Латын әліпбиі - келешектің кілті

13 тамыз, 2018

2017 жылдың 3 мамыр күні қалалық тілдерді оқыту орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын талдау мақсатында директор жанындағы кеңес болып өтті. Кеңес барысында латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі неде? деген сұрақ төңірегінде талдау жасалынды. Орталық директоры Б.Қалмағанбетова, әдіскер және қазақ, ағылшын тілі курстарының оқытушылары маңызды мақаладағы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы, Бәсекелік қабілет, Прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, Сананың ашықтығы туралы пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда дүниежүзі халқының 80 пайызы латын әліпбиін қолданылады. Латын әрпін енгізетін болсақ, қазақ тілді, орыс тілді деген топтар жойылады деген латын әліпбиіне көшу жайлы тұщымды ойларын айтты.

Жалпы, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бастап көтеріліп келеді. 2006 жылы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек» - деген еді. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтқан болатын. Бүгінгі күні осы мақсат кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Әрине бір жазудан екінші жазуға көшу көптеген қиындықтарға әкелуі мүмкін. Себебі халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Алайда, «келісіп пішкен тон келте болмайды» - дейді дана халқымыз. Сондықтан жазудың өзгертілуі халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етпейтіндей, асығыстыққа жол бермей, артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап алуымыз керек. Ал ол үшін әрбір қазақстандық, тұтас ұлт, ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Бұл дегеніміз - компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық, жаңалыққа құштарлық, жан-жақтылық, жақсы мен жаманды сараптай алушылық сияқты факторлардың әр азаматтың бойында болуы. Сонда ғана біз өз діттеген мақсаттарымызға сүрінбей жете аламыз.

Елбасы айтқандай: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді».


Баға беріңіз