Сауытбек Әбдірахманов: Елбасының биліктегі 30 жылы - ел өмірінің айтулы белесі

​Қазақстан советтік заманда орталық ойланбай эксперимент жасай салатын республика болатын. Осындай ел отыз жылдың ішінде іргесі бекем, қадамы нық, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналды. Қазақстанн...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 маусым, 2019

«Әлем тарихында өз елінің өмірін түбегейлі өзгерткен ірі тұлғалар баршылық. Солардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың да ойып орын алатыны анық. Елбасының Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұлға екені қазірдің өзінде уақыт сынынан өтіп, айқындалды дей аламыз. Міне, дәл осы күндерде Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланған тарихи пленумға дәл 30 жыл толып отыр. Сол кездегі өлшеммен қарағанда, ол қызмет республиканың көшбасшысы қызметі болатын. Осы 30 жылдың ішінде өмірімізде өте үлкен өзгерістер болды. Ең алдымен, Нұрсұлтан Назарбаевтың республиканы басқаруы арқылы қазақ халқының абырой-атағы қалпына келді», - деді Сауытбек Әбдірахманов ҚазАқпарат тілшісіне.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақ КСР-дағы интернационалдық тәрбие туралы қаулы қабылданған, сөйтіп қазақ халқын тұтастай ұлтшылдықпен айыптаған шешім шыққан. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - өз қызметінің алғашқы айларында ол шешімді өзгертуге күш салып, нақты нәтижеге қол жеткізген тұлға.

«Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдің күші кемелінде тұрған кезде, партия тарамай тұрған тұста, КСРО ыдырамай тұрған шақта - 1989 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, адамзат тарихында алғаш рет өзінің қолына өзі түсіп тұрған аса қуатты тажал қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші басшы болды. Бұдан бұрынғы барлық дәуірлердегі патшалар, хандар мен императорлар, әрине, өз елінің соғыс қуатын арттыруға күш салған еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі барлық жағынан өзін-өзі ақтады. Шынында да, егер тәуелсіздік жолына түскен алғашқы сәтінде Қазақстан әлем сахнасына қолында ядролық қаруы бар мемлекет ретінде шыға келген болса, сөз жоқ, біздің республикамыз халықаралық оқшаулыққа түсетін еді», - дейді мәжілісмен.

Сауытбек Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстан ядролық қарудан бас тартпаған жағдайда біздің мемлекетімізге әлемнің сан түрлі елдерінен құйылған инвестициялар туралы әңгіме де болмайтынын айтады. Нұрсұлтан Назарбаев тұрғылықты халықтың үлесі 40 пайызға жетпеген кезінде (Тәуелсіздік қарсаңында қазақтардың саны жалпы халықтың 39 пайызы ғана болған) тәуелсіздікке ың-шыңсыз қол жеткізген. Мәжіліс депутатының айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықтың менталитетін өзгерту, экономика мен қоғамды бір сипаттан басқа сипатқа ауыстыру, демократияны өрістету, нарықтық қарым-қатынастарды орнату секілді көптеген мәселелерді шешкен.

«Біз кезінде Қазақстанға табаны тиіп көрмеген, көлденең көк атты Колбинді басқаруға жібере салатын, сөйтіп Орталық ойланбай эксперимент жасай салатын республика болатынбыз. Елбасы сондай жағдайда жүрген қазақ халқының еңсесін көтеріп, етектегі басын төрге шығарып берді. Қазақстанды өзі жүргізген көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында барлық елдермен тату мемлекетке айналдырды. Көптеген ірі елдер ғасырлар бойы шеше алмаған түйінді шешті. Атап айтқанда, Қазақстанның айналасындағы барлық елдермен шекараны шегендеді. Сөйтіп, біздің болашақтағы ұрпақтарымыздың қамсыз өміріне кепілдік беретіндей жағдай жасады», - дейді Сауытбек Әбдірахманов.

Қазақтың қасиетті төрі Арқаға ел астанасын алып келіп, жаңа қаланың бой көтеруі, астанамен бірге барлық облыс орталықтарының түлеуі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, өңірлердің өркендеуі - Мәжіліс депутаты атап өткендей, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі.

«Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен елге айналды. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқын көптеген азуы алты қарыс мемлекеттермен таласа жүріп, тартып алдық. Ол көрмені абыроймен өткіздік. Қазіргі таңда қазақ халқының жаңа буыны қалыптасты. Жалақы, зейнетақы жетпей жатқан жылдардың өзінде Нұрсұлтан Назарбаев елдің болашағын алыстан ойлап, мемлекеттік «Болашақ» стипендиясын белгіледі. Ол бойынша оқып шыққан жастар экономиканың, рухани өмірдің барлық салаларында қызмет етіп жүр. Жалпы, осылай санамалап ұзақ айта беруге болады. Өйткені, Елбасының ел үшін еткен еңбегін шағын сұхбатта қамтып айту мүмкін емес», - деді ол.

Сауытбек Әбдірахманов өз сөзінде Елбасының тарих жүктеген тағы бір сынынан абыроймен өткенін еске салды. Оның айтуынша, Назарбаев Азия құрлығында, мұсылман мемлекеттерінде, ислам әлемінде көп кездесе қоймайтын үлкен үрдісті бастап берген.

«Өз еркімен мемлекет билігінің тізгінін конституциялық жолмен Сенат төрағасына беріп, биліктің сабырлы жағдайда ауысуына жағдай жасады. Бұл да - Елбасының көрегенділігінің тағы бір келісті көрінісі дей аламыз. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігіне келуінің 30 жылдық кезеңі - ел өміріндегі айтулы белес деп сеніммен айта аламыз», - деді Сауытбек Әбдірахманов.



Баға беріңіз