Үштілділіктің мақсаты – мемлекеттік тілді қажет етпеу ме?

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деп қадап тұрып айтқан сөзі әлі де кейбіреулердің құлағына кірер емес.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

28 қыркүйек, 2018

24 қыркүйек күні Парламентте өткен Үкімет сағатына қатысқан Астана мен Алматы, Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарларының ішінде тек Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтан басқасының бәрі орыс тілінде сөйледі.

Парламентке келіп тұрып, өздерінің қалаған тілдерінде сөйлеген облыс әкімі орынбасарларының бұл тілбұзарлығы Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың ашуына тиіп, оларға қатты ашуланды.

«Біріншіден, екі облыс әкімі орынбасарының, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов пен СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің мемлекеттік тілде сөйлемегені — ұят дүние. Олар әлде мемлекеттік тілді білмей, менсінбегені ме, әлде Елбасының мақсат-мұратын құлағына ілмегені ме, түсінбей отырмын. Ұят нәрсе! Басшыларыңыз қандай аптал азаматтар! Ал сіздер парламентке келіп отырсыздар, бір ауыз амандасу да жоқ. Ұят емес пе, адамның намысы қайда?!», — деп шүйлікті Ауған соғысының ардагері, депутат Бақытбек Смағұл.

Бәрі де дұрыс еді. Мәжіліс депутаты өте орынды ескерту жасады. Осы кезде Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева үштілділік саясатын алға тартып, Ресей тілінде сөйлеген облыс әкімі орынбасарларына араша түсе қалды.

«Қазір әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде. Енді келген азаматтардың барлығы қазақ тілін білмейді деп айта алмаймыз, бәрі біледі. Тек өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой», – деп олардың заңсыз әрекетін жуып-шаймақ болып, вице-спикерлігін ұмытып, жалпақшешейге айналып шыға келді.

Енді бәрі де осы жерден басталады.

Вице-спикер Гүлмира Исимбаева қызметі жағынан да, жасы жағынан да, облыс әкімі орынбасарларына алдымен өзі ескерту жасау керек еді. Бақтыбек баhадүр секілді екі заңбұзардың сазайын бермесе де… Ескертпеді ме, ескерту жасап жатқан депутатттың алдын кеспей, үнсіз қалуы керек еді. Мысалы, сол жерде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің өзі болса, вице-спикері секілді бұлай заңсыздыққа құр қарап отыра бермей, қарап отырғаны былай тұрсын, қайта тіпті оған болыса кетпей, екі заңбұзарды біраз сілкілеп алатыны анық еді.

Бір елдің заң шығарушы билігі Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары бола отырып, заң бұзушылықты ақтаған Гүлмира Исимбаева бұл жерде өзі де заңды бұзып отырғанын білер ме екен?

Ал енді вице-спикердің әрекетін талқылап, сөзін тәпсірлеп көрейік.

Біріншіден, Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева бұл сөзімен мемлекеттік тілдің мүддесіне көлеңке түсіріп отыр. Үштілділік заңмен бекітіліп, парламент пен үкіметтің жұмыс тіліне айналды дегенді біз әлі естіп-білген жоқпыз. Сонда үш тілдің бір тілін, мысалы, Ресейдің мемлекеттік тілін білсең болды, Қазақстанның мемлекеттік тілінің түкке де керегі жоқ па, Гүлмира Исимбаева ханым?

Екіншіден, ел енді үштілділіктің бір тілін білсең – мемлекеттік тілдің керегі жоқ екен деп ойлайды. Өйткені, бұл сөз ең жоғарыдан, заң шығарушы билік – Мәжілістен, төрағаның орынбасарының аузынан естілді. Онда ертең тағы біреу келіп біздің заң шығарушы органымызда ойына келгенін істеп, ағылшын тілінде сайрап-сайрап, «бізде үштілділік қой» деп қарап тұра берсін. Алыстан ешкімді іздемей-ақ, өзіміздің Ерлан Ыдырысов 2001 жылы парламенттегі «Миымды ауыстырмасаңдар, тілімді үйрене алмаймын» деген атышулы мәлімдемесіне адалдығын танытып, өзі тұтынатын Ресей немесе ағылшын тілінде сөйлесе не болады?

Сонда Елбасымыздың «Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген сөзі қайда қалады, Исимбаева xаным? Әлде ол сөз сізге әсер етпей ме?

Біз заң шығарушы биліктің басшыларының бірі, яғни, Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның өзі әлгі екі заңбұзарды қолдаймын деп, олардың алдына шығып шауып, өзі де заң бұзып отырғанын айттық.

Атап айтқанда, бұл жерде басқа заңдарды былай қойғанда, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабы өрескел бұзылды.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып – қазақ тілі танылады және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті.

Ал Гүлмира Исимбаева мемлекеттік тілді дамыту орнына, керісінше, заңды бұзушыларды заңсыз ақтап алып, қолдау жасады.

Ал енді парламенттегі осы шудың кейіпкерлеріне келейік.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов пен СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек парламентке келе жатқанда қайда келе жатқанын білмеді ме? Білсе, олардың Елбасының «Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген сөзін елемегені таңғалдырады. Иә, олардың бұл жауапсыз әрекеттеріне қарап, мемлекет басшысының мемлекеттік тіл туралы сөзін естімеген немесе елемеген деп қана баға береміз.

Астана қаласы әкімінің орынбасары, белгілі жазушы-драматург Ермек Аманша орыс тілін олардан артық білмесе, кем білмейді. Ол бірақ мемлекеттік мүддеге адалдығын танытып, мемлекеттік тілде сөйледі. Ал елдің ішінен келген екі орынбасар өздерінің саяси сауатсыздықтарын танытып, Елбасы сөзін аттап өтіп, Ресей тілінде сөйледі. Парламентке келіп тұрып, өз облыстарының атына кір келтіргені үшін бұл екі орынбасарды орындарынан алып тастауы керек. Бұл сонда өзгелерге сабақ болады.

Бұларды еркінсіткен не нәрсе? Ол қазір ешқандай заңдық негізі жоқ, басшы да, қосшы да жиі айтудыжақсы көретін «Бізде екітілділік, үш тілділік, «Қай тілде сауал берілсе, сол тілде жауап беру керек» деген ҚР Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңындағы Мемлекеттік тііл туралы статусты бұзатын жайылма сөздер. Оның «ең жарқын үлгісі» міне, парламентке де жетті.

«Қазір әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде. Енді келген азаматтардың барлығы қазақ тілін білмейді деп айта алмаймыз, бәрі біледі. Тек өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой» деген вице-спикердің аузынан шыққан сөздер, міне, бұлардың мемлекеттік тілді білмей-ақ қоюына ықпал ететін заңсыз сөздер.

«Қазір әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде»-дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Қателесесіз, Гүлмира Исимбаева ханым, басқа жерде қайдам, парламентте екі тілде де, үш тілде де, «қанша тіл білеміз, сонша тілде» де сөйлеуге біздің де, Сіздің тіпті құқыңыз жоқ! Мұны сізге мен емес, өзіңіз отырған парламент қабылдаған, Президент қол қойған Заңдар айтады. Елбасы ерекшелеп тағы айтқанын тағы есіңізге саламыз. Әлеуметтік желіде елдің екі әкім орынбасарынан гөрі, вице-спикерге наразы болып жатқанын енді түсінген боларсыз деп үміттенемін.

«Тек өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой» дейді вице-спикер. Сонда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі Парламентте «өз ойларын жеткізуге» жарамаса, онда ол жерде сіздер не үшін отырсыздар?

Сондықтан да ел 30 жылға жуық сіз айтқандай қалаған тілінде сөйлеп келе жатса, онда МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ НЕ ҮШІН, КІМГЕ керек?!

Бұрын мемлекеттік тіл туралы заңды белінен басып, «ресми тілде сөйлейін» деп құтылатын. Қазір бұл сөздің заңсыздығын, Қазақстанға Ресей тілі ресми тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңестің қаулысы анықтап бергелі ел жақсы біліп болды. Қайта ол сөз жұрттың реакциясын туғызатын болып жүр. Енді үштілділік деген ойлап табылды. Яғни, Екітілділік пен Үштілділік – Мемлекеттік тілден қорғану қалқаны болып тұр.

Бір қуанарлығы, қазір қоғамда «екітілділік», «үштілділік» дегенді алға тартушылық заң бұзушылық ретінде қабылдана бастады. Яғни, енді «бізде екітілділік, үштілділік дегенді айтып құтыла алмайсыздар, заңбұзар мырзалар иен xанымдар! Өйткені, ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ біреу-ақ, ол – ҚАЗАҚ ТІЛІ!



Баға беріңіз