ОНЛАЙН-БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Облыс, қала, аудан орталықтарындағы әдіскерлер, ЖОО мен мектеп оқытушыларына арналған «Үздік сабақ-2020» онлайн байқауы
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 маусым, 2020

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы облыс, қала, аудан орталықтарындағы әдіскерлер, ЖОО мен мектеп оқытушыларының қатысуымен 1 сәуір-1 маусым аралығында «Үздік сабақ-2020» онлайн байқауын ұйымдастырды.

Байқау ережесінің талаптары бойынша 38 қатысушының жұмыстары қаралып, үздік деп танылған 8 жұмыс межеге шықты.

Сараптау комиссиясының қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылардың сабақ жоспарлары жүлделі орындарға ұсынылды.

Бас жүлдеге Шымкент қаласындағы Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Тойшыбекқызы Оспанованың жұмысы лайықты деп танылды.

Сабақтың мақсаты айқын, оқытушы сабаққа Smart мақсат қоя білген. Сабақ жоспары заманауи технологияларға құрылған. Қазақ тілін үйретуге арналған барлық онлайн платформалар, сайттар пайдаланылған. Нәтижеге бағытталған әдістер қолданылған. Сабақ барысында жаңашыл әдістерден топқа бөлу әдісі, болжау стратегиясы, табысты баспалдақ әдісі, STEAMжүйесі бойынша Quіzlet, Thinglink, Padlet, Slido жаңашыл онлайн бағдарламалары шебер қолданылған. Сөйлеу әрекетінің барлық түріне қызықты жаттығулар берілген.

Бірінші орынға Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жансая Ержанқызы Хасенованың жұмысы ұсынылды.

Сабақ барысында түрлі әдістер арқылы тақырыпты толық меңгерту,STEAM білім беру жүйесі бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білген. Сөйлеу әрекетінің барлық түрі қамтылған. Лексикалық минимум сабақ тақырыбына сәйкес берілген, түрлі инновациялық әліс-тәсілдерге тапсырмалар құрастырылған.

Екінші орынға Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» қазақ тілі оқытушысы Айдана Махамбет және Қарағанды облысы Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығының әдіскері Гүлжайна Нұрманқызы Сыдықованың жұмыстары ұсынылды.

Аталған екі жұмыста да лексикалық минимумдарды меңгерту әдістері ұсынылған. Сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша жаттығулар берілген. Оқытушылар СТО, «Джигсо», диалогтық оқыту, топтық, жеке жұмыс, пікір алмасу, «А,В,С» әдісі, «Таза тақта» әдісі, «Болжау» әдістерін шеберқолданған.

Үшінші орынға Сүлеймен Демірелі университетінің аға оқытушысы, магистр Гүлжайна Нұрболатқызы Нұрманованың жұмысы ұсынылды.

Сабақ деңгейге сай жүйелі құрылған. Сабақта лексикалық тақырыпқа сәйкесжарнама түрлері бойынша мәтіндермен жұмыс істеудің тиімді әдістері қолданылып, термин сөздерге арналған жаттығуларды Quizlet сервисі арқылы орындату тапсырмалары берілген. Ұсынылған тапсырмалар сәтті шыққан.

Ынталандыру сыйлығына

1. Қызылорда облысы, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің маманы Ләззат Абайқызы Ортаева;

2. Қостанай облысы, Рудный қаласы әкімдігінің Қалалық тілдерді оқыту орталығының маманы Айнұр Тағамұратқызы Ыдырысова;

3. Ақмола облысы, Бұланды ауданыныңмәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанындағы Тілдерді оқыту орталығының маманы Әсел Жамбылқызы Сабырованың жұмыстары лайықты деп танылды.

Үздік деп танылған жұмыстардың барлығы байқау талаптарына жауап береді. Сабақтарда тіл үйренушілердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға арналғандеңгей талаптарына сай тапсырмалар берілген. Ұсынылған сабақтар өз кезегінде тіл үйренушілердің өзіндік қабілетін дамытуға көп мүмкіндік беретінін көрсетті.


Баға беріңіз