Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Терминдер мен атау сөздер туралы

8.8.2019 382

Редакциямызға нұрсұлтандық зейнеткер Ораз Жүніс бастап қол қойған бір топ ­ардагерден қазіргі терминдер мен атау сөздерге қатысты хат келді. Хатта көрсетілген жайттардың түп-төркіні түсінікті болғанымен, оларға жауапты осы мәселелермен тікелей айналысатын ғалым-маманның бергенін жөн деп таптық.
Көбіне бізбен байланысқа О.Жүніс шығып отырғандықтан, маман түсіндірмесі арнайы осы оқырманымызға арналды. Бұл жауап, әрине басқаларына да қатысты. Маман пікірі ден қоюға тұрарлық деген ойдамыз.

Тілімізге жасалған зиянды әрекеттер тоқтатылсын. Өкінішке қарай, елімізде тілімізге қарсы осындай үрдіс жүруде деп сеніммен айта аламыз. Өйткені БАҚ-тарымыздың тілімізді дәлдіктен, нақтылықтан, түсініктіліктен, ұғынық­тылықтан айыруға бағытталған әрекет­терін, істерін көріп, материалдарын тың­дап немесе оқып отырғанда осылай ойлауға тура келеді. Соның кесірінен көптеген сөздерді, тіпті сөйлемдерді тү­сінуден­ қалып барамыз.

Дәлел ретінде бірнеше сөйлемдерді мысалға келтірейік. Сіз, мәселен: «Мен саған аялдама дедім. Ең алдымен аңдатпа. Анықтама деймін. Дәлелдеме деп тұрмын ғой. Бұл – ескертпе. Саған жинақтама деп қанша айтамын?! Сен кепілдеме. Қалай ұқпайсың, көшірме! Ол – құтырма. Мөлшерлеме деймін. Бұл – нұсқама».
Осы сөйлемдерді қалай ұғуға бо­ла­ды? Қазақ тілін қанша жақсы біл­сеңіз де, бұл оңай шаруа емес. Өйт­кені бұрынғы бірнеше жүздеген жылдар бойы қалыптасқан дәл, тура, нақты мағынасында немесе қазіргі кейбір филолог «ғалымдар» мен БАҚ қызметкерлері тілімізге енгізген түрде, яғни аялдаманы – аялдау, аңдатпаны – аңдату, ескертпені – ескерту, т.б. деп, керісінше түсінуге болады. Қайтеміз, қазақ тілі осындай жағдайға жетті.
Өкініштісі, біз мысалға келтірген он шақты ғана емес, жүздеген сөздеріміз осылай екіұшты болып кетті. Тіпті әр дыбыстан (әріптен) басталатын барлық атаулар мен терминдерден табуға болады. Мәселен, «балқыма» (балқытынды), «болжама» (болжам, болжау), «гуілдеме» (гуіл), «зерттеме» (зерттеу), «итерме» (итергі, итергіш), «қаптама» (қаптау, қабы, сырты), «орама» (орау), «өтпе» (өткел), «өлшеме» (өлшеу), «пішіндеме» (пішін, пішіндеу, сурет), «пісірме» (пісіру), «растама» (растау), «сараптама» (сараптау, экспертиза), «секірме» (секіру, секіргіш), «топтама» (топ, топтау), «түйіндеме» (түйін, түйіндеу), «ұңғыма» (ұңғы), «үйме» (үйінді), «хабарлама» (ха­бар, хабарландыру), «шаншыма» (ша­нышқы), «шектеме» (шек, шектеу), «ілеспе» (ілесу, ілесе), «іріктеме» (іріктеу), т.б. деп кете береді, тек кері мағына беруі керек.
Тілімізді дәлдіктен, нақтылықтан айырып, әрі-сәрі, олай да, былай да ұғатындай ету «жаңалығы» әу баста жақсы ойдан туындағаны есте. Ол үрдіс Хрущевтің заманында 50-жылдардың ортасы мен 60-жылдардың басынан басталды деуге болады. Сол жылдары орысша қолданылып келген «выставка», «остановка» дегендер қазақшаланды. Бірақ «выставка», «көрушілік» немесе басқаша ұғынықты етіліп емес, «көрме», «остановка», «аялдау» немесе «тоқтау» деп емес, «аялдама» деп аударылды (Осы жерде түркітілдес татарлар «остановканы» «туқталыш», түріктер «дұрак» дейтінін айта кетейік). Кейін кері мағыналы сөздер (терминдер) көбейе берді. Бұрынғы «толайым сауда» «көптеп сату» емес, «көтерме сатуға», «Қазақ тілінің түсіндіру сөздігі» «түсіндірмеге» айналды.
Дегенмен, тілімізді аздырудың, яғни әртүрлі ұғынатындай етудің мықтап қолға алынуы тәуелсіздік алған 90-жылдардың басындағы он шақты жылда жүзеге асты. Халқымыз тәуелсіздік алдық деп қуанышқа бөленіп жүргенде тіл зиян­кестері шетел сөздерінен құтылуымыз керек деген желеумен (тіпті ұранмен десек те болады) бүкіл дүниежүзінің дамыған елдері түгел дерлік қабылдап қолданатын, бізде де қалыптасқан терминдерді келсін, келмесін «қазақшалады». Және көпшілігі, Елбасымыз бірнеше дүркін айтқандай, мазмұнына сай келмейтіндей етіп. ­Осы­лайша­ пианино – күйсандық, музыка – саз, музыкант – сазгер, класс – сынып дегендер пайда болды. Олар мазмұнды қойып, қарсы, керісінше, теріс ұғым беретін «тер­­миндерді» көптеп ойлап шығарды. Осылайша медициналық термин – инфек­ция – жұқпа деп аударылды. Ал метод, методика – әдістеме, программа – бағдарлама, копия – көшірме, концепция – тұжырымдама, тұғырлама, чертёж – сызба, экспертиза – сараптама, т.б. делінді.
Тілімізді аздырушылар бұл әрекеттерін сөздерді (терминдер мен атауларды) кері мағына беретіндей де етіп қолданғанда олардың ресми дәрежесі мен маңызы артады деп ақталды. Мәселен, «Ана тілі» газетінің қызметкері С.Шүкірұлы сол газеттің 2003 жылғы №13 санындағы «Сырын білмей сырттамайық» деген мақаласында: «Тұжырымдама – ғылыми қорытынды, тұжырым – жеке адамның түйінді пікірі; сараптама – жасалған талдау нәтижесі, сараптау – талдау; түсініктеме беру – белгілі бір мемлекеттік шешім, ерекше құбылыс, оқиғаларға қатысты насихатты түсіндірме сөз, түсінік беру – жеке адамның өзінің оғаш іс-әрекетіне байланысты түсінік жасауы; хабарлама жасау – үлкен саяси оқиғаларға байланысты жарияланған ресми ақпарат, хабар жасау – жеке адамдардың белгілі іс туралы хабарлауы, хабар беруі» деп жазды.
Бірақ неге және кімнің бұйрығымен бір сөзді керісінше, яғни болмайтындықты білдіретіндей етіп айтсақ, жазсақ оның дәрежесі артып кетпек? Тілімізді ұғынықсыз, түсініксіз ететіндіктен бе?! Бұл логикаға келмейді ғой.
Осы жерде жалпы термин туралы айта кеткен жөн секілді. Ол туралы Қа­зақ Совет энциклопедиясында: «Термин, атау – ғылым, техника, сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері» деп жазылыпты. Ал терминдердің ерекшелігі және оларға қойылатын басты талап – дара, яғни тек бір мағыналы болуы делінген. Бұл тұжырым біздің ғалымдардыкі ғана емес, А.Реформатский, Д.Розенталь, Д.Лотте, М.Теленкова, т.б. атақты ғалымдардыкі де, тіпті дүниежүзінде солай. Ендеше, неге әлем мойындаған қағидалардан біз бас тартамыз?! «Жұқпа», «тұжырымдама», «бағдарлама», «аялдама», т.б. деген секілді қарсы мағына беретін сөздерді «термин» деп қолданысқа енгіземіз?! Солар арқылы тіліміздің дәлдігіне, нақтылығына, ­тү­сініктілігіне, ұғынықтылығына қастандық жасаймыз?! Әлде бір кезде данышпан атамыз Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз ұлтына жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дегендей, халқымызды жойып, өзіне қосып алғысы келетін жасырын бір күш бар ма, мына зиянды үрдіс соның кесірінен болып отыр ма деген ой да келеді екен. Әйтеуір, түсініксіз?!
Жоғарыда келтірілген қате терминдер мен атау сөздер қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеде қолданылуына да кедергі келтіруде деуге болады. Сондықтан «Ана тілі» газетінің өткен жылғы 18-24 қаңтардағы санында «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, кеңес заманының өзінде шетелдерде дипломаттық қызметтер атқарған Сайлау Батыршаұлы: «Жаңа терминдерді түсінбеудің салдарынан қазақ тілін жақсы меңгерген адамдардың өздері орысша оқуға мәжбүр болуда. Мәселен, мен министрлікте, әкімдікте жұмыс істейтін таныстарымнан «Сіздер заң, қаулы, жарғы, ережелерді қай тілде оқисыздар?» деп сұрағанымда: «Әрине, бұрын қазақ тілінде оқитынбыз. Бірақ орысшадан көп сөздердің аудармасы түсініксіз болған соң орыс тіліндегі нұсқасын оқитын болдық» дейді. Бұл сапасыз аудармадан, ойдан шығарылған терминдердің себебінен орын алды» деп жазыпты.
Терминдегі мұндай былықтар мен қойыртпақтардың Қазақстандағы диас­пора өкілдері мен қалада туып-өскен қазақ балаларының мемлекеттік тілді үйренуіне бұдан да зор зиянын тигізіп отырғаны айтпасақ та түсінікті. Өйткені оларға кейбір сөздерді айтылып, жазылғанындай емес, керісінше, қарсы мағынада ұғыну керектігін, не себептен солай болатынын қалай түсіндіреміз?!
Бірақ, өкінішке қарай, бұл орын алған олқылықтарды түзетудің оңай еместігі де белгілі. Өйткені «жаңа термин» жасаушылар көптеген сылтаулар мен «дәлелдер» айтып, өз пікірлерін барынша қорғап бағатындары анық. Мәселен, олар: «Егер әртүрлі мағына беретін омоним сөздер термин жасауға келмейтін болса, қазақ зиялылары (алашордашылар) 1920-1930 жылдары неге орыс тіліндегі «управление», «доклад», «обязательство», «задание» дегендерді «басқарма», «баяндама», «міндеттеме», «тапсырма» деп аударған?» деулері әбден мүмкін.
Расында, неге? Тілімізде ­А.Бай­тұрсынұлы­ жазғандай, 19 түрлі жұрнақ тобы бар ғой. Солардың ішінен не себептен сирек қолданылатын және қарсы мағынаны да беретін «ма» жұрнағын таңдаған? Біздіңше, большевиктердің қылмысты саясаты мен істеріне іштей қарсылық ретінде деген ой келеді. Мүм­кін қателесерміз, сөйтсе де, ол бол­жамымызды бастапқыда «тапсырыс» деп аударған «заданиенің» кейін «тапсырма» болып өзгертілуі де дәлелдей түседі. Псевдопатриоттар (олардың ішінде кейбір тіл мамандары мен лауазымды қызметкерлер де бар) басқа да «дәлелдер» айтар. Мысалы, биылғы жылғы өткен парламент мәжілісінде: «Қазіргі жаңа терминдердің ішінде сәтсіздерінің бары рас болар. Алайда ондай терминдер баспадан шыққан сөздіктерге, заңдарға, құжаттарға кіріп кетті. Сондықтан өзгер­тілмей қала бергендері жөн. Жалпы бе­кі­тілген терминдерді өзгерте беруге болмайды» деп жанталасқан тіл маманын да көріп қалдық. Таңғаларлық уәж. Сонда қате сөз өзгертілмесе, тілімізден құжаттардың қымбат та бағалы болғаны ма?! Осындай өкініштерді айта беруімізге болады.
Сонымен, қысқартып айтқанда, біз – қарапайым халық, тілімізді дәлдіктен, нақтылықтан айырып, түсініксіз жасау үрдісінің тоқтатылуын, сөйтіп, қайтадан бұрынғы әдеби нормасына келтірілуін қалаймыз және талап етеміз. Түркі тіл­дерінің қара шаңырағы, ең тазасы, ең оралымдысы, ең байы болып есептелетін қазақ тілі ешбір бөтен тілдің терминдері мен атау сөздерінің көшіріндісі, диалектісі болуға тиісті емес. Және ол еліміз бен мемлекетіміздің болашағына сол бұрынғыдай қалыптасқан ұғынықты болғанда ғана мінсіз қызмет ете алады. Бұл – дәлелді қажет етпейтін шындық.


Тегтер: Термин, атау, ономастика, терминология, ардагерлер

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

203

ақпарат

Аударма Орталығының статусын ұлттық институт деңгейіне көтеру керек

523

ақпарат

Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге "міндетті" болуы тиіс!

570

ақпарат

Тілден алыстау – ұлттан алыстау…

Страница не найдена

Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Страница не найдена