлардан бері іліміне әлем табынған Әбу Әли Ибн Синаның (Авиценнаның) мына бір сөзі жадымнан шықпай жүр: «Жаратқаннан кесел жетсе, денсаулық – бақыт екенін, адам сонда ғана сезінеді». Атақты ғалым обаны жеңген ұлы тұлға ғой.

Ескірмейтін ілімнің ғұламасы.

Коронавирус жас, жағдай таңдамайды. Бұл қиындықты мен де өз басымнан өткердім.

Пандемия кезінде дәрігерлер, осы саланың барлық деңгейдегі мамандары алғы шепке шықты. Президент айтқандай, олар қаһарлы індетке кеуде тосты. Сақтандыру киімдері жетіспеді, залалсыздандыру дәрілері, бетперде, қолғаптың жетіспеуі денсаулық сақтау жүйесінің олқылықтарын ашып көрсетті.

Дәрігерлер үйлеріне бармай «казармалық» жағдайда өмір сүрді. Қазақстанда 8515-тен астам медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырды. Біразы жарық дүниемен қоштасты. Араша болған дәрігерлер қауымына көңіл айтамын, алғыс білдіремін.

Дәрігерлер өздерінің «Гиппократ антына» адал екендіктерін сын сағатта анық көрсетті. Олардың біреуі де «майдан шебінен» шегінген жоқ. Жұмыс орындарында болды.

Олар өздерінің мықты рухымен, азаматтық болмысымен, отансүйгіштікпен патриотизмнің, ұлтжандылықтың үлгісін көрсетті. Ұлт тарихында есімдері алтын әріппен жазылатын Қазақстан азаматы деген атаққа кір келтірмеді. Бұл – ел тарихы бетінен ешқашан өшпейтін ерлік.

Президент дәрігерлер қауымына мүмкіндігінше материалдық-моральдық көмек жасауды Үкіметке тапсырды және оны өзі қадағалап отырды. Ел басына күн туғанда Президент жұмыс кабинетінде отырып, кеселді одан әрі ушықтырмау үшін жедел шаралар қолданып отыр. Ол да індетпен күресудің алғы шебінде жүр.

Мемлекет Басшысы 13-шілдені Аза тұту күні деп жариялады. Республика бойынша індеттен шейіт болғандарды еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды, мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Президент халықпен бірге мұңайды, халықпен бірге қайғырды.

Ойды ой қозғайды. Осы індет кезінде қаза болған дәрігерлерді соғыс құрбандары санатына енгізіп, Чернобыль апатына қатысқандар сияқты олардың статусын айқындау қажет деп білемін.

Сонымен қатар, Парламенттің күзгі сессиясынан бастап Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қажет болса, депутаттар бастамашылық жасап, тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынамын. Бұл ойымды Мәжіліс пен Сенаттағы әріптестерім қолдайды ғой деп ойлаймын.

Өмірдің тағы бір өзекті мәселесіне назар аудартқым келеді. Әлеуметтік желілерде әртүрлі жағымды-жағымсыз ақпараттар тарай бастады. Соның бірі туралы айта кетейін. Германияда Парламенттен тыс комиссия құрылып, коронавирустың шығуы, таралуы, атқарылған істердің деңгейі туралы конференция өтіпті. Оған Германияның дәрігерлер қауымы, құқық қорғау органдарының мамандары қатысып, сындарлы әңгіме жүргізіпті.

Қазақстан Парламенті де күзгі сессияда қос Палатаның біріккен мәжілісін шақырып, індеттің себеп-салдарлары туралы Үкіметтің есебін тыңдауы керек қой деп есептеймін. Сонда халық өз сұрақтарына жауап алатын болады.

Парламент депутаттары осындай қиын кезеңдерде халықпен бірге қиындықты көтерді. Әркім өз хал-қадірінше елге көмек қолын созды.

Сенат комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеме жасады. Халық қиналып жатқанда,кейбіреулер өзінің бас пайдасын ойлап, жасырын завод ашып, тонналап дәрілер шығарып, оны сатқаны туралы ашына айтты.

Иә, мәлімдеме жасалды. Өкінішке орай Денсаулық сақтау министрлігі, құқық қорғау органдары жұмған ауыздарын ашпай отыр. Мұндай мәлімдемеден кейін олар «SOS» дабылын қағуы керек еді. Бірақ, «баяғы жартас, бір жартас».

М. Құл-Мұхаммедтің мәлімдемесінің аржағында бүкіл Сенат тұрған жоқ па? Бұдан кейін жауапты органдарға, құқық қорғау органдарына сенім бола ма? Халықтың ашынуы да осындай фактілерден пайда болады. Бұл ойланарлық жайт.

Үкіметтің қайырымның тиімділігі болмаған соң, халық өзін-өзі сақтауға көшті. Ел азаматтары, бизнесмендер, қоғам белсенділері, шетелде тұратын қандастарымыз, өз қаражаттарына өкпе желдеткіштерін, дәрі-дәрмектер, бетперделер алып жібере бастады.

Шетелден де гуманитарлық көмектер аз жіберілген жоқ. Бірақ кейбір үкіметтік ұйымдар әлдебір заңның тармақтарын желеу етіп, ол көмекті дер кезінде халыққа жеткізбеді, қоймаларда сақтады.

Әлеуметтік желі – ақпараттың қуатты көзіне айналды. Бұл әңгіме ел Президенті Қ.К. Тоқаевқа жетті. Президент халық сөзін «естіді». Шұғыл тапсырмалар берді. Көмек халыққа жетті. Президент араласпаса, бұл шенеуніктік шектен шығу жалғаса берер ме еді?

Жақында Денсаулық сақтау вице-министрінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Жоғарыдағы күдікті іске оның қатысы бар ма, жоқ па, оны тергеу амалдары көрсетер. Бірақ, қоғамдық ой төмендегідей: «Бұл бір адамның қолынан келетін іс емес. Ұйымдасқан қылмыс. Мұны халыққа қарсы жасалған қылмыс деп есептеуіміз керек».

Президент тапсырмасына орай біршама шаралар атқарылды. Оның бәрі баспасөзде жазылғандықтан, ары қарайқайталаудың қажеті жоқ қой деп есептеймін.

Қоғам, билік арасын ашу кейбір саясаткерлердің машығына айналған сияқты. Жақында ғана өткен дәуірдің «саясаткерлерінің» бірі шетелде жатып, Президентке қоқан-лоққы хат жолдады. Бұл қазіргі ушығып тұрған кезеңде қаншалықты орынды? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартыпты» дегендей өз отандастарымыз да жарыса әлеуметтік желіні шулатты. Халық пен биліктің арасына от жағуға тырысқан жарияланымдар жасады.

Ашып айтқанда, олардың барлығы Үкіметті тарату керек дейді. Бұл саясаткерлерді де, халықты да ойландыруы керек. Дәл қазіргі қиын жағдайда Үкіметті таратудың оң және теріс әсерлері мен тәуекелдерін Президентіміз өте жақсы біледі.

Президент халықаралық деңгейдегі - ірі саяси тұлға. Ол әр ісін «мың ойлап, бір кеседі». Сондықтан да бұл мәселелерді жан-жақты зерделеп, тиісті шешімін қабылдайтын болар.

Қазақстандағықоғамдық ұйымдар мен партиялардың өкілдері, саясаткерлер, қоғамтанушылар Мемлекет басшысына өйту керек, бүйту керек деген дәйексіз сөздермен емес, бірігіп, белдесіп, індетті жоюға көмектесіп, бір сапқа тұрғаны елімізге де, халқымызға да пайда әкелер еді. Бұл – зайырлы қоғам жолы, даму жолы.

Ресми билік халықтан түсіп жатқан ой-пікірлердің бәрін сараптамадан өткізіп, республика басшысына тиімді және тиянақты ұсыныстар жасар деп ойлаймын.

Әрине, тығырықтан шығу үшін қатаң тәртіп керек. Заң диктатурасы орнаған ел ғана қиындықтан қысылмай өтеді.

... Үзік ойлар, үміт ойлар. Қиындық кетіп, жақсылық келер күн алыс емес. Үмітімізді үзбейік! Бар қиындықты жеңеміз. Бірге жеңеміз!


Баға беріңіз