Терминді қиындатпайық

Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 қазан, 2018

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы халыққа Жолдауында ел дамуындағы терминнің маңызын атап өтті, ұлттық терминологияның маңызды мәселелерін көрсетті, Елбасы Жолдауында ұлттық терминологияға сын да айтылды. Елбасы: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» - деген 4-5 сөйлемнің жүгі ауыр, яғни Елбасы термин қолданысын қазіргі заманға лайықтау, халықаралық деңгейге жақындату керегін айтып, термин мәселесін мемлекеттік деңгейге көтерді.

Термин – мемлекеттік мәселе, өйткені термин қандай болмасын елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің, білімінің, ғылыми-техникалық өрісінің көрсеткіші және халықтың әлеуметтік мұқтажын өтейтін құрал. Терминді білмейінше маман болу мүмкін емес, Ұлыбритания, АҚШ, Германия елдерінің жоғары оқу орындарында оқуға жаңа түскен студент біздегідей мамандыққа кіріспеден емес, кәсіби мамандық терминдерінен, терминдік жүйені игеруден бастайды, оны «мамандықты терминдік игеру» деп атайды.

Терминнің ағартушылық, ақпараттық және коммуникациялық қызметтеріне қоса терминнің түсінікті және қалыпты болуы шарт. Терминдер сонау дәуірлер мен ғасырлардан ежелгі латын, грек, италян, неміс, ағылшын тілдерінен таралып, термин тудырушы тілдің де, сонымен бірге қазақ тілінің де лексикалық қорын құрайтынын ескерген жөн.

Қазіргі уақыт жаңа технологиялар мен инновациялық идеялар заманы, жаһандық өркениетте солардан қалмай ілесуде. «Ғылымда қарқынды дамып, іштей тармақталып, жаңа салалар мен бағыттар пайда болуда, осының салдарынан жылына мыңдаған жаңа сөз, жаңа термин пайда болуда, олар ұлт тілдерінің де лексикасына баса көктеп енуде, термин сенің тіліңе кіруге бола ма?, - деп «есікті қағып кірмейді», термин жаңа технологиялар және инновациялар арқылы баса көктеп кіреді» – дейді шетелдік зерттеушілер. Бұл процесс ғасырлар бойы жалғасып келеді, қазақ лингвистикасының негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде терминнің қазаққа түсінікті болуының жолдарын да іздеді.

Қазақ терминологиясы – терминжасам қағидаттары қалыптасқан тіл ғылымының саласы, қазақ тілі сөзжасамына, әдеби тіл мәдениетіне зор еңбек сіңірген сала. Ұлттық терминология бастауында Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт қайраткерлері: Ә.Бөкейхан, Ш.Құдайбердіұлы, X.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанов, Н.Төреқұлы, Ә.Ермековтер және тағы басқалар тұрды. Ол кезең қазақтың ой санасын бостандыққа, білім мен ғылымға шақырған уақыт болды, содан кейін советтік тоталитарлық «тіл құлдықта болған» кездің өзінде терминнің қазаққа түсінікті болуына назар аударды. Олар кірме терминді оңды солды, сол күйінде ала бермеді, баламасын іздеп, ыңғайлы, қазақтың табиғатын ашатын сөздерді тапты, олар тудырған терминдер тілдік қорға енді, қазақ тілінің лексикасы толысты. Қазірде бұл процесс қоғамдық-саяси, әлеуметтік, қаржы-экономикалық салаларда дамуда: приватизция-жекешелендіру, конкуренция-бәскелестік, оптимизация-оңтайландыру, таможня-кеден, приоритет-басымдық, амнистия-рақымшылық, конфискация-тәркілеу, штраф-айыппұл, пенсия-зейнетақы, учредитель-құрылтайшы, пеня-өсімақы және тағы басқа терминдер қазақ тілінің лексикалық қорын байытты.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында терминологиялық қорымызға жүргізілген сандық және сапалық сараптамаларға тоқталсақ: 1971-2018 жылдар аралығында бекітілген терминдер мен сөз тіркестерінің саны – 21000, министрлік құрылымдары мен басқа да республикалық немесе халықаралық ұйымдардың атаулары – 332, қысқарған сөздер – 372.

1971-91 жылдар аралығында бекітілген барлық 2748 терминнің 541-і (19,6%) қазақ тілінде, 1127-сі (41%) кірме (халықаралық) термин, 1080-і (39,3%) қазақ және шет тіліндегі тіркес түрінде жасалған, ал 1992-2018 жылдар аралығында, жалпы саны 21000 термин бекітілсе, олардың ішінде 8571 (40,8%) қазақ тілінде, 2427 (11,6%) кірме термин, 10002 термин (47,6%) қазақ және шет тіліндегі сөз тіркесі ретінде бекітілген. Тәуелсіздік тұсында қазақ тілінде бекітілген терминдер екі есе көбейді, кірме, халықаралық терминдер де сақталған. Мемлекеттік бағдарлама көрсеткішінің индикаторы бойынша бекітілген терминдер 2020 жылға дейін – 27 000 жетуге тиіс.

Елімізде 2011 – 2014 жылдары жарық көрген 30 томдық салалық терминологиялық сөздігі терминдердің базалық жинағы есептеледі, бұл сөздік бойынша 326 860 термин жинақталған, қазақ тіліндегі терминдер: 175 215 (54%), шет тілінен енген терминдер - 100741 (30%), аралас жасалған терминдер - 50904 (16%).

Тәуелсіздік жылдары ұсынылған кейбір терминдердің сапасына жасалған сараптама қазақ тілінің лексикалық қоры, сөзжасам әлеуеті жеткілікті болғанымен терминнің ұлттық баламасын жасау сапасының төмендігі, кірме термин және жаңа сөздерге сараптама жүргізілмейтіні анықталды.

Осының салдарынан адамдардың әлеуметтік өмірінде жиі қолданылатын, бұрыннан танылған терминдердің баламаларының түсініксіздігі қоғамды ойландырмай қоймады, мысалы, банкет-зияпат (1992 жылы бекітілген), поршень (тех.)-піспек (1995), подшипник (тех.)-ішпек (1995), диафрагма (мед.)-көкет (1995), аналогичный (саяси, филос)-тақылеттес (1995), живопись (өнер)-сұңғат (2000), заказник (мал шаруаш)-қаумал, инсинуация (құқық)-пәлекорлық, преоргатива (саяси- экон)-дәргей, халтура (әдеб)-дәлдүріштік (2000), телохранитель (құқық)-кежеуіл (2002), заклад (қаржы, несие)-қардарлық, гайка (тех)-тегір, резервуар (су шаруаш)-әуіт, хрусталь (өнер)-сутас (2005), атруибут (ақпарат,тех)-төлсипат, декларирование (салық)-мағлұмдау (2008), отмывание (құқық)-жылыстату, транспарентность (эконом қылмыс)-бүкпесіздік (2008), толерантность (саяси)-тағаттылық, денежное довольствие (әскери)-ақшалай ризық, трусы-тізкиім (2015), схема-тәсім (2015), подкласс (стат)-ішкласс, гайка (тех)-сомын, клапан (тех)-қысымтығын (2015) және «сәтсіз» терминдердің тізімін ары қарай да жалғастыруға болар еді, бұндай терминдер тілдік қолданысқа ене алмағаны өз алдына, қазақ тілінің онсыз да қиын жағдайында жағымсыз көзғарастар туғызды.

Бұрыннан жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдардың орнына ұсынылған баламалардың көбі қолданысқа ене алмады, мысалы, «диета» термині – «емдәм» болып бектілді: дие́та (грек. δίαιτα — өмір салты, тамақтану режимі) немесе адамның тамақтану немесе жануарлардың қоректену ережелер жиынтығы, әзербайжан: dieta, қырғыз: диета, өзбек: xun , түрік: dieta, ағылшын: diet, испан: dieta, неміс: diät, фaранцуз: régime alimentaire деп айтылады. Виза – рұқсатнама, бұрыштама термині (лат. vіsus-қаралған) – адамның паспортына қойылатын белгі. Ол құжат иесіне мемлекеттен кетуге не осы мемлекеттің шегіне келуге немесе оның аумағы арқылы өтуге рұқсатын айғақтайды. Ол белгілі бір мерзімге беріледі, әзербайжан тілінде: viza, қырғыз: виза, өзбек: viza, түрік: vize, ағылшын: visa, испан: visa, неміс: visum, француз: visa. Бетон – құйматас, бето́н (фр. Béton, bеton, лат. bіtumen-тау шайыры), құйматас — жасанды тас материал; байланыстырғыш заттар (цемент, гипс, алебастр, әктас, т.б.), су (кейде сусыз) және толтырғыш материалдар (құм, малтатас, қиыршықтас, т.б.), кейде арнайы үстеме заттар қоспасының қатаюы нәтижесінде алынады; маңызды құрылыс материалы, әзербайжан тілінде: beton, қырғыз: бетон, өзбек: beton, түрік: beton, ағылшын: concrete, испан: concreto, неміс: бeton, француз: en béton. Синтез – құрау, си́нтез (еж.грек σύνθεσις «қосылу, жинау, байланыстыру; συν «бірлескен қимыл, бірлесіп қатысу» + θέσις «жайғастыру, тарату) — бұрыннан әртүрлі заттардың немесе түсініктердің жалпы немесе жиынтыққа қосылуы немесе бірігу процесі, әзербайжан тілінде: sintez, қырғыз: синтези, өзбек: sintez, түрік: sentez, ағылшын: synthesis, испан: síntesis, неміс: síntesis, француз: synthèse деп айтылады. Бұл терминдер бұрыннан адамдардың санасында, олардың тілінде, күнделікті қатынасында қалыптасты, осы мысалдардан көретініміз терминжасам процестерінде адам мүддесі ұмытылса керек, жаңа сөз жасағанмен қазақ тілі дамып кеткен жоқ, қайта кері әсер туғызды, бұлай тілді қорлай беруге болмайтынын көрсетті.

2018 жылғы 20 сәуірдегі «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» атты ғылыми –теориялық конференция және 2018 жылғы 11 маусымда өткен «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция қатысушылары бірауыздан Ахмет Байтұрсынұлы қалаған базалық терминжасам қағидаттарын негізге алуды мақұлдады, сонымен бірге қолданыстағы терминжасам қағидаттарына қосымша қағидаттар мен критерийлерді әзірлеу, халықаралық терминдерді тілдің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сай қабылдау, сондай-ақ терминді баламасыз қабылдау керектігін қолдайтын пікірлерде талқыланды. Еліміздің қазіргі индустриалдық-инновациялық және технологиялық дамуындағы, жоғары білім саласындағы термин қолданысының маңызын, олардың ғылыми түсінікті болуын, жаңа бағдарламалық технологияларды енгізудегі термин қызметін ескере отырып, ұлттық терминжасам процестеріне жаңа көзғарастар мен әдістер енгізу айтылды.

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аударуды шектеу бойынша тәсілдерді тұжырымдау» 48-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық терминология комиссиясыныңүстіміздегі жылғы 27 маусымдағы кезекті отырысында 758 термин ұсынылып, оның ішінде223тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдар қайта қаралды. Ұсынылатын терминдер алдын ала сараптамадан өтіп, мемтерминком мүшелері дауысқа салу арқылы қайта мақұлдады. Атап айтқанда, қазақша баламаларымен қатар қолданыста жүрген «класс-сынып-класс», «потенциал-әлеует-потенциал», «архаизация-көнелендіру-архаизация», «компонент-құрамбөлік-компонент», «инстанция-саты-инстанция», «тенденция-үрдіс-тенденция», «механизм-тетік-механизм» түрінде бекітілді.


Салауат Кәрім,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы

«Тіл –Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық

орталығының терминология және ономастика бөлімінің

кіші ғылыми қызметкері



Баға беріңіз