Ахмет Байтұрсынұлының тіл мұрасы
Ғасырдың басында «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» - деп жазды реформатор-ғалым өзінің тіл туралы зерттеу мақаласында. Сондықтан ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, аса жауапты жұмысты қолға алған. Реформаланған араб жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінің өз кезінде қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпал еткені туралы замандастары жарыса жазды. Мәселен, өз ұлтымыздың зиялылары ішінен алғаш қалам тербегендер – М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфоллаұлы және М.Әуезов т.б. болғанын алдыңғы бөлімде сөз еткенбіз. Яғни, тұлғаның ұшан-теңіз атқарған жұмыстары ғасыр басында-ақ айырықша аталып, жоғары бағаланды.
ХХ-шы ғасыр басындағы қазақ елінің ұлттық ғылымында жүргізілген жұмыстардың бір саласы – оқулықтар жасау болғаны белгілі. Сол тұста елімізде жаңадан ашылып жатқан жоғары оқу орындарын есептемегенде, мектеп оқулықтарының өзі де жоқтың қасы болатын. Қазақ тіл білімі мен әдебиетте сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, түрлі оқулықтар жасаудың да қажеттілігі сезіліп, маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста – А.Байтұрсынұлы оқулықтар жазу мәселесіне өте жауапкершілікпенұлт мүддесі тұрғысынан қараған. Ол патша заманында қазақ жұртының қажетін өтеген кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған, төтеден жол іздеген. Қазақ жұртының төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны «әліпби» етіп алу керектігіне зор мән берген. Әрі осы жолда тыңнан түрен салды.
А.Байтұрсынұлы ұлт жазуының таңбасын алуда аса сақтықпен «қазақ ұлтының болмысын жоғалтпайтын, дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын, әрі ислам дінінің уағызы арқылы келген араб графикасын таңдады. Сонымен қатар, ежелден келе жатқан қадим жазуындағы дала ғұламаларының зерттемелерін де негізге алды. Қазіргі қазақ филологиясы ғылымында ғалым-реформатор, қазақ тілі мен әдебиетінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы туралы тіл саласында бірнеше зерттеу еңбектер жазылды.
Атап айтсақ, 1991- жылы Ө.Айтбаев «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қазақ тілінде қалыптасуы мен дамуы» (докторлық диссертация), 1994-ші жылы Н.Машқанова «АхметБайтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы», 1995-ші жылы А.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы», 2005-ші жылы Қ.Ибраймов «Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріндегі терминология және стилистика мәселелері» атты кандидаттық зерттеу жұмыстарын жазды. Тілші-мамандар өз еңбектерінде тіл саласындағы ғалым жүйелеген категорияларды бүгінгі таныммен байланыстыра қарастырды. Зерттеушілер А.Байтұрсынұлының айшықтары мен тұжырымдамаларын қазақ тіл білімінің бастауы деп таныды. Бұл күні ағартушынының қайраткерлігін педагогикалық қырынан да зерттеген ғылыми еңбектер едәуір. Мәселен, 1999-шы жылы Р.Үсембаева «Ахмет Байтұрсынұлы мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу», 2000-шы жылы Б.Иманбекова «А.Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу тәрбие үрдісіне енгізу жолдары» атты ғылыми еңбектер қорғады.
Қазақ әліпбиі немесе Байтұрсынұлы емлесі. Әліпби – тек сауат ашу ғана емес, ілім-білім үйренудің бастау көзі, ғылымға апаратын сара жол. М.Әуезовше айтсақ, «Ақаң ашқан қазақ мектебінің» ұстанымы – қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның әлеуметтік ортада ой-танымы мен талғамын қазақша қалыптастыру болған. Өйткені, сол тұстағы қазақ арасынан оқыған, сауатты жандардың басым көпшілігінің тілі не татарша, не орысша шыққаны және сол тілдермен ана тілін араластырып, «қойыртпақ тіл» жасағаны тарихтан белгілі. Сондықтан да А.Байтұрсынұлы қазақ ұлтының табиғи қалпын сақтау мақсатында, кемшіліктерді болдыртпау үшін өзінің білім беру жүйесінде ана тілмен оқыту тәсілін ұстанды.
Әрі осы жолда қазақ баласы үшін түрен жол салып берді. «...Қазақша дұрыстап қат жаза білуге бір-екі-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп қат жаза білуге жеткенше русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі, қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып бас қатып, мый ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керектігі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз. Жақсы құралменен іс істегенде көпке тиіп жанды қинамайды. Оқу құралы да сондай, жан қинамайтұғын болса, жақсы болады. Әр істің басы қиын. Басында қиналмай кетсе, онан әрі тың кетеді. Бұлай болған соң әуелі оқу құралы жақсы болып жан қинамасына не керек?» - деп, «ана тіл» деген пәнсөздің негізгі мәні атау тұлғадағы ұғым екеніне үлкен салмақ салып, әрі төл тілдің бастау көзін ашып алады. Осы мақаладағы асты сызылған тіркестердің мән-мағынасын ашып жатудың өзі артық, бірақ осы «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деп, таза арабшамен тіл сындырушылардың да төл тілінен ажырайтынын, қазақша қалпын жоғалтатынын айтып отыр.«Қазақтың тілімененоқытуды» көксейді, сол қазақ тілінде оқытудың амал-тәсілдерін, «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсетіп те берді. Ең бастысы«әліпби түзелмей, іс оңалмайтынын» білген ағартушы қазақ әрпін әрлеуді қолға алады. Енді Ахаң түзген әліпбидің кестесі ұсынамыз.
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің кестесі
Сонымен реформатор-ғалым әліпбидің ғылыми сипаттамасын: «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазу белгілері (харіфлері). Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты» деп жіктеп жүйелейді. Дауыстыдыбыстар: ا(а), و(о), ﺅ(у), ى(ы), ه(е). Дауыссыздыбыстар: ب(б), پ(п), ت(т), ج(ж), چ(ш), د(д), ر(р), ﺯ(з), س(с), غ(ғ), ق(қ), ك(к), گ(г), ڭ(ң), ل(л), م(м), ن(н). Жарты дауыстыдыбыстар: ؤ(у)±, ى(й)±. Бұлдыбыстардыңішінде қ һәм ғ дәйімжуанайтылады, г, к, һәм е дәйімжіңішкеайтылады. Өзге 19 дыбыстыңһәрқайсысыекітүрліайтылады: бірдежуанайтылады, бірдежіңішке. Егерде«...бұл 19 дыбыстыңжуанайтылғанынабірхаріф, жіңішкеайтылғанынабірхаріфкерекдесек, мысалы: «تـ ،سـ»сықылды, онда 19 дыбысқа 38 харіфкерекболареді, бұғандәйімжуанайтылатұғынقмененغ-ларды, дәйімжіңішкеайтылатұғын«ك, گ»һәмхаріптердіқосқанда, һәммасына 43 харіфкерекболареді» деп жазған алғашқы ана тілінің жүйесін салушы. Міне, осы қазақ тілінің табиғатына қарай оның дыбысталу жүйесін басшылыққа алған Байтұрсынұлы пайымын кейбір жазушылар «42 әріпті түзген» деп бұра тартып жарнамалап жүр.
Реформатордың зерттеуіндегі тереңдетіле түсіндірелетін танымдарға зерде-зейін дұрыс қоя білсек, араб әліппесінде 43-ке жететұғын харіф жоқ екенін, өзге жұрттың әліппелерін қазақ қабыл алмайтынын жазады. Ислам әліпбиінің қазақ арасына қалай келгеніне тоқталады. «...Араб әліппесі қазақ арасына дінменен бірге таралған, сіңген, дінменен бірге байласқан әліппені алып тастап, басқа әліппені алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң араб харіфлерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек. Араб харіфлерінің түрін тым бұзып өзгертуге болмаса, қалай амалын таппақкерек? деген өзекті сауалды өзі көтереді, әрі оның жауабын да өзі айтады.Мұның амалы менің ойлауымша мынаудеп дыбыстарды жүйелеп береді. «...Дауысты дыбыстарға дауыссыз дыбыстар бағынбақшы. Яғни, дауысты дыбыстар жуан айтылса – олардың қатарындағы дауыссыз дыбыстар да жуан айтылмақшы; дауысты дыбыстар жіңішке айтылса – дауыссыз дыбыстар да жіңішке айтылмақшы. Бұлай болғанда дауысты дыбыстардың харіфлерінің жуан иа жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, дауыссыз дыбыстардың да жуан иа жіңішке айтылмағын айырғанымыз жөн» дейді.
Ғасыр басында ғалым түрлеген, әрі түзген әліпби таңбасының қазақ ұлтын сауаттандырудағы рөлі қандай? Енді осы мәселе төңірегінде кеңес үкіметі тұсындағы зиялылардың көзқарастары мен пайым-танымына үңілсек. Тура сол тұстағы санаткер-азаматтардың алдына қойған ұлы міндеттерінің бірі – ол бұдан әрі «қазақ халқы рухани келбеті, өзіндік бет-бағдары бар ел бола ма, жоқ «баяғы жартас бір жартас» деп, бодан қалпында жүріп, өзінің ұлттық сипатынан айырылып, болмысын жоғалта ма» деген өзекті мәселе болатын. Ұлттық тіл ғылымы саласындағы Ахмет Байтұрсынұлының әліпби түзудегі жетістіктерін лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов өте жоғары бағалаған. Және ол кім көрінгенге әліпбиді, тілді таптатпауға бар күш жігерін жұмсаған. Мысалы: «...возрежение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам нашими врагами – это наше законное наследие (...) Отказываться от подобного наследия так же глупо (...) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан қазақтың қай-қай оқығандарының, оның ішінде қалам ұстап, қазақ намысын жыртқан әрбір еңбектің қадір-қасиетін біліп қана қоймай, «заңды мұра» деп таныған және ұрпаққа тәрбиесіндегі қажетті құрал санағанын көреміз (35-б.).
Енді Ахмет жүйелеген қазақ тіліндегі атау-ұғымдардың дәлдігі мен даралығына үңілсек. Қазақ даласында қазақ мектебінің негізін салған тұңғыш ағартушы Ыбрай Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы»десе (227-б.), А.Байтұрсынұлы оны «Зат есім» деп атады (160-б.). Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына тұңғыш ағартушы «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары»деп балама берсе (Б. 238, 243), кейінгі оқытушы «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді (162-б.). «Местоимение» деген орыс терминіне алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса (248-б.), кейінгі әдіскер «Үстеу», «Демеу»дейді (Б. 165-166). Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдарды білдіретін пәнсөздер. Бұл қазақ тілінде қисындардың қалыптасуы үшін, алдыңғы буын өкілдерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түрлеу арқылы ХХ-шы ғасырдың басында қазақ тіл білімі мен әдебиеттану оқулықтарының заңдылықтарын жасаушы, Ахмет Байтұрсынұлы болғанын айғақтайтын дәйектер.
Қазіргі бастауыш мектептерге арналған 1-сынып әліппесіндегі «Қазақ алфавитінің» авторын ажырата алмайтын оқытушылар бар екені де жасырын емес. Ақиқатында, есіміаталмаса да Байтұрсынұлының төте жазудағы «28» таңбамен түзілген әліпбиі аз ғана өзгеріспен кеңес кезеңіндегі мектепке, яғни, бірінші латын, сонан соң кирил әрпіне қопарылып, көшіп отырды... Осылайша ағартушы түрлеген ана тіл ұрпағына жылдар бойы қызметін көрсете берді. Мұны бүгінгі қазақ ғылымы жоққа шығара алмайды, тек аракідік жаңсақ пікірлерге, мәселен, «А.Байтұрсынұлы 42 әріпті жасаған» дейтін кейбір қате ой-тұжырымдардың баспасөз беттерінде белең алуы ойландырады. Сондықтан «Қазақ әліпбиі, қазақ жазуын жетілдірудегі Ахмет Байтұрсынұлының рөлі» деген тақырып аясында мектеп бағдарламасына арнайы сағат бөліп оқыту өзекті мәселелердің бірі деп білеміз.
Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы қазақ әліпбиіне 1924, 1931-ші жылдары «Байтурсуновская графика», «Байтурсуновскийалфавит»депатап, түркіәліпбилеріішіндегіғылымижүйеленгеніріжетістікдепқабылдаған. Мәселен, Мәскеуде 1931-ші жылыжарықкөрген «Литературная энциклопедия» атты жинақтың 5-ші томына осы Ахаң реформалаған әліпби «Казахский (Байтурсуновский алфавит)» енгізіліп, орыс ғалымдарының тарапынан жоғары бағаға ие болған (23-б.). Біздіңбүгінгіжетілгенқазақтіліндегі 40 (жуан, жіңішкебелгініесептеушартемес) әріптіңтүпнегізіА.Байтұрсынұлыемлесінегізіндежасалғанын ескеребермейміз. ЖәнеғасырбасындаБайтұрсынұлытаңдағантөтежолдыңбайыбындұрысұғынбауданжазумәдениетіндеөркениеттіелдерденкейінқалып, әлікүнге «қайжазудыалукерек» дегентартысты-айтыстымәселеніңжетегіндежүрміз.
Негізінен, төте жазуға тұрақтамауға сол тұстағы саясат та әсереткенболуыкерек. ДегенменөркениеттіелдердіңғалымдарыжоғарыбағалағанА.Байтұрсынұлыемлесіндетұрақтылықтанытқанболсақ, оңынанжазылатынхаріптіңқасиетінбасқашаұғармаедік. Исламдініменбіргекелген «әліптің» адамзатбаласынигіліктіістергежетелеріхақекенін ой-түйсігімізбенқабылдағанмен, ұзақжылдаркириләрпіменқұрсауланғанқұлдықсанашырмауынаншығаалмайжүргеніміз де шындық. Десек те орысойшылдары аса жоғарыбағалаған «Байтұрсынұлыәліпбиінің» астарынаәлі де үңілетүсу – біздіңұрпақтықпарызымыз.
Сонау қиын қыстау, сын сағаттың өзінде қазақ зиялылары елінің, жерінің мақсатына бағытталған игі істерді қашанда бағалағанын және мүмкіндігінше сақтап қалуға өз басын өлімге тіге отырып, батыл шешімдерге бір «тәуекел» арқылы барғанын – олардың артында қалған мұралары айғақтайды. Кейде сол тұстағы заман ағымына қарай бұра сөйлеуге партия алдында мәжбүр болғандарымен, ұлттық нақыштағы мәдени мұраларды, мейлі олар «халық жауының» қолынан шыққан жетістіктер болса да, бұл «біздің заңды мұраларымыз» деп қорғаған. Олардан «бас тартуға болмайды» деп, сол тұстағы оқу-ағарту саласына керегінше жаратудың тиімді жолдарын қарастырған. Олар айтқан өзекті ойлар – бүгінгі тіл танымындағы құнды ойлар болып қала берері де хақ. Өйткені, ғасырдан ғасырға заман алға озған сайын заманауи саясаттың жетегінде кетпей, ұлттық болмыстың бірден бір белгісі – әліпбиді қаймағы бұзылмаған күйде сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді – ұлттық мүдде деп түсінген жөн.
Оқу құралы. Қазақша алифба. Бұл кітап алғаш рет 1912-ші жылы Орынбордағы жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері төте жазу жолымен рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен қатар, соңына қазіргідей шұбыртпалы ұзыннан-ұзын мәтіндер емес, қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық мәселен: Туысқан-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдармен қатар, дене мүшелерінің атаулары т.б. қамтылады. Оқу құралының екінші кітабы алғашқы әліппеге жалғасты ретінде толықтырылып, 1913-ші жылы шықса, «Әліппе – астары» атты әліппеге жетекші құралы 1924-ші жылы жазылған.Осы оқулықтардың бала сауаттандырудағы қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925-ші жылдары жиі басылым көруі айғақ. Кітап ғалымның аяулы есімі ақталғаннан кейін бірінші рет бүгінгі әріпке түсіріліп, ҰҒА-ның Тіл білімі институтының дайындауымен 1992-ші жылы жарық көрген «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді (Б. 33-47).
Сондай-ақ, Қырғыз республикасының филолог-ғалымы Дыйканов Карбоз өз қаражатымен осы кітаптың 1914-ші жылғы басылымын 1991-ші жылы 5000 данамен қайтадан бастырды. Кітап қаз-қалпында, яғни төте жазумен жарияланды. Ал кітаптың әр жылдары жарық көрген барлық нұсқаларын тауып, салыстыру мүмкіншілігі болмады. Ұлттық кітапхананың сирек қорында бұл 1912-ші жылғы кітаптың қандай да данасы сақталмаған. Бұл оқулық тек Тіл білімі институтының мұрағатында ғана сақталса керек.
Тіл – құрал. Оқулық негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап:Дыбыс жүйесі мен түрлері (1914), екіншісі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915),үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Барлығы да Орынборда жарық көрген. Әдіскер ұстаз осы оқулықты не себепті үш жылға бөлінгенін түсіндіре отырып, бірінші жылы оқытылатын «Тіл – құрал» тіл білімінің негізі болғандықтан оқытушылардың алғашқы жылы нық үйретулері керектігін ескертеді. Бірінші кітапта әріптер, буындар, әріптер туралы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары оқытылса, жеткілікті екенін айтады. Дүниедегі жұрт тілінің негізі үшке: Түбіршек, жалғамалы, қопармалы болып бөлінетіні, ал қазақ тілінің қай топқа жататынын әрі оның негізгі ережелерін түсіндіріп береді. Сонымен қатар, оқулықта қолданылуға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай жолмен оқытылуы керектігін ұғынықты етіп түсіндіреді. Оқулықтың тақырыбы күрделеніп, қарапайымнан күрделіге қарай оқыту тәсілі сатылана қолданылып кітаптың екінші, үшінші жалғасы жазылады. Жалпы, ағартушының бала оқытудағы әдістемелік мұрасы туралы 1995-ші жылы тілші ғалым А.Қыдыршаев ғылыми зерттеу еңбегінде әдіскердің еңбектерінің жазылу тарихы, әліппе мен оқулықтарының әдістемелік негізі, жалпы сипаттамасы жөнінде сараптамалық талдаулар жасады. Зерттеуші еңбегінде «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шығып, ағартушының әдістемелік мұрасының бүгінгі оқыту ісімен сабақтастығын, тұлға мұрасының өміршеңдігін жазды. Шындығында, осы «Тіл – құрал» кітабының бірінші бөлімі – 7 рет, екіншісі – 8 рет, үшіншісі – 6 рет басылған.
Байаншы. Әдістемелік құрал. Әдіскер-ұстаздың қазақ мұғалімдері үшін жазған нұсқаулығы, 1 баспа табақ. Бұл нұсқаулық 1920-шы жылы Қазан баспаханасынан жарыққа шығады. Ағартушы ұстаз өзінің 14 жыл бойы бала оқытқан тәжірибесіне сүйене отырып, заман талабымен келген жаңа оқу жолын (усул сотие) қалай оқыту керектігіне мектеп оқытушыларына «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазылу белгілері», «Дыбыспен жаттығу» деген аңдатпалық мағлұмат береді. Мұнан басқа Қызылорданың Қазақстан баспасынан «Тіл – жұмсар» атты екі бөлімнен тұратын әдістемелік көмекші құралы жарыққа шыққан. Бірінші кітап 46 бет (1928), екіншісі 90 бет (1929). Осы кітаптың кіріспе орнына берілген «Дәйектемесінде» құралдың қажеттілігі туралы, бұрынғы құралдардан айырмашылығы жаңа жолмен үйретуге ыңғайланып шығарылғанын айтады. Мұнда: «...білімді үйрету жолы басқа. «Тіл – құрал» қазақ тілі қандай құрал екендігін тұтас түрінде таныту үшін түрлі бөлшектерін, тетіктерін, ұсағын ұсағынша, ірісін ірісінше жүйелі тұрған орнында алып көрсетіп танытады. «Тіл – жұмсар» сол үлкен құралдың бөлшектерінен, тетіктерінен балаға шағындап бөлек-бөлек ойыншық сиақты құрал жасап, соларды танытып, соларды жұмсату арқылы барып үлкен құралды танытады» - дейді (Б. 1-2). Бұл кітаптың басты мақсаты – баланы сауатты сөйлеуге, оқуға, жазуға, жаңа емлені қиындықсыз қабылдауға дағдыландыру. Яғни, сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы таныту, үйрету. Бұл кітаптың 1-ші бөлімінде көбінесе, әріптер мен әріп таңбаларын түрлі орында жұмсалатын сөз бен сөйлем белгілерін жаза білуге үйрету болса, 2-ші бөлімінде осы өткендердің ауқымын кеңейте отырып, пысықтау мен бақылау жұмыстарын қатар атқару қарастырылған. Кітап көлемі шағын, 15 параграфтан тұрады. Оқулық – 1992-ші жылғы жинаққа енген (Б. 323-333).
Сауат ашқыш. Сауатсыз үлкендер үшін. Кітаптың түпнұсқасында алғаш 1926-шы жылыСемейдің баспасынан жарияланғандығы айтылады. Негізінен, бұл кітап 1924-ші жылы Орынбор баспаханасынан 114-бетпенжарық көрген. Оқулық ересек үлкендерге арнап жазылғандықтан дыбыс әдіс жолымен тәртіптелгені оқулықтың өн бойынан байқалады. Мұнда әрбір харіптің тұсына атау сөз беріледі де, соңына осы сөздерге арнайы сөз тіркестерін қоса береді. Бір ғажабы, бұл кітапта да «40 мысалдағыдай» 40 тақырып қарастырылған. Тақырып «Торайғыр бидің тақпақтарынан» өріліп, «Қуанышты күн» деген Ғ.Сұлтанұлының шағын әңгімесімен аяқталады. Кітапқа Абайдың «Шырылдауық шегерткесі», Шорман жинағынан төрт танымдық әңгіме, Ы.Алтынсарин кітабынан: «Үш мерген», «Жәнібек батыр», «Қыпшақ Сейітқұл», Елдес Омаровтың «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол», Телжан Шонанұлының «Күн» (Толстойдан), «Тамшының тарихы» атты аудармалары, Қыр баласының (Әлихан Бөкейхан) «Дүние қандай?» т.б. ауқымды тақырыптағы түрлі әңгімелер мен алуан тақырыптағы шағын өлеңдер топтастырылған.Жалпы саны 40 тақырып, оның ішінде 7 өлең, 2 аударма-тақпақ, 4 мысал-өлең, 25 әңгіме, 2 көркем аударма қамтылған. Оқулықтың 1926-шы жылғы басылымы «Тіл тағылымы» жинағына енген (Б. 91-138).
Әліп-би. Жаңа құрал. Оқулық 1926-шыжылы бұрынғы Оқу құралы Қазақша алифбаға жалғасты кітап ретінде жазылған. Кітап 14 жылдан соң қолданылған тәжірибе сынақтан өтіп қайта өңделіп, 1926-шы жылы Қызылорда баспаханасынан шыққан, 1928-ші жылы тағы басылды. Алғашқы басылым 116 бет, кейінгі басылым 114 бет. 1927-ші жылғы екінші басылымның түпнұсқасы табылған жоқ. 1928-ші жылғы оқулықтың ішкі мұқабасында 3-нші рет басылғандығы айтылады. Ұлттық кітапхананың Сирек қорлар бөліміндегі тіркемеде осы оқулықтың 1924, 1926, 1927-ші жылдары жарық көргендігі туралы картотекалық ақпар бар. Бірақ, ол басылымдардың мәтінімен толық танысудың мүмкіндігі болмады. 1926 және 1928-ші жылғы басылымдарды салыстырғанда өзгерістер байқалмады.
1928-ші жылғы нұсқа 1992-ші жылғы «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді (Б. 49-89). 1992-ші жылғы басылымда түпнұсқадағы суреттер берілмеген, кесте ішінде бос орында қандай сурет болу керектігіне ескертпе айтылады да төте жазумен қатар кирилше жазылуын берген. Мәселен, 1926-шы жылғы нұсқада әр тақырыпқа қажетті суреттердің барлығы дерлік түгел берілген. Және осы суреттер арқылы сабақ оқытуда баланың қабылдауына жеңіл болатынын негізге алған әдіскер-ұстаз кейінгі басылымда да суреттердің көрнекті болғанын назарда ұстаған. 1992-ші жылғы басылымда өкініштісі суреттер басты назарда болмаған, түпнұсқадағы 32-беттегі: «Кім табады?» деген айдаршамен берілетін топтамалы 9 суреттің тақырыпқа сай орны, «Тіл тағылымы» жинағында басқа 54-бетке ауысып кеткендіктен суреттің төменгі жағында берілген жұмбақты шешу шарты: «Мұның да істеу реті алдыңғыша» деген түсіндірмелік, шындығынды «түсініксіздеу» болып тұр. Осы сынды кемшіліктер төте жазуды қазіргі әріпке түсіргенде де кездеседі. Мысалы, сүгірет-сурет, қаріп-әріп, қадымше-қадымша, бүтін-бөтен т.б. сөздерөзгеріске ұшыраған.
1928-ші жылғы түпнұсқа – 1998-ші жылы ғалымның 125 жылдық мерейтойына орай, әрi соңғы басылымның 70 жылдығына арналып, «Рауан» баспасынан 1000 таралыммен қайта жарық көрді. Бұл жинақтың ерекшелiгi – сол тұстағы жазу емлесi қаз-қалпында сақталып, беттің төменгі жағына қазiргi жазуға түсірілген нұсқасы берілген. Төте жазудан көшiрiп, редакциясын басқарған Ұлықман Асылов. Бұл кітаптың бүгінгі оқушыға берер зор көмегі сол – ғасыр басындағы ұлт зиялылары қолданған жазуды дөп басып, нақ тануға мүмкіндік береді. Және төте жазуды үйренгісі келген оқырманға бірден бір көмекші құрал іспетті. Бұл кітаптың 1928-ші жылғы басылымнан шартты баспа табақ жағынан айырмашылығы жоқ. Екеуі де 114 бетпен аяқталып тұр. Тек кейбір тұстары мәселен, ішкі мұқабадағы: «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!» деген ұранды тіркес түсіп қалса, шығарушыдан берілген аңдатпаның ретімен тізбектелген төртінші азат жол үшінші жолға қосылып берілген. Ал 7-бетте: «мұғалімдерден-мұғалымдардан», «жанастырыб-жамастырыб», «жүзіндегі-жөніндегі» деген сөздер өзгерген. Келешекте бұл оқулықтарды салыстырып, әр жылдағы оқулықтардың айырмашылығы мен жаңалықтарын қарастыру филолог мамандардың міндеті.
Қазақ терминологиясы. Ғалым ұстаз«Өмірдерегінде»: «...Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін, орфографикасын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен, үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтанарылтуға, ...термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым» дей келе, мұны өзі жасаған оқулықтар мен өзі басшылық еткен «Қазақ» газеті арқылы жүзеге асырғанын айтады.
Ғалымның тіл білімі саласындағы еңбектерін саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға берубүгінгі тілші-ғалымдардың еншісіндегі жұмыс. Тілші ғалым Ө.Айтбаев тұлғаның термин жасау тәжірибесін саралай келе, оны «қазақ терминологиясының атасы» деп бағалаcа, ахметтанушы ғалым Р.Сыздықова: «...Терминдік мәндегі күрделі атауларды ұсынуда А.Байтұрсынұлы тек ұғым дәлдігін ғана көздеп қоймай, сипаттама (характеризующий) компонентін әсерлі, үнді, тұлғалас сөздер болып келуіне қатты назар аударған… әдебиеттану саласында ұсынған терминдерінде бір тектес жеке сөздер мен әдемі әсерлі «ойнақы» компоненттер ...көбірек кездеседі. Мысалы, өлең кестесін – шумақ, тармақ, бунақ, буын құрайды деуі; бернелеу, әсірелеу, меңзеу деп, олардың барлығын «-у» жұрнағымен жасауы немесе көрнекті лебіз, көсе лебіз, көрнек өнері дегендерге ұйқасты сөздерді алуы – осыны дәлелдейтін нақ деректер» - дейді (Б. 250-261). Тілші-ғалымның сөзіне жүгінсек, А.Байтұрсынұлы қазақ сөзінің икемділігін (сөз жасау қабілетінің), үндестігін (ұйқас, әуендес келетіндігін) шебер пайдаланғанын жазады.
А.Байтұрсынұлының қаламынан шыққан терминдердің, жасалу әдістерін ғылыми тұрғыдан зерттеген еңбектің бірі ретінде С.Ақаевтың «Терминнің тілдік және танымдық сипаты» атты жұмысын атауға болады. Бұл ғылыми еңбекте жалпы және қазақ тілінде терминдік сөз табының пайда болып, жасалу тарихы талданып, кезеңдестіріледі. Зерттеуде тілтанушы ғалымның қазақ тілінде терминдерді арнайы жасаудағы тәжірибесі, маңызы, терминдердің тәсілдік сипаттары кеңінен сөз болады.
2008-ші жылы Ш.Құрманбайұлының «Алаш және терминтану» атты монографиясы жарыққа шықты. Ғылыми зерттеуде ХХ-шы ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы, қалыптасуы қарастырылған. Жұмыстың алғашқы тарауы «Алаш зиялыларының ұлттық терминқор қалыптастыру міндеті» деп аталып, мұнда қазақ ғылым тілінің ұлттық терминологиялық қорының қалыптасуына негіз болған факторлар туралы сөз болады. Зерттеуші ғасыр басында қазақтың ғылым тілінің қалыптасуы мен ұлттық терминологиялық қордың жасалуына үлес қосқан зиялылардың еңбектеріне жеке-жеке тоқталған.
Ш.Құрманбайұлы Ахаңның замандастары баба буын «рухани көсем» деп дәріптеген, бүгінгі аға буын тілші-ғалымдар «ұлт мәдениетінің Хан тәңірі» деп асқақтатқан ұлт ұстазына «Қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі», «Ахмет Байтұрсынұлы және ХХ ғасыр басындағы терминологиялық жұмыстардың жүргізілуі» деген тақырып арнап, ахметтанудың негізін салушы тілші, әдебиетші ғалымдардың ой-тұжырымдарын негізге алады. Олардың бірімен келіссе, енді бірімен келіспейтінінің себептерін ғылыми тұрғыдан таратып талдайды. Мәселен, ғалымның 125 жылдық мерейтойына арнайы өткізілген Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарын, ғылыми жинақ етіп құрастырған, әрі жауапты редакторы, ғалым Е.Жанпейісовтың алғысөзіндегі«Байтұрсынов дәуірі», «Байтұрсынов ғасыры» деген түйін сөзімен келісе қоймайды. Бірақ, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салғанАхмет Байтұрсынұлының қызмет жасаған аралығын «Байтұрсынұлы кезеңі» деп атаған орынды деген пікір айтады.
Шындығында, Байтұрсынұлын негіздеген термин жасау ғылымының жалғасын таппауы, зерттеуші өзі айтып отырғандай 30-шы жылдары Алаш зиялылары Кеңестік жүйенің саясаты салдарынан қуғын-сүргінге ұшырауы себепті іске аспай қалды емес пе?! Ендеше, Ұлттық терминнің үзіліске ұшырауына Ахметтер емес, басқарушы биліктің сыңаржақ саясаты кінәлі екенін бүгінгі ұрпақ білуге міндеттіміз. Тіл маманы Ш.Құрманбайұлы ғалымға арнаған зерттеу тақырыбында, оның 10-15 жылда ұлтқа жасаған қызметін ғылыми дәйектемелер бойынша саралап, оның атқарған жұмыстарын былайша жіктейді: «1). Қазақ тілі білімінің терминологиясын жасаушы; 2). Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым, осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған; 3). Әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты көптеген терминдер жасаған; 4). Қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтап, терминжасам тәжірибесінде кеңінен пайдаланған ғалым; 5). Жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға; 6). Қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы; 7). Қазақ оқығандары жасап, ресми бекіткен терминология қағидаттарын бүкіл түркі халықтарына ұсына отырып, түбі бір туыстас тілдердің терминологиялық қорының ортақтық сипатын арттыруды көздеген кең тынысты түрколог ғалым» (Б. 29-46). Әлбетте, бұл бір адамның басына аз жұмыс емес. Егер А.Байтұрсынұлы басқарушы билік тарапынан 5 рет сотталып, 2 рет жер аударылмағанда өзі сүйген әз ұлтты үшін тағы талай жұмыстарды атқарар еді-ау! Зерттеуші қарастырып отырған терминология саласы бойынша Ахметтің даралығы мен даналығын нақты көрсете алған. Ол түйін сөзін «аса көрнекті тілші ғалым» деп қорытыпты (53-б.).
Бұған қосарымыз: Ахмет Байтұрсынұлы егемен елінің ұрпағы тарапынан «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деп ұлықталған ұлы тұлға, ғұлама ғалым. Нақтырақ, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы теоретик ғалым.
Баға беріңіз