ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ТІЛДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ

​Бүгінгі күні елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан түбегейлі тілдік реформа аясында ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру мәселесі ерекше шешуші маңызға ие. Термин дегеніміз, «Арыстарша» айтсақ,...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 сәуір, 2019

Терминсіз кәсіп жоқ, кәсіпсіз нәсіп жоқ. Сондықтан да әлемдегі ірі ұлттық тілдердің бірі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі жаһандық бәсекелестік процесінен тыс қала алмайды. Осы ретте қазіргі күн санап қарыштап дамып отырған ғылым мен техника заманында әлем елдерінің нарығынан кейін қалып қоймас үшін экономиканы дамытумен қатар жалпы адамзаттық қарым-қатынастың аса маңызды құралы – тіліміздің мүмкіндіктерін кеңейтуге, күнделікті тұрмысымызға еніп отырған терминдерді игеруге тиіспіз.

Кез келген тілдің терминологиясы ұлттық жəне интернационалдық қабаттардан тұратындығы белгілі. Ғылым саласының, әсіресе жаратылыстану ғылымдарының терминологиясында латын, грек сөздері басым қолданылады. Тіпті əлемдік тіл саналып жүрген ағылшынның өзінде де көптеген терминдер латын, грек сөздерінен алынған. Қазіргі кезде қазақ терминологиясының ғылыми-теориялық мәселелері біршама зерттеліп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Алайда термин мәселесі ғылыми зерттеумен ғана шектелмей, практикалық қолданбалы тұрғыдан қоғамның барлық саласына, өндіріске енгізуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ терминологиясында, қалыптасқан қағидаттарға сүйене отырып, мемлекеттік тілдің терминологиялық жүйесін біріздендіріп, терминологиялық қорын қалыптастыру, жаңғырту және біріздендіру бүгінгі күні тілшілердің де, сала мамандарының да, жалпы қоғамның алдында тұрған «күн тәртібіндегі» шұғыл міндет деп білеміз.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерудің бір жолы оның ғылыми тілін жетілдірудегі терминологиялық жұмыстар (реттеу, жүйелеу, біріздендіру, стандарттау) мәселелерін ғылыми тұрғыдан негіздеу, сонымен қатар ғылыми атауларды ұлт тілінде қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың қарқынды дамуы нәтижесінде пайда болған ұғымдардың тіліміздегі ұлттық тұрғыдан дұрыс баламалармен және жаңа атаулармен толықтыру қажеттілігі терминологиялық жұмыстар теориясына жаңаша көзқарасты талап етеді. Терминдік жүйені біріздендіру мақсатында қазақ тілінің табиғатына сай терминдік инновациялар мәселесі аударылатын, стандартталатын бірліктердің пайыздық үлесін анықтап, оларды белгілі бір жүйеге түсіруді қажет етіп отыр. Терминжасам барысында оның теориялық негіздерін анықтауға, терминологиялық жұмыстардың тілдік қағидаттарын жүйеге түсіру, аудармашыларға, сала мамандарына нақты бағыт-бағдар беретін заман талабына сай әдістемелік нұсқаулықтарға мұқтаждық туып отыр.

Қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру жөнінде жарияланған монографияларда, мақалаларда терминологиялық жұмыстардың мәселелері сөз болғанымен, терминологияны реттеу, жүйелеу, біріздендіру, стандарттау сияқты теориялық мәселелер арнайы зерттеу нысаны бола қойған жоқ. Терминологиялық неологизация теориясы мен практикасы қазақ тілінде әлі бір жүйеге түспеген. Яғни терминдердің қазақ тілінде берілу ерекшеліктері толықтай қамтылып жан-жақты талданып, оның ғылыми негізі әлі қалыптасып орныққан жоқ.

Алыс-жақын шет елдердегі осы бағытта жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының ұстанымдары өзгеше. Орыс тілінде терминологиялық қорды қалыптастыру барысында өзге тілдерден терминдер еркін қабылданып, орыс тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемделеді. Терминжасам жұмысы ҚХР қазақ диаспорасында, керісінше, шет тілдерден енген бүкіл терминдерді жаппай аударып немесе баламасын табу әдісі негізінде жүзеге асады. Мұның себебі, иероглифке негізделген қытай жазуының терминдер уәжділігін дәл бере алуында.

Қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық және практикалық негіздерін (реттеу, жүйелеу, біріздендіру, стандарттау) анықтаудың ұлттық ғылым тілін дамытудағы орны ерекше. Мемлекеттік тілді дамыту жолында кездесіп отырған қиыншылықтардың бірі – терминологиялық жүйесіздік пен терминологиялық жұмыстарды теориялық тұрғыда толықтыру мақсатында оның теориялық және практикалық мәселелерін белгілі бір ғылыми жүйеге түсіру, жаңа терминдер мен лингвистикалық заңдастыру тұрғысынан қарастыру.

Мемлекеттік тілдің қазіргі қоғамымыздағы орны туралы ең жоғары мінберлерден аз айтылған жоқ:

  • тұтастырушы фактор,
  • ұлттық код,
  • прогрестің нышаны,
  • рухани жаңғырудың негізі,
  • елтаңба, байрағымыз бен әнұранымыз сияқты ең қасиетті құндылықтарымыздың, рәміздеріміздің бірі,
  • басты азаматтық атрибут,
  • мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші дедік.

Осы сипаттамаларға тағы бір теңеуді қосуға болады:

  • мемлекеттік тіл дегеніз – терминдік тіл, пән сөздері, кәсіптік атаулар.

Мемлекеттік тілдің терминологиялық қорын қалыптастыру, жаңғырту және біріздендіру жұмыстарына әлемде қалыптасқан терминология саласының ғылыми және практикалық жетістіктері, тәжірибелері мен ғылыми алғышарттары негіз болады. Термин және ол білдіретін ұғым терминтанымда терминнің дефинициясынан бөлек қарастырылмайды. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда терминді «атау» ұғымынан бөлек тану мәселесі үрдіске айналып отыр. Сонымен бірге, сөздіктерде қандай да бір терминнің дефинициясын беруде бірізділік сақталмай келеді. Қарапайым мысал, «термин» деген атаудың дереккөздерде 300-ге жуық анықтамасы бар. Бұл дегеніңіз – терминографияда бірізділіктің сақталмай отыруының нақты көрсеткіші, сондай-ақ терминографияда терминдердің дефинициясын беруде нақты модельдің болмауының белгісі.

Иә, мемлекеттік тіл деген ұғым – салалық терминдердің қолданысы екені даусыз. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, терминологиялық бағыттардың ұзын саны 120-дан асып жығылатыны белгілі. Ішінара іріктеу және кейбір салаларды біріктіру нәтижесінде былтыр Білім және ғылым министрлігінің арнайы шешімі бойынша елімізде алғаш рет 50 терминологиялық секция жасақталды. Әр нақты бағытқа тиесілі кемінде 10 мың терминдік бірлік керек екен.

Бұл, ғалымдардың есептеуінше, нақты саланың ұлттық тілде еркін дамуы үшін қажетті минимумдық мөлшері. Он мыңнан көп те, он бес - жиырма мың болуы мүмкін. Одан аз болған жағдайда – ғылым бағытының барлық қыр-сыры, егжей-тегжейлі сипаттары, жан-жақты қасиеттері мен тармақтары толық қамтылуы екіталай, іске асуы қиын.

Бүгінгі таңда кезек күттірмес мәселе – қазақ тілін дамытуды маңызды тетіктерінің бірі – қазақ терминологиясын дұрыс жолға қоя білу. Себебі қазақ тілі қорының бірден-бір даму көзі – қазақ терминдері болып саналатыны белгілі. Интеллектуалдық деңгейге жауап бере алатын ғылым тілін қалыптастырып алмайынша, қазақ тілінің қолданылу аясы дамымайтыны көпшілікке аян. Үкімет тарапынан осы мәселе төңірегінде қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының жүйелі жұмыс істеуі, терминнің теориялық, практикалық даму бағытына арналған, нақтырақ айтқанда, іргелі, қолданбалы зерттеулердің, сондай-ақ салааралық терминологиялық сөздіктер шығарудың қаржыландырылуы т.т.

Алайда бұл іс-шаралардың барлығы қазақ терминдерін реттеу, жүйелеу, біріздендіру, нормалау, стандарттау бағытында жүйелі, бірізді атқарылып жатыр деп сенімді түрде айта алмаймыз. Осының салдарынан қазақ тілінде нормаланған терминдер аз десе де болады. Ал ол дегеніміз – атқарылып жатқан терминологиялық жұмыстар сапасының төменгі дәрежеде екендігін көрсетеді. Сондықтан алдымызда тұрған басты мақсат – қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру барысында терминдерді бір жүйеге келтіру, реттеу, біріздендіру мен стандарттаудың теориялық негіздерін жасап, оның тілдік заңдылықтарын айқындау, сөздіктер мен ғылыми мәтіндер, стандарттар мен оқулық-әдістемелік құралдардағы терминдер қолданысына талдау жүргізу, олардың тілдік табиғатын, терминдік варианттар арақатынасын анықтап, тілдік нормаға сәйкестігін айқындау.

Олай болса, 50 өндіріс пен ғылым бағыты елімізде толыққанды жұмыс істеуі үшін, дәлірек айтсақ, Мемлекеттік тілдің Қазақстанда толыққанды қызмет етуі үшін бізге кемінде 500 мың термин керек екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ашығын айтсақ, күні бүгінге дейін ресми түрде бекіткен термин саны әлі де жиырма-отыз мыңның әрі-бері жағында екенін ескерсек, бұған қоса, қазақ сөзжасамдық модельдеріне кереғар тәсілдермен жасалғандарын есепке алсақ, онда мемлекеттік тілімізді дамыту үшін біздің алдымызда көптеген қордаланған проблемалардың тұрғанын мойындағанымыз абзал.

Солардың ішінде, ең бірінші кезек күттірмейтін іс терминологиялық секцияларды дәстүрлі ғылым тармақтарына сәйкес классификациялау болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, басты назар аударатын және ведомствоаралық ауқымда күш жұмылдыруды қажет ететін маңызды бастаманы – «Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына көшіру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» уақтылы және сапалы іске асыру қажет екенін баса айтқымыз келеді.

Жоспар бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен, төменнен жоғарыға қарай қолға алынуы шарт. Терминдік лексиканың негізгі ерекшелігін – асқан дәлдігін, мағыналық нақтылығын және белгілі бір мөлшерде консервативтілігін, яғни халықаралық деңгейдегі универбтерге негізделуін үнемі есте сақтаған жөн. Жұмыс жоспарымызды атап айтсақ: 2020 жылы бастауыш білім беру терминологиясының латын графикасына негізделген және 1-4 сыныптарға арналған біріздендірілген терминологиялық сөздік әзірлеуіміз қажет.

2021 жылы 5-9 сыныптар үшін негізгі білім беру терминқоры анықталады. 2022 жылы орта және кәсіптік білім беруде қолданылатын 10-11 сыныптар үшін сөздік сериясы даярланады. 2023 жылы қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар бойынша 20 салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы техника ғылымдары бойынша 15 салалық терминологиялық сөздік және 2025 жылы жаратылыстану ғылымына арналған 15 томды әзірлеу жоспарлануда.

Атап айтсақ, «елу жылда ел жаңа» дегендей, түбегейлі тілдік реформаның нәтижесінде жаңа елу шақты терминологиялық фолиантты ғылыми қауымдастыққа паш етпекпіз. Жоғарыда аталған қыруар жұмысты сапалы және уақтылы орындау үшін еліміздегі басты, жетекші білім беру және ғылым ошақтары, ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық университеттердің терминтанушы мамандары тартылмақ.

Міндетті түрде бүгінгі заманның артықшылықтары – ғаламтор арқылы түрлі форматтағы онлайн басқосулар ұйымдастыру, сұрақ-жауап жүйелерін қалыптастыру, автоматтандырылған ұсыныстарды қабылдау тәртібі, мамандараралық үйлестіру жұмыстары – бұлардың бәрі порталдық мүмкіндіктері арқыры іске аспақ. Сондай-ақ, осы сәтті пайдаланып, жоғарыдағы көтерілген мәселелер ауқымы бір-екі министрліктің құзыретіндегі шаруа емес, мемлекеттік деңгейде іске асырылу қажеттігін тағы атап өткен жөн деп санаймыз.

Аталмыш бағдарлама аясындағы ауқымды үйлестіру-ұйымдастыру жұмыстары мемлекеттік органдардың көптеген жетекші салаларымен, ҒЗИ, университеттермен, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын холдингтер, корпорациялар мен акционерлік қоғамдарды қоса алғанда, ұлттық кәсіпорындармен жұмыс істеуді талап етеді. Түптеп келгенде, 50 бағыт бойынша ұлттық терминдік дерекқор мақұлдау, талқылау және сараптау кезеңдерінен өтіп, Терминком жиналысында бекітілген жағдайда қаншама жылдар бойы шешімін таппаған мемлекеттік маңызы орасан зор міндет орындалары ақиқат.

Ерден Қажыбек

ҚР БҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының директоры,

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, фил. ғыл. докторы, проф.


Баға беріңіз