«Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» монографиясы жарық көрді

Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 наурыз, 2020

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Сейдін Бизақов 2017 жылы Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» деген тақырыппен жазған 77 беттік авторефератын толықтырып, 295 беттік монографиясында жазып, баспадан шығарып отыр. Автордың бұл монографиясын қазақ тілінің емлесіне қатысты дау-дамай, талас тудырған тұстары жайында тіл мамандарымен жан-жақты пікір алысып, бір тоқтамға, пәтуаға келіп, орфографияны жетілдіру мақсатымен үш дүркін өткізілген дөңгелек үстелдің қорытындысы басшылыққа алынған. Мұнда тіліміздің лексикалық, фонетикалық және грамматикалық құрылымының даму жолдары, бүгіні мен болашағы жан-жақты сараланыпты.

Қазақ елінің айбынын асыратын тілі, ұлттық жазуы, ділі, діні, рәміздері мен нышандары екені белгілі. Тілді нормалау – тіл мәдениетін арттырудың шарасы. Жазу мәдениетіміздің айырым белгісі саналатын орфографияның емле ережесін ұштай түсу тіл білімінің маңызды ­саласы екені белгілі. Өйткені күнделікті қолданыстағы тіліміздің дамып, кемелдену барысында терең ғылыми негізге сүйеніп қалыптасқан орфографиялық жазу нормаларын жетілдіріп отыруды керек етеді. Орыс тіліндегі баспасөзде ешқандай да қате жібермеу бұрыннан қалыптасса, қазақ тілінде, өкінішке қарай, күні бүгінге дейін орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, стильдік қатенің жіберілуіне көз үйреніп кеткендей. Артық әріпті үстемелеп жазудың емле ережесін қиындататыны анық. Әсіресе қысаң ы, і әріптерін үстемелеп жазып, солай оқу салдарынан сөздің қалыпты дыбысталуын бұрмалап, оқылуын ­ауырлатып, әуезділігін солғындатып, табиғи тартымды­лығын төмендетіп, оның дыбыстық құрылымының дамып жетілу үрдісіне тежеу жасап, тосқындық келтіріп жүрміз. Мұның өзі, автордың айтқанындай, емле сөздігінің ғылыми принципі әлі де болса жүйеленіп, жете зерттеле қоймағанының бір айғағы. Қайсыбір қаламгердің и мен у-ды ­дауысты дыбысқа жатқызбай, и-ді ій, ый деп, ал у-ды ұÿ,үȳ деп екі әріппен жазуды ұсынуы ешбір қисынға келмейді. Тілімізде жиі қолданылатын бұл екі әріпке қысаң дауыс­тыны үстемелеп жазу сөздің табиғи дұрыс айтылуына да, сауаттылыққа да кері әсерін тигізеді. Орфографиялық сөздіктің 2005 жылғы басылымына қатысты жұртшылық пікірін толық сараптап алмай, жүйеленіп, даярланып бітпей, бұрынғы басылымында орын алған олқылықтар, кемшін тұстар түзеліп бітпей жатып жарық көрген жаңалығы жоқ жаңа басылым деген сияқты сын пікір айтылған еді. Ал осы сөздіктің соңғы басылымында кейбір байқалған кемшілікті түзеп, емле ережесін әлі де болса жаңарта, жақсарта түсуді қай тұрғыда ескерді екен? Әлде мерзімді басылым беттерінде, мінбелерде емлеге қатысты айтылып келген бір-біріне кереғар сын пікірлер ресми түрде шешімін таппай жатып, он айналып, жүз толғанып реттейтін мәселе азаймай, толастамай тұрғанда тым ертерек, асығыстау қолға алынған ба деген ойдың көкейде тұратыны белгілі. Өйткені қазіргі жазуымыздағы ала-құлалықтың көбінің орфографиядағы қайшылықтардан туындап отырғаны баршаға аян. Автор өз еңбегінде емле ережесін жетілдіріп, оны кем-кетіктен арылту туралы пікір алысқанда, ана тілінің мәртебесін өсіру, өрісін ұзарту, ауқымын арттыра беру жолын мақсат тұтқан. Қазақ тілі халықаралық деңгейге көтеріліп, он шақты шетел университетінде арнайы пән ретінде оқытыла бастағанын ескерсек, емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдіріп тиянақтаудың, сол арқылы тілімізді құрмет тұтқызудың керектігі ойға оралады. Автордың ұстанған орынды принципі жаңа төл әліпбиімізді дайындау тіл мәселесіне кеңірек, тереңірек баруымызды қажет ететін оның өміршеңдігін арттыратын іс-шара болуға тиіс деп есептеуі жатады. Ана тілімізді өз заңдылығымен көркейту арқылы оның еркін дамуына мүмкіндік туғызуымыз керек. Оны кемшін соғып жатқан тұстарын дәл анықтап, жөнге келтіру арқылы кемелдендіріп, мемлекет тұрғындарының бәріне ортақ ұлтаралық тіл деңгейіне жеткізетін мүмкіндікке сай жүйелі жұмыстың керек екенін автор еске салады.

Сейдін ағамыз мемлекеттік тіліміздің ширек ғасыр аралығында өз тұғырына көтеріле алмағаны жөнінде былайша толғанады: «Ара-тұра айтып жүр­геніміздей, тағдыр тауқыметін көп тартқан халқымыздың сан ғасыр армандап келген егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет құрғанын көзімен көріп, соның куәгері болу 80 жастан асқан адам үшін зор қуаныш десейші. Сол үшін де өзімді шексіз бақытты сезінемін. Ендігі бір үлкен арманым – ата-бабамыз қалдырған ең қымбат асыл қазынамыз ана тіліміздің шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналып, өз тұғырына қонғанының да куәгері болсам деген тілек». Бұл – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан жазылған тұңғыш арнайы еңбек. Бұған дейін тіліміздің аса бай, дамып жетілген тіл екенін ғана айтып, ал оның кемшін тұстарын ешкім арнайы әңгімелеген емес. Қазақ тілін ­шынайы ғылыми дәйектілікпен шендестіріп, оны уақытқа сай дамытып, көркейтіп, жетілдіріп, емле ережесін ұштай түсу мына төмендегідей мақсатты көздеп, діттегенде ғана уәжді болмақ деп есептейді автор.
Біріншіден, тіліміздің лексикалық қазынасын жұтаңдатпай, сөз санын азайтпай, керісінше, сөз байлығын сан жағынан еселей, молықтыра, кемелдендіре түсу жағын қаперде ұстап, ойластырған ұтымды.

Екіншіден, тіліміздің граммати­ка­лық амал-тәсілінің жан-жақты­лығымен молдығын, морфологиялық құ­рылымын икемді, оралымды ету мүмкіндігін қарастырғанымыз оң нәтиже бермек.

Үшіншіден, туған тілдің дыбыс жүйесінің саздылығын, сөздің тұлғалық тартымдылығын төмен­детпей, ­айтылу әуезділігіне нұқсан келтірмей, оны ырғақты етіп жетілдіре түсу мүмкіндігін есте тұтарымыз белгілі.

Төртіншіден, мүмкін қадерінше сөздің тұлғалық дербестігін сақтау жағын ескеріп, омоним сөздерді көбейтпей, керісінше, азайта түсу де ана тілімізді көркейте түспек.

Бесіншіден, ана тіліміздің туыс халықтар тілінен одан әрі алшақтай беруіне жол бермей, керісінше, жақындай түскені жөн.

Алтыншыдан, ережеге қатысты сөздерді толықтай айқындап, топтау арқылы емле ережелерін қолдануда бір принципке негізделген бірыңғай жүйелік пен сәйкестікті сақтау жағына мұқият болсақ.

Жетіншіден, орфографиядағы өзге­ріс емлені қиындатып, тіл үйре­ну­шіні шатас­тырмау жағын есте тұтсақ.

Сегізіншіден, мүмкін болған тұста сөз тіркесімін алмастыратын атауыш сөз бен одан туындаған сөз тұлғалары сөздік құрамды байытатынын ескеріп, мәлім болғанын түгелімен қолданысқа енгізгеніміз абзал.

Тоғызыншыдан, қазақ тілінің сөзжасам тәсілінің бірі – екі түбірдің қосылып, бір мағынаны білдіріп, біртұтастық қасиетке ие ететін біріккен сөздерді де жинап-теріп тілімізді байыта, көркейте аламыз.
Оныншыдан, тіліміздің дыбыстық, лексикалық, морфологиялық құры­лымының дамып, жетіле түсу ­барысында үздіксіз қалыптасып келгендіктен, кіріккен атауыш сөз тұлғаларын таң­даусыз, талғаусыз түгелдей қолданысқа енгізу арқылы да тілімізді кемелдендіре аламыз. Ғалым қазақ тілін үйренудің маңызы мен мәнін, тіл тарихы мен ұлт тарихын сабақтастықта зерттеудің бағыт-бағдарын, сөздік қордың кеңеюін, лексикалық, семантикалық топтардың өзгеруі мен дамуын, сөздіктегі тілдік бірліктердің балама атауларының әдеби тілге әсерін, қазақ лексикографиясының ұтымды түзілуін көрсете алған.

Қазақстан шын мәнінде қос тілді мемлекет болғандықтан, тілдің беделін көтеретін қуатты күштің бастысы – өзге ұлт өкілдерімен қоса, әсіресе, өз ұрпағымыздың ана тілінің көл-көсір байлығы мен көркемдігін айқын сезініп, оған ықылас қоюы екені белгілі. Атақты ақынымыз Олжас Сүлейменовтің бір сөзінде: «Қуатты орыс тілімен қиын да құрметті бәсекеде төтеп беру қазақ тілінің көгеріп, көктей беруі үшін ауадай қажет» деп атап өткеніндей, қостілділік ортадағы тілдердің өзара салыстырмалы бәсекесі – табиғи заңдылық. Одан ешқайда қашып құтыла алмаспыз. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанның өзінде, орыстілді қандастарымыздың да арасында қазақ тілі заман талабына сәйкес дами алмаған деген жаңсақ пікірдің қалыптасуы оны үйренуге деген ұмтылысын да тежеп келгені белгілі болып отыр. «Казахский язык не универсален, вследствие чего и не функционален. В силу недостаточного лексического богатства он остается не готовым для применения в таких сферах общественной жизни как парламент, в управлении производством. Язык со своей бедностью необработанностью лексики, противоречивыми правилами, форменной и смысловой нестабильностью терминов и понятий не готов к универсальному применению во всех сферах жизни общества. Современный казахский язык страдает от несовершенной грамматики и отсутствия интеграции в глобализирующий мир» деп ­жазыпты бір қандасымыз («Деловая ­неделя», 27.04.2007). «Өкінішке қарай, орыс тілінде білім алушы өз қандастарымыз осылайша қазақ тілі сөзге жұтаң кедей деп, оған мұрнын шүйіріп қарамасын, әзіл-мысқылға жол бермей, тілімізді құрмет тұтып, оны ұлықтап үйренуге деген ынта-ықыласын кемітпесін, өз тілін өзекке теппесін, өз тілінде сөйлегенді намыс көріп, қор санамасын десек, емлемізді ұштай түсудің епетейлі тұстары мен тетіктеріне мән берейік» деп топшылайды автор.

Малайзия тәуелсіздік алған жылы малай тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, билік басындағылар тіл ғалымдарына арнайы тапсырма беріп, қолдану ­аясын шектеулі малай тілін сұрыптап, ­сараптап, жүйелеумен қоса тілге ­саналы түрде ықпал етіп, оның кемелдене түсуі үшін лексикалық, фонетикалық, морфологиялық, стилистикалық тұрғыдан дамып, өсіп-жетілуіне қажетті ізденістерді жүзеге асырыпты. Осындай ізгі ізденіс пен шаралар жүзеге аспаса қытай мен үндістандық тамилдер ғана емес, ағылшын тілді малайлықтардың өздері де малай тіліне құлақ аспай кетуі мүмкін деген лингвистер дабылы дұрыс шешімін тауып, 10-15 жылда мемлекеттік тілді тұғырына қондырыпты. Автордың айтқанындай, малайлар ел халқының 50 пайызы ғана. Қазақтар 70 пайыздан асып, ел халқының басым көпшілігін құраса да, ондай нәтижеге қол жеткізе алмай жүрміз. Бізге де ұраншылдық пен науқаншылыққа салынбай, ана тілімізді өз заңдылығымен көркейту үшін оның еркін дамуына мүмкіндік туғызуымыз ­керек. Оның кемшін соғып жатқан тұстарын дәл анықтап, жөнге келтіру арқылы кемелдендіріп, мемлекет тұрғындарының бәріне ортақ ұлтаралық тіл деңгейіне жеткізетін мүмкіндікке сай жүйелі жұмыс керек екені анық.

Түркітанушылар қазақ тілінің таңғажайып қасиеттері туралы айтудай-ақ айтып жүр. Олар қазақ тілінің терең ой толғанысты қалтқысыз жеткізе алатын поэтикалық күш-қуатымен танылған алмас қылыштай өткір, ауқымы кең, сөздік қоры өте бай, морфологиялық құрылымы икемді, оралымды да ойнақы, жан-жақты дамып жетілген, көркем де қуатты, шұрайлы да шырайлы, әдемі де әуезді, қыры мол, сыры терең, бедерлі де бейнелі, ұлттық бояуы мен қасиетін, табиғатын берік сақтаған, өміршең, ­кемелденген, тартымды, біртұтас, сыңдарлы ғажап тіл екенін айтып келді. Тіліміздің мәнділігі мен мазмұндылығы, сыпайылығы мен сәнділігі жөнінен де көп тілден озық тұрғанына өзге ұлт өкілдерімен қоса орыстілді өз қандастарымыздың көзін жеткізіп, санасына сіңіру арқылы олардың ана тіліне деген қызығушылығы мен ықылас қоюына жағдай тудыру алда тұрған үлкен де абыройлы міндет екені белгілі. Осыған орыстілді қандастарымыздың көзін жеткізу үшін емлеге өзгеріс енгізер сәттегі көздейтін басты мақсатымыз – көңіл көзін әрірек жүгіртіп, тіліміздің тартымдылығын төмендетіп, табиғилығын кемітетін, кем соғар тұстарын жөнге келтіріп барып, шешім қабылдау керек екені айдан анық.

Өкінішке қарай, таяу уақытқа дейін орыс тілі ғана мемлекеттік әрі ресми, әрі ұлтаралық тіл болып келді. Қазақ тілі бірден-бір мемлекеттік тіл мәртебесін сөз жүзінде алғанымен, қодану аясы жағынан орыс тілімен теңесе алмады. Қазақ тілі зәру тіл болмағандықтан, оны үйренгісі келмейтіндер саны азая қоймады. «Мемлекеттік қазақ тілі өз елімізде мүшкіл хал кешіп отыр. Өз тілімізде сөйлей ­алмай күллі әлемге күлкі болдық» дейді тіл жанашырлары. «Мемлекеттік тіліміз қандай себеппен жаппай қолданысқа енбей, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппай жатқанына дұрыстап үңіліп, оны орнықтырудағы осыншама уақыттағы тәжірибемізді зерттеп-зерделеп алуымыз керек дегенге қаламгерлер мына төмендегідей себептерді айтып жүр. Ана тіліміздің қолдану аясының өз мәнінде болмауын, қызмет ету қауқарының төмендігін көп жылғы саяси бұлғалықтың естен тандырып, табиғи үрдістен жаңылдырып кетуінен деп қана түсіндіретіндер бар. Енді егемендік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін қазақ тілі мәртебесінің асқақтап, толық мәнінде салтанат құра алмағанын кімнен көреміз дейді» Секең. Ғалымның айтып өткеніндей, орыстілділердің мемле­кеттік тілді жөнді меңгере алмағанын қайсыбірде қазақ тілін үйретудің әдіс-тәсілдерінің жолға қойылмағандығының салдары деушілердің пікірі шындыққа мүлде жанаспайды. Өйткені автордың ­пайымдауынша, тілді үйретудің екі түрлі тәсілі бар. Бірі – тілді мәжбүрлеп үйрету. Екіншісі – тілді құрмет тұтқызып үйрету. 30 жыл бойы тілімізді мәжбүрлеп үйрету айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеді. Ал өзі құрмет тұтатын тілді оқырман кез келген оқулықпен-ақ, оншалық тәжірибе жинақтамаған оқытушының көмегімен-ақ оқып үйренетінін көріп жүрміз.

Қазақ тілін үйренуге ықылас таныт­пауы­ның себебі мемлекеттік тіл мәртебесін алған тілге деген өмірлік қажеттіліктің әзір туындамай отырғанынан деушілер бар. Дегенмен де, қазақ тілін жетік меңгерген орыстілділердің лауазымды қызметіне араласуы жеңілдейтінін бәрі де біледі емес пе. Сондай-ақ қайсыбір қаламгерлердің заң түзелмей, тіл түзелмейді деп, бар кінәні «Тіл ­туралы» Заңдағы қиғаштықтан іздеп, заң нормаларындағы қателіктер кінәлі деген пікірі де, автордың ­пайымдауынша, шындыққа ­жанаспайды. «Тіл туралы» Заң 1989 жылы 22 қыркүйекте тәуелсіздіктің елең-алаңында қабылданып, ана тіліміз жеке-дара мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ол ­кезде қазақтар ел халқының 40 пайызы ғана болғандықтан, ­Елбасымыз көрегендік ­танытып, еліміздегі демографиялық жағдай дұрысталғанша сабыр сақтап, ел ішіндегі бейбіт те ынтымақты тіршілікке, халық татулығына, тұрақтылыққа мән беріп, мемлекеттік ұйымдар мен басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген норма жазылған. Тіл мәселесі осылайша ­жан-жақты ой­ластырған құқықтық нормалар арқылы дұрыс, анық жазылып шешілген заңы­мыздың қауқарсыз ­болуына бәрінен бұрын өзіміз кінәлі шығармыз. «Өзгелер қазақ тілін қайткен күнде де білуге міндетті, үйренуге тиіс. Соны сөзсіз талап етіп, міндеттеуіміз керек» деп, қанша жар салғанымызбен, даңғаза айқаймен, солақай ұлтжандылықпен қазақ тілінің шарасыз күйін өзгерту қиын. Үкіметтің қазақ тілінің көсегесін көгертем ­деген ынта-ықыласында кенделік жоқ. Жылма-жыл миллиардтаған қаржы құйылғанымен, нәтижесі татымды, жемісі көңілді көншіте қоймайтынын автор еске алады. Емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдіру арқылы тіліміздегі орныққан кемшін тұстарын түзетіп, жөнге келтірмейінше, оны құрмет тұтқызып үйретуді ешбір заң жасап бере алмайды. Орыстілді қандастарымызды жазғырып, кінә артумен болдық. Орыстілділер арасында да ұлтжанды, патриот азаматтар, ­дарынды қаламгерлер, қоғам қайраткерлері жетіп артылады. Сондай-ақ біздің, қазақ тілі ғалымдарының, атқарған жұмысында кемшілік жоқ па? Қазақ тілін үйренуде ыңғайсыздық пен қиындық тудыратын, тіліміздің әуезділігіне нұқсан келтіретін тұстарын, лексикалық және морфологиялық құрылымын жетілдіретін тұстарын мүмкіндігіне қарай ескеріп, тілімізді көркейтуге мән бермеудің кесірінен оны құрмет тұтқыза алмадық деп, автор мемлекеттік тіл мәселесінің елімізде ушығып тұрғанының басты себебін ­атайды. Тұтас алғанда бұл күрделі еңбектің жарық көруі жазу практикасындағы ала-құлалықтан арылуға септігі тиер қазақ тіл білімі саласындағы елеулі ­табыс. Арнайы өткізілген дөңгелек үстелге қатысушылар ғалымның ұстанымы ­бойынша жазылған еңбекте автордың ізденісі, тынымсыз еңбегі, қазақ тіліне, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі, ұлтты тану дерек­тері жинақталғанын атап өтті. Барша қазақстандықтардың басын біріктіретін мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласындағы қолданысын қамтамасыз ету – біздің ең маңызды да басты міндетіміз. Өйткені Қазақстанның әр азаматының мемлекеттік тілді жетік меңгеруі – ел тұтастығының шынайы бірлігінің ­басты көрсеткіші. Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен» деп сонау 60-шы жылдары айтып кетіпті. Мыңдаған жыл ғұмыр кешіп, тағдыр тауқыметін көп тартқан қазақ халқының егемендікке қол жеткізудің арқасында қазақ тілінің дамып, мемлекеттік тіл тұғырына көтеріліп, мәртебісінің биік ­болатынына иманымыз кәміл.

Қорыта айтқанда, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, қазақ тілін ел өміріне батылырақ ендіріп, қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналатын кезді жақындату алдымен өз қолымызда екеніне жұртшылықтың көзі жеткендей. Тіл жанашырларының қазіргі таңда айтып жүргеніндей, өзіміз құрмет тұтпаған тілді ешкім сыйламайды. Халық өз тіліне өзі иелік етпесе, тіл мүддесі жолында жұдырықтай жұмылып, қалың қауым болып күресе алмаса, заңның да ана тілімізді кең өрісті етуге құдыреті жете бермейтінін өмір көрсетіп отыр. Барлық мәселе ниетте жатқандықтан орыстілді қандастарымызға мемлекеттік тілді құрмет тұтқызу арқылы ғана ана тілін үйренуге ­деген ынта-ықылас, талап-жігер, құлшыныс пен құлық, қызығушылық пен ұмтылыс, талпыныс, қажетсіну ­тудыра аламыз. Ана тіліміздің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген озық ойлы, зерделі ­зиялыларымыз, тіл мамандары, қаламгерлер – күллі тіл жанашырлары кеңесіп, бір мәмілеге келіп, ортақ ісімізді дұрыс жолға қоюда күш біріктіріп, күрмеуі күрделі мәселені зейін қоя зерделеп, орнықты, әділ пікірін айтып, ұтымды ­жолды табармыз деп сенеміз.




Баға беріңіз